• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 14 Мамыр, 2019

Ақсақалдықтың жүгін аудармай алып жүру – үлкен сын

1488 рет
көрсетілді

Мемлекет және қоғам қайраткері, ел тарихындағы кәсіби Парламенттің жоғары палатасының тұңғыш төрағасы Өмірбек БАЙГЕЛДИ бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Ел ағасын 80 жасымен құттықтай отырып, осы сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.

– Өмірбек аға, әр нәрсенің де бас­тауы болатыны аян. Арнасынан та­сыр­дай, мол қуатын бойына жи­ған дарияның жылыстап ақ­қан жыл­ғадан аға келе үлкенді-кіші­лі өзен­дерді қосып алып, кең арна­мен то­лыса ағатыны тәрізді сіздің де бас­тауы­ңыз, тамырыңыз бар. Сондық­тан әңгімені балалық шақтан, туған жер, өскен ортадан өрбітсек қалай қарайсыз?

– Мақұл. Асқаралы Алатау мен қат­парлы Қаратау тоғысқан, тау аңғарын жайлаған ауылда төртінші бала болып өмір­ге келіппін. Анам 5 жасымда қай­тыс болғанымен әкем 3 некесінен 13 ұр­пақ көрген көп балалы отбасынан шыққанмын.

Көкорай шалғынды, майса шөбінің иісі бұрқырап мұрныңды жарған, көздей мөлтілдеген көркем көлі бар, жазда жа­ғалай қонып киіз үй тігер берекесі бел­ден, ынтымақ-ырысы ырғын, шуағы шал­қыған ауылымының сол кейпі қазір де санамда тұнып тұр. Әкем – колхоздың бастығы. Ол кездегі өкіметтің саясаты астықтың бір түйір дәнін қалдырмай, соңғы масағына дейін тергізетіндіктен әкем баққан жұртын аман сақтау үшін тары еккізеді. Өйткені өкімет тарыны қажетсінбейді және бидайды жиып алған соң тарыны сеуіп тастаса, 36 күнде ғана пісіп шығады. Күзге таманғы жиын-терін кезінде дәнінің салмағынан майысып, иілген тарыға өш құстардың біразы жылы жаққа кеткен. Ал мол шыққан тары ел­дің ырыздығы. Қап-қап етіп жұртқа та­ратып беріп, ауылды аштықтан аман алып қалады. Әкем соғыс уақытында қо­лындағы барын сатып, жиған-тергенінен ұшақ жасатып, майданға тарту еткен, кеудесіне жарқырата Еңбек Ерінің жұл­дызын таққан, басшылық еткен шаруа­шы­лығынан 7 бірдей Еңбек Ері шыққан, кең ойлайтын, кесімді шешім айтып, көп қамын жейтін кемел, аса мейірімді жан болды.

Бір қырқадан соң жылқылы ауыл бар-тұғын. Мен таңнан қымызға барамын. Қымызымды алып ауылға беттегенімде күнделікті мына көрініс қайталанады. Барлық үйде бір-бір сары самаурын бар, бір мезетте сол самаурындар сыртқа шы­ғарылып, қаз-қатар шай қойыла бас­тайды. Егер бір үйдің самаурыны кешік­се: – Бұл үйдің шайы сәскеге шейін қойыл­майды, – деген енеден сөз естиді. Жал­тыратып сүртілген самаурынның қай­мақ қатқан ыстық шайын ішіп алып кол­хозшылардың жұмысы басталады. Жап­пай колхоздың шаруасын атқарып, малын өріске шығарып, сиырын, қойын сауып, тарысын жиып, ақтап, түйіп алады. Бір күн ана үйдің тарысы тазартылып, түйіліп, теңделіп, екінші күн мына үйдің тарысын бәрі жабыла өңдейді. Сөйтіп жылдық тарысын бірге жүріп қап-қап етіп теңдеп қояды. Есік әманда ашық, ешқашан құлып салынбайды. Бала біткен анау-мынау қажетті жұмыстарды атқарып, ойынға кірісеміз. Тамақты осы күнгідей өз үйіңе ғана барып жеу деген атымен жоқ. Бар ұл қай үйге жақын жерде ойын қызығына батса, соған кіріп, нанға май жағып жеп, айранымызды ішіп, сол отбасының бар та­мағына ортақ боламыз. Ешкім кісі ба­ласы демейді, бізде де бөтен үйдеміз деген ұғым жоқ. Ауылдың бірлігі, ақса­қа­лын сыйлауы қазір ойлап отырсам аңыз­дай екен. Таңғы тірлік сақал-шашы әппақ қудай, әбден жасы келіп, өзді­гінен жүруі қиын болғандықтан киіз үй­дің көлеңкесіне қалың етіп төселген көрпеге көтеріп салатын ауылдың ең үлкеніне сәлем беруден басталатын. Әуелі үлкендер барады, одан жасамыстар мен жастар, ақыр аяғында бізге де кезек келеді. Оны әке-шешең де қадағалап, «бү­гін атаңа сәлем бердің бе» деп сұрап тұрады.

