«Бүгінгі жаңа технологиялар заманында ұялы байланыс құралдары өміріміздің айырылмас бір бөлшегіне айналды. Алайда, смартфондардың артықшылығы мейлінше артқан сайын адам денсаулығына зияны да соғұрлым көбеюде. Смартфонның электр тарату қуаты 3 Вт. Ал радиация таратуы 9 Герц. Және де электромагниттік өріс арқылы магниттік энергия бөліп өзіне тәуелді етеді. Ұлыбритания ғалымдарының зерттеуі бойынша смартфон балалардың 80 пайыз, жасөспірімдердің 50 пайыз, ал үлкендердің 30 пайыз ми бөлігіне күш түсіреді. Қазіргі балалар смартфонға тәуелді. Олар құрсақта жатып радиациямен нәр алып, виртуалды әлемде шектеліп өсуде. Смартфонның зиянын білсек те, пайдалануды жалғастыра береміз. Себебі бұл – қажеттілік. Дегенмен, оның зиянды бөліктерін бәсеңдетіп, зардабын азайта аламыз», дейді жас өнертапқыш Е.Анарханұлы.
Жас ғалым зиянды бөліністер арқылы адамның жүйке жасушылары әлсіреп, депрессияға түсіп, ауыз қуысы мен ми обырын туғызатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ ғалымдардың зерттеуінше, төс қалтасында ұстаушыларға жүрек ауруын туындатуы, ал қалтада ұстаса жыныстық органдардың эмбрионының қызметі мен физиологиялық дамуына теріс ықпал ететінін айтып өтті. Осы зиянды аурулардың алдын алу үшін өзі ойлап тапқан жаңа антирадиациялық қаптаманың ерекшелігімен бөлісті.
«Мен жаңа нәрсе ойлап тапқан жоқпын. Зерттеу нәтижесінде ата-бабамыз ойлап тапқан және пайдаланған киізді қазіргі керек дүниелерге енгіздім. Антирадиациялық чехолдың ең маңызды ингредиенті – киіз. Белгілі этнограф Болат Бопайұлының айтуы бойынша, киіз жылу мен суықты ұстайды. Уақыт өткен сайын сапасы арта түседі», дейді 1 курс студенті Е.Анарханұлы.
Дарынды өнертапқыштың айтуынша, радиацияға қарсы қаптама смартфонды суық пен ыстықта қалыпты температурада сақтап, өшіп қалудан, қызып кетуден қорғайды. Киіз және құм арқылы таралатын электр энергиясын 3 ваттан 1,85 ватқа дейін түсіреді. Ал радиацияны 9-дан 6 герцтік күшке дейін төмендетеді. Және киіз телефонның вибрация арқылы келетін электромагниттік өрісті жоғарғы жүйелі ауаға таратып адам бойына өткізбейді. Смартфон туғызатын аурулардың алдын алып, денсаулыққа, қан айналымына, жүйке жүйесіне және тыныш ұйықтап сергек оянуға мүмкіндік береді.
ШЫМКЕНТ