• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Мамыр, 2019

Әр ағаштың қасиетін білетін шебер

1970 рет
көрсетілді

Ол шеберханасынан күн еңкейе бір-ақ шықты. Үстін қайта-қайта қақ­қыштады, ағаштың үгіндісі киімі түгіл, қас-қабағына дейін тұрып қалыпты. Шебер­ханаға кіргелі тізесін бүкпестен станокта тұру жасы келген адамға оңай емес, қатты шаршағанын денесі енді сезгендей, аяқ-қолы сырқырап қоя берді...

Шебердің айтуынша, қанда бар өнер оған бәрібір маза бер­меді. Бала кезінен әкесі Бая­х­­­­меттің қасында жүріп, құлағы да, көзі де шеберлікке қанып өсті. Бала кезінде Баяхмет ақса­қал шапқы балтамен аттың ері­нен бастап, ет салатын табақ, қа­зы салатын астау, қазанның қақ­пағы, балта мен айыр-күрекке сап, әйтеуір ауыл тұрмысына қа­жеттің барлығын жасайтын. Қорғаннан иленген тері алдырып, мәсі тігетін. Әкесі екеуі тоғайға барып, ағаш әкелетіні есінде. Баяхмет ақсақал көп ағаш­тың ішінен көктеректі таң­дайды. Қарап жүріп, қажет бір-екі ағашты ғана кесіп алатын. Жіңішкелеуін әкеліп, қисықтау болса бір жағына ауыр жүк бай­лап, мал қораның ішіне іліп қоя­­ды. Жыл бойы солай ілулі тұр­ған ағашты шешіп алған кезде оқтай түзу болып шығады. «Балам айыр мен күрекке сапты талдан да, қайыңнан да жасауға болады, бірақ көктеректен жасалған сап адамның қолын мүйізгектендірмейді» дейтін Баях­мет ақсақал.

Қазір Таңатқан шеберхана­сының айналасы да іші де толған ағаш. Жөкенің, көктеректің, қайыңның, алма ағашының, қараағаштың, үйеңкінің әр­қай­сысының кептірілуі де әр­түрлі. Қайыңның қабығын сыпырып алмаса, кебуі қиын. Ағаштардың барлығын да мер­зімімен аударыстырып тұр­­маса, кебуі бір­қалыпты болмай, сапасы кемиді.

– Мына жөке ағашын жуан­дығына қызығып, Башқұртстан жағынан әкелген едім. Кебе келе жа­рылып кетті. Бұл ағаштың суда өскенінің белгісі. Жарылған ағашты да бұйым жасауға жаратамын, бірақ жарылмағаны дұрыс еді. Ал мына алма ағашын маған таныстарым өзінің саябағынан әкеліп берді. Бұл ағашты кептіру өте бап тілейді, қиын. Алма аға­шын кептіргенде оның тең жартысы ғана пайдаға асады. Өйткені діңіндегі шырыннан алма ағашы жарыла береді, бірнеше рет кесіп қоямын, – дейді Таңатқан ағай.

Әкесі Баяхмет 1964 жылы өзінің ағаштан, теріден, темірден жасаған қолөнер бұйымдарымен Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ха­лық шаруашылығы күндері көр­месіне қатысып қайтқан екен, медальмен де марапатталыпты.

– Әкем жарықтық қолөнерге соғыс­тан кейінгі жылдары ға­на ден қойыпты. «Оған дейін аш­тық, қуғын-сүргін, соғыс мұр­шамызды келтірген жоқ. Біз бір тілім нан үшін ғана өмір сүрдік. Ағаш шауып отыратын шама болды ма?» деп зарығып айтатын еді әкем, – дейді Таңатқан шебер. Ол әкесі анасына жасап берген ұршықбасты осы күнге дейін жә­дігердей сақтап келіпті. Оны дөңгелектеп ағаштан ойып, мыс­пен қаптаған. Әкесінің әрі сұлу, әрі мықты ұршықбасты қандай құ­ралмен жасағанын білмей, өзі де таңғалады. Ол анасы талай кілемнің жібін иірген ұршықты қайта жасап, ұршықбаспен бірге музейге өткізуді ойлап отыр. Бүгінгі сарыкөлдіктер ұршықтың не екенін білмейді.

– Сарыкөлде әр бес қадам жер­ тоғай болушы еді. Әкем екеу­­­­­­­міз қайың тоғайын аралап жү­­реміз. Сонда әкем: «Балам, осы ағаш қызыл қайың болар, сі­рә» деп, қайыңның қабығын ар­шып қалғанда қызғыш діңі көрінетін. Әкем алтын тауып алғандай, мәз болып қуанатын. Қызыл қайыңның неге қасиетті екенін бала кезде сұрамаппын ғой. Содан ыдыс, табақ жасайтын, ол ерекшеленіп тұратын, – дейді ол. 2017 жылы Астана қала­сында өткен ЭКСПО көр­месіне облыстағы қолөнер ше­бер­лерімен бірге Таңатқан Бо­жақов та барды. ЭКСПО-ға келгендер оның ағаштан жасаған ыдыс­тарының барлығын сатып алды.

