«Ақ жол» демократиялық партиясы ұсынған президенттікке кандидат Дания Еспаева сайлауалды науқан барысында Ақмола облысындағы Шортанды ауылына барды. Бұл іс-шараны ұйымдастыруға облыстық аймақтық штаб мұрындық болды. Оған республикалық штаб мүшелері Дмитрий Васильев, Меруерт Қазбекова және партияның аймақтық белсенділері қатысты.
Үгітшілер тобы алдымен А.Бараев атындағы Астық шаруашылығының ғылыми-өнеркәсіп орталығына соқты. Орталықтағы сұрыптау зерттеуі нәтижесінде бидай, арпа, тары және басқа да дақылдардың 60-қа жуық жаңа түрі шығарылды. Отандық сұрыптау сорттары күннен-күнге қолданыс аясын кеңейтіп келеді. Д.Еспаева орталықтың соңғы жетістіктерімен танысып, ғылыми жаңалықтарға қол жеткізу үшін ғалымдарға не қажет екенін сұрап білді.
Бұдан соң «Ақ жол» партиясының үміткері Шортанды ауданының бюджеттік қызметкерлерімен және кәсіпкерлерімен кездесті. Аудандағы 1300-дей адам шағын және орта бизнеспен айналысады. Олардың 40 пайызы – әйелдер. Ауданда қызмет көрсету саласы жақсы дамыған. Кандидат жиналған қауымға сайлауалды бағдарламасын таныстырып, экономиканың басым салалары үшін төмендетілген қосымша құн салығы мөлшерлемесін енгізу сияқты ұсыныстарын айтты.
«Дәл осындай елді мекендерде бизнесті көбіне әйелдер ашады. Нанды пісіретін кім? Шаштараз ашатын кім? Сұлулық салонын ашатын кім? Әрине, әйелдер. Мен үшін мына залда отырған әйелдер менің кандидатурамды оң қабылдағаны маңызды. Өзімді еліміздің басты лауазымына ұсыну арқылы өзім үшін ғана емес, барлық қазақстандық әйелдер үшін батыл қадам жасадым», деді Д.Еспаева.
* * *
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан президенттік сайлауға түсіп жатқан Төлеутай Рақымбековті Талдықорған жастары қолдады. Кандидаттың сайлауалды бағдарламасындағы «Жастар саясатын нықтап қолға алу керек. Әсіресе, білім беру, тұрғын үй, жұмысқа орналасу және тәлім-тәрбиеге қатысты мәселелерге бейжай қарауға болмайды» деп көрсетілген бағыттар Алматы облысында кеңінен талқыланды.
Президенттіктен үміткер Т.Рақымбеков бай рухани мұрамызды сақтап, оны жас ұрпақтың санасына сіңіру жолдарын ұсынды. Өйткені қазіргі жаһандану дәуірінде жас толқынның жат мәдениетке жұтылып кету қаупі бар деп санайды. Осы бағытты ашып көрсету үшін Талдықорған қаласының қақ төрінде арнайы флешмоб ұйымдастырылды. Жергілікті қыз-жігіттер ұлттық биімізді ерекше нақышта орындап шықты.
«Жастар саясатын бір жолға қою ұлттық құндылықтарды сақтаудан ғана тұрмайды. Оның ішінде білім алу, жұмысқа тұру және баспана мәселелері де шешімін табу керек. Соның арқасында ғана қазіргі жаппай урбанизацияны тоқтатуға болады. Әйтпесе, жоғары жалақы іздеген жастар ауылдарын тастап, ірі қалаларға қарай ағылып жатыр. Мұның арты ауылдың тұрмыс-тіршілігіне кері әсерін тигізері сөзсіз», деді Т.Рақымбеков. Акция аясында кандидаттың өңірлік штабының өкілдері сайлауалды бағдарламаны қала тұрғындарына таратып, оның негізгі бағыттарын түсіндірді.
Қазір үгіт-насихат науқанының нағыз қызған шағы. Президенттіктен үміткер Төлеутай Рақымбековті қолдауға арналған шаралар еліміздің барлық аймағында өтіп жатыр. Ал кандидаттың өзі алдағы аптада батыстағы өңірлерге барып, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізбек.
* * *
Кәсіподақтар федерациясынан президенттікке кандидат Аманкелді Таспиховтың республикалық қоғамдық штабы Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданындағы Тайпақ ауылының жұртшылығымен кездесті. Делегацияны штаб төрағасының орынбасары, Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының төрағасы Мирболат Жақыпов пен Қазақстан мұнай-газ кешенінің салалық кәсіподақ төрағасы Сұлтан Қалиев бастап барды.
