Алғаш «Ұшқын» болып іргесін қалағаннан бастап өзекті тақырыптарды өзіне бастама етіп алған газет ашаршылықты, зұлматты жылдарды, соғыс кездерін, тың игеру жылдарын да тоталитаризмнің тоңмойын кезеңінде де замана сөзін айта білді. Ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізген күннің куәсі болып, жақсылықтың жаршысына айналды. 54 жыл «Социалистік Қазақстан» болып келген газет тәуелсіздікпен бірге қайта түлеп «Егемен Қазақстан» атауын иемденді. Алаш арыстары негізін қалап, маңдай терлерін сіңірген газетті қазақтың елім деген еңселі ұлдары басқарды. Азаттық таңы атқан шақта Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сынды біртуар ағаларымыз басшылық еткен шаңырақтың тізгінін ұстау кез келген адамға бұйыра бермейтін бақ деп ойлаймын.
Қазақстан Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып қызмет атқарып жүрген кезімде «Егемен Қазақстанның» бас редакторы болып отырған Н.Оразалин Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы болып сайланды. Мен «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы болып бекітілдім. Тарихы терең газетте атқаратын негізгі міндеттеріміз мемлекеттік саясатты насихаттау, газет тиражын көтеру, құнды мақалалардың санын арттыру, редакцияны ақырындап Астанаға көшіру мәселесі тұр еді. Алғаш астанамыз Алматыдан Астанаға ауысқан шақта Елбасымыз әуежайда Алатаудың шыңына қарап тұрып «Біз Алатауға сыймай кетіп бара жатқан жоқпыз, Алатауды қимай кетіп барамыз» деп еді басын иіп. Сосын маған бұрылып «Әй, Уәлихан, «Егемен Қазақстанның» басын сен де Астанаға бұр» деп айтты. Қызметке келген ең алғашқы кезеңдерде «Егемен Қазақстанды» Астанаға көшірумен айналысып, бірқатар келелі істер атқарылды. Бірде-бір журналист Астанаға үйсіз-күйсіз бармасын деген Елбасының жеке тапсырмасымен жаңа ғимараттар салынды, сатып алынды. Бойдақ азаматтарға бес бөлмелі пәтер алып, әрқайсысына бір-бір бөлмеден бердік. Орналастыру жұмыстары атқарылып, бірде-бір журналист Астанаға үйсіз-күйсіз барған жоқ. Бұл сондай бір қиын-қыстау кезеңдерде Елбасымыздың журналистерге жасаған қамқорлығы болатын. Осы кезеңдерде орынбасарым Ержұман Смайыл таза газет шығарумен айналысты. Ал мен әртүрлі мекемелермен келіссөздер жүргізіп газетке жаңа ғимарат алдық.
Әлі есімде «Егеменге» бас редактор болып келгеннен кейін Қазақстанның Халық жазушысы Шерағаңды, Шерхан Мұртазаны өзіме кеңесшілік қызметке шақырдым. Жалғызілікті жүрген шағы еді. «Жазғанымды қысқартпасаң, келісемін» деді. Екеуміз қол алыстық. Шерхан Мұртаза газетке абырой ғана әкелген жоқ. Ол өзінің өткір ойын, жалтақтамайтын мінезін де алып келді. Бұл кейбір оппозициялық басылым басшыларына ұнай да қойған жоқ. Сондай басылымның бірі «Шерхан Мұртаза «Егеменнің» босағасында отыр» деп жазыпты. Сонда Шерағаң «Егемен Қазақстан» сияқты ұлттық газеттің босағасы болмайды. Оның барлық жері төр» деп жауап берген еді. Иә, сол сияқты Әділ Дүйсенбек, Жанболат Аупбай, Жұмагүл Солты, Бақыт Балғарина, Гүлзейнеп Сәдірқызы, Қарашаш Тоқсанбай, Марат Аққұл, Самат Мұса, Сейфолла Шайынғазы, Ғабит Мүсіреп, Сүлеймен Мәмет, Мейрамбек Төлепберген,Талғат Сүйінбай және т.б. бірге қызметтес болған қаламгер журналистердің бәрі де «Егеменнің» көркі болды. Олар «Егеменнің» төрінде отырды. Мың да бір рахмет!
Қызметке келген күннен бастап газеттің сапасы, мазмұны артуына бар күш-жігеріміз жұмсалды. «Ойтолғақ», «Топжарған», «Талбесік», «Сөз сұраймын» т.б. айдарлар арқылы еліміздегі және халықаралық ақпараттарды оқырманға дер кезінде қызықты етіп жеткізуге тырыстық. «Егемен Қазақстан»: хат-қоржын» деген арнайы айдар ашып оқырмандардың өзекжарды ойларын жариялап, халықпен тікелей байланыс орнаттық. «Сөз сойыл» – әзіл- қалжың айдарында сатираның шымшыма тілімен талай айтылмай жүрген тақырыптарды қозғадық. Тарих беттерінен сыр шертіп, талай түйткілді дүниелердің шешімін табуға тырыстық. Тоқтар Бейісқұлов 1937-1938 жылдардағы жазықсыз құрбандардың бірі ұлы жазушы Бейімбет Майлин туралы «Бейімбет Майлинді атқан кім?» атты деректі эссе-толғау кітабынан ықшамдап Майлин өмірінің негізгі деректерінен тұратын «Ат деген кім? Атқан кім?» деген көлемді мақаласын жариялауға берді. Мақала арысымыз жайында бірқатар тың ақпараттарды халыққа жеткізе білді.
Ұлттың болашағына берік қорған, салт-дәстүрімізді жаңғырту мақсатында «Ұлттық тәрбие» айдарын жүргіздік. Осы айдарда М.Әлімбаевтың «Халық тағлиматы» деген атаумен халық даналығын түсіндіретін еңбегі үздіксіз басылып тұрды: «Үйірінен айырылған малды қасқыр жейді». Адамдарға арнайы айтылған сөз екені аян. Ел-жұртынан бөлініп, бөтенді сағалама, өйтсең мерт боласың». Мақалада осы тектес нақылдар жинақталды. Сол уақыттарда Ә.Кекілбаев ағамызбен арнайы сұхбаттасып, еліміздің болашаққа қойылған мақсаттарының дұрыс-бұрыстығына талдаулар жүргізген «Дүниені түзеткің келсе, әуелі өзің түзел» деген сұхбатым 1997 жылдың 6 қыркүйегіндегі санында жарияланды.
Әлі күнге дейін еліміздің ғана емес, әлемнің назарын өзіне аудартып отырған Арал тағдыры бізді де бейжай қалдырмады. Мен басшылық еткен уақыттарда газеттің көптеген сандарында Арал теңізінің жай-күйіне байланысты жазылған мақалалар жарық көріп, Арал қасіреті барша халықтың қасіреті екендігі санаға сіңірілді. 1997 жылы қазақтың біртуар ғалымы, классик жазушымыз М.О.Әуезовтің туғанына 100 жыл толуына орай 12 айлық мүшәйра жарияланып, еліміздің белгілі ақындарының өлеңдері басылды. Газетіміздің әр санында Әуезовтің өмірі мен шығармашылығына арналған мақалалар, монографияға жүк боларлық еңбектер жарияланды. З.Қабдоловтың «Менің Әуезовім» роман-эссесі мен «Әуезовтің әсемдік әлемін» талдап-толғайтын ғылыми-зерттеу еңбектері топтасқан кітабы төңірегінде С.Әбдрайымұлына берген сұхбаты жарияланды. Сұхбатта кейіпкерлердің прототиптеріне, Әуезов өміріне қатысты бірқатар тың ақпараттар айтылды.
Сол уақытта, айта кетерлік ең үлкен дүние, бір жарым жылға жуық уақытқа созылған кейіннен кітап болып басылып шыққан Шерхан Мұртаза мен Камал Смайыловтың хаттарын айтуға болады. Халықтың ойындағы пікірлер бүкпесіз жарияланды. Бұл газеттің беделін арттырып қана қоймай оның тиражының өсуіне де әсер етті. К.Смайылов «Өз кінәмізді біреуден көрмейік» (Шерханға хат) хатында: «Тіл туралы таласқан 5 жылдың ішінде қазақша-ағылшынша бірден леспе аударатын (синхрон) бір топ адам дайындай алмағанымызды не дейміз? Халықаралық жиындарда, кездесулерде ағылшынша аудармасы болса, қай тілде сөйлесең де бәрібір емес пе? Бірақ соған жете алмай жүрміз ғой» деп бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоймаған мәселені көтерді. Ш.Мұртаза «Кім қорқынышты?» деген хатында: «Камал дос! Соңғы хатыңда сен өнер, кино, теледидар ауанына атбасын бұрыпсың. Оның орынды екен дедім. Ал енді осы сойқан саясат арқылы жас мемлекетіміздің жан дүниесін рухани аурумен улап жатқаны адамға да, Аллаға да аян. Мысалы, АҚШ-тың өзі тыйым салған неше түрлі құбыжық, имансыз, арсыз фильмдері біздің әлі тәуелсіз арналардан ағыл-тегіл көрсетіліп жатады», деп болашаққа алаңдаушылық танытады. Жоғарыда айтқан Шерхан Мұртазаұлының күдігі расталып отырғанын бүгінгі күн дәлелдеп отыр. Интернеттің қарыштап дамыған заманында жастарымызды өзге елдің ықпалынан әлі де таза ұстауға мүмкіндік жасай алмай отырмыз. Шерағаңның осы хатына Камал Смайылов «Рухани өзек үзілмесе…» деген хаты арқылы бірқатар жауаптар береді. «Сен, Шерхан, мені «Интернет» (әлемдік біртұтас ақпарат жүйесі), «Интелсат» (жер бетін түгел дерлік қамтитын телевизиялық спутник) деген қайдағы жоқты жазасың деп жазғырасың. Олар туралы қазақ басылымында алғаш рет айтылып отырғаны осы болар. Біз жазайық-жазбайық, мақтайық-мақтамайық олар бізсіз де күн көреді, бірақ біз ендігі жерде оларсыз күн көре алмайтын боламыз» деп болашақты болжай білген. Бұны 1997 жылы жазғандығын ескергеніміз жөн. Уақытынан көш ілгері ойлайтын екі ағамыздың бір-біріне айтқан пікірлерінен ұлтқа жанашырлықты байқау қиын емес. Камал ағамыздың осы мақаласында «Қазақтардың саны осы 8 жылда миллион адамға өссе де, қазақ кітаптары мен газет-журналдары бірнеше есе азайып кетті. 1989 жылы қазақ тілінде 10 миллион дана кітап болса, 1996 жылы 600 мың дана ғана кітап шықты. Оның да 70%-ы оқулықтар. Ұлттық кітапханада 5 миллионға жуық кітап бар. Соның 4 проценті ғана қазақ кітаптары» деп әлі күнге дейін түйіні жазылмаған мәселені осыдан 22 жыл бұрын айтып еді. «Бір ой мені тынышсыздандырады. Аға ұрпақтың есімдері мен істері ертең ешкімге керек болмай қала ма? Келер ұрпаққа кешегі тарих қаншалық қажет болар екен? Қазірдің өзінде арада үзіліс басталды» дейді. Осы бір айтылған ойлар бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоймай, керісінше тереңдей түскендігі айтпасада белгілі. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары осы мәселелерді жаңа қырынан қойып отыр.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың әрбір мемлекетке барған ресми сапарларын қаперде ұстап, ұлттың болашағына жасаған келіссөздерін, еліне бағыттап айтқан нақылын, ой-пікірлерін уақытылы халыққа жеткізіп отырдық. Қазақстанның болашағының жарқын болуы үшін бар қажыр-қайратын аямаған Елбасының аузынан шыққан сөздерін бүкпесіз, боямасыз халыққа ұсына білдік. «Егемен Қазақстан» газетінде сол жылдары «Егемен-ақпарат» шыға бастады. Қазақ мемлекеттігіміздің тарихы жаңара түсті. Т.Омарбеков, М.Қойгелді, Б.Аяғанов, Б.Кәрібаев сынды тарихшылар ел мемлекеттігінің асыл арналарын іздеді.
Ұстазым, белгілі көсемсөзші, жазушы Сарбас Ақтаев айтып еді. «Уәлихан, сен бақытты журналиссің. Қазақ журналистикасының балалығы «Ұланды», жастығы «Жас Алашты», даналығы «Егемен Қазақстанды» басқардың» деп. Әрине бүгінде 100 жылдығын атап өтіп отырған «Егемен Қазақстан» газетіндегі жылдар менің ең бақытты жылдарым деп білемін. Газеттің оқырманы көп болсын! Ұлттың мерейін көтерген бас басылымның ғұмыры ұзақ болсын. Газет ұжымына шығармашылық табыс тілеймін!
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
ҰҒА академигі,
«Егемен Қазақстан» газетінің 1996-1998 жылдардағы бас редакторы
АЛМАТЫ