• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Мамыр, 2019

Қоғамды жемқорлық дертінен емдеудің игі жолы

973 рет
көрсетілді

Қазір облыстағы 504 мектепте «Адалдық дүкені» жұмыс істеп тұр. Оқушылар үзіліс кезінде сөре­дегі су, шай, печенье секілді тамақтарды сатушысыз өздері алып, ақшасын қойып кетеді. Мұндай дүкендер жоғары оқу орындары мен колледждерде де орналасқан. Жақында облыс­тық әкімдік ғимаратында да осын­дай бір дүкен ашылды. Біраз мекемелерде «Адалдық кітап­ханасы» қойылған. Әсі­ресе «Адалдық дүкенінен» ке­регін алып, ақшасын төле­мей кетсе де, оны ешкім ұс­тап алып, жазалайын деп жат­қ­ан жоқ. Оған әркімнің ары күзет­ші болуы тиіс.

Қазақстан Республикасы Мем­лекеттік қызмет және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттік төрағасы Алик Шпекбаевтың бастамасымен ашылған дүкен­­­дер қоғамда жақсы пікір туғы­зып жатқан сыңайлы. Әсіресе жас буын үшін тәрбие көзінің бірі десек артық айт­қандық емес.

– Бюджет қаржысын талан-тараж еткен талайларды заң тұрғысында жазаладық, түрмеге отырғыздық. Бірақ онымен сыбайлас жемқорлық аяғын тартқан жоқ. Қоғамның осы кеселіне қарсы күрестегі әлемдік озық тәжірибелерді саралай келе, сыбайлас жемқор­лықтан тазарудың өзге жолын іздедік. Оны біздің елімізде қоғамдық дерт деп қарап, адамгершілік жолмен емін іздеу, жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру қолға алынды, – дейді Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қостанай облысы бойынша департаментінің бастығы Салауат Мүксімов.

Қоғам мүшелерінің арасында жемқорлық дертіне қар­сы мәдениетті қалып­тасты­руға бағытталған жұмыс­тар нәти­жесіз емес. Өткен жылы облыс­та 46 шенеуніктің жемқорлық ісі әшкереленіп, ісі сотқа бе­ріл­ген. Бір қарағанда аз емес се­кілді. Бірақ алдыңғы жылы бұл көрсеткіштің 55 болғанын ес­керсек, аяғын басардан бұрын арды ойлағандардың қатары молайғандығы байқалады. Хал­қымыздың «шырынға шыбын үймелейді» деген өмірден ойып алғандай тәмсілі сыбайлас жемқорлық дертінен арыла алмай келе жатқан мем­­­­лекеттік сатып алу ныса­нына арналғандай болады. Республика бойынша жем­қорлықтың 10-12 пайызы тек осы мемлекеттік сатып алу айналасында орын алады. Соңғы екі жылда Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бағаны «үрлеудің» бетін қайтарып, одан келетін 7,3 млрд теңге шығынның алдын кесті. Ал Қос­танай облысында 2018 жылы ғана Мемлекеттік сатып алу арқылы алынатын жанар-жағар- май, кеңсе заттары, азық-түлік секілді тағы басқа тауарларға көтерілген артық баға 5 725 470 теңге болғаны анықталды.

– Мемлекеттік сатып алу үдерісін қан­ша автомат­тан­дырғанмен, қыз­мет­тер электронды формаға көшіріл­генімен сыбайлас жемқорлар иненің жасуындай тесіктен жылмаңдап өтіп кетеді, – дейді С.Мүксімов.

Елімізде жыл өткен сайын жем­қорлық дертін жою үшін түрлі амал­дар мен шаралар өткізіледі, заң да жетілді­ріліп келеді. 2015 жылы «Қоғам­дық кеңестер туралы» заң қа­былданып, 2016 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енді. Алайда, жергілікті жерде құрылған қоғамдық кеңестер қазір бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын бақылайтын, жемқорлыққа тәуекел жасайтын нормалардың алдын алатын тәуелсіз бақылаушыдан гөрі, мәслихаттың баламасы секілді сипат алып бара жатқандай.

Қоғамымызда жемқорлық тәуе­кел­­ге итермелеп тұратын тұстар баршылық, әрине.

