• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Парламент 27 Мамыр, 2019

Мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттырудың маңызы зор

1039 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінде палата Спикерінің қатысуымен «Ет, сүт өнімдерін өндіруді, қайта өңдеуді және экспорттауды дамыту перспективалары» деген тақырыпта парламенттік тыңдау болды. Оны Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко ашып, жүргізіп отырды.

Алғашқы сөз палата Төрағасы Нұрлан Нығматулинге берілді. Ауыл шаруашылығы дегеніміз, ол – біздің кең-байтақ жеріміз, төрт түлік малымыз және егіні мол аймақ­тарымыз. Осының барлығы бізге табиғат берген ең үлкен байлық деуге бола­ды, деп бастады өзінің сөзін Спи­кер. Одан әрі ол саланы дамы­т­уға зор көңіл бөлінгендіктің арқасында оның серпінді дамып келе жатқанын айтты. Елбасы Жолдауында аграрлық өнімнің экспортын 2,5 есеге дейін арттыру міндеті жүктелді. Осы мақсатты заң жағынан қамтамасыз ету үшін Парламент «Агроөнеркәсіптік ке­шенді және ауылдық аумақтарды мемлекеттік реттеу туралы», «Вете­ринария туралы», «Асыл тұқымды мал шаруашылығы» сияқты негізгі заңдар қабылдады. Енді өнімі­нің сапасын, қауіпсіздік және экологиялық тазалығын сақтайтын тиісті шараларды қолға алу қажет. Қазірдің өзінде Алматы облысында жылдық қуаты 8 мың тонна болатын ет өңдеу кешені пайдалануға берілді. Бұдан басқа биыл жылына 5 мың тонна ет өңдейтін «Ерейментау-Ақбас» кәсіпорнын пайдалануға беру жоспарланған.

 Ал сүт өңдеу көлемін арттыру үшін қуаты 23 мың тонна болатын 4 зауыт жұмыс істейтін болады. Осы орайда халықты таза ет және сүт өнімдерімен қамтамасыз ету үшін аграрлық салаға цифрландыру үдерістерін енгізудің де да маңызы өте зор, деді Мәжіліс Төрағасы.

Спикер ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы құрылымында мал шаруашылығының үлесі 46 па­йы­з екенін айта отырып, оның алдағы өсімі көңіл көншітпейтініне назар аударды. Мәселен, құс етін сатып алу жылдан-жылға артып отыр. Үш жыл бұрын ол 165 мың тонна болса, былтыр 191 мың тоннаға жеткен. Тіпті жылқы етін сатып алу да ұл­ғая түскен. 2016 жылы ол 900 тонна болса, былтыр 2,5 есеге артып кеткен.

Мемлекет асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға жергілікті бюджеттерден 2 бағытта субсидиялар бөледі. Мұның алғашқы бағыты мал санын арттыруды көздесе, екіншісі ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді мақсат еткен. Соңғы бес жылда субсидия көлемі 2 есе артып, былтыр 76 млрд теңгені құрады. Осындай қолдау көрсетіліп жатқанымен, шешілмеген көптеген мәселе бар. Біріншіден, өңдеу кәсіпорындары толық қуатында жұмыс істей алмай тұр. Қазір біздің ауыл еңбеккерлеріміз еттің – 33, сүттің 31 пайызын ғана өңдейді. Бұл – өңдеу кәсіпорындары 60 пайыздық деңгей қуатын ғана пайдаланады деген сөз. ЕАЭО елдеріне енетін Ресей мен Беларусьте бұл 80 пайызға жеткен. Сондықтан олар бізге ет-сүт өнімдерін сатуды арттырып отыр. Жыл сайын 45 млрд теңгеге 6 мың тонна ақ май, 22 мың тонна ірімшік пен сыр, 6 мың тонна бұқтырылған ет консервілерін сатып алатынымызға таңғаласың. Бұл – әлеует болғанымен, өсім жоқ деген сөз. Әрі қарай Н.Нығматулин ветеринарлық қауіпсіздік мәселе­сіне тоқталып, оның да мардымсыз екенін атап өтті. Мәселен, 2016 жылы Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында «Сібір түйнемесі» шығып, мал қырылған. Мәжіліс Төрағасы өзінің сөзінде жемазық базасының да дамымай отырғанын атап көрсетті. 181 млн гектар жайы­лымдық жердің 73 млн гектары тоз­ған. Бұл – жайылымның 40 пайы­зын бүлдірдік деген сөз, деді Спикер.

Н.Нығматулин өзінің сөзінде бұдан басқа да проблемаларды атап өтті. Соның ішінде агро­өнер­кәсіпті несиелендіру саяса­ты­ның жетімсіздігі, кредиттердің 96 пайызы тек үлкен агроқұрылымдарға беріліп, 4 пайызы ғана ұсақ фермерлерді қолдайтыны және өсімінің 15-22 пайыздан төмендемейтіні, ауыл шаруашылығы ғылымының өмірдің талабынан қалып отырғандығы, мамандардың жетіспейтіндігі және т.б. мәселелерге мән берілді.

Ортаға тартылған мәселе бо­йын­ша негізгі баяндаманы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров жасады. Оның сөзінен ірі қара мал саны 2018 жылы 2013 жылмен салыстырғанда 22 пайызға артқаны белгілі болды. Алайда ет пен ет консервілерін дайындау 20 пайызға, сүт өнімдері 19,6 пайызға төмендеген. Жетістіктер қатарында өткен жылы бірінші рет өңделген өнімдердің 17 жаңа түрі экспортталғаны көлденең тартылды. Атап айтқанда, күркетауық өнімдері, балық өнімінің жаңа түрлері, балық майы және т.б. өңделген өнімдер экспортының географиясы кеңейген. Қазақстан 2017 жылы 42 елге өңделген өнім экспорттаса, өткен жылы әлем­нің 48 еліне экспорттаған. Жаңа­дан қосылған алты елдің қатарында Швейцария, Жапония сияқты жоғары дамыған елдер де бар. Өндірістің өсімі ет, балық және сүт өнімдерінің артуынан байқалады. Ет өндіру өнеркәсібін дамыту 4 ет комбинатын жаңғырту және жылдық қуаты 27 тонна болатын ет өңдейтін 3 жаңа ет ком­бинатын салу есебінен қамта­масыз етілетін болады. 2019 жыл­ғы ақпанда Алматы облысында жылдық қуаты 8 мың тонна болатын Эмпайр Фуд (Иран) ет өңдеу кешені пайдалануға берілген. Бұдан басқа, үстіміздегі жылы жылына 5 мың тонна ет өңдейтін «Ерейментау-Ақбас» ЖШС ет өңдеу кешенін пайдалануға беру жоспарлануда. Қазір Тайсон Фуд (АҚШ), Данбиа (Ұлыбритания), Гранд Фарм (ҚХР), Бауман (Германия), Иналка/Кремонини (Италия), және Седар Митс (Аустралия) сияқты трансұлттық компанияларды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен бірге министр жиынтық қуаты 23 мың тонна болатын 4 сүт өңдейтін кәсіпорынды жаңғырту есебінен сүт өңдеу көлемін арттыру қамтамасыз етілетінін айтты. Олар қышқыл сүт өнімдерін, сары май мен ірімшіктің түрлерін өндіретін «Эмиль» ЖШС (ШҚО), «Гормолзавод» ЖШС (Ақмола облысы), «Деп» ЖШС (Қостанай облысы) және «Есіл май шайқау комбинаты» ЖШС (Ақмола облысы), сондай-ақ Түркістан облысындағы «Golden Camel Group» ЖШС, деді ол. Алдағы жоспарлар қатарында мал шаруашылығы бойынша үстіміздегі жылы ет бағытындағы 2000 отбасылық ферма құру және сиыр етін өндіруді 10%-ға арттыру көз­делгені айтылды. Ал құс өсіру бойынша қолданыстағы 8 құс фабрикасын кеңейту күтілуде, нәтижесінде құс етін өндіру 11%-ға артатын болады. Бұдан басқа, жалпы қуаты 18 мың бас болатын 19 өндірістік және 31 отбасылық тауарлы сүт фермасы құрылады, деді министр.

