• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Мамыр, 2019

Ымыраластыруға ынтамен кірісті

989 рет
көрсетілді

Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметі бағыт­тарының бірі – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласында медиацияны дамытуға жәрдемдесу. Сол себепті Маңғыстау облысындағы Ассамблея өкілдері арасына әртүрлі себептермен сызат түсіп, қарым-қатынасында кикілжің туындағандарды сотқа жеткізбей-ақ татуластыруға белсенді кірісті.

– Медиация – Ассамблея айналысатын маңызды істің бірі. Медиатор –  тәуелсіз тұлға. Медиацияға қа­ты­су­шы тараптар медиатордың тәжіри­бесіне, білімі мен іскерлігіне сүйене отырып, өзара тиімді шешімге өз бе­тінше келеді, –  дейді «Қоғамдық ке­лі­сім» КММ медиация кабинетінің мең­­герушісі Сәния Саталиева.

Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының жанындағы медиация кабинеті 3 респубикалық және 1 жергілікті медиация орталықтарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүр­гізіп отыр. Бұл  орталықтардың кәсіби  ме­диаторлары мен  Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық медиатор­лары тегін медиация  рәсімдерін жүр­гізеді. Облыс тұрғындарын ақпа­рат­тандыру мақсатында телеарнадан арнайы «жүгіртпе жол» беріліп оты­рады. Өз жұмыстарын халық және ұжым арасына «Ашық есік күн­дері» қоғамдық қабылдау, көшпелі ақ­парат-насихаттық жұмыстары,  медиа­торлар отырысы, семинар-тренинг жә­не дөңгелек үстел форматында жүргізетін медиаторлар аудан, қалаларды аралап қызмет етеді. Ме­диа­ция бағытындағы жұмыстарды одан әрі жандандыру үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының жанында  құ­рылған көшпелі ақпараттық-на­сихаттық топтар  елді  мекендерді ара­лап, соның ішінде Жаңаөзен қа­ласы, Құрық кенті, Маңғыстау, Мұ­най­лы және Бейнеу аудандарына ісса­пармен барды.

Медиация кабинетіне келушілер санының көбеюі ел арасында ме­диацияға деген қажеттіліктің бар екен­­­дігін аңғартады. Келушілердің ше­шімін таба алмай жүрген негізгі  мәсе­лелері  кредиттік ұйымдарға, отбасы проблемаларына, сақтандыру мекемелеріне, еңбек даулары мен жалақы төлемеуге, білім беру және денсаулық сақтау мекемелеріндегі кейбір мәселелерге қатысты болып келеді. Медиация каби­нетіне 2016 жылы – 56 адам, 2017 жылы – 301, ал 2018 жылы  443 адам келген.

– Қазір жасөспірімдердің про­б­­­­ле­малары ересектердің алаңдаушы­лығын тудырады, сондай-ақ мектеп оқушылары арасында жан­жал­дар болмай тұрмайды. Өңір­лер­дегі мектептер мен колледждерде оқи­тын жасөспірімдер арасында тәр­тіп бұзушылық түрлерінің бай­қалуына байланысты білім беру ұйым­­дарының және ҚХА медиа­ция каби­неттері мамандарының  бірлес­кен медиация дамыту жұмыс­тары ұйымдастырылуда, – дейді  Маң­ғыс­тау облысы Қазақстан хал­қы Ассам­блеясы хатшылығының мең­геру­шісі  Г.Исмурзина.            

Алдағы уақытта жоба аясында кәсіби медиаторлар ата-аналарға, мек­теп психологтарына, тәрбие ісімен айналысатын мамандарға арнайы семинарлар ұйымдастырып, даулар мен кикілжіңдердің алдын алу әдістемелерін түсіндіруді жоспарлауда. Оқу орындарынан бөлек ауруханалар мен емханаларда, өзге де ұжымдарда түсіндіру, кикілжіңдерді болдырмау бағытындағы жұмыстар жүргізілуде.

 

Маңғыстау облысы