• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 21 Мамыр, 2019

Тәңірдің түркіге тартуы

2056 рет
көрсетілді

Ататүріктің Анадолыдағы азаттық күресіне 100 жыл толды.

Ғасырлар парағы судырлап, жылдар жылыстап жылжып, уақыт тілі 1919 жылдың 19 мамырын көрсетіп тұрды. Заманның тар­пын аңдап, мезгілдің үнін сезі­ніп, шұғыл қимылдаған қол­басшы Мұстафа Кемал дәл осы күні Ыстанбұлдан ескі «Бан­дыр­ма» кемесімен Самсунға қарай үш күн бойы дамылсыз жүзіп, нар тәуекелмен діттеген межеге жетті. Бұл күн тарихта түрік халқының Ұлт-азаттық кү­ре­сінің іс жүзінде басталу күні болды. Өйткені азаттықтың сим­­волына айналған Ататүрік жаңа түрік мемлекетін құру шеші­мін қабылдап, бұл шешімін Ана­до­лы­ға жете бере іске асыра бас­тады. Азатшыл азамат «ұлттық негізге сүйенген, тәуелсіз, зайырлы, жаңа түрік мемлекетін құруға» шешім қабылдап, бұл сертіне қол жеткізгенге дейін халықпен бірге жанқиярлықпен күреcуге ант берді.

Әлбетте, ХХ ғасыр адамзат тарихына айырықша бетбұрыстар әкелді. І дүниежүзілік соғыс пен Қазан төңкерісі әлемнің келбеті мен тарихын түбегейлі өзгертті. Бұл өзгерістер түрік халықтарына негі­­зінен кері әсерін тигізді. Әлем­­­нің тегершігін уысында ұс­та­ған Еуропа, Азия мен Аф­ри­ка құрлықтарында алты ға­сыр­дан астам билік құрып, мұ­сыл­ман әлемінің орталығы бол­ған, адамзат тарихындағы алып империялардың бірі Осман мем­ле­кетінің дәурені өтіп, дәрмені бітіп, тежеусіз құлдырап, еңсесін жи­май ыдырай бастады.

Соғыста одақтастарымен бір­ге жеңіліске ұшыраған Осман мем­лекеті 1918 жылғы 30 қазанда қатал үкімдер бекітілген Мондрос келі­сімшартына қол қоюға мәж­бүр болды. Бұл келісімшарт Антанта мемлекеттеріне қауіп­сіз­діктеріне қатер төнген сәтте Осман мемлекетінің кез келген стратегиялық аймағын жау­лап алу құқығын берді. 1918 жылдың 13 қара­шасында Антанта мемле­кет­­тері мен грек кемелері Ыс­тан­бұлға басып кірді. Урфа, Мараш, Газиантеп және Адана жерін француздар басып алды. Анталия мен Конияда итальян әскери жасақтары, Мерзифон мен Самсунда ағылшын әскерлері жүрді. 1919 жылғы 15 мамырда Антанта елдерінің мақұлдауымен грек армиясы Измирге басып кірді. Бірақ Анадолыны өзара бөліске салғанда оларда ауыз­бір­­ші­лік болмады. Ататүрік одақтастардың осы алауыздығын жақсы пайдаланып, қысылтаяң кездегі ауыр шарттарды қолайлы мүмкіндікке айналдыра білді.

Мұсылман елдерінің арасында сол заманда бодандыққа түспеген жалғыз ел – Түркия еді. Ұлылардың қайраткерлік күресі заманының қиындығымен, уақыт­тың тығыздығымен және атқарған ісінің ұлан-ғайыр­лы­ғы­мен өлшенсе, бұл жерде дарабоз Ататүріктің ерен еңбегі ұшан-теңіз. І дүниежүзілік соғыс басталғанда Уинстон Черчилль: «Қалтасында бір тиыны жоқ, қираған, қаусаған Түркиядан осы сілкіністен кейін не қалады?» деп айтқан екен. Расында, әлемнің картасы өзгеріп жатқанда ел зия­лы­лары империяны сақтап қалу амал­дарын іздегенде, Ататүрік кө­ре­­­ген­дігінің арқасында, «Ос­ман­­лы сұлтандығын сақтап қа­луға тырысу, әрине түрік ұл­ты­на қарсы ең үлкен қастандық болар еді» деп, ендігі жолдың тек жаңадан басталу қажеттігін дөп білді. Сол кезде Ататүрік түрік ұлтының Түркияда сақталып қалуына зор негіз қалады. Сон­дық­тан Ататүрікті талайлы шақта тағдыры тәлкекке түскен түрікке Тәңірдің тартуы деп білген жөн.

1920 жылғы 16 наурызда Антанта мемлекеттері Ыс­тан­бұл­ды басып алды. Осыдан бір айдан кейін, 1920 жылғы 23 сәуірде Анкарада Түркия Ұлы Ұлттық мәжілісі ашылып, өз қыз­метіне кірісті. Мұстафа Кемал бірауыздан Мәжіліске төраға болып сайланды. Түр­кия Ұлы Ұлттық мәжілісі мен оның 2 мамырда құрылған үкіметі Анадолыдағы азаттық соғысына басшылық жасады. Ұлт­тық күрестің нәтижесінде Антеп, Мараш және Урфа азат етілді. Ұлт-азаттық күрес барысында шығыс аймақтарда армяндарға, оңтүстік аймақтарда француздарға, батыс аймақтарда гректерге тойтарыс берілді.

Ататүрік шебер қолбасшы болды. Ең әуелі гректерді, сосын француздар мен итальялықтарды ығыстырып шығарды. Ақырында ағылшындар да Түркия жерінен кетті. Бірақ Түркия жеріне төніп тұрған тағы бір қауіп бар еді. Бұл – батыс әлемін империалистік күш ретінде қабылдап, дүниежүзілік пролетарлық билікті орнатуды көздеген большевиктер болатын. Бұған сенген түріктер де аз болмады. Ал Ататүрік ақылға қонымды саясат ұстанып, социализм идеясының Түркияға енуіне тосқауыл қоя білді.

1923 жылдың 24 шілде­сін­де жасалған Лозанна келі­сімшар­ты­мен Түркия аңсаған азат­­тық­қа қол жеткізді. 1923 жылы 29 қазанда Мұстафа Кемал Ата­түрік бастаған Түркия Ұлы ұлт­тық мәжілісі Анкарада ресми түрде Түркия Республикасын жариялады. Мұстафа Кемал Ата­түрік Түркияның тұңғыш пре­зи­ден­ті болып сайланды.

Осылай түрік ұлты көреген басшысының арқасында 11 жыл бойы 17 басқыншы елмен арпалысып, соғыста 16 мил­лион адам жанын құрбан етіп, үлкен қажыр-қайратпен тәуел­сіздіктерін сақ­тап қалды. 1924 жылы 20 сәуірде Ататүрік тәуелсіз Түркия­ның Ата заңын қабылдай оты­рып, мұ­сыл­ман әлемінде алғаш­қы зайырлы мемлекетті қалып­тастырды.

Түгел түрк халықтары ара­сын­­да сол кезеңде жалғыз тәу­­ел­­сіз мемлекет Түркияның қа­һар­­мандық тарихы бодандық қапа­сын­дағы бауырлас халықтардың да үміт отын оятты. Сол себептен Мұстафа Кемал бастаған ұлт-азат­тық қозғалысқа әлемдегі түрк халықтары да жан-жақтан үн қосты. Юсуф Акчура, Мұс­та­фа Шоқай, Мағжан Жұма­баев секілді көптеген ұлт қай­раткерлері азаттық үшін арпа­лыс­қан ағайын жұртқа ақ тілегін арнап, рухани жебеп, көмек қо­лын соза білді. Осы тұста бауыр­малдық пен бауырға деген тілеулестіктің жарқын үлгісі болып Мағжанның «Алыстағы бауырыма», Чулпанның «Туфон» өлең­дері туды. Сондай-ақ Ата­тү­ріктің жазбаларында жиі кезде­сетін түрік, ұлт, ұлттық идея, ортақ тарих және отан сөздері Түркістан мен Еділ-Орал ақын-жазушыларының өзекті тақырыбына айналды. Бұған А.Авлони, М.Дулатұлы, А.Фитрат, М.Жұмабаев, Чулпан сынды Түркістанның азатшыл ақындарының өлеңдері жарқын мысал бола алады. Сондай-ақ «Шайырлар замананың лисаны (тілі)», «Азаттық берілмейді, алынады» іспетті сөздерді ХХ ғасыр басындағы көптеген өзбек шайырларының өлең жолдарынан кездестіруге болады. Тіпті Чулпан бір өлеңінде «қызыл Тұранды келіп құтқар» деп Анадолыға үміт көзін тігеді.

Ататүріктің алысты аңда­ған шебер саясаты оның көрші­лерімен тату болуына сеп­ті­гін тигізді. Мәселен, Бұхара Республикасының басшысы Осман Қожаоғлының айтуын­ша, тек Бұхараның өзінен 100 миллион алтын рубль жібе­рілген. Біз сол тұста Түркіс­тан­нан, қазақ жерінен де қаржы жиналғанын білеміз. Ал Ленин осы қаражаттың басым бөлігін орталықта алып қалып, Түркияға барлығы 11 миллион алтын рубль кө­лемінде жәрдем жасаған. Боль­­шевиктердің оларға көмек бергендегі мақсаты – Түр­­кияны өзіне қарату болды. Ататүрік мұны шебер пайдала­на білді. Кеңестер мен Батыстың арасындағы қарама-қайшылықты, өзіне төнген қауіп-қатердің барлығын ол мүмкіншілікке айналдырып отырды.

Татар халқының даңқты пер­зен­ті Юсуф Акчура Ыстанбұлға Ресейден келген зиялылардың басын жинай отырып, «Біз халық көтерілісін бастап жүрген Ататүріктің жолын қолдауымыз керек. Ұлттық негізде орын алған түрк әлеміне бір азат рес­публика керек. Мұны құру Ата­түріктің қолынан келеді» дей­ді. Бұл деректі сол жиынға қатысқан Мұстафа Шоқай жазады. Мұстафа Шоқай да «Түркия Республикасы неғұрлым үлкен жетістікке жетсе, бізге үлгі-өнеге болар еді» деп, Ататүріктің жүргізген реформаларын қолдап, үлкен құрметпен қарап, жарқын үміті етті.

ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Түркістандағы ұлт-азат­тық қозғалыстар сәтсіз аяқтал­ғандықтан, олардың көсемдері Түркияны паналап, сол жақта ұлт-азаттық күрестерін жалғастыра берді. Ататүрік эмиграцияға барған зиялы қауым өкілдерінің барлығын жұмысқа орналас­тырып, оларды Түркияның қалыптасуына тартты. Түрк әлемінен жиылған зиялыларды қолдау арқылы сол кездегі түрік қоғамын қалыптастыруға ұмтылды. Сондықтан, жалпы Түркиядағы түрікшілдік идеясына дем берушілер Ресейдің құрамындағы түрк елдерінен барған зиялылар болды. Олардың жазған еңбектері Түркияда түрік­шіл­діктің өркендеуіне негіз болды. Зайырлылық, батысшылдық принциптерін құруда, кон­ститу­ция­лық реформалар жасауда түрк әлемінен келген зиялы қауымның айтарлықтай әсері болды. Мәселен, татар Юсуф Акчура Түрік тарих құрылымын басқарды, әзери Ахмет Ағаоғлы мен татар Садри Мақсуди Ар­сал заң мен саясат саласында ықпалды қызмет атқарды, баш­құрт Зәки Уалиди Тоған мен Абдулқадир Инан тарих, әдебиет және тіл саласында жемісті еңбек етті.

Түркия Республикасының 10 жылдығы аталып жатқан кезде, Ататүрік: «Австрия-Венгрия және Осман империя­сы сияқты Кеңестер Одағы да қирайды. Әр ұлт азат­тық үшін айқасқа шығады, тә­у­ел­­сіздік үшін күреседі. Сол кезде Орталық Азиядағы қан­дас­тарымыз тәуелсіздіктеріне қол жеткізеді. Бірақ біз туысқан ретінде ол күнді күтіп отырмауымыз керек. Дайындалып, арадағы көпірлерді құруымыз керек. Ол көпір – тарихымыз, тіліміз, мәдениетіміз. Осыларды бүгіннен қалыптастырайық. Ортақ тарихымызды жазайық. Ертең бұл біздің арамызды жалғастыратын берік дәнекерге айналады» деген өсиет айтыпты. Осылайша Ататүрік мәдениет саласындағы ұлттық реформаларды жүзеге асырған соң тіл мен тарихқа ерекше назар ауда­рып, 1931 жылы Түрік тарих қоғамы мен Түрік тіл қоғамын құрды. Ататүріктің айтқаны айдай келіп, 1991 жылы Кеңестер Одағы құрамындағы бауырлас елдер азаттық алғанда Түркия олардың тәуелсіздігін алғашқы таныған мемлекет болды.

Қазір Ататүріктің мемлекет құру негіздері мен Елбасы Н.Назарбаевтың тәуелсіз қазақ елін қалыптастырудағы қағи­дат­тары үйлесетін-үндесетін тұстар мен тәсілдер туралы көп айтылып жүр. Елбасы да бір сұхбатында жеке көзқарасының қалыптасуына Ататүрік секілді реформаторлардың әсер еткенін айта отырып, оларды үлгі-өнеге тұтатынын білдірген болатын.

Расында, Ататүрік қиран­ды­ға айналған Османлы импе­рия­сының орнына Түркияны орнатса, Елбасы Кеңес өкіметі қиран­дысынан қуатты да қазы­на­лы Қазақстанды құрды. Ата­түрік анталаған жау ортасында азат­тығын сақтай білген елін жаңа­шыл бастамаларымен аяқтан тұрғызса, Елбасы экономикасы күйреген, этникалық тұтастығы жоқ, демографиясы әлжуаз, экологиялық апатқа ұшырап, күйзеліске душар болған елді қысқа мерзім ішінде әлемдік қауымдастықта жоғары беделге ие еңселі мемлекетке айналдырды. Ататүрік пен Елбасының көреген саясатының ел астанасын көшіру, бейбіт саясат ұстану, реформалар жүргізу, әліпбиді латын әріпіне ауыстыру тұстары етене ұқсастығымен қа­тар, олардың ұрпақ сана­сын жаңғыртушы біртуар тұлға екендігін де айғақтайды. Елба­сының «Мәдени мұра», «Ру­ха­ни жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» секілді кешенді бағдарламаларын жүзеге асыруы ортақ тарих пен мәдениетке көп көңіл бөлген Ататүріктің «тарих реформасымен» сабақ­тасады. Ататүрік түрк дүние­сі­нің тіл, тарих көпірлері арқы­лы байланысының негізін қалаған болса, Елбасы өзара ынты­мақтастықты нығайту жолын­да­ғы ерен еңбегімен «Түркі интеграциясының архитекторы» ретінде мойындалып отыр. Елбасы бастамасымен құрылып, түрік интеграциясына зор үлес қосып келе жатқан Түркі кеңесі, ТҮРКСОЙ, Халықаралық Түркі академиясы, ТүрікПа, Түркі мәдениеті және мирас қоры секілді халықаралық беделді құрылымдардың жемісті қызмет етуі соның жарқын айғағы іспетті. Түрк әлемінің тұғырлы тұлғалары ретінде Ататүрік пен Елбасы есімдері қатар аталатыны сондықтан болса керек.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