• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Мамыр, 2019

Еріктілік ізгілікке бастайды

1101 рет
көрсетілді

Қостанайда Қазақстан-Ресей жастарының форумы басталды. Форумға Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев қатысуда.

Онда бас қосқан Қазақстанның және Ресейдің Қостанай облысымен іргелес Челябі, Қорған және Орын­бор облыстарының жастары, қашаннан іргелес қонған, ынты­мақ­тастықты дамытуға мүдделі екі елде­гі қоғамдық ұйымдар өкілдері ізгі­лікке бастайтын еріктілік – во­лонтерлік қозғалыстар, осы орай­да­ғы халықаралық бастамалар туралы ой-пікірлерін және еріктілік саласындағы үздік тәжірибелерін ортаға салды. Еріктілік көптеген ел­де кең қанат жайған, адам­дар­дың қайырымды істері қоғамды ізгілендіреді.

– Еріктілер – нағыз батыр, патриот, мейірімді жандар. Осы залда отыр­ған 1000 еріктінің әрқайсысы айналасына көмек қолын созуға даяр. Қоғамды қайырымды ете­тін өздеріңіз, – деді форумның пленарлық мәжілісінің модераторы, еліміздегі «Волонтерлер лигасы» қоғамдық қорының негізін қа­лаушы Қайыржан Меңдіғалиев.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды Жастар жылы деп жарияла­ды. Мерекесі де, міндеті де мол жылдың Жол картасы аясын­да өтіп отырған форумға қаты­су­шы­ларды облыс әкімі Архимед Мұхамбетов құттықтап, жастар саясатына қатысты облыста біткен жақсы істерді атап өтті. Одан кейін Д.Абаев еліміздегі жалпы жастарға беріліп отырған мол мүмкін­діктерді тілге тиек етті.

– Тәуелсіздіктің алғашқы күні­нен бастап, біздің мемлекет жастар ісін назардан тыс қалдырмады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бола­шақ» бағдарламасын іске қос­ты. Ол бойынша 13 мың қазақ­стан­дық жас шетелдердегі ең таңдаулы деген университеттерден білім алды. Ол қазір де жалғасын та­уып отыр. Жастар жылы мемлекет жастардың жұмысқа орналасуы, кәсіпкерлікті бастап кетуі, оларды жеңілдікті баспанамен қамтамасыз ету, сапалы білім алулары үшін қомақты қаржы салып отыр. Жастар жылындағы осындай шаралар Қазақстандағы 4 миллион жастың 70 пайызын қамтитын болады. Қазір біз жаңа цифрландыру дәуірінің табалдырығын бастық, соның нағыз елшісі өздеріңіз боласыздар. Бүгінгі жастар өзінің игілікті, қоғамды дамытуға үлкен үлес болып қосылатын пайдалы ісін өзінің азаматтық ұстанымы ар­қылы көрсетеді. Сондай ізглікті істің бірі еріктілер қозғалысы қар­қын­ды дамып келеді, – деді Абай Әскербекұлы.

Мұнан кейін форум қонағы, Ре­сей жастар ісі жөніндегі феде­рал­­дық агенттігі жетекшісінің орын­басары Андрей Платонов волон­терлік жұмыстың елдерді ынты­маққа жалғайтын күш еке­ні­не тоқталды.

– Мемлекеттік органдар ерік­тілермен бірге тізе қосып, қо­ғам­­­дағы кедергілерді жеңеді, ең ауыр деген күрделі істердің ше­ші­мін табамыз. Қазір Ре­сей­де ірі еріктілер ұйымдары бар. Олар­дың көшбасшылары адамдар­ды игі іске жұмылдырып қана қоймай, заңнаманы да жақ­сы біле­ді. Олардың бастама­сы­мен нормативтік актілер толық­ты­ры­лып, волонтерлік қызметтің кең қанат жаюына кедергілер азайды,– деді А.Платонов Ресейдегі жақсы тәжірибені ортаға салып.

Қазір еріктілер жұмысы эколо­гиялық, патриоттық немесе құт­қа­ру секілді түрлі бағытта дамып келеді. Мысалы, осы форум алдында ғана көрші екі елдің аумағынан ағатын Тобыл өзенінің бойында «ЕСО – challenge Qostanai» эколо­гиялық акциясы өткізілді. Ол облыстың Жітіқара, Қамысты, Дени­сов, Таран, Қостанай аудандарын, Лисаков, Рудный қала­ла­рын қамтыды. Форум аясында Қостанай қаласында Ресей-Қазақстан жастарын біріктіретін То­был өзенінің жағалауын тазалайтын тағы да эко-акция өтті. Бұл жастар арасында экологиялық мә­дениетті, еріктілікті дамытуға бағыт­талған игі жұмыстың бірі ғана болатын.

– Мұндай форумдардың жас­тарға берері көп. Жалпы, ерік­ті­ліктің өзі жастар үшін үлкен тәр­бие құралы дер едім. Ол алды­мен жастардың бос уақытын тиімді пайдалана білуіне, өз ұс­танымын қалыптастыруға үй­ре­теді. Мен кәсіпкермін. Ерікті бол­масам да тұрмысы төмен жан­дарға көмектесіп жүремін. Жастар арасында еріктіліктің дамып келе жатқандығы әлеуметтік желі­лердегі жазылған жайлардан жақсы білінеді. Өзгенің қайғысын бөлісе білу, мейірімділік көрсету ең жақсы қасиеттің бірі болса, бүгінгі қоғамда ол еріктілік қозға­лысы арқылы байи түседі, – деді жастар форумына Орал қаласынан келіп қатысқан Марина Биғалиева.

Бүгін жастар форумының жұмысы жалғасады.

ҚОСТАНАЙ