Оразалы Жандосовтың тарихтағы тұлғасы мынадай себептерге байланысты қызығушылық туғызады. Біріншіден, ол геологиямен ғалым және практик есебінде кәсіби тұрғыдан айналыса бастаған алғашқы буын ұлт зиялылары қатарындағы тұлға. Осы ретте оның өмір жолы мен қызметіне қатысты материалдар өткен ғасырдың 20-30-жылдарындағы қазақ мәдениеті мен ғылымының қалыптасу үрдісін бұрынғыдан тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Екіншіден, Оразалы Қиқымұлының қоғамдық өмірге және ондағы өзгерістерге қатысты ұстанымы мен көзқарасы сол тарихи мезгілде жалпы елде қалыптасқан саяси-әлеуметтік жағдайды да тура қорытуға көмектесері хақ. Үшіншіден, біз осы уақытқа дейін Қазақстанда, қазақ қоғамында Кеңес өкіметі жүргізген ұлт саясаты жөнінде тартына жазып келеміз. Өйткені Қазақстандағы қазақ мәселесі туралы ашық жазып, оған тереңірек үңілген автордың ұлтшыл атануы оңай болатын. Ал тарихи шындық сондай, өткен ғасырдың 20-30-жылдары кеңестік биліктің ұлт саясатының негізі қаланды. Осы кезеңдегі қазақ қоғамынан бұл саясаттың басты көріністері мен ерекшеліктерін анық байқауға болады. Олай болса бұл мазмұндағы материалдарды сол күйінде жылы жауып қою тарих ғылымы үшін өзінің кәсіби міндетін орындаудан бас тартумен тең.
Ішкі істер департаменті архивінің қорында геологтар Оразалы Жандосов пен Мерғали Қадылбековтің тергеу материалдары сақталған. Онда Алматы облысы Талдықорған ауданындағы Текелі кен басқармасының директоры Оразалы Жандосов пен осы кәсіпорынның техникалық директоры (яғни бас инженері) Мерғали Қадылбековті тұтқынға алып, олардың үйлерінде тінту жүргізуге Ішкі істер Халық комиссариатының Талдықорған аудандық бөлімінің берген ордерлері тіркелген. Міне осы материалдардың көрсетуіне қарағанда кен басқармасының аталған екі басшысы 30 мамыр күні Текеліде ұсталып, олардың Алматыдағы үйлерінде 6 маусым күні тінту жұмыстары жүргізілген.
Текеліде тұтқындалған геологтарға байланысты уәкіл Шаймерденов пен НКВД басқармасы бастығының көмекшісі Марсельскийдің даярлаған қаулысында «контрреволюциялық ұлтшылдар ұйымының мүшелері Жандосов пен Қадылбековтің Алматыдағы үйлерінде болуы мүмкін қару-жарақ пен жазысқан хаттарын алу үшін тінту жүргізу қажет» деп көрсетіледі.
Тінту хаттамасында оны жүргізген НКВД қызметкерлері Оразалының үйінен 46 беттік геологтың жазба дәптерін, сондай-ақ 105 беттен тұрған хаттарын алып кеткендігі тіркелген. НКВД қызметкерлері тарапынан тәркіленген бұл құжаттық материалдар, әрине, қайтарылмаған, сол күйінде жойылған. Тергеушілер тарапынан орын алған мұндай фактілер геологқа жасалған қиянаттың ізін жасырудың бірден-бір көрінісі еді. Өйткені мұндай жазбалардағы фактілік материалдар тұтқынға алынған тұлғаның күнделікті тіршілігінен мәлімет берумен қатар, тергеушілерге сол берілген фактілерді пайдаланып істі одан әрі кеңейтіп, «жоқтан бар жасау» үшін де қажет-тін. Тергеушілерге өз міндетін атқарған жазбаларды енді жоюдан басқа амал да қалмайтын еді. Репрессия тұсында кәмпескеленген материалдардың кейін қайтарылмай, жоғалып кетуінің бір сыры осында.
