Форумның ашылуында сөз алған Қазақстан Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Саттар Мәжитов елорданың маңындағы табиғаты әсем мекенде еліміздің әр аймағынан жалынды жастардың жиналғанына қуанышты екенін білдіріп, бұл басқосу олардың көшбасшылық қабілеттерін шыңдап, тұлға ретінде қалыптасуына септігін тигізетінін сөз етті. Сөйтіп Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевтың ыстық лебізін жеткізді. Оның сөзінде 2018 жылы «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы дәл осы форуммен қанат қағып, бүгінде біраз бастаманы жүзеге асырғаны айтылған. Бір жылдың ішінде аталған жастар қозғалысының 17 облыс пен қалаларда штабтары ашылып, қазір 5 мыңға жуық жас белсенді жұмыс істеп жатыр екен. Жастар күшін біріктірген бұл ұйым биыл біршама іргелі жобалар өткізуді жоспарлап отыр. Солардың қатарында «Әлеуметтік хакатон», «Ауыл әкімі болғым келеді!», «Жастар синергиясы» жобалары бар.
Одан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов ортаға шығып, осында жиналған көшбасшы жастардың достасуы бірлігімізді арттырып қана қоймай, әр өңірдің дамуына да үлесін қосатынын айтты. Өйткені мұнда айтар ойы, бөлісер тәжірибесі бар жастар бір-бірімен пікір алмасып, өз аймақтарына тың идеямен оралады.
«Ынтымағы жарасқан, бірлігі мығым, тұрақты елде ғана даму, алға жылжу болады. Біздің алдымызға Мәңгілік ел болуға, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуға бастайтын ұлы мақсат бар. Бұл жолда жастардың рөлі өте маңызды. Сондықтан да Елбасы жастарға үнемі ерекше көңіл бөліп келеді. Оның бір дәлелі – биылғы жылдың Жастар жылы деп жариялануы. Соның аясында ұйымдастырылып отырған бұл алаңның мүмкіндіктерін барынша пайдаланып қалу керек. Жастар өздерінің қабілеттерін байқатып, жақсы қырларын ашып көрсетсе, бір-біріне тек жағымды әсер қалдырады, алмасқан идеяларын өз өңірлерінде жүзеге асыруға тырысу қажет. Сондай-ақ мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге баса мән беруіміз тиіс. Себебі қазақ тілі біздің бірлігімізді одан сайын бекіте түседі», деді Ш.Пулатов.Жастарға жаңа мүмкіндіктер ашуды мақсат еткен форумда ел аймақтарына қоса, шет мемлекеттердің де өкілдері бой көрсетті. Атап айтсақ, «Мы – россияне» Ресей халқы жастар ассамблеясы қоғамдық қозғалысының төрайымы Дина Громатикополо мен сол ұйымның Омбы аймағы бойынша төрағасы Ермек Хапизов, Қырғызстан халқы жастары ассамблеясының өкілі Нурсултан Бейшебаева және украиналық, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың саясаттану кафедрасының докторанты Рубан Святослав қатысып, өз елдеріндегі жастар тәжірибесімен бөлісті.
Алматы қаласындағы «Қоғамдық келісім» РММ Этномәдени бірлестіктермен жұмыс істеу бөлімінің басшысы Ольга Колесникова «Жастар жылы аясында өтіп жатқан бұл форумның берері мол. Мұнда бәріміз бір-бірімізбен танысып, ой бөлісіп, тәжірибе алмасып жатырмыз. Форумның ерекшелігі сол, қатып қалған жиын форматында емес, еркін, ойын-сауық, демалыс ретінде өтіп жатыр деуге болады. Мысалы Оңтүстіктен келген жастар өз өңіріндегі әр этномәдени бірлестіктердің ұлттық билерінен фестиваль ұйымдастырды. Біз де өз қаламызда осындай іс шара өткізсек деп ой түйдік. Ал біз еріктілер лигасының тәжірибесімен бөлісеміз. Бұл – әрі жастардың, әрі ұлттардың бірлігін жарастырған форум» деді.
Ал Шығыс Қазақстан облысы бойынша жетекшісі Равин Юнусов бұл форум биылғы жастар жылына үлкен көңіл бөлініп отырғанының бір көрінісі екенін айтады. Ол Шығыста Ұлы дала елінің қырларын ашып көрсету үшін қасиетті орындарға экскурсиялар ұйымдастырылып, көрші өңірлерге де сапар шегіп тұратындарын, сосын басқа өңірлерден ерекшелігі облыста 14 Достық үйі барын жеткізді.
«Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының Ақтөбе облысындағы өкілі Аслан Әбуов: «Осыдан бір жыл бұрын Алматыда, Алатаудың баурайында жастар «Бірлік» атты лагерде бас қосқанбыз. Міне биыл мамыражай мамырда елорданың шетінде, табиғат аясында тағы да жиналып отырмыз. Қайта қауышқанымызға өте қуаныштымыз. Мұнда нағыз көшбасшылар келгенін бірінші күннен-ақ байқап жатырмыз. Бұл барлық облыстың жастарын жарастырып, елдің бірлігіне жұмылдыратын жақсы жоба болды. Жастар жылы елді тұтастыққа, ынтымаққа ұйыстыратын игі іс-шараларға бастамашы болуда. Бүгінгі форумнан біз өңірімізге жаңа идеялармен, тың энергиямен ораламыз», дейді.
Жалпы, Жастар қозғалысын дамытуға және жастар саясаты төңірегіндегі жаңа жобаларды іске асыру жолдарын қарастыруға мол мүмкіндік туғызған форумда қатысушылар «Жастар жылы» жол картасы жобасының жүзеге асуы жөнінде кеңінен талқылады.