• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2013

Тұлға

534 рет
көрсетілді

Тұлға

Сейсенбі, 14 мамыр 2013 2:57

Суреткердің жаңа кейіпкер іздеп аласұратыны сияқты тарих бет­терінде де бұрынғыларға ұқ­са­­май­тын, ерекшелігі мен бітім-бол­мысы, жаратылысы мен ұстанымы бөлек, тағдырының соқпағы мен сүр­леуі өзгеше дара тұлғалар кез­де­се­ді. Мен осындай тұлғалар өмірін қызы­ғып оқығалы да біраз уақыт болды. Со­лар­дың ішінде, әсіресе, Джава­хар­лал Нерудің түрмеде отырып, қызы Ин­ди­раға жазған хаттары, Ли Миннің әкесі Мао Цзэдун туралы өкпе­сі мен өксігі кеулеген жүрекжарды мемуары, Леонид Млечиннің әлемнің ірі тұл­ғалары туралы зерттеулері мен Н.На­зарбаев туралы еңбегі, Евгений При­ма­ковтың «Мысли вслух», Махмұт Қасымбековтің «Елін сүйген, Елі сүй­ген Елбасы», Қуаныш Сұлтановтың «Қа­зақ­тың жаңа дәуірі» сынды құнды дүние­лерді ерекше атап айтқан болар едім.

 

Сейсенбі, 14 мамыр 2013 2:57

Суреткердің жаңа кейіпкер іздеп аласұратыны сияқты тарих бет­терінде де бұрынғыларға ұқ­са­­май­тын, ерекшелігі мен бітім-бол­мысы, жаратылысы мен ұстанымы бөлек, тағдырының соқпағы мен сүр­леуі өзгеше дара тұлғалар кез­де­се­ді. Мен осындай тұлғалар өмірін қызы­ғып оқығалы да біраз уақыт болды. Со­лар­дың ішінде, әсіресе, Джава­хар­лал Нерудің түрмеде отырып, қызы Ин­ди­раға жазған хаттары, Ли Миннің әкесі Мао Цзэдун туралы өкпе­сі мен өксігі кеулеген жүрекжарды мемуары, Леонид Млечиннің әлемнің ірі тұл­ғалары туралы зерттеулері мен Н.На­зарбаев туралы еңбегі, Евгений При­ма­ковтың «Мысли вслух», Махмұт Қасымбековтің «Елін сүйген, Елі сүй­ген Елбасы», Қуаныш Сұлтановтың «Қа­зақ­тың жаңа дәуірі» сынды құнды дүние­лерді ерекше атап айтқан болар едім.

Мемуардың да өз принципі бар. Әсіресе, ақын-жазушылардың мемуарларында өсек пен қиянатқа жол берілетінін Анна Ахматова өкінішпен жазған. «Ұлы ақындардың әдебиетке құбылыс болып келуін айтудан гөрі, олар туралы қап-қап өсектің мемуардан орын алатынын айта отырып, бұл жанрда фальш оқиғалар адам сенетіндей етіп жазылатыны өкінішті», дейді ұлы ақын.

Саяси әдебиетті бұл қатарға қос­паған жөн. Жалпы, саяси әдебиеттер ақта­ры­ла бермейтін жұмбағымен, жалпақ жұрт­қа белгісіз шындығымен оқырманын таңғалдырып отырады. Саясаттың да құ­былған образын көресің. Империяның да өтпелі болатынын, король мен импе­ра­тордың да өмір сахнасынан өте шығатын дәуір мен дәуреннің өткіншілігін еріксіз мойындайсың. Тарихтың ақиқат бетін парақтап отырып, өз еліңнің тағдыры мен болашағына амалсыз күдігі аралас үмітпен қарайтының да сол.

Осы өлшеммен алғанда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Беласу», «Нұр мен көлеңке», «Он делает историю», т.б. саяси жазбалары Қазақ мемлекетінің тәуелсіздік жолындағы саяси ұстаным­дары мен мемлекетаралық қарым-қатынастар тарихын бүкпесіз, әділ айта білуімен құнды. Әлемге әйгілі саяси қайраткерлердің тұлғалық портреттерін суреткерлікпен жасай отырып, олардың пікірі мен саяси ұстанымдарына өзінің де көзқарастарын жасырмай, орынды айтқан.