– Бір ақсақал ыдыстарымды­ қы­зықтап тұрып, «Сен қай жер­ден­сің?» деп сұрады. Қоста­най­дан, Сарыкөл тумасы екенімді айт­тым. Үлкен кісі ғой, аға ұр­пақ­­­­тың қалпымен: «арғынсың ба, ­керей­сің бе?» деді. Мен керей еке­­­­­німді айттым. Ол «оның ішінде қай­сысы?» деп түкпірлеген соң, «сибанмын» дедім. «Ә, солай де.­ Сибандар ұл туса «ағаштың ие­­сі келді» деп қуанады деуші еді, шебер-ақ екенсің!» деді әлгі кісі. Ақсақалмен әрі қарай әң­гімелескім-ақ келді, бірақ менің алдымда бұйымдарымды көретін ерсілі-қарсылы адам көп болған соң, тоқтата алмадым, – дейді Таңат­қан ағай өкінішпен.

Таңатқан Божақов 1999 жылы ауылдан Қостанай қаласына кө­­­­шіп келеді де біржола қол­өнермен ай­налысуға кіріседі. Мүм­кін оның ендігі жерде өнерге бас ұр­­­мауға шыдамы да жетпеген бо­­лар. Сол жылдары күні-түні ағаш­ты ойлайтын әдетке ұшы­рады. 2000-жылдары ауылдың да, қа­ланың да тұр­мысы қалжырап тұрған кез. Шеберханасы, станоктары да бол­май, әр жерде көшіп-қо­нып лаждап бақты. Осындай қиын­­шылықпен жүрсе де оның қо­лынан шыққан ет сала­тын та­бақтар, қымыз құятын тос­тағандар мен кеселер, бал салатын бөшкелер, қасық пен шө­міштер көздің жауын ала бас­­­­тады. Облыста өтіп жататын­ мей­­­­­рам­дарда көрме жасаудан­ да жа­лықпады.

– Көктеректен жасалған ыдыс­­­қа салған нан көгеріп кет­­пей­ді. Бұл ағаштың сондай қа­сиеті бар. Ал кәдімгі терек ең же­­ңіл ағаш. Мақтаулы итальян ме­бельдерінің барлығы осы теректен жасалатынын көбіміз білмейміз. Кез келген ағаштың өзінің табиғи «ою-өрнегі» болады, әсіресе алма ағашынан жасалған ыдыстың көркемдігінде шек жоқ. Жөке ағашы нағыз ыдыс жасауға арналғандай. Жөке Ресейдің ішкері жағында жақсы өседі. Үйеңкінің кебуі де, өңделуі де қиын, бірақ сұлу ағаш, – деп сыр шертетін Таңатқан ағаның ағаш­тар туралы әңгімесі тау­сыл­майды. Ағаш шеберінің ай­туынша, көшпелі қазақтың күн­көрісінің бірі ағаш болған. Үйі де, ыдысы да, бесігі де ағаш­тан жасалған. Қазіргідей түр­лі станок, бояулар, керемет жетіл­дірілген құралдар тапшы, тіпті жоқ кезде аталарымыздың шын мәнісінде ағаштан түйін түйгені, күн бейнесіндей шаңы­­рақ, атқа ер, балаға бесік жасауы ғажап құ­былыс емес пе?

– Өткен ғасырдың 70-жыл­дарынан бастап, ағаштан жасалған бұйымның барлығы жұрттың көзіне құқай көрінді. Дүкендерде түрлі ыдыстар кө­бей­ді. Аз ғана уақыттың ішінде ағаштан жасалған бұйымның барлығы тұрмыстан шеттеп, ақы­рында керексіз болып қалды. Қазақ ет тамақты ешқашан дас­тарқанға қазіргідей астауға салып әкелмеген. Үлкенді, кішілі дөң­гелек ағаш табаққа салып қоятын, мен оны көріп өстім. Біл­мейтініміз көп, өйткені тез ұмыт­­­­­­тық. Мен сол ұмытылған қол­өнер бұйымдарына жұрт назарын қайта аударсам, мақсаттың орын­далғаны, – дейді Таңатқан шебер.

Облыстағы өнер мен мәде­ниет саласы қызметкерлерін қол­дайтын «Меценаттар клубы» мү­шелері мен осы байқаудың қазы­лар алқасы Таңатқан Божақовтың өнерін ғана емес, осы мақсатын да жоғары бағаласа керек. Ол биыл облыстық «Меценаттар клу­бы­ның» «Қазына» сыйлығына ие бол­ды.

Жақында Таңатқан ағаның шеберханасына бардық. Қымыз құятын тостаған мен кесе, шөміш жасап болып қалыпты. «Мәс­кеуден сұратып еді», дейді ағаш шебері...

 

ҚОСТАНАЙ