• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Мамыр, 2019

Елордада жаңа шіркеу бой көтереді

1115 рет
көрсетілді

Кеше елордада салтанатты түрде жаңа шіркеудің іргетасы қаланды. Жаңа ғимараттың бой көтеретіні мәлім болған салтанатты шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев пен Қазақстанның митрополиті Александр қатысты.

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ислам мен православие еліміздегі рухани келісімнің екі тірегі екенін үнемі айтып отырады. Қазақстан қашанда діндер мен мәдениеттердің ортақ үйі болған. Біздің жерімізде сан алуан этнос өкілдері бірлігі жарасып, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Олардың барлығы өздерінің діни рәсімдерін өткізіп, ғибадатханаларын са­ла алады. Ал Қазақстандағы орыстың православие шіркеуі талай жылдар бойы қоғамның рухани құндылықтарын кү­шей­туге өз үлесін қосып, дін­аралық келісімді насихаттауда мемлекеттің сенімді серігі болып келеді» деді министр.

Бүгінгі таңда шіркеудің жобасы жасалып жатыр. Ғимараттың құрылысы алдағы үш жылда аяқталады. Жаңа шіркеу Сығанақ көшесінің бойында, «Жағалау» тұрғын алабына жақын жердегі көлдің жағасында орналасады.

«Қала тұрғындары бірнеше жыл бойы Үкіметке де, Пре­зи­дентке де хат жазып, Есілдің сол жағалауында тағы бір шіркеудің құрылысын бастауды сұраған. Мен де өтініш жасадым. Сөйтіп, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ресми түрде рұқсат берді. Жақында Елбасы елордада Орталық Азиядағы ең үлкен мешіттің іргетасын қалаған еді. Ол жерде бір уақытта 30 мың адам намаз оқи алады. Біз де православие христиандары саны жағынан екінші діни қауымдастық ретінде ғибадат үйін салуға мүмкіндік алдық» деді Қазақстанның митрополиті Александр.