• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
17 Мамыр, 2013

Жеңісті жақындатқан ерлердің бірі

350 рет
көрсетілді

Жеңісті жақындатқан ерлердің бірі

Жұма, 17 мамыр 2013 1:29

Ерді ел тәрбиелейді. Шын ер елі-жері үшін жан береді. Арлы ер еңбекте де, майданда да алда болып, есімі ел аузында сақталады.

Бүгінгі шағын мақаламызға арқау болып отырған кейіпкеріміз соғыс және еңбек ардагері марқұм Құр­манғали Тоқтаров атамыз. Сұм соғыстың ауыртпашылығын бір кі­сідей көрген ол – өз елінің, жерінің мақтанышы.

 

Жұма, 17 мамыр 2013 1:29

Ерді ел тәрбиелейді. Шын ер елі-жері үшін жан береді. Арлы ер еңбекте де, майданда да алда болып, есімі ел аузында сақталады.

Бүгінгі шағын мақаламызға арқау болып отырған кейіпкеріміз соғыс және еңбек ардагері марқұм Құр­манғали Тоқтаров атамыз. Сұм соғыстың ауыртпашылығын бір кі­сідей көрген ол – өз елінің, жерінің мақтанышы.

Қ.Тоқтаров 1913 жылдың 15 нау­рызында Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданына қарасты Каменка ауылында, қарапайым шаруа отбасында дүниеге келіп, сол өңірдегі Шыңғыстай ауылында қазақтың ұлы ақындарының бірі Сұлтанмахмұт Торайғыров мұғалім болған мектепті бітірген. 1933 жылы 20 жасында ауылдық кеңестің төрағалығына сайланған атамыз 1935-1937 жылдары Қызыл армия қатарына шақырылып, Ташкент шаһарында артиллерист болады. Әскер ше­бінен орал­ған соң Алматыда же­текші маман­дарды дайындайтын екі жыл­дық курсты бітірген ол 27 жасында Катонқарағай аудандық атқа­ру комитеті төрағасының бі­рін­ші орынбасары қызметіне та­ғай­ын­далады.

1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германия әскері Кеңес Одағына тұтқиылдан басып кірді.

«Бақытты дәурен сүріп шаттанғанбыз,

Өмірге массаттанып мақтанғанбыз.

Отанға күнбатыстан жау шапқанда,

Сап түзеп қан майданға аттанғанбыз»,

деп жырлаған Қасым Аманжолов секілді Қ.Тоқтаров та 1942 жылдың 21 қаңтарында майданға аттанып, даңқты И.В.Панфилов атындағы 28-гвардиялық дивизиясының құ­ра­мында пулеметшілер ротасының саяси жетекшісі болып Мәскеу түбіндегі шайқастарға қатысты. Бастапқыда Калинин, соңынан сол­түстік-батыс бағытындағы майдан­дарда болды.

1941 жылы басталған сұрапыл со­ғыста халқымыздың атын дүние жүзіне жария еткен И.В.Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизия­сы, оның ішінде Бауыржан Мо­мышұлы бастаған батальон Мәскеу түбінде ауыр сынға төтеп беріп, қанды айқаста теңдесі жоқ ерлік көрсетті. Бұл – баршаға мәлім жайт.

1942 жылы Қ.Тоқтаров осы гвар­диялық дивизия құрамындағы батальонның саяси жетекшісі болды. Ол 1943 жылдың шілдесінен 1944 жылдың шілдесіне дейін Сібір өңірі Том облысында орналасқан әскери училищеде командирлер дайындайтын курсты оқып бітіріп, 1944 жылдың тамызында Латыш дивизиясының гвардиялық 25 полкінің 9-рота командирі болып Ленинград майданындағы шайқастарда ерлік көрсетті. Аталмыш шайқастарда екі рет контузия алған Қ.Тоқтаров госпитальда емделіп, қайта майданға оралды.

1942 жылы Илья Эренбургтің «Қазақтар» деп аталатын очеркі жарық көрді. Онда «Один фриц мне сказал: против нас бились страшные солдаты – их не мог остановить никакой огонь, они бежали прямо на нас. Потом мне сказали, что это были казахи. Я не знал прежде, что существует такой народ» деп жазылғанындай, шегінуді білмейтін қазақ сарбаздары соғыс барысында ерліктің ерен үлгілерін көрсетіп, қаhарман ретінде танылды. Солардың бірі –  Қ.Тоқтаров Мәскеу түбіндегі шай­қас, Ленинградты қорғау, тағы бас­қа майдандарда көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, бірнеше медальмен марапатталды.

Ол елге майор шенінде же­ңіс­пен оралды.

«Ер туған жеріне» дегендей, ел­ге оралған соң бейбіт өмірде де жанқиярлықпен еңбек етті. Ал­ма­ты­да Жоғары партия мектебін біті­ріп, Катонқарағай аудандық пар­тия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, аудандық сауда бөлімінің меңгерушісі, ау­дан­дық дайындау мекемесінің директоры, партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды. Бірнеше рет аудандық кеңестің депутаты, ау­дандық партия комитетінің мүшесі болып сайланды.

Әне-міне дегенше соғыстың біткеніне 68 жыл толды. Бейбіт өмірде жанқиярлықпен еңбек еткен көптеген ардагерлеріміз қазір ортамызда жоқ. Биыл 15 наурызда атамыз Құрманғали Тоқтаров 100-ге келген еді. Жеңіс мерекесі – бұл елдік пен ерліктің, батылдық пен батырлықтың, қайсарлық пен қаһармандықтың мерекесі. Бұл – халқымыздың мызғымас бірлігінің, беріктігінің арқасында келген қуаныш пен шаттыққа толы мереке. Аталарымыздың қайыспас қайсарлығы мен Отанға деген сүйіспеншіліктері жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге.

Қанат ЕСКЕНДІР,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар