• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Мамыр, 2019

Сақшы

1246 рет
көрсетілді

Халықаралық терроризм, экстремизм, есірткі бизнесі, әлеуметтік, этникалық, конфессияаралық қарама-қайшылықтардың асқынуы, трансұлттық қылмыс, су ресурстарының тапшылығы сияқты Орталық Азияның өзіне тікелей тән сын-қатерлер Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірді. Ол қатерлер әлі де толық сейіле қойған жоқ. Демек, таңымыздың тыныш атуы, кешіміздің бейбіт батуы жолындағы мылтықсыз майдан да жалғаса беретін болады. Біз бұл жолы көзге көрінбейтін сол майданның бір сардары жөнінде әңгімелемекпіз.

Алғы шептегі айқас

Қазақ политехникалық институтын ойдағыдай бітіріп, 1971-1973 жылдары әскер қатарында азаматтық парызын өтеп қайт­қан соң өз кәсібін Алматы элек­тро­техника зауытында бастаған Владимир Божконың өмір жолы 1975 жылы күрт өзге­ріп сала берді. Жас жігіт КСРО Мем­лекет қауіпсіздігі комитетінің Жо­ға­­ры курсына оқуға жіберілді. Тегінде, за­уыттың аға шеберіне бұл таңдау жай­дан-жай түспеген болса керек. Оның тыңғылықтылығы, жауаптылығы, сөзге беріктігі, жадының мықтылығы, адам­дар­мен тез тіл тапқыштығы сияқ­ты қа­сиет­тері алдымен ескерілген шы­ғар. 1976 жылдан бергі аралықта ол қа­уіп­сіздік қызметінің сан түрлі саты­сы­нан өтіп, шені өсіп, тәуелсіздік таңын 1991 жылы Мемлекет қауіпсіздігі коми­те­ті­нің Көкшетау облыстық басқармасы бас­ты­ғы қызметінде қарсы алды. Владимир Кар­повичтің кәсіби чекист ретінде жұл­ды­зының жанатыны да сол жылы еді. 

Иә, сол жылы облыстық басқарма ұжы­мы ерекше күрделі сынақты бастан өткерді. Егемендіктің елең-алаңындағы елдің есі шығып тұрған кезін пайдала­нып қалғысы келген қуатты бір шетел айрықша режімдегі геофизикалық обсер­ваторияның аса бай архивін сыртқа алып кетуге әрекет етті. Ол архивте 1949 жыл­дан бері КСРО-ның, АҚШ-тың, Қытай­дың, Англияның, Францияның бар­лық атом полигондарында жасалған ядро­лық сынақтардың сейсмикалық си­пат­тамалары сақталған болатын. Владимир Божко Көкше жерінде ше­тел­дің сейсмикалық аппаратурасын орна­туға табанды түрде қарсы шықты. Бар жауапкершілікті өз мойнына алып, қаса­рысып отырып алды. Мәселенің асқын­ғаны сондай, Батыстағы бір елдің жоға­ры заң шығарушы органы тарапынан оның үстінен ел Президентіне шағым да түсті. Владимир Карпович сол тұста Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Б.А.Баекеновтің атына барша мән-жайды түсіндіріп, жазбахат жолдады. ҰҚК төрағасы бұл мәселені Президентке жеткізді. Нұрсұлтан Назарбаев көкше­тау­лық чекистердің іс-әрекетін дұрыс деп тауып, қолдады. Шетел аппаратурасы елімізде орнатылған да жоқ, құнды ақпараттар сыртқа әкетілген де жоқ. Облыстық басқарма түсті металдарды сырт­қа алып шығудың жолын кесу, шетел­дік арнаулы қызмет орындарының бел­сенді барлау жұмысын тұсаулау жө­нінде де көп жұмыс тындырған бо­латын. Сол ең­бегі ескеріліп, 1993 жылы В.К.Божко ұлттық қауіпсіздік мә­се­ле­сінің алғы шебіне айналған Шы­ғыс Қазақстан облысына, ҰҚК бас­қар­ма­сы­­ның бастығы қызметіне жі­бе­ріл­ді. «Алғы шебіне айналған» демей қайтейік, өн­діріс біткен тоқтап, зауыт қоймалары өт­пейтін тауарға толған тығырық тұста шекаралық аймақта экономикалық контра­банда әбден шегіне шығандап шық­қан еді. Кеденде, мемлекеттік және шаруа­шылық органдарында отырып алған опасыз отандастарымыздың оспадар ашкөз­дігін пайдаланған қытайлық азамат­тар ірі қара малдың терісін тасы­ған болып, көліктің үстіне жабылған бірер қабат терінің астында мотоцикл дейсіз бе, насос дейсіз бе, трактордың қосалқы бөлшектері дейсіз бе, автошиналар дейсіз бе, велосипед дейсіз бе, орақ, балға дейсіз бе, әйтеуір не жұмысқа жарай­тын, не қайта балқытуға жарайтын құрал-жабдық, темір-терсек атаулының бәрін күні-түні шекара асырып жатты. Оның жолына тосқауыл қою оңайға түскен жоқ. 

1993 жылы облыстық басқарма чекистері аса ауқымды экономикалық конт­ра­бандаға қатысты қылмыстық істі жері­не жеткізді. Қытайға заңсыз әке­тіліп бара жатқан құны 18 мил­лион рубль тау­ар тәркіленді. 1993 жылғы бағамен мұ­ның қаншама қыруар зат екенін өзіңіз ша­малай беріңіз. Бұл іс бойынша 110 адам тергеуге түсті. Ұс­тал­ған қытай азамат­та­рына қоса, тауар­ды заңсыз тасуға жол берген Зай­сан аудандық дайындау кеңсе­сінің директоры, контрабандалық жүкті шекарадан кедергісіз өткізіп жібер­ген «Майқапшағай» кеденінің екі қызмет­кері қыл­мыстық жауапкершілікке тартылды.

«Сапфир» сынағы

1991 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық полигонын жабу жөнінде Жарлық шығарғаннан кейін елімізге бейбіт ядролық бағдарлама саласында елеулі түйіндерді тарқатуға тура келді. Солардың ең бастысы – Үлбі металлургия зауытында сақталып тұрған жоғары байытылған уран-235-тің жүздеген килосын қалай іске жарату мәселесі еді. Оны өндірісте қолдана қоятын атом өнеркәсібі болған жоқ бізде. МАГАТЭ қайта-қайта Қазақстанға инспекция жіберіп, жаңа мемлекетте жоғары байытылған едәуір уран қоры бар екенін мәлімдеп жатты, мұның өзі еліміздің бірқатар халықаралық бастамаларын жүзеге асыруға да кедергісін келтірді. Үлбі металлургия зауытында ядролық зарядтар жасауға жарайтын 500 килограмм жоғары байытылған уран сақталып тұрған еді, ондайдың бар екенін шетелдіктердің ешқайсысы білмейтін. Ақыры Мемлекет басшысының баста­ма­шылығымен «Сапфир» деп аталған опе­рация жүзеге асырылды. Ядролық мате­р­иалдардың депозитарий елі ре­тін­­де таңдалған Америка Құрама Штат­­тарына 500 килограмм жоғары байы­тыл­ған уран жеткізілді. Соншама қоқы­райт­қандағысы небәрі жарты тонна ма деушілер болса, әлгі материалдан еліміз 30 миллион АҚШ долларын тап­қанын қоса айтып қояйық. Уран баға­сы граммен өлшенеді... 1994 жыл­дың қазанында ұзын саны 91 адам­дық америкалық мамандардың үш ұшақ­пен Өскеменге жетуі, олардың 120 тонна­лық өлшеуші құрал-жабдық әкелуі, қарашаның басында контейнерлерге тиелген жоғары байытылған уранның Денвер қаласындағы АҚШ әскери-әуе күштері базасына апарылуы, одан арнаулы көлікпен Теннеси штатының Окридж қаласындағы Энергетика министрлігінің тиісті кәсіпорнына сақтауға қойылуы өзінше бір саяси-әскери-дипломатиялық детективке бергісіз, тіпті триллер дерлік хикая. Осынау аса күрделі операция ел басшылығының ойластыруымен, бақылауымен, Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылды. Ал мұның мүлтіксіз тындырылуында, құпиялылықтың толық сақталуында облыстық басқарма ұжымының, оның басшысының да үлесі бар. Операцияның саяси салмағы да, экономикалық тиімділігі де әлем сахнасына жаңа шыққан жас мемлекеттің абыро­йын асырып, Қазақстанның ұлт­тық қа­уіп­сіздігін сенімді қорғай алатын ең­се­лі елге айнала бастағанын дау­сыз дәлелдеді. Бұл айтқанымызға көз жеткізгіңіз келсе, қадірменді оқыр­ман, сол оқиғаның жай-жапсары тура­лы түсірілген деректі фильмді Ютуб­тан өзіңіз қарарсыз. «Операция «Сап­фир» деп терсеңіз шыға келеді. Әлем саясат­керлерін қайран қалдырған сол бірегей операция туралы лентада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әсерлі әңгімелейді. 