Оразалы 1904 жылы Алматы облысының Қаскелең ауданында, сол тұста «Ораз» атанған колхозда өмірге келген. Өз отбасының құрамына байланысты ол қолында 63 жастағы анасы Дәрменнің, 30 жастағы Хатима атты зайыбының, тоғыз жастағы Раиса, Мелеу (жасы көрсетілмеген) және асырап алған 12 жастағы Фаузия атты қыздарының, бір жарым жастағы Ерлім атты ұлының бар екендігін көрсеткен.
Оразалының 1926 жылы қаңтарда Ферғана қаласында (Өзбекстан) қызметте жүріп жазған өмірбаяны бар. Осы құжатта берілген мынадай мәліметтерге көңіл аударуға болады. Онда жеке шаруашылығы бар Қиқым есімді жұмысшының отбасында өмірге келіп, 9 жасқа дейін әкесінің меншігіндегі 50 бас қой мен қозыны бағуға көмектесіп, тоғызға толғанда әкесі Верный қаласындағы беделді мещанин, жеке зауыты бар Т.В.Великановтың көмегімен ұлы Оразалыны қазына есебінен қаладағы ерлер гимназиясының пансионына орналастырғанын жазады. Осы оқу орнында ол 1918 жылға дейін тәрбиеленіп әрі білім алады. Осы жылы революциялық өзгерістерге және әкесі Қиқымның опат болуына байланысты оқуынан қол үзіп, үйіне қайтуға мәжбүр болады. 1918-1920 жылдар аралығында етік тігумен шұғылданып, ал 1920 жылы әк өндірушілер артелін ұйымдастырады. 1922-1924 жылдары Алматы уезінде уездік атқару комитетінде, уездік комсомол жастар ұйымында, «Қосшы» одағында түрлі қызметтер атқарып, 1924 жылы Ташкентке партия жұмысына ауысып, сол жерден Мәскеуге жоғары кооператившілер курсына оқуға жіберіледі. Оқудан оралған соң Ферғана облыстық ауылшаруашылық кооперациясында Қазақстан өкілі, 1926-1929 жылдары уездік және облыстық атқару комитеттерінде түрлі қызмет атқарады.
Қорыта айтқанда, ел өмірі түбегейлі өзгерістерге ұшыраған кез Оразалы Қиқымұлы үшін де азаматтық кемелдену кезеңі болған еді.
Геолог Оразалы Жандосов не үшін жазаланды? Жалпы бұл тақырып, яғни патшалық және кеңестік жүйелер тұсындағы қазақ жерінің кендерін игеру тақырыбы, оның түрлі қырлары мен салдары тәуелсіз ұстаным тұрғысынан арнайы талдауға алынған емес. Фактілік негізде баяндалған осы тақырыптың өзі ғана жоғарыда аталған мемлекеттік жүйелердің ішкі мазмұнын тура түсінуге жол ашқан болар еді. Жаңа ғана күш ала бастаған ресейлік капитализм, әсіресе оның орнын басқан кеңестік индустрия қазақ жерінің кен байлығынан сүйеніш тапқаны тарихи ақиқат ретінде ұмытылмақ емес.
Міне осы контексте алғанда алғашқы буын қазақ геологтарының да тағдыры жеңіл бола қойған жоқ-тын. Кеңес өкіметі алғашында қазақ жастарына геолог барлаушы мамандығын беруді қуаттады. Жергілікті халықтан шыққан мамандарға кен көздерін табуды жеңілдететін мүмкіндік ретінде қарады. Сонымен бірге олардың кеңестік билікке қатысты ұстанымына сенімсіздікпен қарады. Геолог-барлаушылар О.Жандосов пен М.Қадылбековтің тағдыры еріксіз осы ойға жетелейді.
