Президенттіктен үміткер тұңғыш әйелдің сайлауалды штаб мүшелері зауыт жұмысшыларына Д.Еспаеваның отандық кәсіпорындарды қолдауға бағытталған ұсыныстарын жеткізді. Өнеркәсіп мамандары баспанамен қамтамасыз ету және зейнет жасына қатысты сұрақтарын қойды. Сондай-ақ жиналғандарды Қазақстандағы жемқорлыққа қарсы күрес шаралары да қызықтырды.
Кездесу барысында үміткердің қазақстандық кәсіпорындарға арналған салық төлемі жүйесі және қаржыландыруға байланысты бастамалары сөз болды. «Маңызды қолдау шараларының бірі – отандық өнеркәсіп орындарына жеңілдіктер қарастыру. Еуразиялық экономикалық аймақ шеңберінде көптеген мемлекеттік тапсырыс пен тендерлерді шетелдіктер алып жатыр. Шетелдік мұнай пайдаланушыларын отандық өндірушілердің тауары мен қызметін пайдалануға міндеттеу керек. Біздің үміткер Д.Еспаева «Мемлекеттік тапсырыстар туралы» Заңға, «Самұрық-Қазына» АҚ және тағы басқа ұлттық компаниялардағы тапсырыс туралы ережеге «отандық өндіруші», «қазақстандық тауар» секілді ұғымдарды қайта енгізу қажет деп санайды», деді А.Перуашев.
Ақмола вагон жөндеу зауыты 1941 жылы құрылған. Мұнда жылына үш мыңдай вагон жөнделеді. Бүгінде зауытта 400-дей адам еңбек етеді. Жалпы, Қазақстанда жиырма шақты осындай зауыт бар. «Ақ жол» партиясының сайлауалды үгіт-насихат науқаны жалғасын тауып, еліміздегі ірі өнеркәсіптерде кездесулер өткізеді. * * *«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан президенттікке кандидат Төлеутай Рақымбеков Шығыс Қазақстан облысын аралап жүр. Ол бұл сапарының мақсаты ауыл шаруашылығы мәселелерімен жақыннан танысып, тұрғындардың сұрақтарына тікелей жауап беру екенін айтты.
Кандидат алдымен тауарлы сүт фермасына барды. Фермада 3 мың бас мал бар. Оның ішінде шамамен жартысы – сауын сиыр. «Жылына орташа есеппен алғанда 1 сиырдан сауылған сүт 8 мың метрден асады. Бұл – Қазақстандағы орташа көрсеткіштен 3 есе көп. Егер еліміз көлемінде мұны 3 есеге арттырса, бүгінгі таңда 6 млн тоннаға қосымша 12 млн тонна өнім шығарып, дайын өнімді экспортқа жіберер едік», деді Т.Рақымбеков.
Шығыстағы шаруа қожалығының табысқа жетуінің бір сыры – ғылыми-зерттеу орталығының қызметі. Отандық жас ғалымдар Украинадан шақырылған ғылым докторлары мен ғылым кандидаттарының басшылығымен дәнді және майлы дақылдардың, оның ішінде соя сортының селекциясымен айналысады. Кандидатты жергілікті ШҚМУ түлектерінің шаруашылықта жұмыс істеп жатқандары қуантты. Оның айтуынша, студенттердің университетті бітіргеннен кейін жұмыс іздеп ауылға келуге ниет білдіргені – өте құптарлық бастама.
«Шаруа қожалығы тек 2018 жылдың өзінде ғылымға 385 млн теңге салыпты, ал бюджеттің үлесі – 15 млн теңге. Міне, ғылымның, білімнің және агроөндірістің тығыз интеграциясының жарқын мысалы. Және ғылыми зерттеулерге жеке инвестиция салудың пайдалы екендігінің нақты көрінісі. Әрбір ауылда осылай болуы керек. Сол кезде ауыл тұрғындарының болашаққа деген құлшынысы артады. Мен, президенттіктен үміткер тұлға ретінде оған қалай қол жеткізуге болатынын анық білемін», деді Т.Рақымбеков.
* * *Кәсіподақтар федерациясынан президенттікке кандидат Аманкелді Таспиховтың сенім білдірілген адамдары үгіт-насихат жұмыстарының аясында Батыс Қазақстан облысындағы Сырым аудандық білім беру бөлімі ғимаратында «Кәсіподақ ұйымы және оның қоғамдық бақылауды жүзеге асырудың рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел жиынын өткізді. Отырысқа облыстық білім беру қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы М.Даупаев және өңірлік штаб өкілдері Г.Құрманғазиева мен Г.Хаирлиева қатысты. Алдымен сөз бастаған М.Даупаев кандидат А.Таспиховтың сайлауалды тұғырнамасында көрсетілген еңбек адамына жан-жақты қолдау көрсету, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау туралы айтып берді. Сырым ауданы білім саласының кәсіподақ мүшелері ұйымның жұмыс барысы, «Еңбек шартын жаса!» акциясының жүргізілуі жөніндегі қазіргі мәселелерді мәлімдеп, соңында сайлауға белсенді қатысатындарын, үміткерді қолдайтындарын жеткізді.
