Әдебиет теориясын ұлттық ерекшеліктерге сай бағамдап, тың терминдермен пайымдау А.Байтұрсынұлынан кейін тарихи-саяси ахуалға сәйкес тыйылып қалғаны белгілі. Кезінде академик З.Қабдолов «Ахаң жоқта біздегі әдебиет теориясы басы жоқ кеуде секілді еді. Ал басы жоқ дене бола ма? Қайтейік, болады деп келдік...» деп қамығып еді. Ол Ақаңның арнау өлеңдер туралы қисындарын саралай келіп «Әдеттегі дәстүр жалғастығының заңына орай осы үш түрлі арнауды әрқайсымыз өзімізше пайымдап, қисындап, кейде тіпті қиыннан қиыстырып, біз де (Жұмалиев те, Ысмайылов та, Қабдолов та) кітаптарымызға кіргіздік. Бірақ амал не, бұл жаңалықты тапқан Ахаң екенін кезінде ашып айта алмай, Қажекеңе сілтеме жасауға мәжбүр болдық», деп те жазғаны бар-ды. Бұлай мойындау нағыз ғұламаға тән азаматтық, керек десеңіз, Ахаң алдындағы арылу сынды.
Кеңестің қасаң әдіснамасы әдебиет турасындағы тың пайымдауларға негізделген әлемдік теориялық еңбектермен танысуға толық мүмкіндік бермеді. Ал сол кезде әлем герменевтикалық, семиотикалық, фрейдистік, психо-аналитикалық, интуитивистік, структуралистік мектептердің жемісін көріп отырған еді. Қайта «жылымық» кезеңдегі салыстырмалы тұрғыдағы еркіндік бізге мифологиялық, әдеби-тарихи, биографиялық, компаративистік мектептердің өрістеуіне жол салды.
Ақыры маркстік-лениндік әдіснаманы айтқан соң мына жайтқа да тоқтала кету керек. Қазіргі таңда Алаш қайраткерлерінің шығармашылығы аса ыждаһатпен зерттелеуде. Ал осы тенденция соцреализмді ұстанған шығармашыл тұлғаларды екінші кезекке ығысыруда. Ал осы екі бағытты ұстанған қаламгерлерді дихотомиялық тұрғыдан, яғни қос жарып бір-біріне қарсылықта қарастыру әдеби үдеріс заңдылықтарына тұтастай баға беруге кедергілерін тигізбей қоймайды. Сондықтан да тоталитарлық жүйе эстетикасының теориялық негіздері турасында нақты тұжырымдар қажет.Қазір социалистік реализмді мансұқтау оңай. Алайда біржақты айыптай беруден гөрі (әрине оның догмалық постулаттарын ұмытпаймыз) оның реализм теориясынан қаншалықты жырақ кеткенін немесе классикалық реализм талаптарымен қаншалықты жанаса алған тұстарын сараптап көруіміз керек. Нағыз соцреалистер кімдер еді? Социалистік реализм көкейкестілігінен мүлде айрылған, енді біржола тарих қойнауына кеткен, қайтіп оралмайтын құбылыс па? Әлде классицистік идеалдарға негізделген саяси генезистегі эклектикалық кездейсоқ дүние ме?
Тіпті «социалистік реализм – неоклассицизм» дейтіндердің де тұжырымдары тым негізсіз
емес-ау. Өкінішке қарай, біздің бұл орайдағы теориялық зерттеулеріміз ұлттық әдебиетті нақты тарихи тұрғыдан алып зерттеуден көп кешеуілдеп қалды.Кейінгі жылдардағы көп өзгерістер әдебиетке модернистік эстетиканың келуімен байланысты. Модернизм қалыпты образды бұзып тіпті абстракцияға айналдырды, дискурсты бұзды, сюжетті тұтастығынан айырды, бейнелеу тіліне батыл эксперименттер жасады. Көркем шығарманы әдеби-теориялық талдауда осы күнге дейін қолданып келе жатқан сюжеттік-композициялық талдау берерін беріп болғанға ұқсайды. Өйткені кейінгі буын қаламгерлерінде классикалық, эпикалық сюжет түрлері жоқтың қасына айналды. Әуелі салдары айтылып, сосын себептері термеленетін немесе салдары мүлде айтылмайтын фрагментарлы сюжетті шығармалар қатары көбеюде. Тіпті логикалық тұтастықтан мүлде айрылған коллаж сипатындағы сюжеттер кездеседі. Ең бастысы сюжет жанрды құраушы негізгі категория екеніне күмән туа бастады.
Бұрын автор – мәтін – оқырман тізбегі біртұтас қарастырылса, қазіргі әлемдік әдіснамада бұл ұғымдар автономдық мағынаға ие болды. Көркем шығарма мәтінінің автордан тәуелсізденуі, «автордың өлімі» сияқты түсініктер ғылыми айналымға түсіп үлгерді. Яғни әлемдік теориялық әдебиеттануда көркем шығарманы мәтін деп қарастыруға анық ойысу байқалады. Керек десеңіз, постмодернизм теорияшылары қаламгер мен оқырманды бір деңгейден қарастырады.
Қазақ әдебиетінде постмодернизм бар ма деген сауалға да әртүрлі жауап беріліп жүр. Ол пікірлерде бірізділік байқалмайды. Оның теориялық аспектілеріне келгенде де қарама-қайшылықты көзқарастарға тап боласыз.
Итальялық философ, семиотик Умберто Эконың (атақты «Имя Розы» романының авторы) «Меніңше, постмодернист» деген терминді біреуді мақтағанда қолданатын болдық. Сонымен қатар, оны өткен ғасырларға қарай тартып бара жатырмыз. Әуелде бұл термин соңғы жиырма жылдағы, кеше ғана өткен ғасырдағы қаламгерлерге арналатын, бара-бара ХХ ғасырдың басына апардық, келешекте постмодернизм категориясы Гомерді де қамтитын болады», деп жазғаны бар-тын.
Постмодернизмнің тұжырымдамасы толық аяқталып, анықтамасы қалыптасып біткен деуге негіздер әлі жоқ. Жуық арада ортақ түйін, келіскен теориялық тұжырымдар болмайтындай. Жанрлық шарттардың бұзыла бастауы да осы постмодернистер тұсында. Өйткені олар үшін қандай да бір канон жазушыны тәуелділікке алып келеді. Сондықтан да оларда айқын бір стиль ұстану бола бермейді.
Алайда әлемдік көркем ой дамуының соңғы кезеңінде пайда болған мәдени-эстетикалық, танымдық құбылыстардан қазақ әдебиеті мүлдем сырт тұрмауы себепті, үлкен мән иелене алмаса да модернизммен қатар постмодернистік құбылыстар да ұлттық әдебиетімізден орын тебе бастады. Әлемдік рухани-мәдени үдеріс қалыптастырған құндылықтарға ортақтасу арқылы ұлттық әдебиеттен модернизмді постмодернистік поэтикамен ұштастыра бастаушылық ұмтылыстарды танимыз. Әрине, қазақ әдебиетінде постмодернизм дәстүрлі поэтикалық құрылымдарды ығыстырып шығарған аса қуатты ағымға айналып үлгерген жоқ. Алайда ол құбылыстың бар екенін, рухани ықпалын үдете беруі мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды.
Қазіргі әдебиетті зерттеудің басты әдіснамалық мұраты – шығармашылық үдерістің қос мәнін: әдебиет дамуындағы жаһандық құбылыстар мен ұлттық әдебиеттер арасындағы ортақ тенденцияларды қаперде ұстау.Жансая ЖАРЫЛҒАПОВ,
Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың профессоры