– Балалар демекші, сіз бірде ауы­лыңыздағы сырғалы құлақ балалар жайын айтқан едіңіз.

– Иә, олар бір-бір үйдің жалғыздары еді. Бүкіл ауыл олардың бетіне жел болып желпіп ескен емес. Сол құла­ғын­да қалайы сырғалары бар бұл бала­лар­ға саусағымыздың ұшын тигізуге болмайтын. Асық атып, алысып-жұлы­сып ойнаған уақытта олардың небір сот­қарлықтарына төзуге тура келіп, тіп­тен жұдырығын түйе ұмтылғанда қа­шып құтылатынбыз. Оларға қоғам бер­ген иммунитет, қолдау бар еді. Үл­кен­дер сол балаларға ешкім тимесін деп қатты қарап жүретін. Осы қалыпты Киев князі Святослав туралы жазбадан оқыдым. Византиядан келген елшілер Святославтың құлағындағы сырғаны байқап, мәнісін білгенде оның біреудің жалғызы екендігі айтылыпты. Мысалы, олардың майдан деуінің түбірінде де бізбен бір үндестік жатыр. 

Негізі қай ұлттың да жақсысы мен жаманы болады дейміз, алайда біздің іл­геріде өмір сүрген бабаларымыздың та­нымы ғаламат. Мәселен, Францияда Михайло періштеге пәлен метр гранит тас­тың ұшар басына алтыннан мүсін қойыл­ған. Түнде соған 1 метрлік толқын келіп, таңда қайтып кетіп отырады. Со­дан үнемі осылай ма деп сұрадым. Жоқ, жылына бір рет қана, наурыз айының 22-сі күні су 9-10 метрге дейін көтерілетінін айтты. «Оны сіздер қалай түсінесіздер», десем «Ешқандай, бұл табиғи құбылыс», дейді. «Оны біздің халық білуші еді» деймін. «Сіздің халық мұны қалай тү­сіндіреді» деп сұрады. «Оны біздің жұрт жылдың басы, сол мезгілде күн мен түн теңеледі, сол күні Жаратушы жел тұрғызып, жауын жауғызып, осылай тазалайды, жуады дегенді естуші едім. Сол жуатын рәсім осы жерде болады екен» дегенімде «Онда сіздің халқыңыз кемеңгер екен. Ілгеріден ілімі бар ел екенсіздер» деген. Соны естіген жігіт Балиге барып демалыпты. 22 наурыз күні сол жерден әлгі азамат қоңырау соғады: «Мына жерді де жуып жатыр», дейді.

Әрине жаңа заман келді, өзге мем­лекеттер алға шықты. Өссін, дамысын, бірақ олар алда екен деп ұлтыңа, бол­мысыңа, қалыбыңа жақпайтынның бәрін екшеместен сіңіре беруге бола ма? Қатып қалмай, жақсысын ғана жұқтырып, жа­маны­нан аулақтай білсек. Баяғыны айта беріп не керек, заман басқа, қалып қой­ған дәстүрді жаңғыртуға ұмтылу бос тірлік деген көзқарас дұрыс емес деп пайым­даймын. Содан көп оң, тағылымы мен­ тәлімі мол нәрселерімізден ажырап бара­ жа­тырмыз. Тіпті халықтың қара­пайым тыйым­дарының өзінің мәні бар. Соны ұс­тамаған адам көп қиындық көреді.

– Сіздің мектеп табалдырығын тым ерте аттап, институтты да 20 жасы­ңызда аяқтағаныңыздан хабарым бар. Лениндік стипендия иегері болсаңыз да, ғылым жолын қумай, Алматыда қалмай елге оралдыңыз. Бұл сіздің азаматтық жолыңыздың қалыптасу жылдары ғой. Осы кезеңдер жайын айтып бересіз бе?

– Рас, мектепке оқушы ретінде қабыл­данбасам да қоймай тым ерте барып, бәрін тақылдатып айтып берген соң, 4 айдан кейін ғана сынып журналына аты-жөнім тіркелді. Алматыдағы зооветеринарлық институтты үздік бітіріп, елге қайттым. Ба­қытымызға, сол кезде институтта ың­ғай академиктер дәріс оқыды. Әкемнің тәрбиесі мен ауылымнан көргенім, өмірден жиғаным бар, жүрген жерімде жаман болған жоқпын. Әрі мен оқу бітіріп келген жылдары ғылыми негізде дұ­рыс білім алған мамандар аз еді де, ме­нің қызметтік баспалдағым 1-1,5 жыл­ ішін­де өсіп отырды. Содан бірнеше аудан үшін ашылған территориялық бас­қарма бастығының экономикалық мә­селелер бойынша орынбасарлығына тағайын­далып, қызметтік көлік берді. Оған кеңседен шыға салып қайқайып оты­руға қысыламын, жүргізушіге анадай жерге көлеңкеге қой, өзім барамын дейтінмін.

Бар ықылас-пейіліңді салып, зейі­ніңмен жұмыс атқарып, жақсы адам­дармен араласқан соң өмірлік жиған тә­жірибең де толыса түспей ме. Өзім туған ауданда ауыл шаруашылығы бас­қар­масының бастығы, облыстық пар­тия комитетінің бөлім меңгерушісі қыз­мет­терін атқарып, Қордай ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы болдым. Жамбыл облыстық атқару комитетінің төрағасы, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыс әкімі, Сенаттың төрағасы сынды лауазымдарды иығыма артқанда халықтық қазақы қасиеттерді басшылыққа алып, адамгершілік, кісілік, адамға да, жұмысыңа да жаның ашуы керегін, ала жіпті аттап, біреудің обалына қалудың екі дүниеде де берілетін жауабы барын ұғына жүріп атқардым дей аламын.

Аудан басқарғанда таң құланиектен­бес­тен бұрын ұйқыдан оянып, шаруашы­лық­тарды еш ескертусіз аралап, мәселенің мәнін өз көзіммен көріп, ой елегімнен өт­кізе бағалайтынмын. Кеңшардың жайының бәрі тамаша деп айтып келе жат­қан басшыны тоқтатып, ана жердегі, мына жердегі көзіммен көргенімді сұрай­тын­мын. Содан директорлар да тез жиналды, олар да сол жолды ұстанып, өз­деріне басшылығы сеніп тапсырылған ауыл­дың шаруасын егжей-тегжейлі білетін болды.

Облыс тізгінін ұстаған кезім қиын­ кезеңдер еді. Біздің Жамбыл хи­мия зауытынан шығарылатын сары фос­фор­ды солтүстік көрші 700 долларға алып, Лондон биржасында 2000 дол­лар­ға сатады екен. Содан министр Ольшанскийге бардым. «Неге біз өнді­ріп отырып тас жұтамыз, ал сіздер қа­зақ айтқандай, «сепкенде де жоқ, ек­кенде де жоқ болып», біз қазған кеннің үс­ті­нен сонша таза пайда түсіріп, бізбен бө­ліспейсіздер, сондықтан биржаға өзіміз тікелей шығамыз» дедім. Қатты шайқасқа кеттім. «Өмеке, бұлармен айтысып пайда таппаймыз, келісейік, түк таппағаннан өндірістің жүріп тұрғанының өзі олжа» дегендер болды. Мәскеуліктер шайға шақырып, жөндеп дастарқан басында сөйлесейік деп еді, мен кім біледі деп бой тартып, елге ұшып кеттім. Соңымнан екі күннен кейін 1350-ден берейік деген ұсыныспен ішінде орынбасары бар 5 адам жіберіпті. Осы қаражат облысқа көп көмек жасады. 