– Мысалы, Ресейден Қазақ­станға келетін ауыр маши­на­лардың жүгі белгіленген өл­шемнен асып кеткенде, олар артық салмақ алып өткені үшін ақы төлеуі тиіс. Ал жүк иелері Ресейден Қостанайға алдын ала жеңіл көлігімен келіп, Облыстық көліктің бақылау инс­пекциясынан қажетті рұқ­сат құжат алады. Сонау жерден Қостанайға келмей-ақ, цифрландыру заманында арақашықтықтан қанша артық жүк әкелетінін хабарлап, ақшаны электронды аударуға неге болмасын? Шекарадан өткенде жүк салмағын өлшейтін таразы, басқа да анықтау құрал­дары жетерлік. Міне, осы жерде жемқорлық тәуекелі жоқ деп айтуға бола ма? Алдағы уақытта осындай мәселелердің «жұмбағы» шешіліп, мөлдірлік қамтамасыз етілуі тиіс, – дейді департамент басшысы.

Мемлекеттік қызмет көрсе­туде азаматтардың шенеуніктің алдынан өтуі жең ұшынан жалғасуды тудыратыны әб­ден дәлелденген көрініс. Сы­бай­лас жемқорлықтың 70 па­йызы шенеунік пен азаматтар жолының тікелей түйісуінен туындайды екен. Бүгінгі мемлекеттік қызмет көрсету саласын цифрландыру сыбайлас жемқорлықтың алдын кесетін басты құралға айналды. Бұл шенеунік пен азаматтардың тікелей байланысына жол бермейді және мөлдірлікті қамтамасыз етеді. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда электронды формада қызмет көрсету көлемі 2 есеге артты.

Азаматтарды мемлекеттік қыз­­метке алу үшін департамент басшылығы барлық аудан­­­­­дар мен қалалар әкімдерімен сөйлесіп, конкурстар тәртібін өзгертуді ұсынды. Мысалы, қазір мамандар іссапарға шық­пай-ақ, кез келген аудандар мен қалаларда өткен конкурсты «скайп» арқылы қарап отырады. Сондықтан бос орын конкурсына жергілікті жерде ешкімнің де ықпалы жүрмейді, мөлдірлік те осылай біртіндеп қалыптасады.

Мемлекеттік қызмет жә­не сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті қызмет­керлерінің өзі адалдық пен әділдік салтанаты үшін қызықты бастамалар көтеріп отырады. Мысалы, әр аптаның жұма күні қызметшілер жұмысқа «галс­туксыз» еркін киіммен келеді. Күнделікті қызметте бастығына бағыну ретімен оның алдында артық бір ауыз сөз айтпайтын қызметшілер жұмадағы дөңгелек үстел басында еркін пікірлеседі, ұсыныстарын айтады. Департамент бастығы Салауат Мүксімовтің тағы бір бастамасымен қызметшілер «Полиграф» техникалық құралы арқылы психофизиологиялық тексеруден өте бастады.

– Ұжымда оған ешкімді мәжбүрлемейміз, тек ұсыныс жасаймыз. Егер «Полиграф» олардың мінез-құлқындағы жемқорлыққа күдік келтіретін жағдайларды «айтса» да, оны жұмыстан шығармаймыз. Бұл тек тәжірибе ғана. Халқымыз «алтын көрсе, періште жолдан таяр» десе де, психолог ма­мандардың пікірінше, рухани құндылықтарды жоғары қоятын адам өзгенің есебінен баюға бара қоймайтын көрінеді. Бұл тәжірибе нәтиже көрсетсе, ол алдағы уақытта мемлекеттік қызметшілер мен лауазым ие­ле­рінің моральдық тазалығы үшін жасалатын шараның бірі болса деген тілек еді, – дейді С.Мүксімов.

Осыдан мың жылдан астам бұрын Әбу-Насыр әл-Фараби бабамыз «Қайырымды қала тұрғындары» деген трактатында: «Әділеттілік дегеніміз – бұл ең алдымен, қаланың барлық тұрғындарының үлесіне тиетін ортақ игіліктердің бөлінуі және бұдан кейін олардың арасына бөлінген сол игіліктердің сақталуы. Бұл игіліктер – аман-саулық, байлық, қадір-құрмет, алатын орын және олардың қатысы болуы мүмкін басқа да сондай иігіліктер» дейді. Бабаның бұл тұжырымының маңызы бүгін артпаса, кеміген жоқ. Халық әркімнің маңдай тер үлесі бар бюджет қаржысының көптің несібесі үшін тиімді жұмсалуын сеніп тапсырған әр шенеунік адал болса, әділдік орнығады. Сонда сыбайлас жемқорлықтың да мысы басылады.

ҚОСТАНАЙ