• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Мамыр, 2019

Қарағанды облысында көпбалалы отбасылар баспаналы болды

951 рет
көрсетілді

Жезқазған қаласында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қарағанды облыстық әкімдігі және «Қазақмыс Холдингі» ЖШС үшжақты меморандум келісіміне қол жеткізді. Министр Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі Ерлан Қошанов және аталған компания директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай қол қойған құжат бойынша алдағы уақытта өңірдегі көпбалалы 120 отбасы баспанаға иелік ететін болды.

Қол қою рәсімі кезінде облыс әкімі Е.Қошанов Елбасының «Әрбір қазақстандық отбасы жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижелерін күні ертеңгі болашақта емес, дәл бүгінгі уақытта сезінуі тиіс», деген сөзін алға тартты.

– Облыста 12 мыңнан астам көпбалалы отбасы тұрады. Біз олардың проблемаларын белсенді түрде шешуге кірістік. Бұл шаруадан біздің бизнес-қоғамдастықтарымыздың тыс қалмағаны қуантады. Әлеуметтік белсенді компаниялардың бірі –  «Қазақмыс» корпорациясы екенін баса айтқым келеді, – деді өңір басшысы. 

Меморандум жүктеген міндеттер бойынша, «Қазақмыс» компаниясы өзінің көпбалалы отбасы болып табылатын қызметкерлерін, сондай-ақ аз қамтылған еңбеккерлері мен жас мамандарын тұрғын үймен қамтамасыз ететін болды. Компания әлеуметтік жауапкершілік принципін қолдап, олар үшін 120 пәтер сатып алу міндетін жоспарлап отыр. Оның ішінде 46 отбасы баспанаға биыл ие болады. 

Айта кеткен жөн, «Қазақмыс» компаниясы - еліміз бойынша Елбасы мен Мемлекет басшысының көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына көмек қолын созу жөніндегі бастамасын алғашқылардың бірі болып қолдап, әлеуметтік жауапкершілік міндеттерін нақты орындауға белсенді түрде кіріскен кәсіпорын. Қазіргі таңда кәсіпорын өзінің қызметкерлеріне пәтерлер сатып алып қана қоймай, сонымен қатар көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға басқа да қажетті көмек түрлерін көрсетіп жатыр.

«Қазақмыс Холдингі» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай компания көрсетіп отырған әлеуметтік көмектің атаулы және жүйелі түрде болатынын жеткізді. Сонымен қатар, ол көпбалалы отбасыларға көмек көрсету – шешімі міндетті түрде табылуы тиіс басты проблема екенін айтты.

– Жаңа пәтерлерді тек Жезқазған қаласының тұрғындары ғана емес, сонымен қатар Сәтбаев, Балқаш қалалары мен басқа да елді мекендердегі біздің кәсіпорындарда жұмыс істейтін қызметкерлер де алатын болады. Сонымен қатар, біз қызметкерлеріміздің отбасыларына денсаулықтарын қалпына келтіруге, олардың білім алуына көмектесуді басты міндеттеріміздің бірі ретінде қарастырамыз, – деді Эдуард Огай.

Министр Бердібек Сапарбаев халықтың әлеуметтік осал топтарының мәселелері, әсіресе, көп балалы және аз қамтылған отбасыларды, жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету ісінде мемлекет пен бизнестің тізе қоса жұмыс істеуі керектігіне баса маңыз берді.

 – Тұңғыш Президентіміздің тапсырмасы бойынша министрлік бизнес-қоғамдастықпен және ірі кәсіпорындармен бірлесіп, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру бойынша жұмыс жүргізуде. 2018 жылы жалпы сомасы 90 млрд теңгеге 700-ден астам меморандум жасалды. Жалпы, соңғы 10 жылда бизнес-құрылымдар әлеуметтік жауапкершілік аясында әлеуметтік жобаларға, демеушілік пен қайырымдылыққа 300 млрд теңгеден астам қаржы бөлді, – деп атап өтті министр.

Меморандумға қол қойылғаннан кейін көпбалалы 10 отбасыға салтанатты түрде пәтер кілттері табыс етілді. Сол күні Бердібек Сапарбаев пен Ерлан Қошанов баспаналы болған Салтанат Нұрланованың үйіне барып, құтты болсын айтты. Шиеттей алты баламен жесір қалған Салтанат іші жиһазға толы, жөндеуден өткен төрт бөлмелі пәтерге ие болған екен.

– Бұған дейін біз пәтер жалдап тұруға мәжбүр болдық. Қолдағы ақшам тек екі бөлмелі пәтерге ғана жетті. Өзім кәсіпорында вахтер болып жұмыс істеймін, алты баланы жалғыз тәрбиелеп отырмын, оның төртеуі кәмелетке толмаған. Елбасының көпбалалы аналарға көмек көрсету туралы тапсырма бергені қандай жақсы болды. «Қазақмыс» компаниясына айтар алғысым шексіз, – дейді қуанышы қойнына сыймаған Салтанат ағынан жарылып.

Қарағанды облысында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек беру ісі алдағы уақытта да жалғасын табады. Жалпы, жыл соңына дейін өңірде осы санаттағы 560 отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарда бар.

 Қарағанды облысы