Үгіт-насихат жұмыстары аясындағы бұл іс-шара Тайпақ ауылының Мәдениет үйінде өтті. Кездесуге ауыл тұрғындары, ақсақалдар, еңбек ардагерлері және кәсіподақ мүшелері қатысты. Республикалық қоғамдық штаб төрағасының орынбасары М.Жақыпов президенттіктен үміткер А.Таспиховтың өмір жолы туралы баяндап, оның азамат ретіндегі ұстанымдары мен көзқарастары кәсіподақтар атынан кандидат ретінде ұсынуға негіз болғанын атап өтті. Қазақстан мұнай-газ кешенінің салалық кәсіподақ төрағасы С.Қалиев кандидаттың еңбекті қорғау мен еңбек қауіпсіздігі, еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған сайлауалды тұғырнамасына толығырақ тоқталып, қатысушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді. Кездесу барысында кітапхана қызметкері С.Тілекеева қауіпсіз еңбек пен лайықты еңбекақыға қатысты ұсыныстарды қуана қолдайтынын жеткізіп, көпшілікті сайлауға қатысып, еңбек адамының өкілі А.Таспиховке дауыс беруге шақырды.
Сонымен қатар республикалық сайлауалды штаб өкілдері Атырау облысына атбасын бұрып, кандидат А.Таспиховты қолдау мақсатында медицина қызметкерлерінің күніне орай өткен дəрігерлер спартакиадасына қатысты.
1. 51 шет мемлекеттегі Қазақстан Республикасының өкілдіктері жанында 65 сайлау учаскесі құрылды. 2. Тізімдерге тиісті шет мемлекетте тұратын немесе ұзақ мерзімді шетелдік іссапарда жүрген және Қазақстан Республикасы азаматының жарамды паспорттары бар барлық азаматтар енгізіледі. 3. Шет мемлекеттерге жеке шақыру бойынша қызметтік, іскерлік және туристік сапарларға келген Қазақстан азаматтары учаскелік сайлау комиссиясына жүгінген кезде және оларда Қазақстан Республикасы азаматының жарамды паспорты болған кезде сайлаушылар тізіміне енгізіледі. 4. Шетелге шығатын азаматтар тіркеу орны бойынша учаскелік сайлау комиссиясынан есептен шығару куәлігін ала алады. 5. Тізімдер Қазақстан Республикасы өкілдіктерінің басшылары ұсынатын деректер негізінде жасалады және дауыс беру күнінің алдындағы күнгі жағдай бойынша міндетті нақтылануға жатады. 6. Дауыс беру күніне 15 күн қалғанда әрбір азамат сайлаушылар тізіміндегі өзі туралы деректерді тексере алады және тізімге енгізілмеуге, дұрыс енгізілмеуге немесе шығарылуға, сондай-ақ тізімге сайлаушы туралы деректердің дұрыс еместігіне шағымдана алады.
* * *
Қазақстан Коммунистік халық партиясы ұсынған президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбеков үгіт-насихат шараларының аясында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақ жұмысшыларымен кездесті. Кандидат жиын қатысушыларына сайлауалды тұғырнамасын таныстырып, отандық тауарға, әсіресе АӨК өнімдеріне тұтынушылық сұранысты ынталандыру және кедейлікпен күресу бағдарламасын қабылдауды ұсынғанын, оның жүзеге асырылуы үшін жұмыс істейтінін мәлімдеді.
«Байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық жылдан-жылға артып келе жатыр. Ауқатты адамдар халықтың есебінен өздерінің жайлы өмірін толық қамтамасыз етуде. Ал өз еңбектерімен ақша тауып жүргендер аз жалақымен күн көруге мәжбүр. Табыстың әділетсіз үлестірілу жүйесін тоқтату қажет. Еңбек адамы өз еңбегіне сай жалақы алуы тиіс. Біз ресурстарды дұрыс пайдаланған жағдайда Қазақстан өмір сүру деңгейі бойынша Кувейтпен, Біріккен Араб Әмірліктерімен және Норвегиямен иық тіресе алады», деді Ж.Ахметбеков.
Бұған қоса, кандидат заманауи Қазақстанның басты құндылығы бейбітшілік пен ұлтаралық келісімді сақтау керектігін айтты. Оның ойынша, эгоцентрлі индивидуализм жаңа батыстық дәстүр ізбасарларының мінез-құлқына тән. Ол көп этносты Қазақстан халқының бірегей мәдениетіне, діліне жат.
Кәсіпорын жұмысшылары Коммунистік халық партиясы үміткерінің сайлауалды тұғырнамасын жақсы қабылдап, әлеуметтік сипаттағы сұрақтарын қойды. Аймақта газ бен электр қуатының жоғары тарифтері, жұмыссыздық, денсаулық мекемелерінің тапшылығы сияқты мәселелер бар. Кандидат қойылған барлық сұраққа толыққанды жауап беруге тырысты.
* * *
Nur Otan партиясынан президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы өкілдері Қызылорда облысының халқымен кездесті. «Мұз айдыны» спорт кешенінде өткен кандидатты қолдаушылар форумына халық қалаулылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал журналистер мен спортшылар және өнер өкілдері қатысты. Іс-шарада Илья Ильин, Элизабет Тұрсынбаева, Мәдина Сәдуақасова және Серік Ибрагимов сияқты танымал азаматтар Елбасы ұсынған кандидатқа дауыс беруге шақырып, жерлестеріне керемет көңіл күй сыйлады.
Жүздесуге келген халыққа Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасындағы үш басымдық туралы айтылды. Мыңнан аса белсенді қатысқан форумда штаб жетекшісі Мәулен Әшімбаев жиналғандарды президенттіктен үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевты, сол арқылы билік сабақтастығын әділдік пен өрлеуді қолдауға шақырды.
