• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Мамыр, 2019

Атамекеннің құдіреті мен қызғалдағы

1330 рет
көрсетілді

Әдетте, Торғай өңіріне той таңсық емес. Ұлтымыздың тарихын, дәстүрін, салтын, Алашының арысын, батыры мен ақынын іздеген кісі Торғай өңіріне келсе болады. Бірақ биыл Амангелді ауданында бірінші рет өткен «Айналдым сенен, Атамекенім!» деген атпен қызғалдаққа арналған фестивальдың жөні бөлек еді.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында өткен фестиваль туған жерге, елге деген әркімнің жүрек түкпіріндегі махаббатты қырдың қызыл қызғалдағындай алаулатты. «Қазақ топырағындағы осынау қарапайым, сондай-ақ ерекше гүлдер өз әдемілігімен көптеген халықтың жүрегін жаулап, біртіндеп бүкіл әлемге тарады» деп жазды Нұрсұлтан Әбішұлы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында. Қазақстанда осы әсем гүлдің 35 түрі кездессе, соның бірі, Голландиядағы сұлу­лығына әлем сұқтана қарайтын қыз­ғал­дақтардың арғы тегі болып санала­тын, еліміздің «Қызыл кітабына» кірген Шренк қызғалдағы көктемде Тобыл-Торғай даласына кілем төсегендей, қыр­лар­ды жауып қалады. Мамыр айы – Ұлы дала үшін қызғалдақ айы.

– Осы Амангелді кентінен 8-9 шақы­рым жерде Сүлікті деген жер бар. Сол жер­­­лер­де қызғалдақ қалың шығады, көр­пе бо­­лып жатыр. Көздің жауын алатын нәзік гүл­­ді жұлуға қимайсың. Далама осын­дай әде­­­мі­­лікті, байлықты берген Алла­ға шү­кір­­­лік айтамын! – дейді Амангел­ді ауда­­­­ны­­­ның тұрғыны Сапар Төлебаев ақсақал.

Сүліктіден кем емес орынның бірі Степняк ауылының сырты екен. Қызғалдақ фестиваліне асыққан қонақтар мен туристер алдымен осы далада жылқы өсіріп, қымыз сауып отырған Сәрсенбек Досмағамбетовтің жайлауына бұрылды.

– Әттең-ай, үш күн бұрын қар жауып, кілемдей түрленіп жатқан қызғалдақ­тары­мызды суық ұрып кетті! Енді күн қыза қайта көтеріледі ғой, – дейді С.Дос­­мағамбетов. Дегенмен, әлжуаз бол­са да қызғалдақтар әр жерде бір қияқ шөптің арасынан көзге оттай басыла­ды. Жусанның қышқылтым иісі мұрын­ды қытықтайды. Оның отбасы мамыр­дың басынан, бие байлай бастап­ты. Ақшаңқан үйді айнала шауып, құлын­дар құлдыраңдайды. Қонақтар мен турис­терге бие сауып, қымыз дайындау ісі көрсетілді. Ысталған күбіден құйыл­ған мамырдың бал қымызының дәмі қонақ­тардың таңдайын жұлып барады-ау!

Халқымыздың, жеріміздің тарихы да, дәстүрі де, өнері де қызғалдақтай сұлу екенін Амангелді кентінен әудем жерге тігілген ақшаңқан үйлердегі көрмелер айта жөнелгендей. Қолөнершілердің қолы­нан шыққан бұйымдардың әрқай­сысы халқымыздың тарихымен өріліп жатыр. Қолөнерші Айдын Диқанбаев терімен жұмыс істеуді әкесінен үйренген екен.

– Мен бұйымның барлығын да кәдесый деңгейінде емес, күнделікті тұтынуға жарайтындай етіп жасаймын. Олар тұрмысымызда қолданылса ұмытылмайды. Мына қымыз торсықты сиырдың терісінен жасадым. Енді шамалы жұмысы қалды. Аузына қайыңнан тығын жасап, ішін қаймақпен сылап, тобылғымен ыстаймын. Сонда қымыз құюға дайын болады. Бұл жолға алып жүруге сондай ыңғайлы, сынып қалады демейсің, ішіндегі қымыз айнымайды, – дейді ол. А.Диқанбаев сонымен қатар қамшының неше түрін пайдалану үшін өреді. Қамшының сабын тобылғыдан жасайды. Торғай бойының тобылғысы қатты болады, қасиетті ағаш саналады.

– Осы екі бұйымның өзінде халқы­мыздың қаншама салт-дәстүрі жатыр? Өзім Қостанай қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде қолөнер үйірмесін жүр­гіземін. Балаларға осының барлығын жыр­дай етіп әңгімелеймін, үйретемін. Олар­дың бойында ұлтқа, жерге, елге деген сүйіс­пен­шіліктің дәнін егуге тырысамын, – дейді ол. Фес­тивальде аталарымызбен бір­ге жасасқан ұсталық, зергерлік, киіз басу, кілем тоқу, тоқымашылық – бәрі-бәрі көрсетілді.

Мерекенің ашылу салтанатында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов жиналғандарды облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің атынан Қызғалдақ фестивалімен құттықтады. Амангелді ауданының әкімі Әмірхан Асанов жас ұрпаққа атамекеннің, Ұлы даланың тағылымды тарихы таным­дық рухани күш, тәуелсіз елдің бүгінгі жетістігі мақтаныш екенін жеткізді.

Мереке сәнін қашанда ұлттық спорт­тық ойындар, ән мен күй келтіреді. Ұлт­тық ат спортының барлық түрін қам­ты­ған жарыстар мерекеге жиналған жұрт­тың делебесін қоздырды. Бозкілемде жүз балуан белдесіп, той қызығын қыз­дыра түсті. Ал тоғызқұмалақ ойыны кіш­кен­тай спортшылар арасында тартыс­ты өтті. Ұлы даланың аспанында ән қалық­тады. 500 амангелділік домбырашы Құр­ман­ғазының «Балбырауыны» мен халық күйі «Келіншекті» орындады.

– Енді осы жаздың шілде айында өтетін Ұлттық домбыра күні мерекесінде Амангелді ауданынан мың домбырашы күй тартатын боламыз. Онда да Аста­на­дан арнайы келіп өзім дайындай­мын, – дейді 73 жастағы дирижер, Мәде­ниет саласының үздігі, Амангел­ді ауда­ны­ның перзенті, патриоты Сапар­ғали Ахметжанов. Фестивальға Батыс Қазақс­тан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыс­тары­нан, Шымкент қаласынан, Ресей­дің Қорған облысынан туристер де қатысты.

– Қызғалдақ пен жусанның иісі, таза ауа қандай керемет десеңші! Адамдардың пейілі, қонақжайлылығы жасыл кілем төсеп тастағандай даланың кеңдігімен пара-пар дегім келеді. Қазақ халқының қолөнерінен, әні мен күйінен, атжарыс қызы­ғы­нан ләззат алдық, жақсы демалдым, – дейді шымкенттік Валентина Харахордина.

Амангелді ауданындағы тұңғыш об­лыс­тық Қызғалдақ фестивалі осындай көркімен, мазмұнымен оған куә бо­лған жанның бәрін де рухани байытып жібер­ген­дей еді. Атамекеннің құдіреті бұл.

 

Қостанай облысы,

Амангелді ауданы