Әлемге танымал саясаткер, қазақтың арда ұлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сая­си очерктерін оқығанда оның тұлға, белгілі әрі белді саяси қайраткер екеніне толық көз жеткендей. Жеке ойларын іркіп, қазақы көңілжықпастыққа бармайтын ол тарихи бетбұрыстарда жеке пайымдауын жасырған емес. Барлық еңбектерінде қазақтың бүгінгі күнін айта отырып, ертеңгісі туралы пікірін білдіріп отыруды мақсат тұтқан. Өз ұлтына сүйіспеншілікпен ғана емес, сынмен де қарайды. Бұл тұрғыдан келгенде, Тоқаевқа қазақтар «төлбаласы» ретінде қарамайды деген жаңсақ пікір тудырғысы келгендер де болды. Оның ой еркіндігі мен көрегендігі басқа елдердің мәдениеті мен саяси ахуалын өзгелерден терең білетіндігінде. Осы қасиеттің арқасында ол идеалдан­дырудан бойын таза ұстады. Еліңді тану үшін олармен үнемі бірге болу аз­дық етеді, еліңе сырт көзбен де қа­рай білу керектігін Қасым-Жомарт То­қаев­пен сұхбаттасудың сәті түскенде есті­дім. Тәуелсіз Қазақстанға осындай тұлғаны кезінде елге қайтарып алу­ды Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың кө­регендігі деп білемін.

1992 жылы Қазақстан мемлекетінің Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаев Мәскеудің өмі­рі­не әбден сіңісіп, кәсіби маман ретін­де бағаланып, жоғары лауазымға тағайын­далуға ұсыныс алып отырған Қ.К.Тоқаевқа: «Бери шинель, иди домой», – деуі әзілден гөрі шындыққа жа­қын бұйрығы болар. Жаңа мемлекет құ­рып жатқан Елбасымыз: «Елге қызмет ететін кез келді, бөркіңді ки де, елге қайт!» – деп ініге салмақ сал­­ғаны да Мемлекет басшысының сая­си қалауы ма, екен?.. Әлде «жас кел­се – іске!» деген пейілмен ортақ мүд­­деге қызмет етуді көздегені ме?.. Қалай болғанда да жаңа мемлекет құ­ру­дағы басқа түсер қиын кезең­дерде арқа сүйер, ел аманатын бірге жұмы­лып, бірге көтерісер бір ұл­дың сырт елде жүргенінен гөрі, өз елі­нің мүд­десіне қызмет етсін деген ұсы­­нысын Елбасымыздың көрегендігі деп білеміз.

Елбасының ұсынысына келісім бер­ген Қ.К.Тоқаев Ресей Сыртқы іс­тер министр­лігінің Вьетнамға өкіл ре­тінде жаңа лауазымға тағайындап отыр­ған қызметінен бас тартып, елге қайт­ты. Оған «келіп қалыпсың» деп жылы орын ұсына қоюшылар да бо­ла қоймады. Алматыға келісімен Пре­мьер-Министрдің Қытайға баратын делегациясына енгізіліп, сарапшы ре­тін­де жолға шықты. Осы тұста Қытай елін тереңірек білетіндігімен де, әрі қы­тай тілін жақсы меңгергендігімен де көзге түссе керек, қайтып оралған сәтте-ақ, Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Сол сәттен бас­тап, тәуелсіз елдің дипломатиясын қалыптастыра бастаған кәнігі маман, дипломат Тоқаевты күллі қазақ жұрты танып та, мойындап та үлгерді. Он алты жасында Мәскеуге оқуға аттанған жас жеткіншек қырыққа шыққан кемел шағында Отанына оралды. Бір­неше тілде еркін сөйлеп, елді аузына қа­рат­қан саясаткерге «қазақы емес екен, қаланың тас көшесінде өскен» деген сияқты айыптаулар тағылғаны да рас. Мағжан ақын айтқандай, «Жұрт аспанға өрлеген жүйрік жүректі мойнына құрық салып құлағы салпиып тұра қалатын мәстек болса деп қалағанымен» Тоқаевтың бөлек болмысы бұл құрыққа көнбеді. Көнбеу, әрине, мәстектерге жақпайтыны белгілі.