Нарық кіріп жатқанда елді малды қылу үшін бір қадамға бардық. Жамбыл облысында 3 млн қой болды. О баста Кеңес өкіметі халықты қан қақсатып, қо­лындағы малын сыпырып алды, сол тарихи әділетсіздікті орнына келтіріп, 1,5 млн қойды қойшыға, жылқышыға алдындағы жылқының жартысын, бақ­та­шыға сиырдың жартысын қалдырайық деп Мемлекет басшысына айтып, ол кісінің келісімімен солай жасадым. Бақ­сын, өсірсін, бай-қуатты шаруаға айнал­сын дедік. «Мал сендердікі, бірақ бар­терлетіп жүріп қу сирақ болып қал­маңдар» дедік. Сол малдан малданып кәдімгідей ұқсата біліп байып кеткендер бар. Өткенде сол азаматтың бірінің баласы Еңбек Ері атанды. 

Белоруссияда бір жылы астық шы­ғымы аз болып, бидай сұрады. Берейік, бірақ бізге пайдаға шығатындай болсын дедім. Оларға астықтың есебінен Ресей зауытында мұнай өңдетіп, дайын өнімді бізге бересіңдер, сыртқы рынокқа өзіміз сатамыз дедік. Келістік, содан көп ақша түсті, бюджеттен тыс қор ашып, сол ақшаны облыстың керегіне жұмсадық. Шетелдіктер «Сіз неге оны облысқа жұм­сайсыз, шетелден жеке есепшот ашыңыз, осы ақылды өзіңіз таптыңыз, астықтың қаражатын ғана Жамбылға жөнелтейік, өзгесін сізге аударайық» деді. Түнімен ой­ланып, келісімімді бермей, қорға аударт­қыздым. Оның пайдасы еліме, хал­қыма тиді, соған бүгінге дейін қуанамын. Мұндай шаруалар өте көп, бәрін айта беру мүмкін емес. 

Баяғыда қырқада тұрып ауылға көз тастасаң ауылдың әйелдері қазан көтеріп, немесе табаға нан жабатын. Сондағы түп-түзу ұшқан түтін, дөңгелене қонған киіз үйлер қандай еді?! Көңілің көнши көкке көтеріліп, ән салғың келіп кететін. Осылайша туған ортада, ауылымыздың тірлігіне, ауызбірлігіне ризалықпен, ала жіп­ті аттамай, кісілік қасиетті қадірлей ер жеттік. Бұл қалып мен үшін өмірлік кре­доға айналды. Қоғамға пайдалы бо­­луды, кәдесіне жарап, көп қамын ой­лай білуді ауылдағы елдік тәрбиеден сүйе­гі­мізге сіңдіріп өскеніме Аллаға риза­шы­лы­ғым шексіз. 

–  Әр істі қолға алудың өз қиын­ды­ғы мен қызығы бар. Еліміз тәуелсіздік ал­ғанға дейін қос палаталы кәсіби пар­­ламент болып көрген жоқ. Сіз алғаш­қы Парламент Сенатының төр­аға­лығын атқардыңыз, өміріңіздің осы мерейлі белесіне тоқталып өтсеңіз.

