• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 30 Мамыр, 2019

Еуразиялық экономикалық одақ: өңірлік интеграциядан – жаһандық серіктестікке

1574 рет
көрсетілді

Кеше Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық интеграция жөніндегі идеясының 25 және Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі келісімге қол қойылуының 5 жылдығына орай Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы өтті.

25 жыл деген тарих үшін аса көп мерзім емес. Осыдан 25 жыл бұ­рын 1994 жылы 29 наурызда М.В.Ло­мо­носов атындағы Мәскеу мем­­ле­кет­тік университетінде Қазақ­стан­­ның Тұңғыш Президенті – Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз мем­лекеттердің көпжақты тең құқы­лы ынтымақтастығы форматында еура­зия­лық интеграция идеясын жария еткені белгілі. 

Сол профессорлық-оқытушылар құ­ра­мы мен студенттер алдында Нұр­сұлтан Назарбаев посткеңестік кеңіс­­тіктегі мемлекеттердің даму перс­­пек­­тивалары туралы дәріс оқып, өз сөзінде Елбасы «Еуразиялық эконо­ми­калық одақ – құлаған Кеңес Ода­ғын көксеу емес, бұл – Қазақстан, Ресей және Бе­ла­русь елдерінің нақ­ты ұстаны­мы. Сая­си тәуелсіздік сақ­талады және оған ешкім қол сұқ­пайды», деген болатын.

Сонымен осынау екі мерейтой қар­саңында өткен іс-шараға Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь Президенті Александр Лу­кашенко, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Прези­денті Владимир Путин, Тәжікстан Пре­зиденті Эмомали Рахмон, Молдова Президенті Игорь Додон, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисян, ТМД Атқару комитетінің төрағасы – атқарушы хатшысы Сергей Лебедев қатысты.

Алдымен Жоғары Еуразиялық эко­­номикалық кеңестің шағын құ­рам­дағы отырысы өтіп, онда Қасым-Жомарт Тоқаев бұл саммиттің Елбасы Н.Назарбаевтың еуразиялық интеграция туралы идеясының 25 жыл­дығы мен Еуразиялық экономикалық одақ­ты құру туралы келісімнің 5 жыл­дық мерейтойларына орай өткізіліп отырғанын атап өтті.

– Елбасының саяси сұңғылалы­ғының, стратегиялық көрегендігінің ар­қасында бүгінде еуразиялық инте­грация идеясы жүзеге асты. Ресей Президенті Владимир Путин Қазақ­станның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына қосқан тарихи үлесін ескере отырып, «Жоғары Еуразиялық эконо­ми­калық кеңестің Құрметті төраға­сы» атағын беруді ұсынды. Қазақстан Рес­пуб­ликасының атынан Ресей Пре­зи­дентіне аталған бастамасы үшін және мұны бірауыздан қол­да­ған Кеңеске мүше мемлекеттер басшыларына алғысымды білдіремін, – деді Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы Ресей Феде­ра­циясының 2018 жылғы Еура­зия­лық экономикалық одаққа жаса­ған төрағалығына жоғары баға беріп, Армения Республикасының төраға­лы­ғы да халықаралық ұйымның нығая түсуіне ықпал ететініне сенім білдірді.

Шағын құрамдағы басқосудан кейін Жоғары Еуразиялық экономи­калық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысы басталып, алдымен сөз ал­ған Нұрсұлтан Назарбаев «Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы» атағын беру жөнін­дегі бастамасы үшін Ресей Федера­циясының Президенті Владимир Путинге және Жоғары Еуразиялық эко­номикалық кеңестің барлық мүше­леріне Ресейдің осы ұсынысын қолда­ғаны үшін ризашылығын жеткізді.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Еуразиялық экономикалық одақтың құрылу тарихына тоқталып, интегра­циялық бірлестіктің Еуразия кеңіс­ті­гінде қалыптасуының негізгі нәти­желерін атап өтті. – Біз бес мемлекеттің күш-жігерін жұмылдырып, орасан зор аумақта бірегей экономикалық одақ құрдық. ЕАЭО Жер шарының 184 миллион тұрғыны бар орасан зор бөлігінің өмірлік маңызы бар сауда-экономикалық дәлізіне айналды. Біздің бизнес-қоғамдастықтарымыз тығыз ынтымақтасып, мүмкіндіктерін пайдалануда. 

