• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Ақпан, 2013

Трансплантация: Донорды қайдан табамыз?

925 рет
көрсетілді

Трансплантация: Донорды қайдан табамыз?

Сенбі, 16 ақпан 2013 7:29

Әсияның жылай-жылай бет-аузы ісіп кетті. Әр нәрсені бір сандырақтап, бір кезде меңіреу адамдай сұлқ түсіп жатып қалды. Бұғана тамырларында тұрған катетерлер жанына батып, солқылдатып ауыртып барады. Басқа балалар сияқты емін-еркін құлдыраңдап ойнамаған, айлап-жылдап ауруханада жататын ол биыл он беске ілігіпті. Бірнеше жыл созылмалы бүйрек жетіспеушілігімен зардап шегуші қыз күнара «жасанды бүйрек» аппаратына тәуелді. Жасөспірімнің сырт келбеті жеті-сегіз жас шамасындағы баланыкіндей.

Сенбі, 16 ақпан 2013 7:29

Әсияның жылай-жылай бет-аузы ісіп кетті. Әр нәрсені бір сандырақтап, бір кезде меңіреу адамдай сұлқ түсіп жатып қалды. Бұғана тамырларында тұрған катетерлер жанына батып, солқылдатып ауыртып барады. Басқа балалар сияқты емін-еркін құлдыраңдап ойнамаған, айлап-жылдап ауруханада жататын ол биыл он беске ілігіпті. Бірнеше жыл созылмалы бүйрек жетіспеушілігімен зардап шегуші қыз күнара «жасанды бүйрек» аппаратына тәуелді. Жасөспірімнің сырт келбеті жеті-сегіз жас шамасындағы баланыкіндей. Көбінде әлсіздік басып, беті-қолы, аяқтары ісіп, басы ауырып, ештеңеге зауқы соқпай тұрады. Сосын, меңіреу адамдай сұлқ түсіп жатысы осы. Жансызданып қалған қос бүйрегін ота арқылы жаңа бүйрекке ауыстырсам, дені сау адамдар сияқты өмір сүрсем деп армандайды…

Бүгіннің бір уайымы – адам ағзасын алмастыру мәселесі екені даусыз. Диагнос­тиканың дамыған кезеңінде әр науқастың ағзасына қатысты шындық дәл анықталып, оған қоса емі де айтылуда. Соңғы жылдары «созылмалы бүйрек жетіспеушілігі», «жүрек жетіспеушілігі», т.б. сырқат түрлері ешқайсымызға да таңсық емес. Осы жағдайда ауру ағзаның алмастырылуы тиіс екендігінен де хабарымыз бар. Ресми дерек көздері елімізде 3 мың адамның бүйрегі, 1 мың 146 адамның жүрегі, 1 мың адамның бауыры, 233 жанның ұйқы безі, 235 жанның өкпесі ауыстырылуы қажет дегенді алға тартады. Бұл денсаулық сақтау мекемелерінде кезекке тұрған сырқаттардың саны. Кезектің сыртында қаншама науқастың тағдыры қыл үстінде екенін ешкім де нақты айта алмайды. Бір анығы – бұлардың бәріне органдар трансплантациясы қажет. Оны кімдерден алады, енді, бұл мәселенің екінші жағы.

Өткен жылы елімізде алпыстан аса трансплантация жасалды. Көбі бүйрекке жасалғаны да белгілі. Балаларына, ет жақынына бір бүйрегін берген донорлардың саны елуден асып жығылды. Ал, жүрегін ауыстырған Жәнібек қазақ медицина тарихындағы алғашқы адам. Ол туралы кезінде бүкіл ақпарат құралдары жан-жақты мәлімет берген болатын. Бүгінде Жәнібек ағзалар мен тіндер трансплантациясына мұқтаж пациенттер құрған «Нұрлы қоғам» республикалық қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесі. Біз трансплантация, яғни ағзаны ауыстыру мәселесі бойынша жан-жақты ақпарат алу үшін Ұлттық медициналық холдингке қарасты Трансплантация бойынша үйлестіру бюросының бастығы Қарашаш Абауова мен «Нұрлы қоғам» бірлестігінің төрайымы Сәуле Шайсұлтановамен әңгімелесіп, көп жайға қанық болдық.

Трансплантация дегеніміз – бір адамның ағзасын (оның ішінде бауыр, жүрек, өкпе, бүйрек, т.б.) немесе денесінің бір бөлігінің тіндерін келесі бір адамға салу. Медицинада беруші адамды донор дейді де, алушыны, яғни науқасты реципиент деп атайды. Жалпы, Қазақстанда ағза ауыстыру оталары 30 жылдан астам мерзім бойы жасалып жатқанын айтуымыз керек. Оның ішінде бір бүйрегін, бауырының шамалы бір бөлігін беріп, өзгеге ғұмыр сыйлаған жандар арамызда жүр. Сол сияқты, сырқаттарға аса қажет органдарды қайтыс болған адамдардан да алуға болады. Бұл жайында Трансплантация бойынша үйлестіру бюросының бастығы Қарашаш Абауова: «Қазақстанда ағзалар донорлығын және трансплантологияны дамыту мақсатында Ұлттық медициналық холдинг орталықтарында бірталай күрделі шаралар атқарылуда. Халыққа жоғары мамандандырылған трансплантациялық көмек республикалық бюджет қаржысы есебінен тегін көрсетілуде. Сонымен қатар, трансплантология медицинаның ешбір жүйесіне ұқсамайды, себебі, ағза ауыстыру операциялары азаматтардың медициналық қызметкерлермен бірігіп, шараға белсенді қатысуына байланысты халыққа қолжетімді болады. Біздің елімізде «әлеуетті донордың» туыстары транспланттау үшін марқұмның дене мүшелерін алуға көп жағдайда әлі де түрлі себептермен келісім бермейді. Тіпті, оған дайын емес. Сондықтан, шетелдік тәжірибеге сүйеніп, адам ағзасының трансплантациясына қатысты әңгіме айтылғанда (қайтыс болғаннан кейінгі), әр адам өз пікірін тірі кезінде білдіру керек», дейді.

Елімізде 2009 жылы қабылданған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте трансплантация туралы нормалар бар екенін екінің бірі білмеуі мүмкін. Кодекстің 169-бабында «Егер алу кезінде денсаулық сақтау ұйымына осы адамның тірі кезінде не оның жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының немесе заңды өкілдерінің ол өлгеннен кейін оның тіндерін және ағзаларын транспланттау үшін алуға келіспейтінін мәлімдегені туралы хабар­­ланған болса, мәйіттен тіндерді және ағзаларды алуға жол берілмейді», деп жазылған. Адам тірі кезінде ағзасын алу-алмау туралы «үндемеген» болса, яки ту­ған-туыстары да ешнәрсе айтпаған жағдайда, онда «келісім беру презумпциясына» негізделген осы бап бойынша мәйіттен ағзаларды алуға болады. Бұл заңға қайшы емес. Осы орайда Қ.Абауова өткен жылдың соңында Үкіметтің «Ағзалық трансплантологияны дамыту саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу үшін ведомствоаралық жұмыс тобын құру» туралы өкіміне сәйкес жұмыс тобы құрылып, қазіргі кезде бұл шаруаның қарқынды жүріп жатқанын айтты. Амандық болса, осы жылы заңдарға және нормативтік құқықтық актілеріне трансплантацияға және ағза донорлығына қатысты нормалар енгізілмек.

«Біздің денеміз тірі кезімізде өзімізге тиесілі болғандықтан, ағзаларымызды біреуге беру, не бермеу туралы мәселені өзі­міз шешкеніміз дұрыс деп ойлаймын. Бұл мәлімет арнайы мемлекеттік ақпараттық жүйеде сақталуға тиіс. Ол жүйеге арнайы мамандардың кіруіне рұқсат болуы керек. Сонымен қатар, ағзалар трансплантациясын қажет ететін науқастардың бірегей республикалық ақпараттық тізімін құрастыру қажет. Бұл да үлкен мәселе. Мысалы, қазіргі кезеңде елімізде трансплантация жеті клиникада жасалады. Әрбір клиника ағзалар трансплантация­сын қажет ететін науқастардың тізімін жеке құрастырған. Науқастардың бәрін бір жерге, яғни бір жүйеге тіркеу, олардың жай-күйін әрдайым бақылап отыруға қол жеткізу үлкен жетістік болар еді. Ондай жағдайда донорлар мен реципиенттердің қан тобын, салмағын, тіндерін, т.б. сәйкестігін тез арада салыстырып отыру оңай жүзеге асырылады. Осы мәселелерді Ұлттық ғылыми медициналық орталық жанында құрылып жатқан трансплантация бойынша республикалық үйлестіру орталығы нақты шешеді деп сенеміз», дейді Қарашаш ханым.

Қоғам Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстары бойынша донорлық ағзалармен өз-өзін қамтуы тиіс. «Нұрлы қоғам» бірлестігінің төрайымы Сәуле Талғатқызының айтуынша, донорлық органдар жетіспеушілігі қайда болмасын бар. Ол дамыған мемлекеттерге де тән. Ағза ауыстыру оталары ең алдымен мемлекет тұрғындарына, яғни өз науқастарына жасалады. Содан кейін барып өзгелердің жайы ойластырылады. Содан да шет мемлекеттерде трансплантация жасатуға кезекте тұрған біздің жерлестеріміз өз кезегін жылдап күтеді. Қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігінің шетелдерге жіберу тізімінде 100-ден астам науқастар кезекте тұр. Олардың ең кішкентайы екі жаста. Егер қоғамның әр мүшесі осы жандардың тағдырына бей-жай қарамаса әрі дәл осындай жағдай менің не туыстарымның басында болуы мүмкін-ау деп ойлай алатын болса, тірісінде донорлыққа келісім беруі мүмкін деп есептейді «Нұрлы қоғамның» төрайымы.

