«Ақ жол» демократиялық партиясы ұсынған президенттікке кандидат Дания Еспаева Нұр-Сұлтан қаласындағы арнайы экономикалық аймақта орналасқан «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС ұжымымен кездесті. Үміткер өзінің сайлауалды бағдарламасын қорғаныc саласындағы еліміздің ірі өнеркәсіп ұжымына таныстырды. Зауыт қазақстандық әскер мен әскери күш құрылымдарын бронды техникамен қамтамасыз етеді. Өнеркәсіптің қуаты жылына 120 машина шығаруға жетеді. Бронетранспортерлерді жақын арада әлемдік нарыққа шығару жоспарланған.
Д.Еспаева цехтың жұмысымен танысып, отандық кәсіпорынды мазалайтын сұрақтарға жауабын берді. Оның ішінде несиелердің жоғары мөлшерлемесі мен мемлекеттік тапсырыстардың қысқа уақыттылығы қозғалды. Кандидат мұның бәрі өз бағдарламасында көрініс тапқанын айтты. «Осындай кәсіпорындар үшін мемлекеттік тапсырыстардың уақыты бір жыл емес, кем дегенде үш жылдан аспауы тиіс. Бұл отандық өнеркәсіптердің жұмыс қуаттылығын арттырып, бәсекелестікке қабілетін жоғарылатады. Бағдарламамда несие мөлшерлемесін төмендету мәселесі көрсетілген. Қазір бұл компания екінші дәрежелі банктермен жылына 16 пайыздық мөлшерлемеде несиеленеді. Таяуда ғана біз оны 14 пайызға өзгерттік. Мұның өзі – жоғары мөлшерлеме», деді ол.
Кездесу барысында кәсіпорын жұмысшылары «Ақ жол» партиясы үміткері бағдарламасының негізгі бағыттарынан хабардар болып, көкейлерінде жүрген сауалдарына тұщымды жауап ала алды. Соңында Д.Еспаева жиналғандарды 9 маусым күні президенттік сайлауға қатысуға шақырды. * * * «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан кандидат Төлеутай Рақымбековтің сайлауалды республикалық қоғамдық штабы Павлодар өңірінің фермерлерімен кездесу өткізді. Олар атбасын бұрған «Сағып» шаруа қожалығы күніне жүздеген литр қымыз өндіріп, көрші өңірлерді дайын өніммен қамтамасыз етеді. Тіпті экспортқа шығаруды да жолға қойған. Енді өндіріс әлеуетін одан сайын арттыруды көздеп отыр.Т.Рақымбековтің сайлауалды бағдарламасында азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше мән берілген. Әсіресе шеттен келетін тауарлардың сапасына қатысты сұрақ көп. Сондықтан қоғамдық штаб өкілдері отандық шаруа қожалықтарына барынша қолдау көрсетіп, өндірісін жандандыра түсу керектігін айтты. «Біздің негізгі мақсатымыз – атадан келе жатқан осы кәсіпті өндірістік жолға қою. Егер біздің азаматтар барынша ден қоятын болса, ешкімнен кем өнім алмайды. Себебі халқымыз бұл кәсіптің қыр-сырын жақсы біледі», деді республикалық қоғамдық штаб төрағасы Әли Бектаев.
«Мақсатым – осы қымызымызды әлемге таныту. Оның бәрі ерінбей еңбек етсек, өзіміздің қолымызда тұр. Атап айтсам, қазір менің қымызым да, құртым да Duty Free-де сатылып жатыр. Соның өзі жақсы көрсеткіш. Шетелден танып-біліп жататындар баршылық», деді «Сағып» шаруа қожалығының жетекшісі Төлеу Құшманова. Фермерлер ауыл шаруашылығын көтеруді басты ұстанымы еткен партияның мүшелерінен өз кәсіптерін одан әрі жандандыра түсудің бағыт-бағдарын сұрап білді.
* * *Кәсіподақтар федерациясынан президенттікке кандидат Амангелді Таспиховты қолдау мақсатында Нұр-Сұлтан қаласында PechaKucha форматында жастардың интеллектуалды конференциясы өтті. Оған 200-ден аса қонақ жиналды. Конференцияны кандидаттың сенім білдірілген адамы, Нұр-Сұлтан қаласындағы қоғамдық штаб жетекшісі Тастанбек Есентаев ашты. Ол кандидат А.Таспиховтың сайлауалды тұғырнамасын таныстырды.