Халықаралық ұйымдармен және Азия елдерімен байланыс жасау Қ.К.То­­қаев­қа тапсырылғанымен, Қа­зақ­­­­стан­­ның ішкі саясаттағы тұжы­рым­дама­сының тезис­теріне ұсыныстар енгі­зуіне тура келді. Шындығында, іргесі енді қалана бастаған Қазақстанда бұ­рын-соңды ішкі саясат та, оның тұжырымдамасы да болмағаны бел­гілі. Қазақстан өзге елдермен байла­ныс­та болу үшін алдымен бағыт-бағ­дарын ай­қындап алуы шарт еді. Бұл жолда да Тоқаевтың іскерлігі де, мем­ле­кетшіл табиғаты да өзгелерден ерек көрінді.Ол жауапты да қиын сәттер­ді бастан кешіре отырып, өзінің патриот­тығымен де, романтизмімен де Елбасы жүктеген міндеттерді абыроймен орындап шық­ты.

«Нұр мен көлеңке» кіта­бында әлем­дік деңгейде танылған дара тұлға­лардың Қазақстан мемлекеті туралы көзқарастары оқырманға терең ой салады. Қытайды орнықты даму жолына түсіріп, үшінші ғарыштық ел ретінде ұлы державаға айналдырған Цзян Цзэминьнің Қазақстан мемлекетін қолдауы және көрші Қазақ еліне деген ұстанымы арқылы Елбасының беделі мен сыртқы жағдайдың қалыптасуына қол жеткізген Қ.К. Тоқаевтың да еңбе­гін айтқанымыз орынды болар еді.

Цзян Цзэминьнің: «Қытай ешқа­шан­да Қазақстанға жаманшылық жасамайды, Сіздің елге қатысты ешқандай қастық әрекетке бармайды», деп ашық мәлімдеме жасауы шекара проблемасын реттеуге үлкен үлесін тигізді. Өткен ғасырдан бері шешімін таппай тұрған бұл мәселеде ядролық қаруы бар ең ірі екі елдің қақтығысып, мәмілеге келе алмай тұрғаны жасырын емес болатын. Сондықтан да Қазақстан үшін дипломатиялық келіссөздер арқылы шекаралық проблемаларды шешу негізгі мәселе болды.

«…Қытай делегациясы негізінен сонау ХІХ ғасырдың ортасында қол қойған шарттардың мәтінін қарауға ден қойды. Аталмыш мәселені Цинь дәуіріндегі Қытай мен патшалық Ресей қол қойған шарттардың негізінде қарай келгенде Қазақстанға мейлінше тиімсіз екені анықталды. Бұл ретте екі елдің жоғары басшылары Н.Назарбаев пен Цзян Цзэминьнің жеке қарым-қаты­нас­тары баға жетпес рөл атқарды. Цзян Цзэминь қазақ көшбасшысының дәлелдемесін түсіністікпен қабыл алды. Тіпті Н.Назарбаевпен екеуінің арасында болған әңгімелердің бірінде ол: шекара мәселесін кейінгіге шегере бермей шешу қажет, басшылардың келесі буыны бұл міндетті шеше алмай, келешек ұрпақтың мойнына көптеген қиындықтарды артып кетеді деп астарлы сөздің ұшығын шығарып қойды. Қытай көшбасшысының тереңнен ойлайтын зерделі пайымымен келіспеуге болмайтын.

Цзян Цзэминь мен Нұрсұлтан Назар­баев­тың жеке өздері араласпайынша, бұл уағдаластыққа қол жеткізу мүмкін емес еді. Қос көшбасшының тарихи көрегендігі де осыдан ай­қын көрінісін тапқан. Шартқа қол қойыл­ғаннан кейін Цзян Цзэминь Қытайдың өзінде әскери адамдар мен кейбір мемлекеттік қызметкерлердің тарапынан, сондай-ақ Гонконг пен Тайванның әртүрлі ұйымдары мен бұқаралық ақ­парат құралдары тарапынан Қытай көш­басшысының да сынға ұшырағаны бұл күнде ешкімге құпия емес. Қытай даулы аумақтың 53 пайызын Қазақстанға беруге келісті. Сыншылар Қытайдың барлық жерді өз қойнауына қайтарып алу үшін жас мемлекетпен келіссөздерді соза тұру керек еді дегенді айтып жатты. Тең құқылы ынтымақтастықты орнатып, дамытуда Нұр­сұлтан Назарбаев пен Цзян Цзэминь сын­ды тарихи тұлғалар айрықша рөл атқарды».

