• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 20 Мамыр, 2019

Жаңғырық жайлы хикая

1414 рет
көрсетілді

Бірде көпті көрген, көкірегі дария қарт атасынан немересі «Абзал аташым, жақсы мен жа­манның айырмасы қандай?» деп сұрапты. Жас жеткіншектің сауалына таңданған көшелі ақ­сақал оны жетектеп, ауыл ма­ңындағы жартасты биік тау­дың етегіне әкеліп,  «ал балам мына таумен амандас» дейді. Бала барынша дауысын көтеріп «ассалаумағалейкум» десе, әлгі жартасты тау да жаңғырығып оның сәлемін сөзбе-сөз өзіне қайталайды. Бала мәселенің байыбына тереңдей алмай атасына таңдана қарайды. Жылы жымиған ақсақал оған «енді сен мына тауға «ақымақсың» деп айғайла» дейді. Бала тура солай істейді. Жаңғырық та «ақы­мақсың» деп баланың сөзін қайталайды.

Сонда қария: «Көрдің бе, балам, жақсылық пен жамандықтың айырмасы мына жаңғырық сияқ­ты жақсы сөз айтып, жақсы іс істесең ол саған жақсылық болып қайтады, жаман сөз  айтып, жаман іс атқарсаң ол саған жаман­дық болып қайтады» депті де, сөзін әрі қарай жалғап: 

– Бірде Мұхаммед пайғам­барға дін дұшпандары келіп «сен жаман адамсың, анаусың, мынаусың» деп тілдейді. Пайғам­барымыз (с.а.с) олардың сөзін мақұлдап «иә, иә» дей бе­ріпті. Басқа қарсы ештеңе айт­­пап­ты. Әлгі адамдар кеткен соң қасындағы сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі, сіз олар айтқандай жаман адам емессіз. Ардақты жансыз, әділетті сүйесіз, мейірімділікті ұстанасыз» дейді. Адамзаттың ардақтысы оларға да ештеңе демей «иә, иә» деп отыра беріпті. Аң-таң болған сахабалар «сіз өзіңізді тілдегендерге де «иә» дедіңіз, бізге де «иә» дедіңіз. Бұл қалай болғаны?» деп сұрайды.  Сонда Алланың Елшісі: (с.а.с) «Кімнің аузынан қандай сөз шықса, демек оның өзі сондай» деген екен.

Құрметті немерем, саған айтарым: бір адам туралы жаман пікір айтпай тұрып ойлан. Өйткені кімде-кім адамдар жайлы жақсы сөйлесе, ол адамның өзі де жақсы. Ал кімде-кім адамдарды үнемі жамандап отырса, біліп қой, оның өзі сондай пенде болғаны. Осы сөзімді мәңгі есіңе сақтағайсың!