Ертеде бір патша уәзір-нөкерлерімен аңға бара жатып, бір белі бүкірейген қарт кісінің ағаш егіп жатқанын көреді. Патша әлгі ақсақалға бұрылып келеді де сәлем беріп тұрып мынадай сұрақ қояды:
– Қария, неге сонша қиналып жатырсыз? Бұл ағаш бірнеше жылдан кейін жемісін береді. Сіздің ғұмырыңыз оған дейін жетпейді ғой, – дейді. Сонда ақсақал:
– Тақсыр, мен өмірімнің жетпейтінін білемін. Бірақ мен аталарымның еккен ағаштарының жемісін жеп жүрмін емес пе? Ертеңгі ұрпақ та менің еккен ағаштарымның жемісін жесін, – деп жауап беріпті. Патша қарияның айтқан жауабына аса риза болып, бір қалта алтын береді. Сонда ақсақал:
– Міне, көрдіңіз бе, менің еккен ағашым казірдің өзінде жемісін бере бастады, – депті. Патша бұл сөзге де риза болып, тағы да алтын береді.
– Басқа ағаштар жылына бір рет жеміс берсе, менің еккен ағашым жылына екі рет жеміс береді, – деген екен сонда ақсақал.
Осы әпсана-аңыз әңгімені еске ала отырып қазақтың: «Қолдан келсе көп ағаш өсіріп, жүрген жерін жасыл желекке айналдыру, көріктендіру әрбір пенденің игілікті ісі» деген сөзінің бекер айтылмағанын ұғасың.
Менің балалық шағым қазыналы да киелі Қаратау өңіріндегі табиғаты әсем Көсегенің Көкжонындағы Үшбас аулында өтті, яғни, көк майса белді көрпе ғып, тау етегін жастанып жүріп өтті десем қателеспеймін. «Дүниеде туған еліңнен артық ел де, жер де жоқ» – деген екен көрнекті қаламгер Ғабит Мүсірепов. Бұл – бос айтылмаған сөз. Туған жерден артық жер жоқ. Өйткені туған жерің – тірегің, атажұртың – алтын бесігің. Сұлу, мөлдір дүние сол! Жүрегіңе жағымды тылсым жаратылыс! Туған жер – екінші анаң. Рас қой. Туған жер топырағының құдіретін басқа дүниемен алмастыру мүмкін емес қой. Ол – біздің көңіл күйіміздің емшісі. Онда өткізген балалық шақ, әй, бір тәтті, әй, бір бал-шекер күндер екен-ау, шіркін!
Осы жерде ел аузында сақталып қалған мына бір аңыз-әңгіме еске түседі. Желмаяға отырып, өзіне қара қобызын серік етіп, қоңыр күйді аңыратып Жерұйық іздеп, төрткүл дүниені кезген Қорқыт баба Қаратаудың қырқасындағы шырайлы мекен, көрікті Көсегенің Көкжонына қызыға қарап тұрып:
«Басқаның бәрін қисаң да,
Көкжонды, шіркін қимайсың.
Өңгеріп алып кетер ем,
Ат сауырына сыймайсың»,
– деген екен жарықтық. Осы бір шумақтың өзі менің алтын бесігім, атамекенім Көкжонның биік бағасын беріп тұр емес пе?!
Туған жер көкірегіңнен еш шықпайды ғой. Оған деген сағыныш қанша жылдар өтпесін еш басылмайды екен. Ауылдың майда желімен шашымды тарап, мөлдір бұлағымен сусынғаным қанша жылдар өтсе де еш естен кетпейді. Осыдан да болар, мен табиғатты аялап, оған әрдайым қамқорлықпен қараймын, тіпті оған ғашықпын десем де болады. Табиғатымнан әсемдікке, саф тазалыққа, кіршіксіз пәктікке құмар, сәби жүректі болғанымнан болар, ауылын, ауласын көркейту, жайқалған ағаштан, оның мәуелі жемісінен нәр алу – жанымның қалауы. Рас. Ағаш өсіруге бала кезімнен әуес болдым. Оған әкем себепкер болғанын мойындаймын. Мен туғанда әкем менің құрметіме үй жанынан екі алма ағашын егіпті. Өзім үйде жалғыз, жалқы болдым, баламмен бірге жайқалып өссін, кейін үлкен бәйтерек болып, бала-шағаларым, ұрпақтарым саясында сайрандап жүрсін деген ниетпен еккен болуы керек, сірә. Көзімді ашқалы табиғат аясында, тау-тасты аралап, шөптің, ағаштың неше түрімен таныс болып өстім. Қаратау шатқалдарында жабайы алма, өрік, шие, долана және де басқа мәуелі ағаштар топ-топ болып өсетін. Ауыл балалары бірігіп, бірде жаяу, бірде есекке мінгесіп тау қойнауындағы әлгі жеміс бауларға барып, ащы-тұщысына қарамай алма мен өріктерін қалта-қалта, қоржын-қоржын етіп үйге алып келіп, біраз күн тұшырқанатынбыз.
