• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
23 Мамыр, 2019

Күршім тұрғындары енді сүтті сырттан тасымайды

1492 рет
көрсетілді

Күршім ауданында соңғы 30 жылда сүт өндіру және өңдеу ісі жүргізілмеген екен.

Шекара шебінде, облыс орталығынан жырақта жатқан Күршім ауданының ең өзекті мәселесі – халық санының аздығы. Бұдан 20 жыл бұрын Күршім мен Марқакөл аудандары біріктірілгенде мұндағы халық 50 мыңнан асып жығылса, бүгінде 20 мыңнан әзер асады. Әрине, халық санын азайтпаудың бір жолы – жұртты жұмыспен қамту.

Ауылда сүт зауыты ашылды

 

Жақында Күршім ауданының Қаратоғай ауылында шағын сүт зауыты ашылды. Зауыттың іске қосылуы Алғабас пен Сарыөлең ауылдарында сүт қабылдау бекеттерінің ашылуына себеп болыпты. «Басқа ауыл тұрғындарынан сүт қабылдайтын арнайы көліктеріміз бар. 40 тонналық тоңазытқыш жұмыс істеп тұр. Енді тұрғындар өздерінде бар сүтті 80-100 теңгеден өткізіп, қосымша табыс табады. Қазір әр сиырдан күніне 15 литр сүт аламыз, сауылған сүт зауытта өңделеді», – дейді ауылда зауыт ашып, жерлестерін жұмыспен қамтуды жоспарлап отырған «Арын» шаруа қожалығының басшысы Бақытжан Баймұхамбетов.

Әзірге сүт, айран, ірімшік, құрт, кілегей сияқты 8 түрлі тауар шығарып, тәулігіне 2 тонна сүт өндіруді алдарына мақсат қылып қойған шаруа қожалығының өнімдері жақын арада аудандағы балабақша, мектеп, әскери бөлім, аурухана сияқты әлеуметтік нысандарға, барлық дүкен сөрелеріне түсе бастайды. Енді Күршім тұрғындары Өскеменнен келетін бағасы 400-500 теңге шамасындағы сүт өнімдерін емес, өздерінде шығатын бағасы 220-250 теңгелік сүт өнімдерін сатып алатын болады. «Біздің сүт өнімдері табиғи, ешқандай қоспасыз, майлылығы 2,5, 3,2 %. Әзірге сатылымға шыққан жоқ, құжаттар дайындалып жатыр», – дейді Бақытжан Баймұхамбетов.

Шаруа қожалығы 2 жыл бұрын шұжық, бұқтырылған ет шығаратын цех ашыпты. Мұнда күніне 250 келі шұжық пен 4800 дана консерві жасалады екен. «Ешқандай қоспасыз, таза еттен жасаймыз. Шұжығымыз халал. Дүкендерде саудаланатын тауарларға қарағанда әлдеқайда арзан. Бір келісі 1200 теңге айналасында. Мемлекеттің қолдауымен кәсіпорынды толық жаңғыртуға мүмкіндік алдық, заманауи жаңа құрылғылармен толықтырып, қолда бар жабдықтарды жетілдірдік», – дейді аталған цех жетекшісі Ерасыл Баймұхамбетов.

Жуықта Сарыөлең ауылындағы «Тіршілік» шаруа қожалығының иесі Бақытжан Мяселев 50 орындық тауарлы-сүт фермасын ашыпты. Былтыр «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 25 милион теңге несие алып, оған өз қаражатын қосып, Ресейден асыл тұқымды 42 симментал сиырын сатып әкелген азамат алдағы уақытта сүт өңдеу зауытын ашқысы келетінін айтады.

1000 басқа арналған мал бордақылайтын 2 кешен салынды

Күршім ауданының әкімі Дулат Қажанов былтыр қараша айында бізге берген шағын сұхбатында: «Жоспар көп. Маңайдағы мектептерді таза, экологиялық өнімдермен қамтамасыз ету үшін сүт тауарлы фермаларын ашып, жанынан шағын цехтар құрып, пастерленген сүт, май, ірімшік шығарсақ па дейміз. Кооператив жұмыстарын жандандыру да ойымызда бар. Жасыратыны жоқ, қазір ешкім мал баққысы келмейді, қоя береді. Біз тұрғындарға: «Кооператив ашамыз, малдың бәрін сонда қосасыздар. Сүтті сауасыздар, кооператив төрағасына өткізесіздер. Ақшаларыңызды күнделікті төлеп отырады» деп түсіндіріп жатырмыз. Негізі ауданның барлық ауылдық округтерінде кооперативтер ашылған. Бірақ жұмыстары дұрыс жүрмей тұр. Келесі жылы Абай мен Бурабай ауылдарында мың басқа арналған екі мал бордақылау алаңын ашуды жоспарлап отырмыз. Дұрыс, тиімді пайдаланбайтын жерлерді мемлекетке қайтарып, ол жерлерді сүт тауарлы фермаларын ашуға, бордақылау алаңдарын салуға берсек дейміз» деп жоспар-жобаларымен бөліскен еді. Жарты жылдың көлемінде ойға алған істер ақырындап жүзеге аса бастаған секілді. Дулат Қажановтың айтуынша, Күршім ауданында соңғы 30 жылда сүт өндіру және өңдеу ісі жүргізілмеген екен. «Бұл жұмыс ауданымызда қазір жолға қойылуда. 100 және 50 басқа арналған 3 сүт тауарлы ферма жұмысын бастады. Екі сүт қабылдау пункті ашылды. Шикізат Қаратоғай ауылындағы сүт өңдеу зауытында өңделеді. Алдағы уақытта тұрғындардан сүт қабылдау жоспарда бар. Ауылдағы ағайын сүт сату арқылы қосымша табыс көзіне кенеледі. Сондай-ақ, ауданымызда 1000 басқа арналған асыл тұқымды мал бордақылайтын 2 кешен салынды. Кешен толығымен автоматтандырылған. Малдың жем-шөбін беруді қоса алғанда, оны сою да автоматты түрде жүргізілмек. Оған Күршім, Қаратоғай, Абай ауылдарының 26 қожалығы мал басын біріктіреді.Осы және өзге де ауқымды шаралар арқылы қосымша жұмыс орындары ашылуда. Ауданымызды гүлдендіру мақсатында іскер азаматтармен тізе қосып жұмысты одан әрі жалғастыратын боламыз. Аудан тұрғындарын өзімізде өндірілетін табиғи таза өнімдерді тұтынуға шақырамын. Жақында өз өнімімізді дүкен сөресінен көре аласыздар. Бағасы да сырттан келетін тауарлардан әлдеқайда арзан», – дейді аудан әкімі.

Шығыс Қазақстан облысы,

Күршім ауданы