Мінберде сөйлегендердің қатарында ғалым-генетик, регенеративті медицина саласындағы бірегей жобалардың авторы Болат Сұлтанқұлов, Қазақстан спорттық-сауықтыру кәсіподақтары қоғамының вице-президенті Бақытжан Есжанов, этнограф, Ұлттық музейдің материалдық емес мұра бөлімінің басшысы Әйгерім Мұсағажинова, лингвист, тілдерді оқытудың бірегей әдістемесінің авторы Владислав Тен, физика-математика ғылымдарының докторы, ядролық медицина саласындағы ғылыми жобалардың авторы Серік Нұркенов болды. Спикерлер өздерінің презентацияларын үлкен экранда көрсетіп, көрермендердің сұрақтарына жауап берді.
Сонымен қатар А.Таспиховтың Павлодар облысындағы аймақтық сайлауалды штабы «KAZPOST» облыстық филиалының келушілерімен және қызметкерлерімен кездесіп, үгіт-насихат брошюралары мен флаерлерін таратты. Кандидаттың сенім білдірілген адамдары Айгүл Маликова мен Марина Иванова кәсіподақтардан ұсынылған үміткердің тұғырнамасында көрсетілген негізгі бағыттар еңбек жағдайы, еңбек құқықтары мен әлеуметтік мәселелер екендігін түсіндірді. * * *Қазақстан Коммунистік халық партиясынан президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбековтің Қызылорда өңіріндегі сайлауалды штабының өкілдері облыстық медицина орталығының қызметкерлерімен кездесу өткізді. Штаб жетекшісі Талғат Телеубаев партияның Парламент Мәжілісінде мемлекеттік деңгейде жұмысшы таптың мүддесін қорғау мүмкіндігі бар екенін айтты. Депутаттар әлеуметтік-экономикалық сипаттағы мәселелерді көтеретіні, соның ішінде медицина саласына қатысты қозғалған тақырыптар ерекше аталып өтті.
Содан кейін Т.Телеубаев кандидаттың сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыт-бағдарын кеңінен түсіндіріп, елдегі кедейшіліктің шынайы деңгейін қайта санау керектігін және бұл құбылысты өзекті әлеуметтік мәселе деп тану қажеттігін атап өтті. «Қазақстанда ауқатты азаматтар баршылық. Сондай-ақ кедейлік шегінде немесе оған жақын деңгейде өмір сүретін адамдардың саны артып келеді. Салық салу жүйесін уақыт талабына сай жетілдіру маңызды. Қоғам әділетсіз табысқа көнбеуі тиіс. Біздің халықты, біздің экономиканы тонап жатқан адамдар қай жақта жасырынып жүрсе де, әділ сотқа берілуі тиіс. Орта тапты қозғамай, үстеме табысқа ие адамдарға табыс салығының жоғары мөлшерлемесін қолдану қажет», деп мәлімдеді ол.
Сонымен қатар жиында Коммунистік халық партиясы адам өмірінің сапасын арттыру бойынша мемлекеттік саясаттың іске асырып жатқан стратегиялық басымдықтарын қолдайтыны айтылды. Спикерлердің сөзінен соң кездесуге қатысушылар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Олардың басым бөлігі медициналық қызметкерлердің жалақысын көтеру, баспанамен қамтамасыз ету, кадр тапшылығы туралы болды. * * *Nur Otan партиясынан президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штаб өкілдерінің сапары Батыс Қазақстан өңірінде жалғасты. Алғашқы кездесу «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» акционерлік қоғамында өтті.
Қоғамдық штабтың жетекшісі Мәулен Әшімбаев басқосу барысында кандидаттың сайлауалды бағдарламасы туралы жан-жақты айтып берді. «Қ.Тоқаев көп жылдан бері Елбасымен бірге өркендеген, тұрақты Қазақстанды құруға атсалысып келеді. Ол түрлі лауазымды қызметтер атқарған. СІМ, Үкімет, сондай-ақ Сенатты басқара жүріп, мемлекетімізді дамытуға ауқымды үлес қосты. Кандидаттың сайлауалды бағдарламасы ашық әрі түсінікті, үш негізгі қағидаға топтасқан. Біздің кандидатымыз бейбітшілік пен келісімді сақтау, елімізде өмір сүріп жатқан түрлі этностық топтар арасындағы алауыздықты болдырмау бағытын ұстанған», деді Мәулен Әшімбаев.
Аталған зауыт – 30 жылдық тарихы бар бірегей кәсіпорын. Қазақстандағы мұнай мен газ тасымалына, энергетикалық құрылғылар мен құрылыс саласына қажет жоғары технологиялық құрал-жабдықтар осында шығарылады. Мыңнан астам адам еңбек етеді. Ал географиялық тұрғыда зауыт Ресейдің Самара, Саратов, Волгоград, Орынбор және Астрахань облыстарымен шектеседі. Бұл – көршілес жатқан мұнай-газ өндіретін аймақтардан өнімді экспорттауға да қолайлы аймақ. 2011 жылдан бастап кәсіпорын газ бұрғылау агрегаттарын жөндеу саласында қызмет көрсететін General Electric компаниясымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді.
* * *
«Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысы атынан президенттік сайлауға түсіп жатқан Әміржан Қосанов халықпен кездесулерін жалғастырып жатыр. Кеше кандидат Нұр-Сұлтан қаласындағы проблемалы тұрғын үйлердің үлескерлерімен кездесті. Тараптар қалыптасқан жағдайды талқылап, ықтимал шешімдерді ұсынды.Ал Ә.Қосановтың сайлауалды қоғамдық штабы мүшелері елордада тағы бір науқандық іс-шара өткізді. Кандидаттың сенім білдірілген адамдары белсенді жастармен бірге «Астаналық», «Шапағат» және «Тұлпар» жабық базарларында үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізді. Акция шеңберінде кандидаттың тұғырнамасының басым-бағыттары түсіндіріліп, сайлаушылардың сұрақтарына жауап берілді. Үгіт-насихат тобы базарлап келген жұртқа үміткерді қолдауға арналған науқандық парақшалар таратып, суретке түсті. Бұл іс-шара барлығы 200-ге жуық адамды қамтыды.
Араға бір күн салып Ә.Қосановтың сайлауалды штабының өкілдері қаланың тұрғын аудандарында үгіт-насихат шараларын өткізді. «Сайлаушымен кездесу» акциясы Абай, Республика, Бөгенбай және Сарыарқа көшелерінің ауқымын қамтыды. Насихатшылар тобы аулаларды аралап, кезіккен тұрғындарға кандидаттың негізгі ұстанымдарын жан-жақты түсіндіріп, қарапайым жұрттың пікірлері де ескерілді. Акцияны қызу жүргізіп жүрген еріктілерге тұрғындар тарапы түсіністік танытып, үлестірілген үгіт-насихат материалдарын қарап, қызығушылық білдірді. Аулалардың мүйістеріне кандидатты қолдауға шақырған парақшалар жапсырылып, үй алдында серуен құрған үлкендер жағы қоғамдық штаб өкілдерімен пікірлесті.
* * *
«Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысынан президенттікке кандидат Сәдібек Түгел үгіт-насихат жұмыстарының аясында Алматы қаласына арнайы барып, Қазақ спорт және туризм академиясында зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді. Кандидаттың сайлауалды тұғырнамасында ұлттық спорт түрлерінің дамуына айрықша мән берілгендіктен, бұл кездесуге аталған оқу орнының студенттері ерекше ықыласпен қатысты.«Мен бағдарламамда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді басты мақсат етіп алғандықтан, барлық кездесулерді ана тілімізде жүргізіп келемін. Халқымыз ана тілі және Жер-Ана деп неге айтады? Бұл – тіл мен жер тағдырын бөліп қарауға болмайды деген сөз. Демек, ұлттың жаны мен арына баланған мәселеге бейжай қарамайтын ұрпақ ар-намысты бәрінен биік қою керек. Ол үшін жастардың әлеуметтік жағдайларына да көңіл бөлу қажет. Менің бағдарламамда барлық қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз ету, жоғары білім және медициналық көмекті тегін беру, зейнетақы көлемін көтеру, жастар арасындағы жұмыссыздықты жою мәселелері де көрініс тапқан», деді С.Түгел.
Жиында мемлекет және қоғам қайраткері Жекен Қалиев, белгілі ғалым және ұйымдастырушы, педагогика ғылымдарының докторы А.Құлназаров, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғ.Жайлыбай, «Мысль» журналының бас редакторы А.Сандыбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі композитор Б.Әшірбаев, ақын А.Ахметбеков, Қазақ спорт және туризм академиясының бірінші проректоры М.Есқалиев қатысты. Тағылымы мол кездесуді белгілі журналист А.Серікқалиқызы жүргізді.