Бүгін Алматыдағы The Ritz-Carlton қонақ үйінде XVI Еуразия медиа форумы басталды. Он алтыншы рет өткізіліп жатқан форумның биылғы тақырыбы: «Бүгінгі әлем: шынайылық трансформациясы?». Форум қонақтары арасында CGTN және ТАСС өкілдері, ОББ бұрынғы басшысы және танымал кинорежиссер Сергей Бодров бар. Әлемнің 60 елінен 500-ден аса делегат келген.
Форумның басты мақсаты – саясаткерлер, журналистер мен сарапшылардың Қазақстан, Еуразия және дүниежүзілік қауымдастықтың геосаяси, экономикалық, әлеуметтік-мәдени дамуымен байланысты өткір мәселелерді талқылауға жағдай жасау.
Бүгінгі пленарлық отырыста жеті тақырып қарастырылады. Олардың қатарында «Жаһан(сыз)дану: әлем дамудың жаңа үлгісін іздеуде», «Тұтыну дағдарысы», «Масс-медианың цифрлық шынайылығы: сынақты қабылдай аламыз ба?» және тағы басқалары бар.
Жиын барысында «Орталық Азиядағы аймақтық интеграция» тақырыбында дөңгелек үстел өткізіледі. Онда сарапшылар Орталық Азия елдерінің жаңа бірлестіктерінің болашағына өз көзқарастарын білдіреді.