Жиында Нұр-Сұлтан қаласынан келген өкіл сайлау заңнамасындағы өзгерістермен, сайлау науқанының негізгі кезеңдерімен, кандидаттардың сайлау алдындағы үгітті жүзеге асыру шарттарымен таныстырды. Әрі, сайлау комиссияларының сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі өкілеттіктерімен, аумақтық сайлау комиссияларын және жергілікті атқарушы органдардың мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін айтып берді.
«Учаскелік сайлау комиссиялары жұмысын бастады. Біз осы дайындық жұмыстарын пысықтап алуымыз керек. Сайлау туралы заңға өзгерістер еніп отыр. Биылғы ұйымдастыру науқанында бірқатар жаңашылдықтар бар. Енді сайлау комиссиясының мүшелері жұмысты жүйелі ұйымдастыру керек», деді Ләззат Жаңылысқызы.
Алқалы жиында Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов биылғы сайлау науқаны кезінде тұрғындар сайлау учаскелерін адаспай табуы үшін аталған орындарды 2ГИС электронды картасына енгізіп жатқандығын жеткізді. Сондай-ақ сайлаушылардың тізімдерін жасау, сайлау учаскелерін материалдық-техникалық жарақтандыру бойынша, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайларын қамтамасыз ету бойынша қабылданған іс-шаралар туралы баяндады.
«Қалада 260 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның ішінде 25 учаске жаңадан құрылып отыр. Бекітілген күнтізбеге сәйкес, дайындық жұмыстары жүргізілуде. Шымкентте 568 794 сайлаушы бар. Қала әкімдігі тарапынан сайлауды ұйымдастырудағы цифрлы технологияларды қолдану, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлауға белсене қатысуына барлық жағдай қарастырылуда», деді аппарат басшысы.
Семинарда қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Ерлан Дауылбаев сайлау науқанын өткізу жағдайы, сайлау учаскелерінің дауыс беру күніне дайындығы туралы хабардар етті. Бұл реткі семинарға аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері, электораттық оқытудың сертификатталған тренерлері, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы филиалының өкілдері мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. ШЫМКЕНТ