Қазақстанда Одақ елдерімен бір­лесе құрған кәсіпорындардың саны 11 мыңға жетті. Бүгінде 40 шақты әлем елдері Одақтың жұмысына қы­зы­ғу­шылық танытып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Егер сөзіміздің сөлін арттырып, нақты цифрларға көз тастар болсақ, Еуразиялық экономикалық одақтың қазіргі жағдайында сыртқы сауда айналымы 750 млрд АҚШ долларынан асқан, кіріктірілген ішкі жалпы өнім бағасы 2 млрд долларды еңсерген, халқының көлемі 180 миллионнан асқан алып кеңістік. Бұл – Елбасы ұсынған бастамадан түсе бастаған көл-көсір қаржының көзі, бастауы. Енді осыдан үлесімізді еселеп алып, ұлттық мүдделерімізді көз­дің қара­шығындай қорғап қалудағы басым­дықтар сақталып қала бермек.

Сонымен қатар Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті Еуразиялық эко­номикалық одақтың бес жылда ат­қар­ған жұмыстарына тоқталып, тең әріп­тес­тік пен бір-бірінің нарығына ер­кін кіруге қатысты Одақтың реттелме­ген мәселелерін де атап өтті. Сөйтіп Н.Назар­баев «Жоғары Еуразиялық эко­но­микалық кеңестің Құрметті төр­ағасы» ретінде әлемде қалыптасқан жағ­­дайға және өңірлік үрдістерге байланысты интеграциялық үдерістерді одан әрі дамытуға қатысты өз ойларын ортаға салып, бірқатар ұсынысын айтты.

– Біріншіден, Еуразиялық эконо­ми­калық одақтың стратегиялық ая­сын кеңейтіп, интеграция идеясын ілгерілету керек. Елдеріміздің ор­тақ ғылыми-өндірістік әлеуетін оң­тай­лы іске асыруды қамтамасыз ете­тін өнеркәсіптік кооперация әзірге инте­гра­цияның өзегіне айналмады. Одақ алғашқы бес жылдықтағы қарқын­ды даму сатысынан кейін ілгері­леу­дің күрделі әрі баяу кезеңіне қадам басты. Біз Еуразиялық эконо­ми­калық одақ, Еуропалық одақ, Шан­хай ынтымақтастық ұйымы және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері ассоциациясы арасында жан-жақты экономикалық ынтымақтастық ор­натуы­мыз керек. Еуразиялық эконо­­микалық кеңістіктің мәнісі тұйық­талуда емес, керісінше, оны жаһандық өзара іс-қимыл үшін барынша ашық етуде, – деді Елбасы.

Екіншіден, Нұрсұлтан Назарбаев «Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы инфрақұрылым мен логистикаға қа­тыс­ты бөлігінде Еуразиялық эконо­ми­калық одақ әлеуетінің жалғасы ретін­де қарастырылуы тиіс екенін, бұл бәріміз үшін ұтымды болатынын мәлімдеді. Аталған бастаманың эко­но­микалық ықпалы орасан зор болып, бірлестіктің ішкі және сыртқы мақсаттарына қол жеткізуге септігін тигізеді.

Тұңғыш Президенттің тоқталған үшінші мәселесі импорттауға қатысты болды. Бұл ретте инфляцияның біраз бө­лігі тауар импортынан келетінін атап, ішкі нарықты барынша дамытуға күш салу керектігіне баса назар аударды. Сөйтіп машина жасау өндірісінен бастап күнделікті халық тұтынатын тауар­ларға дейін өндіріп, өзімізді то­лық қамтамасыз ету қажеттігін, тіпті ішкі аймақтардың арасын жалғайтын ұшақ­­тарды да шығару керектігін айтты.

– Сондай-ақ Одаққа мүше мемле­кет­­тердің ішкі өндірісін дамытуға бағытталған «ақылды интеграцияны» жүзеге асырудың маңызы зор. Сауда текетіресі жағдайында нарықтарды жаулау үшін жаңа стратегия қажет. Мы­салы, АҚШ пен Қытайдың бір-біріне санкция енгізуіне байланыс­ты өндіріс тізбегінде белгілі бір тап­шы­лық болады. Осы тұста босаған нарықты толтыру үшін өз тауары­мыз­ды неге ұсынбасқа? Біз бұл жағ­дай­ды ұтымды пайдалана аламыз. Осы және басқа да бастамаларды ескеріп, 2025 жылға дейінгі Жол карта­сын әзір­леуді ұсынамын. Бұл орайда эко­но­микалық мақсаттарға беріктік және міндеттерді тек экономикалық қа­жет­тілік тұрғысынан жүзеге асыру ниеті институттарымыздың жұмы­сын­­дағы негізгі басымдық болуы тиіс. Бар­шаңызға толағай табыс тілей­мін, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Осы орайда, әлемдік сан құбылған геосаяси ахуалға қарайтын болсақ, Еуропа, АҚШ және Қытайдың өзі мұндай алып күшпен санасатыны анық. Сайып келгенде, АҚШ пен Қытай арасындағы «сауда соғыстары» мен санкциялық текетірестер Еуразиялық экономикалық одаққа, соның ішінде мұхитқа шығар жолы жоқ Қазақстанға зор мүмкіндіктер ашуы тиіс. Тек осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білу керек. 

Елбасынан кейін биыл Жоғары Еура­зия­лық экономикалық кеңеске төрағалық етіп отырған Армения Премьер-ми­нистрі Никол Пашинян сөз алып, екі мерейтойдың қарсаңында өтіп жатқан бұл басқосу ерекше маңызға ие екенін, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, жоспарлы түрде дамып келе жатқанын айтты.

– Біздің Одақтың халықаралық әріп­тестерінің қатары артып, аясы кеңіп жатыр. Жақында Қытайға жасаған ресми сапарымда ЕАЭО-мен ынтымақтас­тық ең негізгі фактор ретінде аталды. Сингапурмен тауар айналымы, қызмет көрсету және инвестицияға қатысты жүр­гізіліп жатқан келіссөздер осы жылы аяқталады деп ойлаймын. Ал­дағы шілде айында Сингапурге ар­на­йы барып, осы бағытты алға жыл­жытуға күш саламын. Сондай-ақ қа­зір Иранмен еркін сауда айналымын жүр­гізу туралы келісім күшіне ену­де. Бұ­ған қоса Вьетнам, Мысыр, Сер­бия және Үндістан елдерімен қар­қын­ды ке­ліс­сөздер жүргізілуде. Бұл келі­с­­сөз­­дерден нақты нәтиже шы­ғып, біз­дің елдердің экономикасы жаңа са­ты­ға көтеріледі деп сене­мін. Біз, Ар­ме­ния үкіметі Жоғары Еура­зия­лық эко­номикалық кеңестің төр­аға­сы ретінде ЕАЭО-ны одан әрі дамы­ту, оны одан сайын тиімді ету, халық­аралық әріп­тес­теріміз үшін тартымды ете түсу үшін жұмыс істейміз. Біз­дің бү­гін­гі ор­тақ шешіміміз Одақ келе­ше­гі­не оң сер­пін береді, – деді Никол Пашинян.

Сонымен қатар Армения Рес­пуб­ли­касының Премьер-министрі Еура­зиялық экономикалық одаққа мү­ше мемлекеттердің экономиканы іл­гері­лету бағытындағы жұмыс­тарын оңтай­ландыру үшін электронды құжаттар алмасуын қамтамасыз ету керектігін айтып, Цифрлы даму ор­та­лығын құру туралы сөз қозғады. Соңында жиналған алқалы топты 2019 жылдың 1 қазанында Ереванда өтетін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысында қуана қарсы алуға дайын екенін жеткізді.

