– «Жусан-2» операциясының нәтижесінде құтқарылған 231 отандасымыздың 16-сы – ер адам, 59-ы – әйел және 156-сы бала. Бұл гуманитарлық шараға АҚШ тарапы мен сириялық демократиялық күштер қолдау көрсетті, – деді Е.Ашықбаев.
Ал осы брифингте Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент бастығы Бақытбек Рахымбердиев ДАИШ жағында қарулы қақтығыстарға қатысты деген күдікпен 16 ер адам мен 4 әйелдің елімізге жеткізілген бойда қамауға алынғанын хабарлады.
– ҰҚК тарапынан елге қайтарылғандар Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды, Түркістан, Маңғыстау облыстарының азаматтары. Олар елге өз еріктерімен оралуға шешім қабылдаған, оған қоса, бірқатары істеген істері бойынша қылмыстық жаза өткеруге дайын, – деді Б.Рахымбердиев.
ҰҚК өкілінің айтуынша, 55 әйел мен балалар Ақтау қаласының төңірегіндегі бейімдеу орталығына орналастырылған. Сол жерде медициналық тексеруден өткізіліп, оларға психологтар, теологтар және үкіметтік емес ұйым өкілдері көмек көрсетуге кіріскен.
Сонымен қатар жеке куәліктерін жоғалтып алған бірқатарының жеке басын анықтайтын құжаттары қалпына келтірілуде. Карантиндік орталықтағы бір ай ішінде олардың қандай да бір қылмысқа қатысы болмағаны дәлелденсе, бұрынғы тұрғылықты жерлеріне жіберіледі.
Тағы бір атап өтерлігі, 156 баланың 107-сі – жеті жасқа да толмаған. Ал 18 бала тұл жетім – әке-шешелері соғыс аймағында өлген немесе із-түзсіз жоғалып кеткен. Балалардың басым бөлігі шетелдерде дүниеге келген.
Сайып келгенде, өз елі өзекке теппеген жандар қазір толық мемлекет қарауында деп айтуға болады.