Владимир Божконың 1994 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің эконо­ми­калық қауіпсіздік бас басқармасының бастығы қызметіне жоғарылатылып, Алматыға алдыртылуы елдің шетінде, желдің өтінде жүріп тікелей араласқан жұмбақ та жасырын жұмысының лайықты бағалануы еді. Бұл жылдарда эконо­ми­калық қауіпсіздік бас басқармасы сыбай­­ластық, контрабандалық және ұйым­дасқан қылмыспен күреске қарсы бар­лау, әскери қарсы барлау, көліктік қар­сы барлау қызметтерін тиімді тарта отырып, ел басшылығының тарапы­нан жоғары бағаланған көптеген ірі істер­ді жүзеге асырды. Экономикалық қауіп­сіз­дік бас басқармасының материалдары бойынша прокуратура органдары мен Ішкі істер министрлігі тарапынан 635 қылмыстық іс қозғалып, 919 адам қа­мау­ға алынды, олардың 518-і сотталды. Жалпы, ел бо­йынша құны 6,6 миллиар­д теңге­лік (тағы да сол жылдардағы тең­ге­­нің валюталық бағамын есіңізге түсі­ріңіз) шикізат пен тауар тасудың заң­сыз 406 әрекетіне тосқа­уыл қойылды. Бұл жылдарда эконо­микалық шпионаж­бен күрес те жақсы жүргізілді. Әсіресе, өндірісіміздің өзегіне кіріп алуға тырысқан шетелдік арнаулы қызметтің 46 агентін әшкерелеу, арнаулы органдардың 104 агентін анық­тау – айтуға ғана оңай алапат арпа­лыс­тың арқасы. 

«Хизб-ут-Тахрирді» талқандау

Қазіргі таңда халықаралық терроризм және онымен тікелей байланыс­ты діни экстремизм адамзатқа қатер төндіріп тұр. Қазақстанның геосаяси жағдайына, көптілді, көпдінді сипатына бай­ланысты бұл қатер бізге басқалардан гөрі көбірек төнеді. Сондықтан да Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2003 жылы Ұлт­тық қауіпсіздік коми­тетінің террорға қарсы күрес орта­лығын құрды, оған мем­лекеттік орган­дардың терроризмнің, экстре­мизмнің алдын алу жөніндегі жұмысын үйлестіру міндеті жүктелді. Орталықты басқару Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары, генерал-лейтенант В.К.Божкоға тапсырылды. Әрине, бұл жұмыс антитеррорлық орталық құрылғанға дейін де жүр­гі­зіл­гені белгілі. 2002 жылдың соңында Алматы төңірегінде әрекет етіп келген «Түркістанның исламдық партия­сы» делінетін халықаралық террор­лық ұйым әшкереленді. Бұл топ «Өзбекстанның ислам қозғалысымен», «Та­либан» қозғалысымен тұрақты бай­ланыс орнатқан болатын. Арада екі жыл өткенде атышулы «Әл-Каи­да­ға» бағынатын «Орталық Азия мод­жа­хедтерінің жамағаты» делінетін террорлық ұйым талқандалды, оның көпте­ген қатысушылары қамауға алынды. Бұл «филиал» көршілес Өзбекстанда террор­лық актілер жасауға қазақстандық азаматтарды тартып келген-ді. Олардың Өзбекстан астанасындағы жарылыстарға қатысқаны да, сондай-ақ қазақстандық азамат­тарды сол елдегі терактілерге азғы­рып көндіргені де дәлелденді. «Хизб-ут-Тахрир» діни ұйымының экстремистік сипатта екендігі айқындалып, оның жұмысына тыйым салынды. Әйтсе де, тыйым салынған ұйым әрекеттерін әсте тоқтата қоймады. Ақыр аяғында 2006 жылдың соңында бүкіләлемдік «Халифат» ислам мемлекетін құруды мақсат еткен «Хизб-ут-Тахрир» ха­лық­аралық діни экстремистік партия­сы­ның елдің 13 қаласында терең бұғып жасы­рылған ұяларын талқандауға тура келді. Операция барысында партия­ның Қазақстандағы ұйымдасқан құры­лы­мы, жұмысының түрі мен тәсілдері, астыртын әдістері, баспа өнімдерінің әкелінетін жерлері, қаржы көздері дәлел­денді. Ұйымның лидерлері мен бел­сен­ді­лері ұсталғаннан кейін партияның жүзден астам мүшелері өз беттерімен құ­қық қорғау органдарына келіп, «Хиз­бут-Тахрирдің» идеологиялық айқын­да­ма­ларынан бас тартатынын мәлімдеді. 

Жалпы, Қазақстан жерінде елеулі террорлық актілерге жол берілмеуінде, еге­мендікке, территориялық тұтастық пен кон­ституциялық құрылыстың мыз­ғы­­мастығына қол сұғатын әрекет­тер­дің жолы кесілуінде бұл істі ең қиын жыл­дарда тікелей үйлестіруші болған В.К.Божконың жеке үлесі де үлкен. Профессор В.К.Божко өзінің 2004 жылы шыққан «Понятие и принципы обес­печения национальной безопасности Республики Казахстан» атты кітабында ұлттық қауіпсіздіктің тарихи-саяси және теориялық қырларын терең ашады, экономикалық қауіпсіздік, әлеуметтік қауіп­сіздік, этносаяси қауіпсіздік, демог­рафиялық қауіпсіздік, ақпараттық қауіп­сіз­дік мәселелерін ғалымның көзімен жан-жақты саралайды. 

Бас құтқарушы бағасы 

Төтенше жағдайлар жөніндегі минис­трді осылай атауға болатын шығар. 2007 жылы В.К.Божконы осы сала­ның жетекшісі етіп тағайындағанда Пре­зидент Н.Ә.Назарбаев оның алды­на қазақстандықтардың өмірін қауіпсіз етудің барлық мүмкіндігін жасау мін­де­тін қойған болатын. Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі жемісті жұмысы арқылы жылдар бойы жасалған күрескерлік бей­не­сі, генерал-лейтенант атағы Владимир Карпо­вичке бұл істе көп көмек көр­сет­ті. Ол жылдарда қазақстандық құтқа­ру­шылардың тәжірибесі де аз еді, техни­касы тәжірибесінен де аз еді. В.К.Божко осы саланы басқарған 2007-2016 жылдарда (2014-2016 жылдар аралы­ғында ол бұл іске Ішкі істер министрінің орынбасары қызметінде жетекшілік етті) азаматтық қорғаныс қызметі кәсіби тұрғыдан шыңдалды, осы заманғы құтқару техникасымен, құрал-жабдықпен қамтамасыз етілді. Тиісті заңнамалық, нормалық-құқықтық арқау жасалды. 

В.К.Божконың сол тұста Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша тындырған ірі істерінің бір-екеуін ғана атай кетелік. Астана, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласын Есіл өзенінің тасқын су қаупінен қамсыз ету жөніндегі жұмыстың жемісін бүгінде бар­ша жұрт көріп отыр. Сырдария өзе­ні­нің сағасында Көксарай қарсы рет­теуішін тұрғызу екі облыстың талай же­рін су басып қалудан құтқарғанына қоса, өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін де едәуір арттырды. Бұл құрылыс әуелде жоспарланған сегіз жылдың орнына үш жарым жылдың ішінде бітті. Жер қазу жұмысының көлемі 50 миллион текше метр, темірбетон көлемі 400 мың текше метр екендігін, құрылысқа 439 мың текше метр тас, 20 мың тонна арматура мен болат конструкциялары жұмсалғанын айтсақ, Көксарайдың көлемін көзге елес­тете аласыз. Алғашқы төрт жылдың ішінде Көксарайға 9 миллиард текше метрден астам су жиналды. 

В.К.Божконың елімізде әр жылдарда орын алған табиғи және техногендік апаттардың алдын алу, жол бермеу мүмкін болмаған жағдайларда зардаптарын жою жөніндегі жұмысы да ел басшылығы тарапынан жоғары бағаланды. Әрине, құтқару ісі құтқарушыға онша абырой бере қоймайтыны түсінікті. Құтқарып қалса міндетін орындағаны деп қана қаралады. Құтқара алмаса басы бәлеге қа­лады. Соның өзінде де В.К.Божко қандай адамға да алғыс арқалата қоймай­тын осы міндетті барынша жақсы ат­қар­ды. 2008 жылдан бері шығып келе жат­қан «Пожарный и спасатель» атты ведомстволық ақпараттық журналдың 2016 жылғы мамыр айындағы басылымында жарияланған «Спасатель Владимир Божко» деген көлемді мақа­ла­ны оқыған адам бұл ойдың даусыз дәлелдерін табады. Мұның тағы бір дәлелін кезінде Владимир Карповичтің Мәжіліс депутаттығына Қазақстан хал­қы Ассамблеясы атынан түскенде оның кан­дидатурасы Алматы облысынан ұсы­ныл­­ғанынан да көреміз. Өйткені ол Қы­зылағаштағы апаттың зардаптарын жою, елді мекенді қалпына келтіру ісіне аянбай атсалысып, қам көңіл жұрттың көңілін тауып, қатты қайрат танытқан.

Осы тұста бүгінде жетпіс жастың жотасына көтеріліп отырған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің Парламенттегі депутаттық қызметті, Мәжіліс Төрағасының орынбасары міндетін атқаруы туралы тарата айта түсуге тиіс-ақ едік. Алайда, өзімізге тікелей басшы азаматқа баға беруден этикалық тұрғыдан тартынуды жөн көреміз. Әйтсе де, әріптес ретінде Владимир Карповичтің заңнамалық жұмыс­ты ұйымдастыру, депутаттардың, аппарат­тың жемісті қызмет етуіне жағдай жасау жөніндегі білім-білігін, қажыр-қай­ратын, ортақ іске жанашырлығын, жауап­кершілігін, сондай-ақ адамдық аралас-құраласқа бейім бөлек бітімін, ақыл­дассаң ақылдасуға, әзілдессең әзіл­де­суге дайын азаматтығын атымен айтпау да жөн емес деп білеміз.

Ең бастысы, ол қай қызметте де – Ұлттық қауіпсіздік комитетінде де, Төтен­ше жағдайлар министрлігінде де, Ішкі істер министрлігінде де әу баста­ғы сақшылық парызын абыроймен атқара алды. Ол қазір де парасатты пар­ламентаризмнің сақшылығында, Қазақ­стан халқы достығының, этносаралық келі­сімнің сақшылығында тұр. 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты