«Жастардың өзін-өзі басқару жүйесін дамыту» жобасы – Жастар жылына орай Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен Қазақстан студенттерінің Альянсы тарапынан жүзеге асып жатқан жаңа жоба. Бұл еліміз бойынша жоғары оқу орындары мен колледждердегі және кәсіпорындардағы Жастар ісі жөніндегі комитеттердің жұмысын бір жүйеге келтіру, сондай–ақ жастардың азаматтық белсенділігін, өзін-өзі басқару жүйесін дамыту арқылы жергілікті деңгейде азаматтық диалогты құру процесіне тарту мақсатында қолға алынған. Бұл кездесу сол жобаны жүзеге асырудағы жұмыстың бір парасы ғана. Басқосуға елордадағы 14 ЖОО мен 35 колледждегі жастар ісі комитеттерінің басшылары қатысты.
«Біз тікелей студенттермен жұмыс істейтін ұйым ретінде Жастар ісі жөніндегі комитеттердің қызметін жаңа деңгейге шығарсақ дейміз. Жаңа жоба аясында жылдың соңына дейін сайт құрылатын болады. Онда студенттерге арналған барлық заңдар, керекті жаңалықтар жарияланады. Жастар шағымдар мен ұсыныстарын да сол сайт арқылы бере алады. Сондай-ақ студенттердің базасы, Жастар ісі комитеттерінің жұмысы орналастырылады. Ашықтық ретінде жыл сайын өтетін үздік ЖОО мен студентті анықтауды да сайт арқылы жүзеге асырмақпыз», деді «Қазақстан студенттерінің Альянсы» ҚБ президенті Ілияс Түстікбаев.
Жоба мәдениет, білім, әлеуметтік, жемқорлыққа қарсы, спорт сияқты бес бағытты қарастырады. Қазақстан студенттерінің Альянсы студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін 2005 жылдан бері «Қалай тұрып жатырсың?» акциясын өткізіп келеді. 2016-2018 жылдары Альянс барлық облыстардағы студенттерге қанша орын жетіспейтінін, жатақханалардың сапасын анықтаған болатын. Сол негізде Тұңғыш Президент – Елбасы 2022 жылға дейін 75 мың орындық студенттік жатақхана салуды тапсырған еді. Жаңа жатақханалардың берілуі де осы қоғамдық ұйымның бақылауында екен. «Біз жаңа жатақханалардың берілуі бойынша 28 мамырда Алматы қаласында ҚазИТУ-да алғашқы кездесуімізді өткіземіз. Онда жаңадан салынған жатақханада студенттер мемлекеттік стандарттарға сәйкес тұрып жатыр ма деген мәселені анықтаймыз. Өйткені әр студентке 6 шаршы метр кеңістік болуы керек. Сонымен қатар онда тек университеттің студенттері тұрып жатқанына да көз жеткіземіз. Орындар мұғалімдерге немесе өзге кісілерге берілген, берілмегеніне көз жеткіземіз. Осылайша біз жаңа жатақханалардың барлығын тексеріп шығатын боламыз. Ал бұрыннан пайдалануда болған жатақханалардың жағдайы да біздің назарымызда. Жыл сайын екі рет, яғни мамыр-маусым және қыркүйек-қазан айларында республика бойынша ауқымды акция өтетін болады. Алғашқысында жатақханалардың жағдайын тексерсек, күзде сол мәселелердің шешімі қалай болғанын анықтаймыз», дейді Ілияс Түстікбаев.
Бұдан бөлек студенттер ұйымы Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығымен бірлесіп студенттердің шетелде оқып, тәжірибе алуына да жол ашып отыр. Алдағы уақытта бірлестік білім саласына күш салып, жастарды ақпараттандыруды қолға алмақ. Жиында сөз алған Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығы Халықаралық істер бөлімінің басшысы Унзейля Хасенова студенттердің оқи жүріп шетелге шығып білімін қалай шыңдауға болатынын егжей-тегжейлі түсіндірді. Басқосу соңында Нұр-Сұлтан қалалық жастар ісі жөніндегі басшылар кеңесі құрылды.
Майгүл СҰЛТАН,
«Egemen Qazaqstan»