Дағдарыста байлар байиды
Американың “Форбс” журналы әлемдегі байлардың тізімін жариялады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша байлар тізімін 53,5 миллиард доллар байлығы бар мексикалық телемагнат Карлос Слим бастап отыр. Ол бірінші орыннан атақты америкалық Билл Гейтсті (53 миллиард) ығыстырды. Үшінші орында – тағы да бір америкалық Уоррен Баффет (47 миллиард).
Бір қызығы – дағдарыс кезінде Ресейде миллиардерлер көбейіпті. “Форбстың” тізіміне бұрын 32 ресейлік бай кірсе, енді олардың саны – 64.
Азаров – премьер-министр
Басқа жерде биліктегі екінші тұлға саналатын премьер-министрлердің кім болғанына мән беріле бермейді. Ал Украинада – өзгеше. Бұл президент В.Януковичтің бағытын білдіреді. Бұрын Ю.Тимошенко атқарған қызметті енді Н.Азаров атқарады. Демек, президент өз адамдарына сенім артады.
Үміткердің бірі С.Тигипко премьердің көп орынбасарларының бірі ғана болды.
Ата заңда ақау көп
Молдавия басшылығы ел конституциясына өзгерістер енгізу үшін бүкілхалықтық референдум өткізу жөнінде шешім қабылдады. Оның да жөні бар: сол ата заңдағы ақаулықтарға байланысты. Республика біраздан бері өз президентін сайлай алмай отыр, тіпті қажетті уақытында парламент сайлауын да өткізе алмайды.
Сондай-ақ қазір президент міндетін атқарушы Михай Гимпу референдумға мемлекеттік тілді молдаван тілі дегеннен румын тілі деп атауға өзгертуді ұсынып отыр. Коммунистер бұл референдумға бойкот жарияламақ.
Соғысқа дайын
КХДР үкіметі өз әскерін жоғары жауынгерлік дайындыққа қойғанын мәлімдеді. Мұны олар Оңтүстік Кореядағы АҚШ-пен бірігіп өткізіліп жатқан әскери жаттығуларға жауап деп отыр. Сол жаттығуларды олар Солтүстікке шабуылдың репетициясы санайды. Солтүстік жағының әскери қолбасшысы Оңтүстік Кореяны АҚШ-ымен қоса қопарып тастауға дайын екендіктерін хабарлады.
Қорқытуға да болар, бірақ шамалап айтқан да жөн ғой.
Чилиде – жаңа президент
Жер сілкініп, астан-кестен болып жатқан Чилиде жаңа президент Себестьян Пиньера қызметіне кірісті. Бұған дейін 20 жыл солшылдардың билігінде болған бұл елде аса бай адамның президент болып сайлануы да чилиліктердің бір өзгеріс күткені шығар. Дегенде, соңғы президент әйел азамат Мишель Бачелет халыққа жағымды болды. Тек оның қайта сайлануын заң көтермеді.
Пиньераға билік тізгінін ұстау оңайға соқпас. Ақпандағы жер сілкінісі елге 30 миллиард доллар зиян келтірді. Бір қызығы – жаңа президенттің инаугурациясы өтіп жатқанда да 7,2 балл жер сілкінісі болыпты.
Дос болу қиын ел
Иранның көлік министрі Хамид Бехбахани сол елде нан тауып жүрген ресейлік ұшқыштарға екі айда табандарыңды жалтыратыңдар деп нұсқау берді. Себебі – өзімізде ұшқыш жетеді дейді. Жетсе, бұрын неге жұмысқа алған?! Мұның шын себебі басқада. Ресей амалсыз АҚШ ұсынып отырған Иранға қарсы санкцияны қолдауға мәжбүр. Сонан соң Иранға С-300 зымыран-зинит кешенін берсе де абыройы төгіледі. Иран оны түсінгісі келмейді.
Жалпы, Иранмен дос болу қиын.
Лаңкестер орны – түрме
Тәжікстанда “Таблиғи Джамаат” мұсылман қозғалысының мүшелері мен жақтастарына сот болды. Айыбы – экстремистік ұйымдармен байланысы барлығы. 23 адам үш жылдан алты жылға дейін сотталса, 33 адамға ақшадай айып белгіленді. Жалпы Тәжікстанда “Таблиғи Джамааттың” қызметіне тыйым салынған.
Қарақшылар құрықталды
Францияның әскери теңізшілері Сомали жағалауында күзетте жүрген кезінде 35 сомали қарақшысын қамауға алыпты. Бұл – соңғы екі жылдағы қарақшыларға қарсы күрестегі ең үлкен “олжа”. Сомали қарақшылары бүкіл әлемді шулатып жүр. Бұл маңмен кемесі өтпейтін ел аз. Қарақшылар кемені ұстайды да, босатқанға ақша сұрайды. Бермесең, адамыңды өлтіріп, кемеңді қарық қылады. Көп ел беріп құтылады.
Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.