• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 22 Мамыр, 2019

Қаламгер мен Қаһарман

1439 рет
көрсетілді

Халқымыздың даңқты ұлы Бауыржан Момышұлының жан дүниесін, ақыл-пара­сат ерекшелігін бейне­­леу­ге арналған бел­гі­лі жа­зу­шы Мамытбек Қалды­бай­дың «Ұмы­тыл­­мас кез­­­десулер», «Атақ пен ша­тақ», екі кі­таптан тұ­ра­тын «Мен халқымның Ба­уыр­жаны­мын», «Мен қа­зақтың баласы» деген бес томы жарық көріп, оқырманынан жоғары баға алға­н еді. Қаламгердің қа­һарман жайлы жазба­ла­рының бір­ерін назар­ла­рыңыз­­­ға ұсын­ған­ды жөн көрдік.
Орынды жауап

Баукең темекі түтінін үрлей отырып:

– 1958 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен он­күндігіне «Ұшқан ұя», «Моск­ва үшін шай­қас» пен «Жонарқа», «Пом­­комвзвода Нико­лай Ре­дин», тағы басқа шығар­ма­ла­рымды алып бардым. Бұлар­ды орыс тілінде жаздым, – деді сұ­ра­­­ғымды ескерген сыңай таны­­тып. – Ол кезде жазушы ре­тін­де атым шыға қоймаған еді. Басқа қандастарым танымал. Танымал болғанда бәрі аударма арқылы танымал.

Менің шығармаларым тура­лы тоғызы мақтап, екеуі жа­ман­­­дап, барлығы он бір адам сөйледі. Талқылауды Алек­сей Александрович Сурков бас­қа­рып отырды. Ол кісі ең соңын­да:

– Бауыржан, сөйлейсің бе? – деді.

Мен сөйлеуден бас тарттым. Мұхаң, Мұхтар Әуезов төрал­қада отырған. Ашуланса, мұрнын тартып, созғылай бере­тін. Дәл солай етіп, жиналыс аяқталғанда: 

– Әй, Бауыржан, ана жақтан такси ұстармыз. Жүр. Екеуіміз оңаша сөйлесуіміз керек, – деді Мұхаң КСРО Жазушылар одағы мәжі­ліс залынан сұп-сұр күйде шы­ғып. Москва көшесінде жаяу ке­ле жатырмыз.

Жолда Мұхаң маған ашула­нып, ренжіді. Мен үндемей тө­­зіп келем.

– Сурков: «Мынауың қалай? Түсінбедім. Сөйлесін, ойын айтсын деп едім, бас тартты деді»,  деп ұрсып келе жатыр. Менде үн жоқ. Екеуіміздің арамызда жүз пайыз түсініспеушілік орнады. Қонақүйге дейін 15-20 квартал ма жер еді. Сол аралықты байқамастан жаяу жүріп өтіппіз. Такси ұстау да естен шығып ке­тіп­ті. Бұрын Мұхаң екі квартал жаяу жүрмейтін. Ондай әдет мен­де де жоқ еді. Екеуіміздің көңіл күйіміздің қандайлық дәре­жеде болғанын осыдан-ақ біле бер.

Қонақ үйге ендік. Менің бөл­мем төменгі қабатта еді. Мұ­хаңды жоғары қабатқа шы­ға­рып салмақ болдым. Ол кісі «шығарып салма» деген көз­қа­рас­пен қарады. Сондағы бір сөзі әлі есімде.

– Сен, Бауыржан! – деді зілмен. – Бұл кесапаттығыңды қой­ғын!

– Мұха, мәжілісте өзіңіз отыр­­дыңыз, мен де отырдым.

– Әй, не дер екен деп Сурков әде­йі сыйлап сөз бергенде, «жоқ, сөйлемеймін» дегенің қа­лай? Білсең, Сурков кім болса соған сөз бере бермейді, сөйлесе де қоймайды! – деп Мұхаң тағы айқайлап ұрысты. Астапыралла- а! – Немене сонша?! Ана екі «сыншыға» қарсы бір-екі ауыз сөз аузыңа түспей қалды ма? – деп мұрнын созғылап қойды.

– Мұха, қалай түсінсеңіз олай түсініңіз. Бәрін естіп отырдым. Қандай күйде болғанымды өзіңіз байқаған шығарсыз. Мен айтарымды айттым ғой. Соны сіз аңғармапсыз ғой?

– Сен не айттың?! – деп тағы айқайлады.

– Әлгі мені жамандап сөй­ле­ген: «Сіз полковник, дивизия командирісіз, ұстазыңыз Нико­лай Редин старшина. Неге бұлай?» – деп мені сынағанда: 

– Ұстазым Рединді старшина, мені полковник, дивизия командирі еткен Кеңес өкіметі. Сұрағыңызды Кеңес өкіметіне қойыңыз? – деп тастадым ғой. Одан кейін сөз шығын етудің қажеті қанша?

– Солай дедің бе? Мен саған ашуланам деп байқамаппын.

– Ол екі сыншыны менің «қамқоршыларым» күні бұрын дайын­даған. Мұха, сыңаржақ пі­кірге сіз неге тойтарыс берме­ді­ңіз? – Шынымды айтайын ба? – деп Мұхаң күлді.

– Шыныңызды айтыңыз?

– Олар менің де «қамқор­шы­ла­рым» ғой. Мен де сөзімді қор еткім келмеді.

Екеуіміз де дауыстай күлдік.  

«Браунинг» пистолеті

Мұхаң (Мұхтар Әуезов) әзіл аралас сөзіме:

– Жоқ, Бауыржан, тіпті де олай емес, – деп келіспеді.

– Егер жоғарыдағы сөзім ұнамаса, өмірді сүйсеңіз еркекше сүйіңіз деп өзгертейін. Келісе­сіз бе?

– Бәлі, Бауыржан, о не дегенің? Келісем, – деп Мұхаң жас балаша жадырай күлді.

– Мұха, артық кетсем ке­ші­­ріңіз. Сізге соғыс даласынан алып келген суық қару – «Браунинг» пистолетін сыйға тартқаным есіңізде ме? 

– Әлбетте есімде.

– Оны сізге не үшін сыйладым?

– Ой, Бауыржан, ол жөнінде тіпті ойланбаппын. Өтінем, жа­уабын өзің айтшы. 

– Сізге барлық істе де еркектік қасиет серік болсын дедім.

– Ол ниетіңе бек ризамын, Бауыржан, – деп Мұхаң тағы мәз бола күлді. – Енді сен мені тыңдағын. Бағанадан бері сөзіңді бөлмей төздім ғой. Мен махаббат мәселесінде чемпионмын, гроссмейстермін.

– Онда, Мұха, мен сізге тартқан екенмін.

Екеуіміз де дауыстай күл­дік. Осы кез ішке Валентина Нико­лаевна еніп, дастарқанға шақырды. Мұхаңның үйінен түнгі екіде таксилетіп қайттым. ...Ой құшағында отырмын. Шіркін, Мұхаң мен Бау­кең өмірге көзқарасы, ішкі әлемі үйлескендіктен етене жақындасқан екен ғой. Түнгі сағат екіге дейін араларында біз білмейтін қандай сыр айтылды? Білер ме едік деген ойға берілдім. Өкінгенмен амал жоқ, ол бізге жұмбақ... «Оның сақ болғаны орынды»

1943 жылы майданнан Алма­ты­ға емделгелі келіп, Қазақ КСР ғылым академиясында 31 сағат лекция оқығанымда Мұхаң (Мұхтар Әуезов) лекцияма басынан аяғына дейін қатысып, айтқандарымды конс­пект ретінде жазып отырыпты.

– Мінеки, әкемнің сондағы конспектісі, ал мынау Бауыржан ағаның хаттары, – деп Мұхаңның қызы Ләйла Мекемтасқа жинаған материалдарының шет жағасын көрсетіпті.

– Маған беріңіз, мен оқып шығайын.

– Жоқ, болмайды. Әлі ерте. Бұл ерекше папкі, – депті Ләйла.

 Соны Мекемтас маған көңілі қалғандай айтты.

– Әй, қой, ол өзінше дұрыс істепті. Әзір сен оған араласпа. Неге десең, сен музейге қызметке жақында ғана қабыл­дан­дың. Ләйла сені жөнді біл­мей­ді. Сол себепті оның сақ болғаны дұрыс, – дедім.

Атаққұмарлық

– Сені шақырған жоқпын, өзің келдің. Кейде менің орысша сөйлеп жіберетін де әдетім бар. Оны қазақшалама. Олай дей­тінім, қазақтардың сексен па­йызы орысшаны жақсы бі­ле­ді. Қазақтар түсінбейді де­ген­ді қойыңдар. Мысалы, Лев Николаевич Толстой французша ойлап, французша жазды. Сенбесең, тексер. Немене, ол сеніңше орысша жазуды білмеді ме?

Әр тілдің ырғағы, әуезі бар. Орыс тілінде бейнелі ой-пікір келіп қалады. Оны қазақ­ша­лаймыз деп бүл­ді­ре­сің­дер. Шолақ аударма кімге керек?

Домбыраға лайықты күйді бас­қа аспаппен орындасаң, күй, тақырып бір болғанмен үн бөлек. Сол себепті орысша айтқанымды қазақшалама. Неге десең, өзі келді. Оны аударсаң, ырғағы, әуезі, үні бұзылады. Бұл ерекшелікті ескерген жөн.  Оқырманды тануларың, құр­меттеулерің керек. Сен­дер оны танымай тұрып қа­лай құрметтейсіңдер? Әйте­уір қазақша болса екен деп шала­ғай аудармамен бүтін нәр­сені бүлдіресіңдер. Атаққұ­мар­сың­дар.

– Атаққұмар болған жаман ба?

– Атаққұмарлықты мен мүл­де теріске шығара алмаймын. Оның да күнгей, көлеңке жағы бар. Екеуі екі айырық жол тә­різді. Біріншісі – ізгілікке, жақ­сы­лыққа, екіншісі – күншілдікке, жамандыққа бастайды. Меніңше, бірінші жолға түскендер адас­пайды, адаспауға тиіс...

Кеше Ғабең (Ғабит Мүсі­ре­пов) телефон соқты.

– Әй, Бауыржан, Тәжікстанда қазақ әдебиеті мен өнерінің он­күндігі өтпек, бізбен бірге жүр­сең­ші? – деді.

– Рақмет, Ғабе, денсаулығым көтермейді.

– Бауыржан, жақсылап ойлан да, дұрыс жауабыңды бер. Сен бізге портрет ретінде керексің, – деді. Мұнысы – әлемге атың шыққан кісісің, оттамастан бізбен бірге жүргін дегені ғой.

Сен менің біреу айтты дегенге көнбейтінімді, әр нәрсеге өз көзқарасым барын білесің. Тұтқиылдан қауіп-қатер төнген сәтте бойын, ойын тез жиып, дұрыс шешімге келген адам ғана ерлік жасай алатын жағдайды басымнан сан рет өткергем. Ғабеңнің ұсынысын неге қабыл­да­мағанымды түсінерсің. Ол кісі ренжіп: 

– Атыңның шыққанына қарсысың ба? – деді.

– Ғабе, мақтауды кім жек көреді дегеннің ауылынан мен әлдеқашан кеткен адаммын. Ел аузына түскеніме қырық жылдан асты. Орынды мақтағандарға рақмет, орынсыз мақтағандарға ренжи білем. Мен кәсіби әскери адаммын, қатардағы емес, әскери профессормын. Мені мақтау үшін де, даттау үшін де әжептеуір білім керек, – деп тас­тадым. Бұл атаққұмарлық па, атаққұмарлық емес пе?

– Атаққұмарлық емес.

– Түсінгеніңе рақмет. Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