«Қ.Тоқаев – Елбасының сенімді серігі, экономиканы, ішкі-сыртқы саясатты, заң шығару қызметін жетік білетін қайраткер ретінде президенттікке ең лайықты кандидат. Сыр елі қашанда Елбасының стратегиялық саясатын қолдайды. Сондықтан сіздерді Елбасы сенім артқан тұлғаны қолдайды деп сенеміз. 9 маусымда біздің кандидатқа дауыс беруге туған-туыс, дос-жаран, әріптестеріңізді шақырамыз. Алға, Қазақстан!», деді М.Әшімбаев.
Туған күнімен тұспа-тұс келген жиында И.Ильин жерлестерін еліміздің жарқын болашағы, әрі қарай өркендеуі үшін Елбасы ұсынған кандидатқа дауыс беруге үндеді. Ал мәнерлеп сырғанаудан ел құрамасының көшбасшысы Э.Тұрсынбаева жиналғандар алдында өз өнерін паш етті.
* * *
«Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысынан президенттікке кандидат Әміржан Қосанов Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан республикалық штабының кеңсесінде өзінің сенім білдірілген адамдарын қабылдады. Қатысушылар бағдарламаның негізгі бағыттарын атап өтіп, құжатты толықтыруға қатысты өз идеяларымен бөлісті. Кандидат түрлі өзекті қоғамдық мәселелерге қатысты өз ұстанымын жеткізді.
Ал Алматы облысының Көксу кентінде Ә.Қосановтың облыстық сайлауалды штабының мүшелері мен сенімді өкілдері қант зауытының еңбек ұжымымен кездесті. Бұл зауыт – Қазақстандағы тамақ өнеркәсібінің жетекші кәсіпорындарының бірі. Кездесудің модераторы облыстық штаб бастығы Жүкел Хамай болды. Штаб мүшелері кандидаттың сайлауалды тұғырнамасын таныстырып, кандидаттың түрлі мәселеге көзқарасы жайлы баяндап берді. Бұған қоса, облыста сайлау байқаушыларының семинары өтті.
Сонымен қатар Атырау қаласында президенттіктен үміткер Ә.Қосановтың сенім білдірілген адамдары «Рауан Налко» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Серіктестік – Қазақстанның жетекші мұнай-химия кәсіпорындарының бірі, мұнай-газ өндірісіне арналған химиялық реагенттерді өндіруші, әлемнің 160 елін қамтитын халықаралық «Налко Чемпион» (Nalco Champion) компаниясымен бірлескен отандық кәсіпорын.
Кездесуде сөз тізгінін облыстық штаб бастығы Ғалымжан Өтебаев ұстады. Штаб мүшелері жиналғандарға сайлауалды тұғырнаманы жан-жақты түсіндіріп, әсіресе «Өркениетті әрі халықшыл экономика» атты тарауына кеңірек тоқталды. Онда әділ бәсекелестікті дамыту, монополизмге жол бермеу туралы баяндалған. Кәсіпорын жұмысшылары өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оған тұщымды жауаптарын алды.
* * *
«Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысынан президенттікке кандидат ретінде тіркелген Сәдібек Түгел Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болып, ардагерлермен сұхбаттасты. Бұл орталық алғашында 1989 жылы «Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеме» болып құрылған. 2016 жылдан бері атауы «Шарапат» болып өзгерген орталық бүгінде 321 адамға қызмет көрсетіп келеді. Орталық директоры Рысты Баймағамбетованың айтуынша, олардың арасында 2 соғыс ардагері мен олармен теңестірілген 8 адам және 25 тыл ардагері бар.
Орталықтың мәжіліс залына жиналғандар алдында президенттіктен үміткер С.Түгел «Қариялар – асыл қазынамыз. Сіздердің алдарыңызға үлкен толқыныспен келіп отырмыз. Сайлау – үлкен қоғамдық-саяси маңызы бар шара. Онда ел болашағына дауыс береміз. Алланың қалауымен, халықтың қолдауымен осы додаға қатысып отырмын. Өзім қоғамдық-саяси кеңістікте 20 жылдан аса қызмет атқарып келемін. Біздің «Ұлы дала қырандары» қоғамдық бірлестігінің жұмыс істеп келе жатқанына 8 жыл болды. Біздің мақсатымыз – ұлтымызға адал қызмет ету, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу», деді.
Кандидат өзінің сайлауалды бағдарламасындағы төрт тұғырға жеке-жеке тоқталып өтті. Онда айтылған бағыттарды қызығушылықпен тыңдаған қарттар көкейіндегі сауалдарын да іркіп қалмады. Мемлекеттік тілдің болашағы, оның өзге тілдердің көлеңкесінде қалып қоймауы, латын графикасына негізделген әліпбиді қариялардың қалай қабылдағаны туралы кеңінен талқыланды. Сонымен қатар ақсақалдар болашақта орталықта бильярд ойнауға мүмкіндік жасалса деген тілектерін де білдірді.
Дайындаған Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
«Egemen Qazaqstan»