– Мен қызметте өсуді өзіме басты мұрат тұтқан емеспін. Қай кезде де сол жұмыс қызықтырса, оның берекесін арттырып, абыройыма кір жұқтырмауды мақсат еттім. Сондықтан Сенат жұмы­сында қаланған қағидалардың дұрыс­тығына мән бердім. Еш бас қатыр­мас­тан қос палаталы Парламенті бар мем­ле­кеттерден көшіріп ала салуға болар еді. Бірақ жұмыс сапалы, тәртіпті, өнім­ді жүруі үшін не істеу керектігін ой­лас­тырдық. Біз тәртіп енгіздік. Ешкім де пікірі үшін аты-жөнін бадырайтып сы­намайды. Тек пікірге қатысты мынадай ой айтамын деген уәжді қарсылығын білдіреді. Кісінің аты аталса, ол қа­ғазға түседі, тарихта қалады, ал пікірін сы­насаң, ол аз уақыттан соң түбегейлі өзгеруі де мүмкін. Қайта ауысқаны жазылмай, сынаған пікір тарихта қалып, адамдар арасындағы сыйластықты, құрметті азайтады. Сондықтан Сенат жұмысы биік, жоғары санадағы тәрбие мектебі болуы тиіс деген ұстанымды бетке ұстадық. Сол арқылы алуан пікір айтылып, ой қайшылығы туғанымен жеккөрушілікке, сыйластықты аяққа басуға жол берілмеді. 

– Аға, сіз көп оқып, көп ізденесіз. Кәнігі, кәсіби зерттеуші, ғалымның аң­дамай өтетін нәрселерін тура ұстап қалып, соның түбіріне жетіп, мән-мағынасына жете үңілесіз...

– Жалпы білім, ғылым, ілім деген үш деңгей бар. Білімді мектептен алады, ғылым жоғары оқу орнында оқып, одан әрі сонымен айналысқан адамда болса, ілім деген бар ниетімен білімнің со­ңына түскенге беріледі. Ньютонға, Мен­делеевке, Эйнштейнге, Теслаға, Нобельге және тағы басқа адамдарға ілім көктен түскен. Олар ілім үшін жара­тылған ерекше адамдар, осы жолға шы­найы беріліп ұмтылған жандар. Өзінен өзі ештеңе келмейді, талпыну керек. Ашылатын дүниелер адамға кейде кез­дей­соқ аңғарылғандай көрінеді. Сол кезде ұстап қал, ал байқамасаң кетіп қалады. Жарылқаушының таңдауы түсу үшін таза пейіл, ниет, өзің зерттейтін салаға, жалпы не нәрсеге адал болу керек, сонда бәрін береді, тылсымның да сыры ашылады. Аңдап қарасаң, ниет­тер кірленсе, адамдар бейбіт шешуге бо­латын дүниеден шатақ шығарып, соза берсе сол жерде табиғи апаттар орын алады, жер сілкінеді, тасқын су ба­сады, сел ағады.Тегіннен тегін бе? Жоқ. Сондықтан жеке адамдарға ғана емес, тұтас халық тазалыққа, оң ниетке ұмтылуы тиіс. Сонда Иеміз мейірленеді, барын төгеді. Қазақ «Алла беріп те сынайды, қысып та сынайды» дейді. Бұл рас, егер осы екеуінде де ниет таза­лы­ғы болса пенделерін жарылқайды. Біз­дің бабалардан жеткен халықтық дүниетаным осы. Сондықтан ұлт ретін­де­гі алға ұстар шамшырағымыздың не екенін халық болып ұғына білсек-ші.

Әлемдегі ежелгі халықтардың жалғы­зы біз демейін, бірақ санаулы халықтың бірі екендігіміз рас. Біз Батыспен де, Шығыспен де тайталасып келген елміз, оның бәрінің дамуына ықпал жасап, үлгі болған жұртпыз. Мәселен, түркі жұр­ты Еуропаға үш рет жорыққа шығып, олардың өміріне із салған, тәртіп енгізіп, жуынуды, тазалықты алып барған. Хрис­тофор Колумбтың мұхит асып, жаңа жерлер ашуын қаржыландырған коро­ле­ва Изабелла Кастильскаяның өмірінде екі-ақ рет суға түсіп, жуынғаны жайлы де­рек бар. Әріні қозғамағанда орта ғасыр­лардағы еуропалық патшалардың сарай­ларында жуынбаған адамдардың жағым­сыз иісін кетіру үшін әтір себу шыққан.