Қ.Тоқаевтың саяси жазбалары бола­шақ ұрпақ үшін Қазақ мем­ле­кетінің құры­луындағы тарихи құжаттар мазмұны, ақиқаты мен арпалысы, Елбасының мемлекет мүддесі жо­лын­дағы ерлігі мен жан­кештілігі, біздің өз­ге халықтың өкіліндей тереңнен ойлай алмай, таяз ғана бойлай салатын аң­ғал тұстарымыз ертеңгі болашақ ұр­пақ­тың үлкен саясатта ұтылмауына жол көрсетер серігі, анықтамасы бол­мақ.

«Нұр мен көлеңке» халықаралық қауым­дастықтар арасындағы байланыстар мен ынтымақтастықтың дип­ло­матиялық шежіресі деуге лайық дү­ние. Қ.К.Тоқаев кез келген саяси қайраткердің алдымен өз елінің мүддесі тұрғысынан қарайтынын жасырмайды. Бұл дәстүр мемлекеттің мүддесі жолында жауапты қызмет атқарып жүргендердің негізгі ұстанымы, бой­тұмары болуы керек.

«Нұр мен көлеңкеде» Қ.К.Тоқаев үш дара тұлғаны ерекше бөліп атайды. Кофи Аннан, Цзян Цзэминь, Борис Ельцин.

Автордың ізгі құрметпен, аса ыж­­­даһаттылықпен бағалаған тұлға­сының бірі – Кофи Аннан. Нобель сыйлығының иегері, әлемге әйгілі саясаткермен Тоқаевтың дос­тық қарым-қатынаста болғанын, осындай ірі тұлғаны да сынаушылар мен кінә таққан­дардың табылғанын тілге тиек ете отырып, осы бір қарапайым да зия­лы жанның өнеге тұтатын тазалығы мен парасаттылығы хақындағы әңгі­ме оқырманның көңілін бей-жай қал­дырмайды.

Кофи Аннанның африкалықтарға қолұшын беруге даяр тұратындығын, елдің аштығы мен жұқпалы ауруға жәр­демдесуді бірінші кезекке қоятынын және осындай жауапты іспен айналы­са­тын адамдардың «дұрыс адамдар» санатынан құрылуын басты на­зар­­да ұстап, жауапкершілікпен қада­­ға­лауы оның өз еліне, отандас­тары­на деген азаматтық ұстанымын аң­ғар­тады. Автор кейіпкерінің келбе­тін, саясаттағы тапқыр талант иесі еке­нін оның африкалық рух пен еуро­па­лық биязылығы бірегей үйлесім тап­қан­ды­ғына ерекше назар аудара отырып, «Кофи Африка саванналарында жүр­ген аңшыны еске түсіретіндей. Ол әрқа­шанда сақ әрі сергек. Аңның ізін көр­мей-ақ, иісінен-ақ дөп басып танитын нағыз қырағының өзі», дейді. Бұл – сая­си портрет…

