• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әлем 23 Мамыр, 2019

Қазақ-неміс қарым-қатынасы нығая береді

1341 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласындағы Бейбітшілік және келісім сара­йында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев Германиядан келген Федералдық үкіметтің Қоныс аударушылар мен аз ұлттардың істері жөніндегі өкілетті уәкілі Бернд Фабрициуспен кездесті.

Кездесуге Парламент Мә­жі­­лі­сінің депутаты, «Возрож­дение» қазақстандық немістер қауымдастығы Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Альберт Рау, Федералды үкіметтің өкі­­летті хатшысы Себастьян Клап­­перт, Қазақстандағы Гер­ма­ния ел­шілігі саяси бөлімі­нің же­тек­­шісі Валентина Голь­д­манн қа­тыс­­ты. Жиын ба­ры­сында Қа­зақ­­стан халқы Ас­самблеясы Қо­ныс аударушы­лар мен аз ұлт­­тар жөніндегі Федералдық үкі­­мет арасындағы өзара бай­ла­­ныс­­ты бекіту, қазақ елін­дегі эт­­нос­­тық немістер мен Гер­­маниядағы қазақтарды қол­дау бо­йынша екі ел арасындағы ын­­­ты­­­мақтастықты нығайту жә­не ке­­ң­ей­­туге қатысты мәселе­лер мен негізгі аспектілер тал­қы­ланды.

– Қазақстан барлық қарым-қаты­нас кешені бойын­ша Гер­ма­ниямен ынтымақ­тас­тық­ты дамытуға баса мән бере­ді. Саяси диалог ашық және сенімді сипатқа ие. Гер­ма­ния Қазақ­станның жетек­ші эко­но­микалық серіктес­тері­нің қа­тарына кіреді. Екі ел арасын­да­ғы сауда-эконо­ми­ка­лық қатынастар өзара іс-қимылдың тұрақты дамуына және жаңа мүмкіндіктерін іздеуге серпін береді. Неміс инвестициясының шамамен 90 пайызы Қазақ­стан экономикасының шикі­зат­тық емес секторына бағыт­­талады. Қазақстанда бір­лес­кен кәсіп­орындарды, неміс ком­паниялары мен банк­тер­дің өкілдіктерін қоса ал­ғанда, Германия капиталы­ның қа­ты­суымен 900-ден аса эконо­мика­лық құрылым тіркелген. 450-ге жуық германиялық кәсіп­орын белсенді жұмыс іс­тей­ді. Ынтымақтастық өң­деу­ші өнеркәсіп, құрылыс, кө­лік және байланыс, ауыл шаруа­шылығы, әлеуметтік және дербес қызметтер және эконо­ми­ка­ның басқа да салаларында жүзеге асырылады, – деді Қазақ­стан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев.

Сонымен қатар Жан­сейіт Түй­ме­баев меймандарға әлем­дік саясатта баламасы жоқ бірегей қоғамдық келісім инс­титуты – Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысымен жан-жақты таныстырды. Оның айтуынша, Қазақстанда ұлты неміс шамамен 180 мың азамат өмір сүреді және Гер­ма­ния­ға 900 мыңнан аса адам қо­ныс аударған. Бұған қоса Гер­мания­да 300-ге жуық қазақстандық бі­лім алып жатыр. Бұл – екі елді бай­ланыстырып тұрған дәнекер.

Өз кезегінде Қоныс аудару­шы­лар мен аз ұлттардың іс­тері жөніндегі Федералдық үкімет­тің өкілетті уәкілі Бернд Фаб­ри­циус Бейбітшілік пен келі­сім сарайы ашықтық пен қонақ­жай­лылықтың символы екенін айтып, жылы қабылдағандарына ризашылығын білдірді.

– Сіздің ұлттар достығының ұйыт­қысы болып отырған Ас­сам­блея туралы кеңінен баян­дағаныңыз өте мазмұнды болды. Қазақ халқына осындағы эт­ностық немістерге көрсетіп отырған бауырмалдығы мен үлкен қолдауы үшін Германия үкіметінің атынан алғысым­ды білдіремін. Екі елдегі өмір сү­ріп жатқан және қоныс аудар­­ған ағайын – қазақ-неміс достығын берік ұстап тұр­ған сенімді көпір. Біз Қазақ­станды тұрақтылықтың айқын үлгісі ретінде білеміз. Сол тұрақ­ты­лықтың негізі ашықтық пен эко­номи­калық дамуға көрсетілген қолдауды жоғары бағалаймыз, – деген Бернд Фабрициус сөзінің соңында Берлинге қонаққа келуге шақырды.

Қазақстандағы неміс диас­порасы мүдделерін қолдау мақ­сатында Қазақстан-Гер­ма­ния Үкіметаралық комиссиясы қызмет атқарады. 20 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласында осы комиссияның 17-ші отырысы өтті.