• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Мамыр, 2019

Дипломатиялық байланыс беки түседі

1037 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласында Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев пен АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер Консулдық артықшылықтар мен иммунитеттер туралы үкіметаралық келісімге қол қойды.
Қазақстан мен АҚШ арасын­дағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті нығайту аясында жасалған келісім екі мемлекеттің консулдық мекемелері, консул­дық лауазымды тұлғалары және олардың отбасы мүшелері пайдаланатын өзара иммунитеттер мен артықшылықтарды күшейтіп, қызмет шарттарына оң әсерін тигізеді. Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев былтыр қаңтарда Тұңғыш Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа ресми сапарында екі­жақты қарым-қатынасты кеңей­тілген стратегиялық әріптестік дең­гейіне шығару туралы уағда­лас­тыққа қол жеткізіп, соның ая­сында аталған келісім жасалға­нын мәлімдеді. Келісімді іске асы­ру қос ел азаматтарының мүдде­лерін алға жылжыту және қорғау тиімділігін арттырады. Бұл – Уильям Мозердің АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі ретінде қол қойған алғашқы құжаты. Ол жасалған келісім екі ел үшін маңызды саяси тапсырма екенін, бұл туризмді түлету, экономиканы дамыту, инвестиция тарту саласында байланысты нығайтуға септігін тигізетінін жеткізді. Сондай-ақ екіжақты әріптестік АҚШ-тың өз уақытында Қазақстан тәуел­сіздігін мойындаған кезінен бас­талғанын атап өтіп, 2006 жылы Нұр-Сұлтан қаласында ашылған елшілікке қоса, бүгінде Алматыда жаңа елшілік ғимаратын салуды жоспарлап жатқандарын хабарлады. Бүгінде АҚШ аумағында Қазақстанның екі бас кон­сулдығы жұмыс істейді. Оның бірі Нью-Йорк қаласында болса, екіншісі биыл қаңтар айында Сан-Франциско қаласында ашылды.