Автор осы сөз саптауы арқылы Ко­фи Аннанның саяси тұлғалық порт­ре­тін айқындайды. Қ.К.Тоқаев сая­си әріп­тестерінің әр сөзінен терең ма­ғы­на таба білген. Саясаткер ретінде ай­тылған сөздің астарында құпия қал­ған мағынаны дәл тануға әбден машық­танған дипломат: «…Оның сөзі­нен жаһандануға байланысты көңіл тол­маушылықтың сарын-лебі есіп тұр­ды. Кофи әлемдік қауымдастық алдында өзінің көптен бері ой сарабынан өткізген, тұжырымдары мен пай­ым­дарын жеткізді. Қызметтен ке­тер алдында Кофи Аннан ББҰ қыз­­ме­тін жақсарту жөніндегі өз әреке­­ті­нің бос әурешілікпен өткенін мойын­дау­ға мәжбүр болды. «Тарихта Бас хатшының лауазымын атқарған екінші афри­калық бола отырып, қазіргі заман­ның адамзат басына төнген үш бас­ты қатердің салмағын өзіме қабыл­да­дым: «қауіпсіздік қатері, даму­ға төнген қатер, адам құқығы мен заң­дылықты сақтаудың қатері» Аннан осы проблемалардың барлығын жан-дү­ниесімен қабылдап, соған жаны ауырды, өйткені Африка қазіргі заман­ның жанды жарасына айналған еді. Бұл проблемалардың шешілмегені былай тұрсын, қайта одан сайын шиеленісіп кетті. Аннан кейбір азиялық елдердегі прогресс өзінің Африкасында жалғасын таппағанын, оның кедейлікке, ауру-сырқау мен қанды қақтығыстарға бел­ше­сінен батып жатқанын мойын­дады. Шын мәнісінде осы сөзінде Ко­фи Ан­нан қатерлі проблемалар ал­дын­дағы дәр­менсіздігін және өзін БҰҰ-ның жо­ғары лауазымында бола тұра Аф­рика елдеріне көмек беруге еш әрекет жа­сай алмағанына қатты налыды.

«Достарым менің, жаһандану деге­німіз – биік жалына әркім қарманып шыға бермейтін асау толқын», – деді Аннан. Ол жаһандануға өз көзқарасын ашық жеткізіп: «Жаһандану – адамзатты теориялық жағынан ғана бірік­тіріп, іс жүзінде ажыратады», – деп тұжырды.

Қ.К.Тоқаев Кофи Аннанды әсер­шіл­­дік пен сезімге бой алдырмайтын ұстам­дылығымен ерекшелендіреді.

Улан-Батордан Астанаға келген Бас хатшы моңғолдардың қонақ­жайлылығынан қатты шаршағаны жайлы, дастарқан басында ұзақ отырмау­ды хаттама қызметіне тапсырады. Осыдан сабақ алған қазақтар қызықты кездесулер ұйымдастырады. Сондай кездесудің бірінде чешен-ингуш диас­порасы жетекшісінің сөзі жадында қалған Бас хатшы: «Ресейде соғысып жатқан осы халық па?» – деп сұрайды. – Өзіндік сипаты бар халық екен. Бұлар сіздерге қиындық туғызбай ма? – деді де мұның себебін өз тұрғысынан пайымдап, іштей ойланып қалды», – дейді автор. Осындай детальдар арқылы автор оқырманға кейіпкер келбетін толық ашуға ұмтылған.

«Елдестірмек – елшіден» дейді біз­дің халық. Осы ойды басшылыққа алған Қ.К.Тоқаев еліміздің сыртқы сая­сатының қалыптасуына, жас мем­ле­кеттің жаңа мүм­кіндіктерге жол ашқа­ны­на қазақ мемлекетінің мүддесін қор­ғауда барынша күш салған, беделін салған, тіпті достығының өзін де ел мүд­десі үшін пайдаға асыр­ған Ел­ба­сымыздың қайсар­лығына, батырлығы мен тапқырлығына қызыға отырып, дәлелдер мен мысалдар келтіреді. Н.Назарбаев тұлғасы құрғақ мақ­тау­ды қажет етпейтінін, ол халқы мақ­танатындай ең­бек жасағанын «Нұр мен көлең­кеден» толық көруге болады. Рас, біздің ақпарат әлемі дәлелді мақтаудың орнына жаппай мадақты жалаулатып, тұлғаның нұрын тасытамын деп көлеңке түсіретінін білмей де қа­лып жатады. Одан гөрі тарихи мәні әлдеқайда күрделі, қарапайым халық біле бермейтін Мемлекет бас­шысының саяси ұста­ным­дарын жеткізетін оқыр­ман қауымға, зиялы жұртқа жол таба білу керек сияқты. Ұтылыстар мен жеңістерді көзі қарақты қазақ баласы білуге тиіс. Мемлекет пен халықтың қуанышы мен күдігі бір-бірінен жасырын болмаса, халықта күңкіл де болмайды. Жасыратыны жоқ, бізде күңкіл көп… Күңкіл ұлғайса көбік сөз көбейеді. Көбікте салмақ та, болашақ та жоқ.

