Өткен жексенбіде Астанадағы “Қазақстан” спорт кешені мұз айдынында елордалық “Барыс” хоккей клубы Қазанның “Ақ Барыс” командасымен кездескен болатын. Астаналықтар 3:1 есебімен жеңіліп, Гагарин кубогы жолындағы бәсекелерін тоқтатуға мәжбүр болды. Сөйтіп, былтырғы жағдай биыл да қайталанып, жерлестеріміз қазандық хоккейшілер алдында тағы да тізе бүкті. Яғни, “Барыс” өткен аптада сырт алаңда “Ақ Барыстан” 4:3 және 4:2 есебімен екі мәрте ұтылған болатын. Плей-офф бәсекелерінде үш мәрте жеңіске жеткен команда жарысты жалғастырады. Сөз реті келгенде айта кетсек, “Ақ Барыс” Гагарин кубогының былтырғы жеңімпазы.
Ойынның алғашқы кезеңінің 12 минөтінде алма-кезек шабуылдардан кейін қонақтар есеп ашты. Екінші кезеңде “Барыс” шабуылшысы Романов таразы басын теңестіріп, үміт отын үрлегендей болып еді... Алайда “Ақ Барыс” шешуші кезеңде қатарынан қос шайба соғып, жеңіске жетті. Осылайша, плей-офф бәсекесінің үшінші ойыны да қазандықтардың жеңісімен аяқталды.
Жалпы, “Барыс” командасы “Ақ Барыспен” күні бүгінге дейін 12 кездесу өткізіп, бірде-бір мәрте жеңіске жете алған жоқ. Татар тосқауылы әзірше бізге қиындық келтіріп тұр.