• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
17 Мамыр, 2019

ШҚО Ұлан ауданында 9 балалы отбасы баспаналы болды

1326 рет
көрсетілді

Қасиетті Рамазан айында Ұлан ауданының Бозанбай ауылында тұратын 9 балалы ана Алма Бекетаева қуанышқа бөленді.

Қасиетті Рамазан айында Ұлан ауданының Бозанбай ауылында тұратын 9 балалы ана Алма Бекетаева қуанышқа бөленді. Қаншама жыл жалдамалы 2 бөлмелі пәтерді паналап келген көп балалы отбасыға пәтер кілтін аудан әкімі Нұрымбет Сақтағанов табыс етті. Айта кетейік, бұл баспана ауданда ұйымдастырылған «Аяулы аналарға құрмет пен қамқор» қайырымдылық кешінен жиналған қаражатқа алынған екен.

Н.Сақтағановтың айтуынша, Ұлан ауданында 950 көп балалы отбасы бар болса, оның 459-ы Алтын алқа, Күміс алқа иегерлері, 491-і 4 және одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар шаңырақтар. Осы 491-дің 136-ы тұрмыс деңгейі төмен отбасылар екен. «Олардың барлығына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Оның ішінде 120 отбасының жеке баспаналары жоқ. Олар жалдамалы үйде тұрып жатыр. Облыс әкімі Даниал Ахметов көп балалы отбасылардың бүлдіршіндері балабақшаға тегін баруы қажеттігін тапсырған болатын. Біздің ауданда мұндай санаттағы 133 бала бар. Мектеп жасындағы 822 оқушы ыстық тамақпен қамтылған, мектеп формасы оларға тегін беріледі», - дейді аудан әкімі.

9 балалы ана Алма Бекетаева өз кезегінде «өз үйі – өлең төсегіне» қол жеткізген Атымтай жомарт азаматтарға алғысын жеткізді. «Бізге үлкен үй сатып әперген жандарға алғысым шексіз. Өзім сияқты көп балалы аналардың барлығына осындай қуаныш тілеймін. Ораза айында жасаған жақсылықтары сауапты болсын», - дейді қуанышқа кенелген көп балалы ана.

Шығыс Қазақстан облысы,

Ұлан ауданы