Ұлы Отан Соғысының отты жылдары ел қорғауға аттанған жауынгерлер өшпес ерліктің, қайтпас қайсарлықтың, нағыз қаһармандықтың үлгісін көрсете білді. Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Қаншама жауынгерлер майдан даласында Отан үшін опат болды.
Тарих беттерінде суық атпен таңбаланған соғыс ардагерлерін ардақтап, олардың ерліктерін дәріптеу мақсатындағы салтанатты іс-шарада аудан әкімі бастаған аудан тұрғындары мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, өмірден өткен майдангерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алысты.
Аудан өнерпаздары тарапынан соғыс жылдарының қайғы-қасіреті мен батырларымыздың ерен еңбектері жайлы сахналастырылған көріністер қойылып, патриоттық әндер шырқалды. Сонымен қатар, мерекелік шарада әскери шатыр тігіліп, қонақтарға әскери дәм ұсынылды. Ардагерлерге сый-құрмет көрсетілді.
«Бұл мереке жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, жеңіс жалауы желбіреген күн. Бір тудың астына біріккен көптеген ұлт пен ұлыс өкілдерін құраған Кеңес Одағының халқы қаһармандық ерлік көрсетіп Отанымызды жаудан қорғап қалды. Аға ұрпақтың Ұлы Отан Соғысының от жалынды жылдарындағы ерліктері, соғыстан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіру жолында қажырлы еңбектері біз үшін өшпес өнеге, сарқылмас мұра болып қала береді. Біз арқылы келер ұрпақтың жадына сіңірілетін болады» деген аудан әкімі Бақыт Асанов жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтады.
Салтанатты мерекелік шарадан соң аудан басшысы бастаған зиялы қауым өкілдері Кеңес Одағының Батыры Жолдыбай Нұрлыбаевтың Мырзакент кентіндегі ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Уақыт өткен сайын кешегі күндей күркіреп өткен сұрапыл соғыстың дүрбелең оқиғалары да арасын аулақ салып, алыстап барады. Бірақ, қаншалықты алыстағанымен ешқашан да көңілдерден кетіп, жүректерден өшпек емес.