– Марат аға, газет шығарудың «қара жұмысынан» хабардар әрбір әріптесіңіз сіздің жанкешті еңбегіңізді ерекше бағалайды. Күнделікті болып жатқан саяси оқиғаларға жеделдетіп Бас редактор ретінде өз газетіңізде үн қосып дереу баған жазасыз, авторлар мен тілшілеріңізден тасқындап түсіп жатқан мақалаларды оқисыз, газет шығатын күні көз майыңызды тауысып сағаттап бет қарайсыз, «жарыққа шығуға рұқсат» деп қол қоясыз... Оның сыртында әлеуметтік желілердің «жұлдызысыз», желідегі «жаға жыртысып» дауға ұласқан мәселелерде авторларға басу айтатын да Сіз. Айтыңызшы, соның бәріне уақытты қайдан табасыз?
– Оның еш құпиясы жоқ. Балалық шақтан уақытымды үнемдеуге тырысамын. Көшеде бос селтеңдеп жүру маған жат. Бос уақытымды «шаршағанды басатын» сыраханаға жұмсаған емеспін. Тіпті өзім ұнататын бильярд ойнауға да уақыт жете бермейді. Бетін аулақ етсін, арақ-шарап, темекі дегеннен алшақ болдық. Өмір деген өзі қамшының сабындай дейді ғой. Осыдан отыз жыл бұрын тіліме «Қырыққа дейін уақыт өтпейді, қырықтан кейін уақыт жетпейді» деген мәтел үйіріліп еді. Соған қазір көзім жете түскендей. Жасымыз 70-ке жақындағанда әр минут, әр сағаттың бағасы бұрынғыдан да қымбаттай түскенін байқайсың. Менің қазіргі тапшы уақытымды үнемдеп, жазу-сызуыма үлкен көмек жасайтын жан-жарым – жұбайым Раушан Каршалова. Ол да қаламгер, «Қазақстан патриоты» журналының бас редакторы. Сөйтсе де уақытының денін менің қалыпты жұмыс істеуіме арнайды. Үйдегі ешбір шаруаға мені алаңдатпайды, бәрін өзі ұйымдастырып, өзі тындырып үлгереді. Ғұмыр-тіршілік журналистикаға арналғандықтан қызмет барысында мүмкіндігінше уақыт үнемдеудің ең төте жолдарын таңдаймыз. Редакциядағы жас журналистерді де соған тәрбиелеймін.
– Бүгінгі журналистиканың кешегіден ең басты айырмашылығы неде? Жүрегіңіздің бір бұрышында сол бір кеңестік жылдарға, сол журналистикаға деген сағыныш елес бермей ме?
– Бүгінгі журналистиканың кешегі кеңестік журналистикадан айырмашылығы жер мен көктей. Әдетте «ой, кеңес заманында біз жақсы өмір сүріп едік, мемлекеттен тегін үй алушы едік» деп кешегі күнін аңсап тұратын замандастарымыз әлі де бар. Ал енді оның мүлде теріс жақтары да болды ғой. Мәселен, адамдар бір стандартпен өмір сүрді. Барлығының үйінде бірдей жиһаз, қабырғаларында бірдей көлемдегі (2х3) кілем ілінетін. Үйлеріндегі ұстайтын қырлы стақандарына дейін бір-бірінен аумайтын. «ЦУМ-ға етік түсіпті» деп түнгі сағат үште кезекке тұрған кездері талайдың есінде. Партия, кәсіподақ, комсомол ұйымдары қызметкерлердің төбесінен төніп тұрған семсер сияқты болатын. Отбасылық болмашы кикілжіңдерге осы билік ұйымдары төтелей араласатын, ұйымдық немесе әкімшілік жаза қолданатын.
Қазір ешбір именбей жазып жүргеніміздей Кеңес Одағы шын мәнінде «халықтар түрмесі» еді. Шетелге, әсіресе капиталистік елдерге шығу өте қиын болатын. Қарапайым журналистің ондай сапарларға шығуы ғарышқа барып келгенмен тең саналатын. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары тұңғыш рет Швеция, одан кейін Польша, Чехословакия елдерінде болу менің өмірге деген көзқарасымды түбегейлі өзгертіп жіберді. Інінен шықпай өмір сүрген көртышқанға жердің астынан асқан пейіш жоқ. Ол жер бетінде күлімдеген күннің, саф ауа мен тамылжыған табиғаттың барын білмейді ғой... Алла тағалам кешірсін, кеңестік адамдардың өмірі маған сол көртышқанның тірлігін елестетеді.
