– Әлеуметтік әділеттілікті ту етіп, өзін қоғамның ешкімнен кем емес бір мүшесіндей сезінуіне жағдай жасалуын мақсат тұтқан бұл жобаның іске асырылуына ықпал ету біздің парызымыз, – деп бастады өз сөзін партияның Бостандық аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Баймұрат Жамбылов.
«Мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ұлан Іңкәрбеков кембағал азаматтарға жасалып жатқан жағдайды тілге тиек етсе, Бостандық ауданы әлеуметтік бөлімінің өкілдері Ә.Аманова мен А.Ахметова мүгедектерге тиесілі төлемақылар түрлері мен жеңілдіктер туралы жан-жақты мәлімет берді. Ал аудандағы медициналық мекеменің бас дәрігері Зухра Омарова саяжайларға жолдамалар мен емделуге квота алу мәселелеріне тоқталды.
Ендігі кезекте мүгедек бала асыраушы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жетім балалар мен жалғыз басты аналар мәселелері біртіндеп қолға алынбақ.
Бұл ауданда барлығы 1 602 мүгедек бар, оның 1 018-і 1 және 2-топтағы мүгедектер болса, 594 адам 3-топтағы мүгедектер. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды мамандықтары бойынша немесе басқалай да әртүрлі жұмыстармен қамту қажет.
Кездесуге келген өзі де мүгедек, қызы да мүгедек зейнеткер қарияның қаладағы шипажайлардың біріне жолдама алуға көмек сұраған өтініші оң шешілді. Көп балалы жесір ананың 3 бірдей баласы аутизм ауруымен ауырады, олардың бірінің емі 250 мың (барлығы 750 мың) теңге тұрады. Нұр-Сұлтан қаласындағы Ана мен бала орталығына, Республикалық балаларды оңалту орталығына жолдама алуға сұраған өтініші де жерде қалмай, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына хат жолданды.
Алты баласы бар, оның ішінде 1 қызы кішкентай кезінен мүгедек, ал өзі 2-топтағы мүгедек азамат тұрақты тіркеуі бар болса да, тұрып жатқан жеріне уақытша тіркеуге мүмкіндік болмағандықтан тиісті төлемақыға қолы жетпей жүргенін айтып, көмектесуді сұрады. Одан басқа 2 пайызбен берілетін жеңілдетілген «Бақытты отбасы» бағдарламасына ілікпей отырғанын айта кетті.
Сондай-ақ 3 баласы бар жалғыз басты ананың 2 жасқа келіп қалған баласының әлі жүре алмайтынын, оған арнайы ортопедиялық аяқ киім мен балаларына арнайы әлеуметтік жәрдемақы алуға көмектесуді сұраған өтініштері де аяқасты қалмады. Ортопедиялық орталық арқылы арнайы аяқ киім мәселесі шешілетін болса, ал аудандық әлеуметтік әл-ауқат бөлімінің мамандары өтініш иесінің екінші мәселесін таяу уақытта қарастырмақ.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ, «Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