Экономиканың басымдықты салаларын дамыту бойынша мемлекеттік қолдау шараларын көрсету аясында мемлекеттік органдардың, өңірлер мен даму институттарының өкілдерінің қатысуымен Жобалық кеңсе жұмыс істейді.
Премьер-Министрдің Орынбасары Ж. Қасымбек Жобалық кеңсе алаңында апта сайын 300-ге жуық отырыс өткізіліп, 1000-нан астам әлеуетті кәсіпкер тыңдалғанын жеткізді. Нәтижесінде халық тұтынатын тауарлар өндірісін дамытудың қазіргі Бағдарламасына өзгерістер пакеті әзірленді. 2025 жылға қарай «қарапайым заттар экономикасы» тауарлары бойынша импорт үлесін 59%-дан 37%-ға дейін төмендетіп, 16 мыңға жуық жұмыс орнын құрып, салық түсімдерін 1,1 трлн теңгеге арттыру жоспарланған.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-Министр Асқар Мамин жеңілдікпен несиелендірудің оң қарқынын атап өтті. Бүгінгі таңда 700 млрд теңгеден асатын сомаға 900 жуық жоба жұмыс үстінде.
Үкімет басшысы халық тұтынатын тауарлар өндірісін одан әрі дамыту бойынша айтылған тәсілдерге қолдау білдірді. Олардың ішінде түпкі қарыз алушы үшін пайыздық мөлшерлемені 9%-дан 6%-ға дейін төмендету, несие мерзімінен 1/3 аспайтын уақытқа жеңілдікті кезеңді енгізу және несиелендіру үшін тауарлар тізімін кеңейту бар.
Отандық тауар және қызмет өндірушілерді қолдау үшін Премьер-Министр А. Мамин мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектор сатып алуларында «қарапайым заттар экономикасына» жататын тауарлар мен қызметтердің үлесін арттыру бойынша шараларды қабылдауды тапсырды. Облыс әкімдіктеріне жергілікті қамтуды бақылау бойынша жұмыстарды жандандыру керек.
Алдағы 3 жылда қазақстандық кәсіпорындарды қолдауға 500 млрд теңге бөлінеді. Шикізаттық емес экспортты дамыту аясында мемлекеттік органдар оған бөлінген бюджет қаражатын толық және уақытылы игеру бойынша жұмысты жалғастырып, шикізаттық емес экспортты ілгерілету тетіктерін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу қажет, оның ішінде а. ж. 24 мамырда Ұлттық инвесторлар кеңесінде бизнес көтерген мәселелер ескерілуі тиіс.