– Алматыда соңғы өткен XV Еуразиялық медиа форумда (2018 жыл, 22-24 мамыр) аузын айға білеген әлемдік әріптестер әлеуметтік желі авторларына ешбір кедергісіз еркіндік берілуі керек, ал журналистер олардың «еңбегінің» кәсіби тұрғыдағы кем-кетігін түзетіп өз басылымында кеңейтіп жазуға қымсынбай машықтануы тиіс деген пікірлер білдірді...
– Еуразиялық медиа форумның қазақ журналистикасына еш ықпалы жоқ. Онда талқыланған тақырыптар бойынша әлемдік саясат немесе әлемдік журналистика тұшымды тұжырымдарға ие болған емес. Әлеуметтік желі онсыз да еркіндікте. Өткен ғасырдың 95-ші жылдары Америка еліне алғаш аяқ басқанда сондағы жетекші газеттердің журналистерінен азаматтық журнализм терминін алғаш естігенбіз. Бұл таңсық көрінген. Ал қазір қолына қалам ұстай алатын кез келген адам әлеуметтік желіде мемлекет пен қоғамға байланысты өз ойын жасырмай ашық айта алады. Азаматтық журнализм бұқаралық сипаттағы құбылысқа айналды. Кәсіби журналистер оларға нысана болған оқиғаларды саралап, оқырманның немесе көрерменнің талдауына ұсынады. Бұл кәдімгі ақпараттық журналистиканың сараптамалық журналистика деңгейіне көтерілген сатысы.
– Сіздің отбасыңызды журналистер отбасы деген жөн шығар. Жұбайыңыз Раушан Каршалова журналист-редактор, ұлыңыз Қайрат та газет шығарудағы оң қолыңыз, дизайнер. Кенжеңіз мектеп оқушысы Жанеркенің жүрек қалауы қандай болды екен?
– Ол алғаш тәй-тәй қадам басқан сәтінен өзімізбен бірге, редакцияда өсті. Газет өндірісі кезінде бұрыштағы бесік арбада жататын. Қазір 8-сыныпта. «Газеттің жұмысы ауыр екен ғой, журналист болмайтын шығармын» дейді. Бірақ өте жақсы оқиды. Интернеттен қажетті деректер тауып, өзінің көрген-білгендерін қосып журналға тәп-тәуір мақала жазатынын қайтерсіз? Дүниетанымы кеңейсін деп шетелдік сапарларға бірге алып шығамын. Алдыңғы жылы ежелгі Трояны көрсеттім. Оның алдында Османлы империясының тарихи орындарымен таныстырдым. Соның арқасында Мысыр, Қытай, Моғол, Османлы тарихын жетік біледі. Оқулықтан алған дәрісі өз алдына, оны көзбен көріп қолмен ұстағанға не жетсін.
– Өткен ғасырдың 80-ші жылдары халықаралық эсперанто тілімен айналысқаныңыз, осы тіл бойынша оқулық әзірлегеніңіз есімізде. Осы тілдің Қазақстандағы ары қарайғы тағдыры не болды?
– Біз мектепте жүрген шақта шет тілі дұрыс үйретілмеді. Бойымда тіл үйренуге деген құштарлық бар еді. Кездейсоқ эсперантомен айналысатын жастар кездесіп, әлгі тіл қатты ұнады. Қолданылуы оңай, грамматикасы қарапайым. Еуропаның кең тараған сегіз тілінің негізінде жасалынған эсперанто менің дүниетанымымды кеңейтті. Үйге әлемнің әр түкпірінен эсперанто тілінде жазылған хаттар келе бастады. Бойда буырқанған энергетикалық күш-қуат бар, эсперантомен қатар үндінің хатха-йогасымен айналыстым. Бір ғасыр бұрын поляк дәрігері Лазарь Заменгоф ойлап тапқан бұл тілде 2015 жылы 2 млн үстінде адам сөйлеген. Ал мен 80-ші жылдың басында Қазақстанда ол тілді тұңғыш қолданушы санатында алғаш рет көпшілікке арнап оқулық жаздым. Оны өзім қызмет істейтін «Білім және еңбек» журналында үзбей жарияладым. Эсперанто БҰҰ-ның құжаттық мәртебесі үшін таласқан емес. Бірақ оны оқып үйренудің, сатылап дамытудың өз қызығы жеткілікті. Осы эсперанто тілінің арқасында бірқатар шет- елдерге шықтым, халықаралық симпозиумдар мен форумдарға қатыстым. Басымда әлеуметтік, экономикалық салыстырмалы ойлар пайда болды.
Балаларым мектепке баратын кезде Алматыда қазақ мектебі жоқтың қасында екенін көрдік. Ана тіліміздің мүшкіл халі мені қатты ойландырып, ақыры 1984 жылы эсперантодан саналы түрде қол үздім. Жазушылар одағының жанынан ұлт жанашыры, сатирик, қоғам қайраткері Шона Смаханұлы құрған мектеп кеңесінің жауапты хатшысы, төрағаның орынбасары ретінде қазақ тіліндегі балабақша мен мектеп ашу қозғалысына білек сыбана атсалыстық. Қазақ мектебі мәселесімен барлық облыс орталықтарында болдым. Жергілікті журналистер назарын қазақша білім ошақтарын ашу ісіне аударуға ұмтылдық. Партиялық биліктің түкірігі жерге түспей тұрған 1984-85 жылдар емес пе, бірқатар жағдайда әңгіме ауанын естіген соң облыстық газеттің редакторлары жиын өткізу үшін бөлмесін беріп, өздері сылтаумен кетіп қалатын. Көкшетау облыстық газетінің редакторы Жанайдар Мусин ғана Алматыдан келген біздің «шаруамызға» ашықтан ашық қолдау білдіргені есімде. Қазақ мектебін ашу туралы сөз қозғау ол тұста Кеңес мемлекетінің саясатына тікелей қарсы шығумен тең. Ол заманның да артта қалғанына шүкір!
– Қазақ қоғамы ана тілі үшін күрестің басында 1989 жылы әйгілі тіл жанашыры, академик Әбдуәлі Қайдар ағамыз тұрғанын біледі. Қазақ журналистер қауымы осы отыз жылдың ішінде ана тілі дегенде бір сәт те қалғыған емес. Әлі де ат үстінде. Осы екі арада орыс тілді қазақтардың жаңа буыны өсіп жетілді...
– Дәл осы тақырып жүрек сыздатады. Көп уақыттан бері қатты ойланып жүрмін. Бұл қалай? Қадам басқан жеріңнен орыс тілі шығады. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл екендігі Конституцияда жазулы тұр. Бірақ ол орындалар емес. Оны қой, өзіміз арқамызға салып, аялап өсірген балаларымыздан туған немерелерімізді көре қалайын деп елордаға барсаң, туған немерең атасына орысша шүлдірлейді. Қазақ қоғамы үшін осынау теріс құбылыстың көп ойланып ақыры шешуін таптым. Бұл ең алдымен 261 жылға созылған бодандықтың, санаға сіңген құлдық психологияның салдары. Орысша сөйлеуді өркениет көрінісі сияқты сезіндік. Одан бұл қасірет көптеген отбасының өмірлік нормасына айналып кетті. Ауылдан келген қазақ қыздары тұрмысқа шыққан соң өз перзенттерімен бөтен тілде сөйлесетін дағды тапты. Бұған билік органдарының орысшаға бейімділігін қосыңыз.Билік органдарының заң актілері балаларын орыс тілінде тәрбиелеп отырған қазақ әйелдерінен әлдеқайда қауқарсыз болып шықты. Бұл қасіретті жою үшін біз отаршылдық кезеңінде құл болғанымызды мойындауымыз керек. Ең өкініштісі – құл адамның өзінің құл екенін мойындамауы. Елдегі сорақы жағдай содан туындап отыр.
– Сіз майдангер офицердің ұлысыз: қатар жүрген көбіміз байқай бермейтін бойыңыздағы асқан тәртіптілік сол атаның қанынан жұғысты болған қасиет те шығар деп ойлаймын.
– Әкем Бәйділдәның тағдыры қызық, 22 жасында, 1938 жылы Қызыл әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышын абыроймен орындап жүргенде фин соғысына қатысуына тура келеді. Әскери борыш мерзімі аяқталып, үйге әне-міне ораламын деп тұрғанда Ұлы Отан соғысы басталып кетеді. Қанды шайқаста әлденеше рет жараланып, кеудесін орденге толтырған әкеміз – капитан Бәйділдә Жанысбаев (менің қазіргі фамилиям нағашыларымнан жазылып кеткен) өзінің танк ротасымен Қиыр Шығысқа аттанады. Жапон миллитаристерін талқандауға қатысады. Туған жерге 1947 жылы оралады. Қазіргі Абай атындағы педуниверситетте оқып жүрген кезінде 1948 жылы сол институттың студенті Күлшария анамызбен танысып, екеуі дәм-тұз жарастырады. 1949 жылы мен дүниеге келіппін. Үш соғысты бастан өткерген, от пен оққа оранып, бірнеше рет жараланған әкеміз соғыс жарақатынан менің кішкентай кезімде дүниеден өтіпті...