Бәзбіреулер ойлағандай оп-оңай құрыла салған мемлекет жоқ. Мем­лекеттің құрылуы қиыншылықтар мен қайшылықтарды шеше білу арқылы тәуелсіздікке қол жетті. Тоқаевтың саяси очерктерін оқығанда кейбір елдердің Қазақстанды өз ықпалында көргісі келгенін де байқауға болады.

«…Шиеленіспен өтіп жатқан келіс­сөздің бір сәтінде Борис Николаевич ахуалды сейілту үшін ішімдік әкелуді сұрады. Қауіпсіздік қызметінің қыз­меткері төрт рюмкеге құйылған ара­ғы және жеңіл-желпі тіске басары бар табақты алып кірді. Нұрсұлтан Әбішұлының: «Неге төрт рюмке?» деген сұрағына кабинеттің қожасы жайбарақат қана: «Екі рюмке аз, ал төр­теуі – жеткілікті», – деді. Осы бір өзін­ше ойнақы диалогтан соң президенттер бауырластық достық үшін тост көтерді.

Одан соң біздің Президент: «Ресей – үлкен мемлекет қой, Байқоңыр үшін сіздер неге төлем жасағыларыңыз келмейді?» – деді. Борис Николаевич бұл сұраққа басын шайқап: «Көп талап етіп отырсыздар, 200 млн. долларды біздің бюджетіміз көтере алмайды. Мені жолдастарым түсінбей қалуы мүмкін, олар ғарыш айлағын Қазақстандікі деп мойындағанымыздың төлемі ретінде тегін алуды сұрап отыр», – деп жауап берді. Сөйдеді де бұдан арғы пікірталасты созудың енді мағынасы жоқ дегендей ол қолын шалт сермеп қалды. Бірақ Н.Назарбаев ғарыш айлағын жалдау ақысын төлеуді ақырына дейін талап етіп отырып алды. Соңында Б.Ельцин келісуге бел байлап: 50 млн. доллар, одан бір доллар да артық емес деді. Бірер секунд ойланған Н.Әбішұлы: «Борис Николаевич, жалдау ақысын 100 млн. доллар деңгейінде белгілейік, бұған қоса 15 млн. доллар достығымыз үшін болсын», – деді. Бұл ұсыныс сол кездегі министр Андрей Козыревке ұнамай, ол жалма-жан өз президентіне бірдеңе деп кеңес бергісі келіп еді, бірақ Ельцин оның мұнысын жақтырмай қалды. Ол үстелді алақанымен: «Келісемін!», – деп сарт еткізіп бір ұрды да, өзінің сыртқы істер министріне өз орныңды біл дегендей сұсты көзімен кәрлене қарап қойды.

Бүгінгі күн тұрғысынан Байқоңыр проблемасын шешуге, бәлкім өзгеше ораймен келу керек те болар. Бірақ сол кезде бұдан басқа амал жоқ еді, Н.Назарбаев өте күрделі ахуалда мүм­кіндіктің бәрін салып, өз дегеніне қол жеткізгендей болды. Ең бастысы, бірегей құрылым болып табыла­тын, бүкіл адамзат өркениетіне тие­сілі ғарыш айлағы ешбір даусыз Қазақ­стан­ның заңды иелігінде бүтіндей қал­ды, соның арқасында біздің еліміз ғарыш­тық мемлекеттер қатарына енді. Әлем­дік қоғамдастық ғарыш айлағы жөнін­дегі келісімді саяси жағынан оңтайлы шешім деп қабылдады.

Ельцин қызметінен кеткеннен кейін оның жеке телеоператоры Назарбаев ресейлік президентпен келіссөздер кезінде қалаған нәтижеге қол жеткізу үшін шығыс­тық қулықты пайдаланды-мыс дегенді айтыпты. Іс жүзінде бар­лық кездесулерге қатысып, басы-қа­сын­да болған адам ре­тінде бұған сенім­ді түрде айтарым, мұн­дай пайымдау­лар ешбір шындыққа жанаспайды. Шынтуайтына келгенде бұл екі достың, мақсаттас адамдардың, әрине, сонымен бірге, әріптестердің арасындағы келіссөздер болатын».