Медицинада «әлеуетті донор» деген түсінік бар. «Ми өлімі» жағдайындағы науқас қана «әлеуетті донор» саналады. Жүрек жұмыс істеп тұрғанда және өкпені ықтиярсыз желдету кезінде тіркелетін мидың барлық қызметінің толық және біржола тоқтауы адам өлді дегенді білдіреді.

Мамандардың айтуынша, клиника­­лық белгілерге сәйкес ми өлімін рас­тау туралы қорытындыны арнайы дәрігер­лер­ден құралған комиссия зерттеулер (электроэнцефалография, ангиография) жүр­гізу­ арқылы қабылдайды.

Осы жерде «ми өлімі» түсінігіне тоқтала кетсек дейміз. Бұл түсінікті 1959 жылы француз невропотологтары енгізген. 1966 жылы Рим папасы Пий ХІІ өлімді жанның тәннен бөлінуі деп анықтады. Сондай-ақ, «ми өлімі» диагнозы трансплантацияға қатысы жоқ, диагностикалық тәуелсіз процедура екенін де атап өтсек дейміз. Соған сәйкес диагноз да қойылады. Бұл диагноз қойылғаннан кейін реанимациялық бүкіл іс-шаралар тоқтатылады. Ал, донор болатын адамдардың жүрек, бауыр, өзге де мүшелері тиісті аппараттармен сүйемелденіп, қан айналымы реттеліп тұрады екен. Оның да өз белгілі уақыты бар. Осы мерзімде әлгі мүшелер басқа науқасқа салынуға тиіс. Мамандар бір «әлеуетті донордың» кем де­генде төрт адамның өмірін ұзартуға сеп­тігі тиетінін айтады. Сондай-ақ, 60 жас­тан асқан кісілердің донор бола алмайтыны тағы белгілі болды. Өйткені, ағзалар қартаяды! Ол түгілі 40-тан асар-аспас жасында ішкі органдары жарамсыз болып қа­латын кісілер де баршылық екен. Яғни кез келген жұмыр басты пенде донор бола алмайды.

«Доно» – латын тілінен аударғанда «сый­лаймын, құрбан етемін» деген мағы­наны білдіреді. Донор болу аса қайырымды адамдардың қолынан келеді деп ойлаймын. Ол үшін адамның сана-сезімі жетіліп, түсінігі өзгеру керек. Алдымен, өзімізден бастауымыз керек. Қазіргі кезеңде Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықта тез арада жүрек трансплантациясын қажет ететін 20-30 жас аралығындағы 5 науқас тіркелген. Сондай-ақ, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының диализ бөлімшесінде бүйрек трансплантациясын қажет ететін 21 бала тіркеулі. Олардың барлығы ауруханада айлар, жылдар бойы жасанды бүйрек аппараттарына байланып өмір сүруге мәжбүр. Бұл балалардың рухани дамуы қалыпты болғанымен, физикалық дамуы өздерінің қатарларымен салыстырғанда өте төмен», дейді сұхбаттастарым.

Енді еліміздегі жағдайға сырт көзбен қарайтын болсақ, орган донорлығы дамуы үшін мемлекет тарапынан қажетті алғышарттардың бәрі жасалған деуге болады. Осы мәселе бойынша медициналық мамандарды дамыған шетелдерде оқыту, олардың тәжірибесімен бөлісу жолға қо­йылған. Трансплантация бойынша қа­жетті нормативтік құқықтық база дайын­далған. Клиникалық орталықтар қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамта­масыз етілген. Бірақ, біздің қоғам, оның ішінде біз толық дайын емеспіз. Біз донор болу арқылы қаншама адамдарды құтқаруға болатынын әлі де түсіне алмай келеміз. Трансплантация адам өмірін ұзартады, сырқатқа дертінен айығып, толыққанды өмір сүру қуанышын сыйлайды. Қанша миллион адам болса, сонша миллион ой-пікірдің болатынын да білеміз. Бірақ, ерте ме, кеш пе біздің әрқайсымыз орган донорлығы мәселесіне «иә» немесе «жоқ» дегенді айтарымыз шүбәсіз. Осындайда Мұқағалидың өлеңі ойға оралады екен. Ол трансплантация өзекті мәселелердің қатарында болмаған, тіпті ол жайында айтылмаған қоғамда өмір сүрді. Сондықтан, оның айтып отырғаны қан беру турасындағы донорлық. Сонымен,

«Мен – донормын.

Шипа болар қаным бар.

Қабылдаңдар, алыңдар.

Менің жылы қанымның

Қасиетін таныңдар.

Жоқ!

Ақшаға сатпаймын!

Аурулар алдында,

Борышымды ақтаймын.

Өмір беріп өзгеге,

Өмірімді сақтаймын!» – дейді ақын. Ал, біздің қоғамда өмір сүрсе не айтар еді? Біз ше? «Иә» немесе «жоқты» таңдар сәтте қайтер екенбіз?

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан».