Сауда-экономикалық әріптестікті кеңейту, маңызды инфрақұрылымдық және логистикалық жобалар туралы айта келіп, Д.Назарбаева көлік-транзит саласындағы өзара іс-қимылды өрістету қажеттігін атап өтті. «Транзиттік мүмкіндіктерді пайдалану тиімділігін арттыру жөніндегі Қазақстан мен Грузияның мүдделері сәйкес келеді. Біздің мемлекеттердің аумағы арқылы ірі трансқұрлықтық көлік дәліздері өтеді. Бұл зор артықшылықты пайдалану керек», деді Сенат басшысы.
Тараптар туристік әлеует пен гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтудің келешегін талқылады. Грузия премьер-министрі Грузияның ішкі жалпы өнімінің 6 пайызы елдегі білім беруді дамытуға бағытталатын жаңа заң туралы хабардар етті. Ол екі елдің жоғары оқу орындарына ынтымақтастықты белсенді дамытуды ұсынды.
Сенат Төрағасы елдегі маңызды ішкі саяси оқиғалар, қазақстандықтардың келешекке зор сеніммен қарайтыны туралы айта келіп, еліміздегі президенттік сайлау жөніндегі сайлау науқанының барысы туралы әңгімеледі.
Сондай-ақ Грузияны келе жатқан тәуелсіздік күнімен құттықтаған Д.Назарбаева: «Жеңімпаз Грузия халқының өркендеп, дамуына тілектеспін. Бұл мақсатқа жақын болашақта қол жеткізетініне сенімдімін», деп атап өтті.