Менің Ордабек көкем жерді аялап, құрметтеп, ерте көктемнен қар түскенге дейін бір тынбай, қолынан күрегі, иығынан кетпені түспей бау-бақша өсіруді кәсіп еткен аяулы жан еді. Көктем келісімен ауыл тұрғындарының басын қосып, тоған байлатып, арық-атызға су шығарып, жерді өңдеп, кеңшар тұрғындары үшін картоп, қызанақ, қауын-қарбыз егіп, алма, алмұрт, өрік ағаштарының көшеттерін отырғызатын. Жаз айларында олардан жиналған өнім дала қостарына, асханаларға жіберіліп, еңбекшілер сүйсіне, рахаттана жаңа өнімнен ауыз тиетін. Артылғанын қатар жатқан Жаңатас қаласының асханаларына, сауда орындарына жіберілетін.
Өткен жүзжылдықтың 60-шы жылдарында менің өскен Үшбас аулының жанынан біраз жер арнайы алма бағы үшін бөлініп, оған сан түрлі көшеттер отырғызылды. Оларды әкем жарықтық таңның атысы, күннің батысына қарамай уақтылы суғарып, арамшөптерден ажыратып, арық-атыздарын тазартып, түбін мезгіл-мезгіл қопсытып, қажетті тыңайтқыштармен қоректендіріп жас баланы мәпелегендей аялап өсірді. Тіпті айсыз түннің қараңғылығына қарамай алма бағын аралап, әр арыққа сылдыратып су жіберіп, суғарып жүргенін көргенде туған жерін, табиғатты соншама сүйетініне бала жүрекпен қайран қалатынмын. Өсе-келе әлгі алма бақ бүкіл ауыл мақтанышына айналды. Сырттан келген қонақтар кімнің болмасын көз жауын алатын сары-қызыл алмалардың жұпар иісіне елтіп, қызыға қарап, тіл үйірер тәттілігіне, ерекше дәмділігіне тәнті болатын. Ауыл сыртындағы жайлауға қоныстанған малшылар мен қойшылар балалары тәтті алмаға жаз бойы қарық болып қалатын. Әкемнің сол игілікті зор, ерен еңбегіне ауыл тұрғындары ғана емес, кеңшар мен аудан басшылары да қызығып, қолдап отыратын.
– Табиғатты қалай аяласаң, ол саған солай жауап береді. Біздің адамшылық қасиетіміз айналадағы, Құдай біздің игілігіміз үшін жаратқан тіршілік иелерінің қадірін білумен өлшенеді. Кейде дүние қуған заманды көріп, «шіркін-ай» деп өкініп жататын кездеріміз де болады. Сондай бір жабырқау сәттеріңде табиғат аясына шығып, серуендеп қайтсаң, көңілің байып, жаның байыз тапқандай болып қаласың. Адам тәрбиесі мен табиғатқа деген көзқарастың бәрінің өзегі бір болса деймін. Біз үйімізді қалай таза ұстасақ, ауламызды, ауылымызды да солай таза ұстауға талпынуымыз керек. Жүрген жеріміздің бәрінде де сондай бір мәдениеттілік, ізгілік, адамдық, парасаттылық қасиеттер болса тамаша болар еді.., – дейтін Ордабек көкем жайқалып өсіп келе жатқан алма бақтағы жас көшеттерді салалы саусақтарымен рахаттана мәпелеп тұрып.
Әлі есімде, үшінші сыныпта оқитын кезім. Балалармен тауды тауға, тасты тасқа жалғап, серуендеп жүргенімде бірде тастың арасынан қылтиып өсіп тұрған алма ағашын көріп, тамырымен қопарып үзіп алып, аулаға әкеліп еккенмін. Оны мәпелеп күтуге әкем жәрдемдесті. Қазір ол ескі үй жанында өсіп тұрған мәуелі жемісі бар зәулім ағаш, мен алпыстан ассам, ол елуден асты. Ағаш егуге құмарлық осы алма ағашынан басталған еді. Кейін оныншы сыныпты тәмамдап, мектеппен қоштасар жылы 10-12 түп тәтті алма беретін ағаш отырғыздық. Олар да бүгінгі күнге дейін өз жемісін беріп, жайқалып жайнап тұр. Жаз айларында қызметіміздің тым қарбаластығына қарамай немерелірімді қасыма ертіп туған атамекеніме – Үшбасқа тартып кететін кезім жи болмаса да болып тұрады. Сонда немерелеріммен қосылып сонау ертеректе әкем отырғызған алма бақты еркін аралап, тұшымды дәмді алмалардан дәм татамыз, ауасымен рахаттана тыныстап, алыста қалған балалық шақты сағына еске аламын.