Қосымша баяндаманы Мәжіліс­тің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Берік Оспанов жасады. Қол жеткізілген оң нәтижелерге қарамастан ауыл шаруашылығы елдің ішкі жалпы өнімінің (ІЖӨ) шамамен 4,3 пайызын ғана өндіреді. Оның қуатын арттыру үшін бірнеше мәселеге көңіл аударған жөн, деді депутат. Соның ішінде ол мал азығын өндіруге назар аударды. Ғалымдардың деректері бойынша, қажетті жемшөп базасын құру есебінен және жануарларды толыққанды азықтандыру арқылы қолда бар мал басының өнімділігін шамамен 2 есеге арттыруға болатынын айтты. ЕАЭО шеңберіндегі үшінші елдерден құс етін сатып алу бойынша квотаның болуына сын көзбен қарау керектігін көлденең тартты. Бір жағынан, біз отандық өндірушілерді қолдаймыз, инвес­тициялық жобаларды қаржы­ландырамыз, жемдейтін алаң­дар, құс фабрикаларын саламыз, субсидиялар түрінде өзге де мемлекеттік қолдау шараларын көрсетеміз, ал екінші жағынан тариф­тік квоталарды ұлғайтып, нарықтың толығуына жағдай жасап, отандық өндірушілердің жобалық қуаттылыққа шығуына мүмкіндік бермей отырмыз. Осының қисыны жоқ, деген ол Ұлттық экономика министрлігі квотаны айқындауды жетілдіру мәселесіне назар аударуы керектігін атап көрсетті.

Ет, сүт өнімдерінің экспорты туралы айтқанда, депутат Ауыл ша­руашылығы министрлігі мен Ста­тистика комитетінің ресми деректері арасындағы айырмашылыққа тоқталды. Мысалы, министрлік ет экспортының көлемі 2018 жылы 34,4 мың тонна десе, Статистика комитетінің деректері бойынша еттің барлық түрінің экспорты 16 мың тонна ғана. Осыған байланыс­ты, іс-шаралардың нақты жос­парын әзірлеу және ауыл шаруа­шылығы өнімінің экспортын дамыту саласында ведомстволар мен өзге де ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту қажет, деді Б.Оспанов.

 Өзінің сөзінде депутат ветеринария мәселесіне де тоқталып, бұл саланың жұмысы жеткіліксіз екеніне назар аударды. Соның кесірінен елдегі эпизоотиялық ахуал нашарлап кетті. Импортталған малмен бірге келген экзотикалық ауру түрлері және шекарадағы ветеринариялық бақылаудың әлсіреуі себебінен жануарлардың жұқпалы аурулары­ның тізбесі кеңейді, деді депутат. Концептуалдық тұрғыдан дұрыс еместігі белгілі болса да 2012 жылы мемлекеттік ветеринариялық инс­пекция құрылымдық және функ­ционалдық тұрғыдан бөлшек­тенді. Оның шекарадағы бөлімшелері кеден қызметінің қарауына, бақылау функциялары жергілікті атқарушы органдардың ветерина­рия қызметтеріне берілді. Мұның барлығы мемлекеттік ветеринария инспекциясының функционалдық әлсіреуіне әкелді, деді ол. Осы мәселе бойынша айтқан ұсыны­сын­да Б.Оспанов мемлекеттік вете­ринариялық инспекция вертикалын қалпына келтіру, бұрын жер­гілікті атқарушы органдардың ветери­нариялық қызметтеріне берілген бақылау өкілеттіктерінің бір бөлігін қайтару қажеттігін атап өтті.

Сөзінің қорытындысында Б.Ос­панов саланы мемлекеттік қол­дауды ғана емес, оны тұтас реттеу тәсілдерін де өзгертуге тиіспіз, деді.

Баяндамалар аяқталған соң депутаттар өздерін толғандырған мәсе­­лелер бойынша көптеген сұ­рақ­­тар берді. Парламенттік тың­даудың қорытындысы бойын­ша ұсынымдар әзірленіп, Үкі­метке жолданатын болды. Ал Пар­ламенттік тыңдауға депутаттармен қатар сала жұмысына қатысы бар барлық министрліктер мен ведомстволардың өкілдері, бірнеше облыстың әкімдері, отандық және шетелдік өндірісшілер қатысты.