Мысыр елінің ғалымдары өткен жылы жақсы жаңалық ашты. Бұның ашылуына қасиетті кітап Құранның «Нақыл» сүресінің 68-ші аятында айтылғандай «Араның қарындарынан түрлі-түсті сұйықтық шығады. Онда адамдар үшін шипа бар...» деген илаһи үкім себеп болды депті мысырлық оқымысты Әл-Азхар университетінің профессоры Ато ас-Сынбати. Жоғарыдағы аят жайлы «Тафсир Муяссар» атты кітапта «Араның қарындарынан шығатын түрлі-түсті сұйықтық дегеніміз – бал. Ол адамдар үшін дертке – шипа, тәнге – саулық» деп тәпсірлеген екен.
Сонымен бал арасының омартасын үзбей 30 жыл бақылап, аралардың жүріс-тұрыс, қимыл-қозғалысын зерттеген ғалымдар мынаны анықтаған: омартадан ұшып шығып, бал жинауға аттанған жұмысшы ара кейбір жағдайда уақыты өткендіктен шырыны ашыған өсімдікке кездесіп қалады да, нәрлі бөлігі быжығандықтан пайда болатын этанол (ethanol) сияқты масайтатын есірткі затына тұмсығын батырады. Сөйтіп өзі мас болып қалады. Онымен қоймай масайтқыш затты омартаға алып келеді. Себебі масайған ара ғалымдар анықтағандай, 48 сағатқа дейін толық айықпайды екен.
Бір қызығы, зиянды зат әкелген араны күзетші аралар жабыла қуалап омартаға жолатпайды. Бір жағынан ана мас неме де қақпаны бұзып кірмекке ентелейтін көрінеді. Мұндай сәтте арнайы дыбыстық дабыл қағылып, барлық күзетшілер мас араға жабылып, оны аямай соққыға жығады. Соққы алған араның омартада ешқандай беделі болмайды. Ызылдап жалғыз өзі ұшып жүреді.
Егер де әлгі ара мастығынан толық айықса, омартаға кіруіне рұқсат беріледі және оның бойында улы заттың әсері бар ма, жоқ па тексеріледі. Бұл жағдай тағы қайталанса, күзетшілер оның аяқтарын сындырып тастайды екен. «Мас ара әкелген есірткі омартадағы балды бұзып, оның улануына әкелетіндіктен, осылай қатаң жазалануда, яғни жоғарыда Құранда айтылған «адамдар үшін шипа бар» деген аят үкімі мүлтіксіз орындалуда» деген тұжырым жасапты мысырлық ғалымдар.