Бар саналы өмірін туған жеріне тал-дарақ егіп, бау-бақша салып, көріктендіру мен гүлдендіруге айналдырған әкемнің дүниеден өткеніне, міне, 40 жыл болыпты. Сонша жылдар өткеніне қарамастан Үшбас аулының тұрғындары бар жиған-терген қаражатына бау-бақша егіп, болашаққа мұра қалдыруды мақсат еткен әкемнің есімін ұмытпай «Ордабек қария отырғызған алма бағы» деп іштартып, аса құрметпен еске алып отырады. Алма бағы әлі де бар, әттең, уақыт ағымына сай біраз ағаштар қартайып, күйзеліп, «шаршап» тұр. Кейінгі толқын жастар, жергілікті мектеп оқушылары сол қартая бастаған бауды қамқорлыққа, қорғауға алып, біраз ағаштарды жаңартып, жаңа көшеттер отырғызу ісін қолға алса нұр үстіне нұр болар еді. Ауылға барған сайын ескі құлақ қариялардың: «Бақ отырғызу – болашаққа баға жетпес мұра қалдырумен пара-пар» деген дана сөзінің рас екеніне көзім жетеді.
...Таяуда кіндік қаным тамған жер Үшбас аулына атбасымды бұрдым. Әрине қазіргі ауыл өмірін өткен жүзжылдықтың 60-шы жылдарымен салыстыруға еш болмайды. Күре жолдарға асфальт төселген. Электр жүйесі тартылған. Әр үйде теледидар сайрап тұр. Жастардың қолында бір-бір телефон, смартфон, кіммен, қашан сөйлесемін десе де ерік өзінде.Үй ауласында құдық қазылып, құбыр тартылып, ауызсу мәселесі шешілген. Бұрынғы шатырсыз жатаған үйлер, қазіргі заман талабына сай еңселі үйлермен алмастырылған. Егін шаруашылығына қажетті трактор, комбайн және де басқа техника әр отбасында сақадай сай, дап-дайын тұр. Әр үйде жүйткізген жеңіл көлік-автомашина. Мен ата-бабаларымыздың табиғи сауаттылығы мен зеректігіне таңғаламын. Ордабек әкем, жарықтық, біздің Көкжонда өсетін ағаш, шөптесін өсімдіктердің барлығының атауын жік-жіктеп, қандай қасиеті барын бес саусағындай білетін. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді ғой халқымыз. Сондықтан болар, менің әкемнің тәрбиесінен алғаным бүгінгі күнге дейін өз нәтижесін беріп келеді. Қазірге дейін қала орталығындағы үйіміздің маңайын қолдан келгенше көріктендіріп, көгалдандырудан бірде-бір жалыққан емеспін. Жұмыстан қолым қалт етсе, ағаштарды күтіп, гүл егіп, оларды суғарып, аулаға су шашып, көңілім жадырап, рахат сезімге бөленемін.Тіпті үй маңындағы көше бойына пайдасыз ағаштардың орнына жеміс ағаштарын (жаңғақ, өрік, шие, шабдалы) отырғызып, олардың жемісін жеп, пайдасын көріп отырғанымыз бар.
Туған елге қызмет етудің озық үлгісі – айналаңды көркейту, қалаңды, далаңды қадірлеу, оған қамқорлық жасау деп білемін. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев табиғаты кедей сары далаға астана орнатумен қатар Сарыарқаның кең даласына 70 мың гектардан астам жерге орман отырғызуын, оған қырғауыл, елік және де басқа аң-құстарды өсірту үлкен көрегендік деп есептеймін.
Әдемілікке мән беріп, жердің қыртысына, үйдің орналасқан жағдайына қарай жерді икемдеп, неше түрлі әдемі гүлзарлар, адам тыныстап, демалатын саябақтар жасап, қала мен ауылды гүлдендіріп отыру әр заманда болған. Ата тарихымызда әрдайым бұл үрдіс көрініс беріп отырғаны белгілі.
Міне, әкеден балаға мирас болған ағаш отырғызу бүгінде менің де сүйікті ісіме айналған. Жаным жабырқаса да, көңілім құлазыса да, тіпті қуанышымды да өз ауламда еккен жасыл желекпен, гүлдермен бөлісемін. Үйімнің ауласында жайқалып өсіп тұрған сандаған гүлдерге, мәуе ағаштарына қарап ләззат аламын. Менің табиғатқа мейірімділікпен қараймын және сүйіспеншілігім ерекше, махаббатым мәңгі. Ол ешқашан сабырланып, өшпек емес. Өмірімнің жалғасы немерелерімнің де солай болып өсуін қалаймын...
Сонау ертеректе, 1825 жылы орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкин Еділ-Жайық бойын аралап жүріп, қазақтың жазық дархан далаларына көз тігіп тұрып: «Шіркін, әр қазаққа қырда бір түп ағаш отырғызу міндет етілсе, жапанда орман жайқалар еді-ау!» деп тәтті қиялға берілген екен. Шынында да еліміздің әрбір азаматы осы бір парасатты сөзді көңіліне тоқып, жүрегіне аялатып, ағаш егуді алдына мақсат етіп қойып, бұл дәстүрді келер ұрпағының бойына сіңіре білсе, айналамыз жайқалған жасыл желекке оранбас па еді! Қазақ бабамыз «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген емес пе еді?..
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор
Тараз