Қасым-Жомарт Кемелұлының сая­си көзқарасы мен талғам парасаты оның таңдап алған кейіпкерлерінен-ақ кө­рі­неді. Ел мүддесі үшін маңызды мәсе­лелерді шешуде күш-жігерін ая­май жұмсай алған, табиғат берген ұстамдылық пен байсалдылық, зия­лы­лық пен кемелділік автордың өз кел­бетін де танытады. Бұлай айтуға ме­нің хақым бар деп ойлаймын. Себебі, тағдыр маған Парламент Сенатында Сенат Төрағасы Хатшылығының қыз­меткері болуды бұйырды. Бұл кезде Се­нат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев болатын.

Он алты жыл Мәдениет және ақ­парат министрлігінде қызмет істеп, қағазбастылықты әбден меңгерген маған бұл қызмет аса қиындық тудырмады. Бірақ Қасым-Жомарт Тоқаев сынды қайраткердің тікелей басшылығында қызмет атқару үлкен жауапкершілікті міндеттеді. Шындығын айтсам, менің қалыптасқан мемлекеттік қызметкер ретіндегі іс қағаздарымен жұмыс тә­сілім де, көзқарасым да, ұстанымым да төрт жылдың ішінде бүтіндей өзгерді .

Қ.К.Тоқаевтың үнемі ізденіп, көп оқып отыратындығын жазу столынан аңғаруға болатын. Қазақ әдебиетінің өкілдері әлем деңгейіне көтеріле алмай жүруінің себептерін айтқаны да, кел­тірген мысалдары да өте орынды еді.

«Біздің әдеби шығарма да, көркем фильм­дер де махаббаттың деңгейінен ұзамайды. Қаужайтындары бір-ақ та­қырып», – деген сынына да толық ке­лі­сетінмін. Атағы дардай бір жазушының Елбасымен кездесуге барғанда, «Ма­ған басыңыздан өткен махаббат хикаяңыз­ды жасырмай айтып беріңіз, мен Сіз туралы жазайын», дегені де әумесерліктің көрінісі.

Елбасының жаңа мемлекет құрушы ретіндегі тұлғасы көркем әдебиетте өз орнын әлі алған жоқ. Жазушылардың ірі тұлғаны бейнелей алмай жүргені де, мемлекет тарихына бара алмай, тарихи тақырыптарды тізгіндей алмай жүргенін де мойындауымыз керек. Рас мұндай үлкен тақырыптарға уақыт та, жағдай да қажет…

Қасым-Жомарт Кемелұлы қа­зақ басылымдарында насихатта­лып, мақталып жатқан ақын-жазу­шы­ларының кітаптарын сұратып, міндетті түрде оқып шығатын. Ал біздің мә­дениет саласындағы басшылардың өнер адамдарын оқымақ түгілі, танымауы бұл күнде анекдотқа айналған. То­қаевтың ерекшелігі – әлдекімдердің мақ­тауына иек арта салмайтыны, өзі оқып, ой түйіп барып қана бағасын беретіні. Әр кездесулердегі сөйлейтін сөзі­не мұқият қарайтын. Бәлкім, жазу өнері өз бойында болғандықтан да бұл мәсе­леде жан қинамаса керек.

Кәнігі саясаткер көркем әдебиетті жі­лік­­теп шаққанда таңғалатынмын. Тоқаев өз пайымдауларын дәлелдей отырып, әдебиет, өнер жайында сөз қозғағанда оның жоғары талғам иесі екендігін аңғаруға болады.

Қазақстанның үлкен саясаттағы беделі сияқты әдебиеті мен өнерін де, театры мен киносын да мемлекет бе­де­лін көтеретін биіктен көргісі келе­тінін жасырмайтын.

1983-1985 жылдары Тоқаев кеңес зама­нын­дағы студенттерге жетекшілік етіп, алғаш рет тәжірибе жинақтауға Қытай­дағы Пекин университетіне барады. Осы уақыт аралығында «Қа­зақ­фильм» туындысы деген хабарламаны естіп, достарын қазақ киносы «Тақиялы періштені» көруге шақырады. Жас жігіттің еліне деген ыстық ықыласына көлеңке түскендей көңілсіз шығады. «Кинодан шыққаннан кейін достарым: «Сендер қырыққа келгенше өз еріктеріңмен әйел де ала алмайды екенсіңдер ғой», деп мазақ қылып еді», – деді бір сөзінде. Кеңес заманында түсірілген бұл фильмнің астарында не жатқанын сонда ғана түсінгенім бар. Жалпы, ұлтты насихат етуден гөрі, оның кемшілігін көрсету арқылы төмендігін танытып, орыс халқын ұлы көрсетудің әрқилы тәсілдері барлық салада да іске асып жатты. Әрине, қарапайым көрермен бұл жағына назар да аудармауы мүмкін. Бірақ Тоқаевтың талғамы мен пайымы қарабайырлықты кешірмейтін. Осы тұста оның мемлекет мүддесінен ғана қарайтын қырағылығы мен кез келген мәселеде істің астарын ұғына білу ерекшелігі байқалады.

Қарапайым қызметімдегі қарым-қатынаста Тоқаевты билік басындағы ше­неуніктік психологиядан гөрі ұстаз­дық, тұлғалық сипатта таныдым. Жал­пы, шенеу­ніктердің көзіне шел бітіп, «жар­ты құдай» сезініп, сол сезімнің же­тегінен шыға алмай опат болып кетіп жатқандары да жетерлік.

Тоқаев бұл мәселеде де елдің, жұрт­шылықтың ризашылығына бөле­не алған тұлға. Ол өзінің авторлық қа­лам­ақысын жетім балалар үйіне жіберіп тұратынын, тіпті соңғы жылдары қаражаттың жетім балаларға жұм­са­лу­дың орнына қолды болып жатқанын естігенде қатты налып, енді ақшалай емес, қыстық, күздік киім-кешектерді аттандырып тұрғанын біреу білсе, біреу білмейді. Бұл, бәлкім, қиын жылдарда балалар үйінде өскен әкесі Кемел Тоқаевтың тағдырын жиі еске ала­тындығында ма, әлде бала Қасым-Жомарт­тың санасында қалған әкесінің жан сырын, іш­кі мұңын терең білгендігінен бе, қа­лай бол­ғанда да осы әрекетін адам­гер­ші­лік, аза­маттық, имандылық тұрғысынан тани­сың.

Ресей журналистері: – Сізге тағ­дырыңыз бір адамға лайық сәттіліктерді сыйлаған екен, тағдырға ризамысыз? – деген екен. Сонда Қасым-Жомарт Кемелұлы Экклезиастің: «Не проворным достается успешный бег, не храбрым победа, не мудрым хлеб, и не у разумных богатство…», – деген сөзін есіне алыпты.

«Сөз – көңіліңді өсіреді де, Сөз – көңіліңді қалдырады да, кейде тіпті жаның­ды жаралап, өлтіретін де – Сөз», – депті бір сұхбатында қазақтың арда ұлы.

Бүгінде ол – БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесін, дүниежүзілік ұйымның ірі әрі негізгі бөлімшесін басқарып отырған азиялық мемлекеттің тұңғыш өкілі. Қасым-Жомарт Кемелұлы БҰҰ-ның жүйесінде маңыздылығы жа­ғы­нан екінші басшы тұлға. Бұл Қазақ­станның халықаралық беделінің артып отырғандығының нақты кө­рі­нісі.

Алпыстың асуына шықпай тұрып-ақ әлем саясатына үн қосып, жаһанға ұлты қазақ болып танылған дара тұлғаны жақсы сөзбен жадыратқымыз келді. Ел­ден жырақта жүрсе де Қазақстанның халық­аралық дең­гейдегі беделіне сүбелі үлес қосып жүрген ардақ­ты ұлына елінің тілектес екенін білдір­гіміз келді.

Роза МҰҚАНОВА,

жазушы-драматург, Қазақстанның

еңбек сіңірген қайраткері.

Соңғы жаңалықтар