Айтса, айтқандай, ол ұзақ жылдар көрнекті жазушы, біртуар қайраткер Шерхан Мұртазаның тәлімін алды, серіктес інісі болып жанында ілесіп жүрді, тәбәрігін жұғысты етті. Содан да болар бір сәтте күндей күркіреп, найзағайдай шарпысып, жауындай сіркіреп, артынша жарқыраған шуақтай жайраңдайтын жайсаң да батыр мінезі бар.
Әңгімеге арқау болып отырған белгілі журналист Мақұлбек Рысдәулет жетпістің жотасына шыққан бүгінгі белесіне дейінгі ғұмырында қолынан қаламын түсірмей келе жатқан қарымды қаламгер. Не жазса да өнікті, көрікті жазады, орнықты ой тарқатады. Атақтарын санамаласаң, Қазақстан Журналистер одағының, Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтардың лауреаты, Қазақстанның Құрметті журналисі, бүкілодақтық конкурстың жүлдегері. Журналистика саласындағы алғашқы еңбек жолын Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетінде бастады. Жиырма жылға жуық Сарыарқа төрінде қаламын ұштады, кәсіпқой журналист ретінде шыңдалды. Өңірдегі қаны тамған талай өзекті мәселелерді басылым бетінде проблема етіп көтерді, қаламының қуатымен сүрінгенді сүйеуге, жығылғанды демеуге адал қызмет етті. Кен қопарған кеншілер мен мыс балқытқан металлургтер, өрісті қойға толтырған шопандар мен экономиканың қарыштап өсуіне үлес қосқан ірі басшылар, жер байлығын ел игілігіне ұсынған геологтар мен бар байлықты ұқсата білген байытушылар, ауыл мен қала тарихы, «Карлаг», «Степлаг» тұтқынында болған «халық жаулары» туралы жазған мақалалары мен очерктері әркез жоғары бағаланып келеді. Кезінде ірі құрылыс алаңына айналған Жәйремнің байлығы мен болашағы да оның қаламына ілінген. Ұлы Отан соғысы ардагерлері туралы ол өте көп очерк жазған журналист. Жеңіс парадына қатысқан майдангерлер туралы жазған очерктері өшпес ерліктің галереясына айналды.
Тоқсаныншы жылдардың басында Арқа төсінен кіндік қаны тамған Тараз өлкесіне көшіп келіп, республикалық «Халық кеңесі», «Заң газеті», «Егемен Қазақстан» газеттерінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі ретінде облыс экономикасы мен мәдениеті, әлеуметтік тұрмысы мен проблемалары туралы тарқата жазды. Еңсесі түскен ел-жұрттың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелеріне дендеп еніп, қарақан басының қамын ойлаған кей басшыларды сын тезіне алып, ақпарат құралдары арқылы ащы шындықты үзбей жарыққа шығарып отырды. Бес жылдай талай көшелі тұлғалар көшін бастаған облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы қызметін атқарды.Мақаң ел газеті – «Егемен Қазақстан» газетінде меншікті тілші қызметін атқарған жылдарын асқан жылылықпен еске алады. Оның ең алдымен ауызға алатыны Талас газ кен орнын игеру туралы жазған мақалалары. Ол бұл өміршең тақырыпты бас басылымда үзбей жазып, журналистік зерттеулері арқылы Талас жеріндегі Аманкелді газ кен орнын игеру ел байлығын арттыратындығын дәлелдей білді. Осы еңбегі үшін ол «Талас ауданының құрметті азаматы» атанды. Қазақ халқының саны өсуі үшін ана мен баланы аялай отырып, оларға қамқорлықты мемлекет тарапынан күшейту жөніндегі проблемалық мақаласы да ұзақ уақыт ел талқысына түсті. Ол жеті бала туған анаға «Алтын алқа», бес бала туғанға «Күміс алқа» беру туралы нақты ұсыныс жасады. «Егеменнің» сол ұсынысы кезінде Үкіметке жіберілген еді. Ақыры Елбасының бастамасымен бұл іс баянды болды.
Қаламгер тынымсыз еңбектенудің нәтижесінде, оннан астам кітабы оқырманға жол тартты. Сонымен бірге оннан астам ұжымдық кітаптарға очерктері мен әңгімелері, повестері мен хикаяттары, эсселері мен публицистикалық мақалалары енді. Көркем әдебиет саласында жазған «Жұлдыздардың жарығы», «Күміс белдік», «Желсаз», «Жұлдызды өмір», «Ту ұстаушы», «Құс жолы», «Бақатерек», «Әбдір Сағынтаев» кітаптары оқырмандарына жасаған тартуы. Оның қазақтың біртуар азаматы, көрнекті ғалым, қайраткер Қаныш Сәтбаев туралы деректі повесі Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақмыс» корпорациясының Қарсақбай мыс қорыту зауытының 80 жылдығына орай жариялаған конкурсының проза жанры бойынша бас бәйгесіне ие болды.
Кейінгі жылдары Жамбыл облысы мемлекеттік архивінің директоры қызметін абыроймен атқарды. Зейнетке шыққасын мұрағатта архивтанушы болып жұмысын жалғастыруда. Жазуға әбден машықтанған қаламгер архив саласына келгелі көптен шаң басқан құжаттарды қайта тірілтіп, тың деректерден құрылған шығармаларын үзбей оқырманына ұсынып келеді. Тарихи деректерді тақырыбына тамызық етіп, ойлы мақалалар мен бірге тұшымды әдеби туындылар жазуда. Оның «Мәңгілік ерлік», «Ерлік ұмытылмайды», «Жазықсыз жазаланғандар», «Тәуелсіздік-туымыз!», «Тарих тамырлары», «Ескерткіштер – ел тарихы», «Жамбыл облысы:1939 жыл», «Жамбыл облысы – 75 жыл: жылнама-шежіресі», «Қазақ хандығы – елдіктің бастауы», «Жасампаз 25 жыл», «Майдан хаттары», «Солдат жары», «Конфискация» атты кітаптары өлке тарихын тануда аса құнды еңбек болып саналады.
Қолы қалт етсе қоғамдық жұмысқа белсене араласып облыстық ақпараттық-насихат тобының, облыстық ономастика комиссиясының мүшесі ретінде әрдайым жұртшылықтың ортасынан табылып жүрген қаламгер өзінің жазуға деген құлшынысын да «қазаққа әлі де берерім көп» деген ойымен аңғартты.
Қуат БОРАШ,
журналист-публицист