Аталған көрмеге қатысушылар қатарында Сехер Алтынер, Асылы Жанлыел, Нилгюн Гекташ, Пелин Толеда Сейхан, Елена Джан сынды өнер шеберлерін топтастырған. Шеберлер қандайда бір өнер туындысын жарыққа шығару барысында түрлі материал, тас, мәрмәр, қыш, политэр, түйме, кофе дәні, айна, бисер сияқты материалдарды пайдаланады. «Mosaic Almaty» тобының соңғы үш жылда атқарған жемісті еңбектерінің нәтижесінде орындалған бірсыпыра шығармасы алғаш рет ұсынылған болатын. Танымал өнер жанры – түрік мозайкасы біздің заманымызға дейінгі ғасырлардан бастау алады.
Картиналар мен әр алуан сәндік бұйымдар ертеден-ақ мәнерлілігі, көз жауын алар көркемдігімен сарай, храм, шіркеулердің сән-салтанатын асқақтатты. Алтын ғасыр тұсында бұл өнер Рим, Византия империялары көлемінде кең танылып, зәулім ғимараттардың еден, төбе, қабырғаларын безендіру үшін қолданылды. Мысалы, қызғалдақтармен безендірілген әйгілі қыш кесінділерінен құралған мозайка алғаш Түркияда пайда болды. Байырғы түрік тұрғындары сәндік бұйымдарында көбінесе көкөніс өрнегін қолданған.
Сехер Алтынердің туған жері Ыстанбұл қаласы, мамандығы бойынша археолог әрі суретші. Сехер «Филипп Моррис» компаниясының қаржы бөлімінде бірнеше жыл қызмет атқарды. Бұдан кейін шығармашылықпен, тікелей мозайка өнерімен Измир студиясында мозайка құрудың қыр-сырымен айналысты.Италияда мозайканың ежелгі византиялық техникасын зерттеп, Раваннада көркем-өнер саласы бойынша білім алды. Ол өз шығармаларында Ван Гог, Микеланджело, Климт, Вермеер және Ботичелли сынды танымал суретшілердің шығармаларына жүгінеді.
Бүгінде Алматыда қызмет атқарып жүрген топ жетекшісі Сехер мен оның шәкірттері (Түркиядан) шығармашылығын жетілдірумен қатар, мозайка өнеріне қызығушыларды таңсық өнерге машықтандырады.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ, «Egemen Qazaqstan» АЛМАТЫ