Ал Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко Еура­зиялық экономикалық одақтың құрыл­ғанына көп уақыт бола қой­маса да, мүдделері ортақ елдердің эко­но­микасының өсіміне жаңа дем беріп, өзінің тиімділігі мен дербестігін дәлел­деп үлгергенін мәлімдеді.

– Осыдан бес жыл бұрын осы қала­да Қазақстан, Беларусь және Ре­сей елдері тарихи құжатқа қол қой­ды. Кейін бізге Армения мен Қырғыз­стан қосылды. Соңғы жылдары бұл мем­ле­кет­тердің өзара тауар айналымы артып келеді. Нақтырақ айтсақ, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер тауар айналымының көрсеткіші 2017 жылы 2016 жылмен салыстырғанда 127 пайызды, 2018 жылы 2017 жылмен са­лыс­тырғанда 119 пайызды құрады, – деді Беларусь Президенті.

Одақ туралы Еуразия кеңістігінде эко­номикалық интеграцияның жүйе­сін құраушы ретінде оң пікірлер қалып­тасқаны жасырын емес. Жылдан-жылға ЕАЭО-ның әлемдік аренада абырой-беделі артып келеді. Осы орайда А.Лукашенко: «Кейде жаңалықтардан біз­бен ынтымақтастық орнатқысы кел­мей­тіндер туралы да естіп, біліп отырмыз. Бұл кейбір тараптардың біздің ор­тақ жетістіктерімізге қызғанышпен қа­рай­тындарын, әріптестік байланыс орнатуға батылдары жетпейтінін аң­ғар­тады. Соған қарамастан ЕАЭО қазіргі таңда бірқатар мемле­кет, ай­мақ­тық қауымдастық және халық­ара­лық құрылымдармен диалог жүр­гізіп жатыр», деді.

Кеңестің кеңейтілген отыры­сы­ның күн тәртібі ЕАЭО жұмысын жандандыру мақсатындағы жаңа бағыттармен толығуда. Атап айтсақ, экономиканың цифрлық трансформациясы, нақты сектордағы транс­шекаралық байланыстарды жандандыру және инно­ва­ция­лық-инвестиция­лық жобаларды іске асыру тетігін құру. Осыған байланысты Александр Лукашенко:

– Бұл – біздің ынтымақтастығымыз­дың барлық маңызды және перспек­ти­ва­лық сегменті. Сонымен қатар осы күн­ге дейін жасалған келісімдердің са­­палы орындалуы басты бағыт болып қалуы керек. Бірыңғай нарықты қа­­лып­­тастыру, капитал, тауар, қызмет­тер­­дің еркін қозғалысын қамтамасыз ету жұмыстарын ұдайы назарда ұстау қажет. Барлық салада тең жағдай жасап, ұлт­тық деңгейдегі протекционистік ше­шімдерден бас тартуымыз керек. Біз­дің әрбіріміз, мемлекет басшысынан сарапшыларға дейін, жалпыға ор­тақ кеңістік қалыптастырып жат­қа­ны­мызды терең түсінгеніміз маңызды, – деді. 

Бұған қоса Беларусь Республи­ка­сы­ның Президенті өз сөзінде Еуразиялық экономикалық одақтың өрісін одан әрі кеңейту ісінде Жоғары Еуразиялық эко­номикалық кеңес­тің Құрметті төр­ағасы Нұрсұлтан Назарбаев маңыз­ды рөл атқараты­нын атап өтті. Ол Қа­зақ­­станның Тұңғыш Президентінің Мем­­лекет басшысы болып тұрған кезін­­де өте байыпты жұмыс істегенін, халық­аралық аренада бай тәжірибесі барын тілге тиек етіп, ЕАЭО үшін әлі де берері мол екенін айтты.

Өз кезегінде сөз алған Қырғыз Рес­пуб­ли­ка­сының Президенті Соорон­бай Жээнбеков еуразиялық интегра­ция идеясының сәтті ұсынылғанын айта келе, тарихи ұмтылыстарға тоқтал­ды және Нұрсұлтан Назарбаевтың идея­лары жүзеге асқанына ерекше қуанышты екенін жеткізді. Сондай-ақ ол алдағы міндеттердің бірі ретінде ұйымның кеден құрылымдарының цифр­лануы, Одақ елдерінің тек құқық­тарын қамтамасыз етуші ортақ жүйе болуы керектігін айтты.

Ал Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономи­ка­­лық одақтың қысқа мерзім ішінде ха­лық­аралық аренада маңызды әрі таны­мал ұйымға айналғанын атап өтіп, еуразиялық интеграция белгілі бір қиын­дықтарға қарамастан жақсы нәти­же беріп отырғанын көлденең тартты.

– Өткен жылы Еуразиялық экономи­калық одаққа мүше мемлекеттердің ішкі жалпы өнімінің өсімі 2,5 пайыз болды. Сыртқы сауда көлемі 19 па­йызға, экспорт 27 пайызға артты. Одақ ішіндегі өзара сауда-саттық 9 пайыз­ға ұлғайды. Былтыр Қазақстан эконо­ми­касы 4 пайыздан астам өсті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті осы өсім қарқынын қолдау үшін өнеркәсіпте, энергетикада, халықаралық қызметте және басқа да салаларда орта мерзімді даму перспективасының негізгі бағыт­тары айқындалғанын айтты.

– Еуразиялық экономикалық одақ­тың Кеден кодексі қабылданды. Қыз­мет көрсету және жұмыс күші­нің ор­тақ нары­ғы құрылуда. Ұлттық реттегіш­тен жо­ға­ры келісімдер аясындағы әкім­ші­лік рәсімдер жетілдірілуде. Әлем­нің 40-тан астам елі Еуразиялық эко­но­микалық одақпен сауда-эконо­микалық ынтымақтастықты дамы­туға ниет білдірді. Біздің бірлес­кен жұ­мы­сымыз әлемнің көптеген елдері­нің қызы­ғу­шылығын туғызатынына жә­не ке­лешекте ірі әрі экономикалық қуат­ты Еуразия құруға мүмкіндік бере­ті­ні­не сенімдімін, – деді Қазақстан басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уа­қытта интеграциялық бірлестіктің алдында тұрған маңызды міндеттерді де атап өтті. Оның пікірінше, Еура­зия­лық экономикалық одақтың инфра­құ­ры­лымдық мегажобаларын және цифрлы күн тәртібін жүзеге асыру керек. «Астана» халықаралық қаржы ор­т­а­лығының да әлеуетін пайдалану қажет. Сонымен қатар алда ортақ на­рықты дамытып, оны үшінші елдер тарапынан болатын демпингтен, кон­т­рафактілік тауарлардан және лас бәсе­кеден қорғау, тиімді кедендік әкімші­лен­діруді қамтамасыз ету жұмыстары тұрғанын айтты.

– Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жедел темір жол және «Еуразия» су арнасын салуды ұсынды. Бұл жобалар еуразиялық интеграцияның символы болып, елдеріміз экономикасының дамуына тың серпін беріп, Үлкен Еура­зия­мен байланысты нығайтар еді. Нә­ти­жесінде мемлекеттеріміз Шығыс – Батыс – Шығыс транзиті үшін бәсекеге қабілетті әрі тартымдырақ болады, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы тауарлардың жаңа нарыққа шы­ғуын қамтамасыз етуге, саудадағы және тран­­зиттегі кедергілерді жоюға бір­ле­сіп күш бағыттау керек екенін айтты.

Қазақстан Президенті сөзінің со­ңында жиын қорытындысы табыс­ты ын­ты­мақтастықтың іргесін бекі­тіп, Еу­разиялық экономикалық одаққа мүше елдердің серіктестігін нығайтатынына сенім білдірді.

Бұдан соң сөз алған Ресей Прези­денті Владимир Путин бірігудің тәуел­­сіз­дікті сақтап қала отырып, бас­қа­лар­мен байланысты үзіп алмауға мүм­кіндік беретінін ерекше атап өтті. 

– Бұл идеяның авторы – Нұрсұлтан Әбішұлы аталған салаға жан-тәні­мен беріліп, қыруар жұмыстар істеді, оны қа­лып­тастыру мен біріктірудегі жұ­мыс­тарды істеп те жатыр. Енді сауда, қар­жы, әлеуметтік салалар­да­ғы қа­рым-қа­ты­настарымызды одан әрі жан­дан­дыра түсу керек, – деді В.Путин.

Ресей Президенті бұған дейінгі сұхбаттарының бірін­де: «Қазақстан­ның Тұңғыш Пре­­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев Мәс­­кеу мемлекеттік уни­верситеті қабыр­­ғасында ұсынған тең құқық­ты елдерді біріктіру идеясынан эконо­ми­калық одақ дәрежесіне дейін жеткен Еуразиялық интегр­а­ция жобасы өз тиімділігін толығы­мен дәлел­деді. ЕАЭО-ға мүше елдер сауда-эко­но­микалық, инвестициялық және гу­манитарлық байланыстарын ны­ғай­тып келеді. ЕАЭО аясындағы ин­те­гра­циялық процестер бауырлас халықтар игілігі үшін Ресей мен Қазақ­стан арасындағы қарым-қатынас пен стратегиялық серіктестікті және одақ­тастықты нығайтуға қосымша септігін тигізеді» деп, одақ жұмысын жоғары бағалаған болатын.

Бұдан әрі Молдова Президенті Игорь Додон 2017 жылдап бастап Еуразиялық экономикалық одаққа қа­рай тартыла бастағандарын айтты. 

– Біздің мемлекетіміз байқаушы мәртебесінде отырып Молдова үкі­метінен белсенді қолдау күтеміз. Алай­­да, ішкі парламент сайлауын өт­кізуге негізделген ішкі саяси қиын­шы­лық­тарға байланысты біз бұл жиынға тек президенттік командалардың кү­ші­мен келіп отырмыз. Осыған қара­мастан 2018 жылы Молдованың осы ұйымға қатысушылармен сауда ай­на­лымы 10 еседей  өсті. Биыл ал­ғаш­қы тоқсанда 30 пайызға жоға­ры­лады. Бұл – жақсы көрсеткіш, – деп атап өтті И.Додон.

Ал Тәжікстан Президенті Эмомали Рах­мон Қазақстан тарапына дәстүрге ай­налған жылы қонақжайлық ұста­ным­­дарына алғыс айта келе, Нұрсұл­тан Назарбаевты Жоғары Еуразиялық эко­­номикалық кеңестің Құрметті төр­­ағасы болып сайлануымен құттықтады.

Жалпы, Жоғары Еуразиялық эконо­микалық кеңес отырысының қоры­тындысы бойынша мынадай құжаттар қабылданып, қол қойылды:

Жоғары кеңестің «Жоғары Еуразия­лық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы туралы» шешімі;

Жоғары кеңестің «Қытай Халық Рес­пуб­ликасы мен Еуразиялық эконо­мика­лық одақтың кедендік шекаралары арқылы өтетін тауарлар мен ха­лық­аралық жүк тасымалының көлік құралдары және ақпарат алмасу жө­ніндегі келісімдерге қол қою мәсе­лелері туралы» шешімі;

Жоғары кеңестің «Бір жағы – Еура­зиялық экономикалық одақ және оған мүше мемлекеттер, екінші жағы – Сербия Республикасы арасындағы ер­кін сауда аймағы жөніндегі келісім­дерге қол қою мәселелері туралы» шешімі;

Жоғары кеңестің «Еуразия эко­но­микалық одаққа мүше мемле­кет­тердің 2019-2020 жылдарға арнал­ған негізгі макроэкономикалық саясатының не­гізгі бағдарлары туралы» шешімі;

Жоғары кеңестің «Еуразиялық эко­номикалық одақтың өнеркәсіптік саясаты жөніндегі кеңес туралы» шешімі;

Жоғары кеңестің «Еуразиялық эко­но­микалық одақтың дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттау туралы» шешімі;

Жоғары кеңестің «2017-2018 жыл­дардағы мүше мемлекеттердің сауда, көрсететін қызметтері, мекемелер мен жұмыстарын реттеу тәртібімен қарас­тырылған Ереженің орындалу мони­торингінің нәтижелері туралы» өкімі;

Жоғары кеңестің «Еуразиялық эко­номикалық одақ аясындағы көрсе­ті­летін қызметтердің жекелеген секторлары бойынша либерализациялау жоспарларын жүзеге асырудың кейбір мәселелері туралы» өкімі;

Жоғары кеңестің «Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін рет­теудің бірыңғай қағидаттары мен ережелері туралы хаттаманың 20-тар­мағы 5-тармақшасына сәйкес ақпарат ұсыну туралы» өкімі;

Жоғары кеңестің «Трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестік ахуал және 2018 жылғы бәсекелестіктің жалпы тәртібі бұзылуының алдын алу жөнінде қабылданған шаралар Еуразиялық экономикалық комиссияның жылдық есебі туралы» өкімі;

Жоғары кеңестің «Жоғары Еуразия­лық экономикалық кеңестің кезекті отырысын өткізу уақыты мен орны туралы» өкімі;

2014 жылдың 29 мамырындағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама;

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бюджеттері арасында кедендік баж салығының кіріс сомасын бөлу туралы хаттама;

Еуразиялық экономикалық одақ құ­ру туралы келісімге қол қойы­луы­ның 5 жыл­дығына орай Жоғары Еура­зиялық экономикалық кеңес мүше­лерінің бірлескен мәлімдемесі;

2014 жылдың 29 мамырындағы Еура­зиялық экономикалық одақ туралы келісімге өзгерістер енгізу жөнін­дегі хаттамаларға қол қою туралы;

2017 жылдың 11 сәуіріндегі Еура­зия­лық экономикалық одақтың Кеден­дік кодексі жөніндегі келісімге өз­герістер енгізу туралы хаттама;

Еуразиялық экономикалық одақтың кеден аумағына енетін тауарларды бақылау механизмдері туралы келісім;

2014 жылғы 29 мамырдағы Еура­зия­лық экономикалық одақ туралы шарт­қа Қырғыз Республикасының қо­сы­луына байланысты Қырғыз Рес­пуб­лика­сының 2014 жылғы 29 ма­мыр­дағы Еура­з­иялық экономи­калық одақ туралы шартты, Еура­зия­лық эко­номикалық одақ­тың құқы­ғына кіретін жекелеген халықаралық шарт­тарды және Еура­зиялық эконо­мика­лық одақ орган­дарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырда қол қойылған хаттамаға өзгеріс енгізу хаттамасы.

Сонымен ширек ғасыр бұрын айтылған ұсыныстың нақты өмірде жүзеге асқанына күллі әлемнің көзі жетті. Енді бұл күшке қарай әлді-әлсіз мемлекеттер еріксіз тартылып, сауда-саттық жасауға сұранарлары хақ. Өйткені кәрі құрлықтағы негіз­сіз кикілжіңдер, АҚШ пен Қытай арасындағы бітіспес сауда соғыстары жаһанды әбден мезі қылды. Оның үстіне Еуропалық одақтың ішкі интеграциясында қазір жүріп жатқан Брекситке қатысты ахуал да бұл құры­­лымның дамуында тоқырау бар екенін байқатып отыр. Осындай жағ­дайда Еуразиялық экономикалық одақ­тың серпінді дамуына мол мүмкін­дік­тер бар екені айтпаса да түсінікті. Оның бірқатарын осы идеяның авторы әрі іс жүзіне асырушысы, Қазақ­станның Тұңғыш Президенті – Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев кешегі ал­қа­лы басқосуда айқындап берді. Ен­дігі міндет осы кеңесте айтылған ұсыныс­тар мен қабылданған құжаттарды жү­зе­ге асыру арқылы Одақ нарығының аясын кеңейте беру болмақ. 

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»