Сонымен қатар бұл өңірде облыстық штаб белсенділері Бәйтерек және Теректі аудандарына автокеруен ұйымдастырды. Жастар ауылдарды аралап, ақпараттық тақталарға президенттіктен үміткер А.Таспиховтың үгіт-насихат материалдарын орналастырды.
Ал кандидаттың Ақтөбе облысындағы қоғамдық штабы жұмыстарын тарихи-өлкетану музейінде жалғастырды. Қазақстандық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының төрағасы С.Иманқұлова бастаған топ жәдігерлер ғимаратына экскурсия жасап, музей ұжымына сайлауалды тұғырнаманың басым бағыттарын таныстырды. Кездесу соңында музей директорының орынбасары А.Ержанов пен сол мекемедегі кәсіподақ төрайымы А.Сарыбай Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. * * * Қазақстан Коммунистік халық партиясы ұсынған президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбековтің Шымкент қаласындағы сайлауалды қоғамдық штабының өкілдері белсенді жастармен кездесті. Индустриялық-техникалық колледжде өткен жиында қалалық штаб жетекшісі Н.Қадырқұлов студенттерге партия кандидатының бағдарламасын егжей-тегжейлі түсіндірді. Ол маркстік-лениндік ұстанымдардың маңыздылығына тоқталып, коммунистік тәрбиенің негізгі тетіктерін атап өтті. Сондай-ақ бүгінгі таңда жастардың мемлекеттің тағдырына алаңдаушылығы бәсең екенін, олардың түрлі оқиғаларға бейжай қарауы белең алып бара жатқанын көлденең тартты.Жиында насихатшы топ қазіргі жастардың тәрбиесіне де тоқталып, тек қомақты табысқа ғана ұмтылыс жастарды құлақкесті құлға айналдырып жатқанына назар аударды. Интернеттің белгілі бір контенті жастар арасында осындай олқылықтың орын алуына себеп болатынын атап өтті.
«Жоғары оқу орындарының түлектерінің дипломдары көбіне еңбек нарығында кәдеге жарамай, жұмыссыздық мәселесі туындап отыр. Бұл мәселелерді шешу үшін жаңа тәсіл қажет, қоғамның заманауи талаптарына сүйену керек. Жастардың өзін өзі танытуына мүмкіндік ұсыну – Коммунистік халық партиясының басты басымдықтарының бірі. Сол үшін кандидат Ж.Ахметбеков өзінің сайлауалды бағдарламасында жастар үшін алғашқы кепілденген жұмыс орнын енгізуді талап ететінін көрсетті. Біз, Қазақстан коммунистері, ортақ іс үшін жұмыс істейміз! Біздің сеніміміз бірлік, мейірім және өсіп-өркендеу сияқты баршаға түсінікті ұғымдар аясында нығаяды», деді қалалық штаб жетекшісі.
Ортада көтерілген тақырыптар жастардың көңілінен шықты. Олар саламатты өмір салтын қалыптастыру, шәкіртақының көлемін ұлғайту, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру турасында сұрақтарын қойды. * * * Nur Otan партиясынан президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдауға арналған іс-шаралар Қызылжар өңірінде де белсенді ұйымдастырылуда. Соның бірі этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен Достық үйінде өткен «Бейбітшілік, бірлік, келісім – рухани жаңғырудың негізі» атты жиын болды.«Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдары берік орнықтырған, қамтамасыз еткен тарихи сабақтастықтарды одан әрі жалғастыру мемлекетіміздің іргетасын, ұстанған саяси бағытын баянды ете түседі. Нұротандықтар таңдаудан қателеспеді, Қ.Тоқаевқа зор сенім білдіріп отыр. Ол заңды да. Өйткені қазақстандықтар оның басшылық лауазымдарда мол тәжірибе жинақтағанын, қиындықтарды еңсере білетін зор талантты ұйымдастырушылық қарым-қабілетке ие екенін жақсы біледі. Осы себепті Елбасымыздың сара саясатын, жарқын жолын жалғастырарына, ұлтаралық келісім қағидаттарын көздің қарашығындай сақтарына кәміл сенеді», деді алқалы басқосуда Urpaq қазақ мәдени-ағарту орталығының төрайымы Гүлбақша Мұсабаева.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Фанис Литфуллин өз сөзінде бүгінгі таңда қоғамдық қауіпсіздік, тиімді мемлекеттік басқару, жемқорлықты түп-тамырымен жою, әлеуметтік қорғаудың тиімді жүйесін қалыптастыру аса өзекті жайт екеніне назар аударды. Ол барша солтүстікқазақстандықтарды Қ.Тоқаевтың кандидатурасын қолдауға, сайлау учаскелеріне бір кісідей келуге шақырды. Сонымен қатар Еврей мәдени ұйымының жетекшісі Рашбиль Евдаев, «Радзіма» белорус орталығының төрайымы Мария Татаренко, облыстық славян мәдени бірлестігінің басшысы Раиса Полищук, тағы басқалары республикалық саяси ұйым атынан ұсынылып отырған президенттікке кандидат еліміздің әр азаматына тең мүмкіндік туғызатын әділетті, дамыған қоғам құрарына үлкен сенім білдірді.
* * * «Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысынан президенттікке кандидат болып тіркелген Әміржан Қосанов кеше Қостанай өңіріне табан тіреп, облыстық сайлауалды штабының белсенділерімен кездесті. Іс-шарада кандидат сайлауалды тұғырнамасының басым бағыттарын нақтылап, түрлі өзекті қоғамдық мәселелерге қатысты өз ұстанымын кеңінен түсіндіріп берді. Штаб мүшелері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, өңірлік жұмыс жөнінде баяндады. Бұған қоса штабтың конференц-залында қала тұрғындарымен де кездесу өтті. Жиналған халық Ә.Қосановтың алдағы жоспарларын өз аузынан естіп, бастамаларына қолдау көрсетті.Сонымен қатар кандидат өзінің сенім білдірілген адамдарымен бірге «Заречное ауылшаруашылық тәжірибе стансасы» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Мекеме бидай, рапс, сұлы, арпа және басқа да дәнді дақылдардың құнды тұқымдарын өсірумен айналысады. Кәсіпорын қызметкерлеріне Ә.Қосанов сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттары туралы айтып берді. Жиналған қауым сайлаудағы байқаушылар тақырыбы бойынша сұрақ қойып, біраз мәліметке қанықты. Сондай-ақ түрлі қоғамдық мәселелер талқыланып, сайлаушылар өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Ал кандидаттың Қарағанды облыстық штабының үгіт-насихат тобы Кеншілер мәдениет сарайы алдында флешмоб өткізді. Онда белсенді парақшаларды, үгіт материалдарын таратып, сол маңнан өткен шаһар халқының сұрақтарына жауап қайтарып, сайлау туралы мәлімет берді. Сонымен қатар облыстық штаб орналасқан ғимаратта азаматтарды қабылдау күні өтті. Тұрғындар кандидаттың сайлауалды тұғырнамасында көрініс тапқан бағыттарға қызығушылық танытып, сұрақтарына жауап алды. Және бұл құжатты толықтыра түсу үшін өздерінің ұсыныстарын да білдірді.
* * * «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысы ұсынған президенттікке кандидат Сәдібек Түгелдің сенім білдірілген адамдары өңірлерде үгіт-насихат жұмыстарын қарқынды жүргізе бастады. Саяси науқанды тек қазақ тілінде өткізіп жүрген ұлтжанды азаматтың сайлауалды бағдарламасы Жамбыл облысында жалғасын тапты. Жамбыл облыстық қоғамдық штабының өкілдері Тараз қаласынан бастап Т.Рысқұлов, Меркі, Сарысу, Талас, Байзақ және Жуалы аудандарына барып, тұрғындармен кездесті. Жергілікті халыққа С.Түгелдің сайлауалды тұғырнамасы кеңінен түсіндірілді.Сондай-ақ насихатшылар Қордай ауданында болып, тұрғындардың үніне құлақ түріп, сайлауалды бағдарламасымен жіті таныстырды. «Әрбір азамат ана тілі мен ділін, дінін, оның түп-тамыры мен тарихын, мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін және рухани-мәдени мұраларын, сондай-ақ ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларды біліп әрі қастерлеп өсуі қажет. Себебі біз жастарымызды қалай тәрбиелесек, болашағымыз да сондай болады. Сондықтан ұлттық салт-дәстүрді мектеп табалдырығынан бастап жастардың бойына сіңіру керек», деді С.Түгелдің сенім білдірілген адамдары.
Ал кандидаттың өзі үгіт-насихат жұмыстарының аясында ұйымдастырылған Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жерұйық» саябағында өткен концертке қатысты. С.Түгел концерт барысында сөз алып, кезінде аталған саябақтың атын қоярда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Жерұйық» атауын ұсынғанын айтты. Сондықтан бұл жерде өткен іс-шара ерекше мәнге ие болды. Концертте мәдениет қайраткері Қайрат Ахметов және танымал әнші, Польшаның мәдениет қайраткері Бибігүл Искакова туған жер туралы патриоттық әндер шырқады. Сонымен қатар белгілі иллюзионист Кәрім Мұтырғанов, елордадағы Каратэ федерациясының спортшылары өнер көрсетті.
Дайындағандар
Өмір ЕСҚАЛИ,
Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
«Egemen Qazaqstan»