– Осыдан бір апта бұрын Жеңіс тойы тойланды. Сіздің «Жеңіс қайғысы» деген кітап жазғаныңызды білеміз. Жеңістің қайғысы дегеніңіз қалай?
– Мен ұзақ уақыттан бері 1941-1945 жылдардағы соғыс тақырыбымен айналыстым. Сөйтсек кеңестік идеология бұл тақырыпты өрескел бұрмалап келіпті. Ең сұмдығы Екінші жаһан соғысын тек Германия емес, Кеңес Одағы да бірге бастаған. 1939 жылы 23 тамызда Германия мен КСРО арасында бір-біріне шабуыл жасамау туралы келісімшарт жасалған. Риббентроп пен В.Молотов қол қойған келісімнің «Қосымша хаттама» деп аталатын құпия бөлігінде Германия мен КСРО Польша елінің аумағын бөлісіп алуды ұйғарыпты. Сол құжаттың негізінде 1939 жылы Германия 1 қыркүйекте, КСРО 17 қыркүйекте Польшаға басып кірген. Яғни, Екінші жаһан соғысының басталуына тек Германия ғана емес, КСРО да жауапты. Кеңес Одағы бұдан кейін 1939 жылы желтоқсан айының соңында Финляндияны басып алмаққа ниеттенеді. Бірақ финдер өз Отанын қорғап қалды. Есесіне КСРО 1940 жылы Балтық жағалауы елдерін өзіне қаратты. Яғни, «Ұлы Отан соғысы» деген соғыс өтірік. КСРО 1939 жылдан тоқтаусыз соғыс жүргізіп жатты. Сондықтан бұл тұста КСРО қатысқан ұрыс қимылдарының бәрі Екінші жаһан соғысына жатады. Сталин заманында кеңес әскерлерінің мықтылығын көрсету үшін шығын Германия шығынынан да аз, 7 миллион деп көрсетілді. Брежневтің заманында соғыс шығыны 20 миллион делінді. Горбачев заманында ақиқаттар ашылып, шығын көлемі 27 миллионға дейін ұлғайды. Ал таяуда КСРО Мемлекеттік жоспарлау комитетінің құпиялық режімінен шығарылған деректері бойынша Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысындағы шығындары 42 миллион екендігі анықталды. Оның 19 миллионнан астамы әскерилер, 23 миллионы қарапайым азаматтар. Фашистік Германия бүкіл Екінші жаһан соғысының барысында ең көп дегенде 8,3 миллион адамынан айырылған. Оның 4,7 миллионы әскерилер, 3,6 миллионы жай адамдар. Арақатынасына қарасаңыз өлтірілген бір фашиске бес кеңес солдаты жанын берген (кейбір авторлар шығын 1:10 болғанын да айтады). Бұл цифрлар нені білдіреді? Бұл цифрлар орыс қолбасшыларының топастығын, соғыс жүргізу тәсілдерін жеткілікті меңгермегендігін, командирлердің тактикалық және стратегиялық ойлаудан мақұрым екендігін, өз жауынгерлерін ажалға көзсіз айдай бергенін, қынадай қырылған халқына қылшығы да қисаймағандығын көрсетеді. Жеңіс ақиқатында кеңес адамдарының жойдасыз құрбандықтары арқасында келген. 42 миллион өмір! Неміс пулеметшілері оққа айдалған Қызыл Армия жауынгерлерін қатар-қатарымен қырғанда қаза тапқандардың көптігі соншалық, кейбір пулеметшілер есінен адасып жынды боп кеткен...
– Сіз еңбек жолыңызды қатардағы журналистік қызметтен бастап, бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында басшылық қызметтер атқардыңыз. Үнемі қоғамдық ойдың ұшынан көрінесіз...
– Иә, бірнеше басылымдарға басшылық еткенім рас. Бірақ өмірі басшы болсам деп ұмтылған емеспін. Әйтеуір реті солай келген сияқты. Ең қызығы, мен сол газет-журнал, телевизия саласындағы басшылық қызметімді партия қатарында болмай басқардым. 1990 жылы Қазақстан Компартиясының 2-хатшысы Ануфриевтің ана тіліміздің мемлекеттік тіл мәртебесін алуына қарсы болғаны үшін «Халық Кеңесі» газетінде наразылық мақала жазып, партия мүшелігінен шығып кеткенмін. Мұндай қадамға бару бір күнде пайда бола қалған өжеттік емес. Сонау бір жылдары «Білім және еңбек» журналында алған тәрбиенің жемісі. Онда қатып қалған партиялық формат болған жоқ. Журнал басшысы Ахаңның-Ақселеу Сейдімбектің бір кереметтігі сол – ол өзін партияның идеологиялық деңгейінен жоғары ұстады. Сондай мектептен өткендіктен болар мен де өзімді партиялық темір жақтаудың ішінде сезініп көрген емеспін.
– ХVІІІ ғасырдан бері оқырманы іздеп жүріп оқитын газет атаулының басына бұлт үйіріліп келеді. Интернет жуық арада газет атаулыға тиісті үлесті түп-түгел «жеп» қоймақ екен. Ресейлік сарапшылардың «мерзімді баспасөз құралдарының 3-4 жылдық қана өмірі қалды» деген сәуегейлігімен келісесіз бе?
– Келіспеймін! Журналистік іссапармен әлемнің қырықтан астам елін араладым. Өзім бас сұғып көрген «Вашингтон пост» газеті интернет заманының өзінде 500 мың, жексенбілік сандары 800 мың данамен тарайды. «Нью-Йорк таймс» газетінің күнделікті таралымы 900 мың, жексенбілік сандары 1 млн 300 мың. Жапонияның ұлттық бас газеті «Асахи симбун» дәл бүгінгі күні 8 млн данамен тарайды. Қиын кездердің өзінде 7 миллионнан төмен түскен емес. «Иомиури симбун» газетінің таралымы 9 миллион. Таңғы және кешкі басылымдарын қосқанда таралымы 13 миллионнан асып кетеді. Күншығыс елі қолға шытырлатып ұстайтын қағаздық газеттерден қол үзер емес. Басқаны қойғанда өзіміздің «Egemenniń» таралымы 200 мың болып отыр емес пе! Ресейлік сарапшылардың тұжырымы әлемге қағида емес. Мұндай желсөздер дүниеге радио, телевизия келгенде де айтылған. Қазір әлеуметтік желілер ықпалы күшейген тұста айтылуы заңдылық. Алайда, қалтафонның да теріс жақтары бой көрсетуде. Біздің газет журналистерінің сараптамалық зерттеулеріне қарасаңыз төбе шашыңыз тік тұрады. Алматыдағы Көз аурулары институтында, Онкология институтында 10 жасқа дейінгі балалардың арасында қауіпті дерттердің үлес салмағы күрт артып кеткен. Демек, еліміз бойынша гаджеттерді, электронды құрылғыларды пайдаланудың өзіндік нормативтері енгізілуі тиіс. Еліміздің жаңа тағайындалған Білім және ғылым министрі К.Шәмшидинова айтқандай, «Жас өскінді жаттауға емес, ойлауға дағдыландыруымыз қажет». Ол үшін интернет басылымдардан гөрі қағаз басылымдардың атқаратын рөлі ерекше зор.
– Рахмет, Марат аға. Әдетте сұхбат соңында тілші ретінде «менің сұрақтарым бітті, енді өз тарапыңыздан алып-қосарыңыз болса мархабат» деуші едік қой: ендеше, мархабат...
– Мені қазақ публицисі ретінде қазақ халқының, қазақ мемлекеттігінің тағдыры қатты алаңдатады. Кеше де. Бүгін де. Ертең де... Қазақтың Алашорда қозғалысынан жалғасқан ұлтжандылық, ұлтшылдық ұшқындары 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде жалын атып лаулады. Соның бәрін көзімізбен көрдік. 90-шы жылдардан басталған демократиялық өзгерістер мен жаңарулар бізге өте қымбат. Соңғы отыз жылдық кезеңде қазақ халқының тағдырлы сәттерінің бәріне куә болыппын. 1990 жылдың 25 қазанындағы Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация, 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы конституциялық заң қабылданғанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің залында депутаттармен бірге отырдым. Ол кезде «Халық Кеңесі» газетінің журналистеріне сондай құқық берілген. Өмірімнің ең жарқын сәті сол шығар деп ойлаймын. «Білім және еңбек» журналында (таралымы 180 мың) жүргенде көрнекті мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасыновтың, әйгілі академик Әлкей Марғұланның санадан өшпес әңгімелерін тыңдадық. Кезінде Мәскеуде ұлт азаттығын аңсап құрылған «Жас тұлпар» ұйымының мүшелері Советқазы Ақатаев, Мақаш Тәтімов, Марат Сембин, Мұрат Әуезов секілді ұлт зиялыларының материалдарын журнал нөміріне әзірлеу барысында ой-пікірлеріне қанықтық. Айта берсе ондай әңгімелер өте көп...
Әңгіменің тоқ етері ұлтым, елім, жерім деген әрбір қазақ тарихи тәуелсіздігіміздің мәнін жүрегімен ұғынуы тиіс. Мемлекет тағдыры өз қолымызда.
Әңгімелескен Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»