Сонымен геолог-барлаушы мамандығы бойынша енді ғана қызметін бастаған Оразалы Қиқымұлы Жандосовтың өмір жолындағы қайғылы жағдай неден басталған еді? 1937 жылдың сәуірінде партияның Алматы облыстық комитетінің нұсқаушысы Жигулев обком хатшысы Ж.Сәдуақасовтың атына «Текелі кен басқармасындағы жұмыстың жағдайы туралы» деп аталатын 7 беттен тұрған анықтама түсіріп, онда 1935 жылы құрылған кен басқармасының бір жарым жылдық қызметінде орын алған кемшіліктерге тоқталады.Жалпы, Кеңес Одағында қалыптасқан жағдайда нұсқаушының бұл анықтамасы кен басқармасының бастығы Жандосовты партия қатарынан шығаруға жеткілікті еді. Бұл шешімді 1937 жылдың 9 мамырында өткізілген Талдықорған аудандық партия комитетінің бюросы бекітеді. Бұл құжат арқылы коммунистік партия ұйымдарының саяси репрессия процесіндегі орнын пайымдауға болады. Бюро қаулысында, мәселен, шахта жұмысшылары арнайы тігілген киімсіз жұмыс істеді, шахтада вентиляция болмауына байланысты жеке адамдардың улануы орын алды, сынға жол берілмеді, директор Тоққожанов, Скритченко және басқаларды жақын тартып, жұмысқа алды, жұмыстан шығарылған 40 жұмысшы түгелдей орыс ұлтынан еді деген сияқты кемшіліктер келтірілді. Бұл таңылған кінәларға байланысты О.Жандосовтың берген уәжі мүлдем ескерілмеді. Әсіресе, Оразалыға директор ретінде өз қызметі арқылы біраз көлемде қаржылай шығын келтірді деген айып тағылғанымен, бірақ сол айыпқа байланысты тексеру жұмысының қорытындысы туралы ештеңе айтылмады. Өйткені ондай тексеру жұмысы жүргізілмеген еді.
Жоғарыда баяндалғандай, прокурордың О.Жандосовты қамауға алу туралы ордері көп күттірген жоқ-тын. Ол мамырдың соңына қарай тұтқындалып, маусымның 1-інен тергеушінің сауалдарына жауап бере бастайды. Өкінішке қарай бізге Оразалы Жандосовтың тергеу материалдарымен толық күйінде танысуға мүмкіндік берілмеді. Үстірт, көз жүгіртіп қарағанда байқалғаны: жарты жылға созылған (1937 ж, маусым-желтоқсан) тергеу ісінен соң осы жылдың 13 желтоқсанында берген жауабында Оразалы «мені контрреволюциялық қызметпен айналысып, қылмыс жасады деген айыптаумен келіспеймін» деген ұстанымын ашық та анық білдіреді. Бұл әрине, тергеу папкасына тігілген құжаттық материалдар нөпірінің арасынан бізге жеткен 33 жастағы ешқандайда кінәсіз Оразалының жанайқайы еді.
Дегенмен, НКВД тергеушілерінің «адам болса іс табылады» деген ұстанымды басшылыққа алып жасаған ісінің арасынан тарихи шындықтың ұшын көруге болатын еді. Оразалы Қиқымұлы бір сөзінде сол тарихи кезеңдегі Қазақстан қоғамында қалыптасқан жағдайдан хабар беретін мынадай пікірді білдіреді: «Қазақ геологиялық тресі партия ұйымының жиналысында (бұл кезде О.Жандосов Семейде қызметте болатын – авт.) Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Станкин Қазақ Өлкелік партия комитетінің 6-пленумы жұмысының қортындыларына байланысты баяндамамен сөйледі. Қазақ Өлкелік партия комитетінің 6-пленумы 1933 жылы 10-16 шілде күндері өтеді. Пленумда қаралған негізгі мәселе Ф.И. Голощекин басшылығы тұсында елді бұрын-соңды болмаған қырғынға ұшыратқан қателіктер жөнінде болады. Баяндамадан кейінгі жарыссөзде сөз алып мен «партияның өлкелік комитеті бұрынғы басшылықтың жіберген қателігін толық аша алмады» деген ойды айттым». Бұл ойдың ұлтшылдықтың көрінісі ретінде қабылдануы мүмкін.
1931-1933 жж. қазақ даласындағы жойқын аштықтың куәсі болған Оразалының мұндай тұжырымға келуі, әрине, толық заңды да еді. Сондай-ақ, мұндай тұжырымға келген жалғыз ол да емес-тін. Інісінің республика басшылығының қызметіне байланысты сыни ұстанымда болғандығынан Ораз Жандосов та мәлімет береді. 1937 жылдың тамызында абақтыға жабылған ол 30 қыркүйек күні берген көрсетуінде «Менің інім Оразалы Жандосовтың 1933 жылдың басында Қазақстанда қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты ұлтшылдық ұстанымда болғандығынан хабардармын. Ол бұл кезде Семейде қызметте еді. Қазақтардың арғы бетке жапырыла көшуін ол басшылықтың қате саясатымен байланыстырды. Кезінде Анненков әскерінде болған алашордалық Мұхамедчин деген кісімен ұзақ жылдар бойы жақын қатынас ұстап, оны қызметке тартып жүрді. Тау өнеркәсібіндегі қызметіне байланысты ылғи да Кельмансонмен жиі араласып, Пятаковпен де кездесті», дейді.
Оразалының отаншыл ұстанымдағы тұлға сипатын айғақтайтын құжаттық фактілер аз емес. Мәселен, ол 1933 жылы мәскеулік кезеңінде Қызыл профессура институтының тыңдаушылары Б.Айбасов, Ж.Арыстанов, Ғ.Исхаков, І.Қабылов, Қазақ Өлкелік партия комитететінің мүшесі Ғ.Тоғжановтармен бірге И.Сталин мен Өлкелік партия комитетінің хатшысы Л.Мирзоянның атына «О работе казахстанской парторганизации» аталатын «алтаудың хатына» қол қояды. Құжатта қазақ ауылын апаттық жағдайға алып келген Ф.Голощекин басшылығы қызметінің нәтижесі екендігі, соның салдарынан елдегі 800 мың жеке қожалықтың 1932 жылдың көктеміне қарай жартысына жуығы, мал басының 85 пайызы жойылып кеткендігі айтылады. Оразалы Жандосов абақтыда 1937 жылы 11 және 15 қарашада берген көрсетулерінде досы Мерғали Қадылбеков екеуінің де қоғамда қалыптасқан объективті жағдайға байланысты ұлтшылдық ұстанымда, ал Кеңес өкіметінің реформалық шараларына қатысты сыни пікірде болғандығын жасырмайды.Осы мойындаудың өзі-ақ енді ғана қызметке араласқан бұл жас азаматтарды «буржуазиялық ұлтшылдар» ретінде және «халық жаулары» Пятаков пен Кельмансон сияқты қайраткер тұлғалармен байланыста (Троцкийшілдер ретінде айыпталған – авт) кеңестік билікті құлатуды көздегендер санатына жатқызуға жеткілікті еді. КСРО-ның Жоғарғы Сотының Әскери Коллегиясының көшпелі сессиясы (құрамы Горячев А.Д (төраға), Алексеев Г.А., Микляев А.Н., Шапошников Н.Н. (хатшы) өзінің 1933 жылғы 28 ақпан күнгі отырысында Текелі кен басқармасының бұрынғы директоры Оразалы Жандосовты 1933 жылдан бастап Қазақ КСР-де құрылған контрреволюциялық-ұлтшылдық, көтерілісшіл-террористік және диверсиялық-зиянкестік ұйымның құрамында оңшыл-троцкистік блокпен бірлікте кеңестік билікті құлату мақсатындағы контрреволюциялық қызметі үшін РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 2,7,8 және 11-тармақтарында қарастырылған қылмысқа сәйкес ең жоғарғы жаза – атуға бұйырылсын, сондай-ақ оған тиесілі жеке мүлкі тәркіленсін деген шешім шығарады. Бұл күш қолдану, даярланған хаттамаға зорлықпен қол қойғызу арқылы жүргізілген 2-3 тергеу және 9 айға созылған абақтыдан соң бар болғаны 5-6 минутқа созылған сот процесі болатын.
КСРО Жоғарғы Сотының Әскери коллегиясы 1957 жылғы 1 тамыздағы отырысында 1938 жылғы шешімін қайта қарап, Оразалы Қиқымұлы Жандосовты партия мен отаны алдында кінәсіз деп тапты.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ,
ҰҒА академигі