Әлемде екі мыңнан астам халық бар­ екен. Солардың ешқайсысы да бүгін бармыз, ертең жоқ боламыз деп өмір­ сүрмейді. Ертеңгі күнді бүгінгі күн­нің жалғасы десек, бүрсігүн ертең­нің­ жалғасы, ал бүгін кешегі күннің жал­ғасы. Мен өзі тарихты көп қаузайтын адам­мын. Бізді арғы түбімізде көк пен жер­дегі өмірді байланыстыра білген, соны таныған адамдар басқарған. Баба­ла­рымыздың Еуропаға, алғаш рет Римге барғаны тарихта жазылған. Қажыахмет Асабидің қолбасшысы Ас­пар батырдың Римді алғаны туралы адамзат тарихын зерттеуші немістің аса ірі ғалымы Гельмонт жазады. Меркі ауданында Аспар деген асу, Аспар деген өзен, Аса деген жерлер бар. Түркіс­танның алғашқы атауы да Аса, ол Асабидің туған жері, бар түркінің зиярат етер қасиетті орны. 

Екіншісі – Еділ батыр жорығы. Ол құрған империяның Еуропаның дамуына үлес қосуы. Үшіншісі – Шыңғысхан. Біреу­лер оны моңғол, көп қан төккен бас­қыншы дейді. Ал шынында сол заман­да түркілер жері Хорезмшахтың, қы­зыл­бастардың тепкісінде еді. Үстемдігі соншалық, бәрі парсыша сөйлеуге ұмтылып, керек десе бабамыз Дулатидің өзі шығармаларын сол тілде жазған. Шыңғысхан соғысы осы атажұртты азат ететін Отан қорғаудың ұлы майданы болатын. Әйтпесе, 200 мың әскермен 400 мың ләшкері бар Хорезмшахпен тайталасып, түре қуар ма еді? Өйткені сарбаздар бойында Отанды азат ету деген әділ, ұлы күш, сенім және сонау Еділ заманынан жеткен онбасы, жүзбасы, мыңбасы, түменбасыға бағынған темір­дей тәртіп, жауынгерлік рух болды. Тұ­ранды жаудан тазартып, Бату оны Еуропаға қарай жылжытты. 

Осы тарихты бізге оқытпады. Бұр­ма­лады, тек сол бұрмалағанын ғана шы­нашақтай кезімізден санаға сіңірді. Біздің осы санаға жабысқан өтірік тарихтан арылып, көнедегі ақиқатты аршитын заманымыз бүгін туды.

– Аға, талай бел-белестен өттіңіз, кейінге көз салып, зерделеген уақы­тыңызда қай мезгілдің жүгі ауыр екен? Қылшылдаған қайраты бар жігіттік жастықтың ба, қалыптасқан, нар көте­рер жүк артылатын азаматтық, аға­лық кезеңнің бе, әлде ақсақалдық кезеңнің бе?

– Негізі осы үлкендіктің мезгілі ауы­рырақ. Ақсақалдықтың жүгін аудырмай алып жүру үлкен сын. Өйткені ақсақал бәрін көріп, түсініп отырады. Өзінің ба­сына түскенге емес, адамдардың ба­сына түскен ауыртпашылықтың бәріне қиналады. Көрші ағайындар айтатын «өзгенің мәселесі» деген болмайды. Ол ортақ қиындық, ортақ сын екенін түсінеді, жас кездегі көзқарас басқашалау, әлдеқайда жеңіл. Тіпті басыма ауырт­палық түсті деп қиналуының өзі ақ­сақалдықтағы шырмауықтай шырмалған ойдан жеңілірек. 

Өз пайдасын ойлар пенделіктен ада болуды бұйырып, Алла жүрегімізде болса деймін. Менің білерім, мейір, пейіл, ниет үшеуі бар адамға бақ қонады. Қазақ ең алдымен өзінің қасиетті дүниелерін сақтауы керек. Мәселенің басы санада, рухта жатыр. Сондықтан сана мен рух тірілуі тиіс. Ақсақал үшін кейінгі буынның осы құндылықтарды игеруінен асқан бақыт та, мақсат та жоқ деп ойлаймын.