• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 30 Мамыр, 2019

Аймановқа араша керек

1287 рет
көрсетілді

Телефонға Шәкен Аймановтың немересі Динадан хабарлама келіп түскен соң, дереу көңіл аударып, оқи бастадық. Дина – режиссердің Мұрат деген ұлының соңында қалған жалғыз қызы. Осы ескерткіштің ашылатынын ай бұрын хабарлап, анасы Ирина Борисовна екеуі елдің бәрінен сүйінші сұрап, сол күнді тағатсыздана күткен болатын.

Атақты атасының болғанына мақтанып, перзенттік парызбен бір құшақ гүлін көтеріп келіп, ешқашан көрмесе де, тас мүсініне маңдайын түйістіріп, армансыз еркелеп кеткен еді сол күні. Енді, міне, сондағы қуа­нышының ізі де жоқ, орнатылғанына екі апта ға­на болған атасының су жаңа ескерткішінің суретін жі­беріпті де, астына маймыл мен қойдың смайлигін қо­са салыпты...

Динаныкі дұрыс. Белгілі журналист, марқұм Жұматай Сабыржанұлы ағамыздың жиі қолданатын «Адам дейін десең – сияғы жоқ, мал дейін десең – тұяғы жоқ» дейтін мақалы болушы еді. Соның кері. «Атамды қорлап жатқандарға  шара қолданбаса болмайды, көмектесіңізші!» деп қиылыпты Дина.

Адамның өз беті қызармаса, біреудің ұятының кемдігі үшін бір нәрсе істеу мүмкін емес. Көзі тірілердің айтуынша, көптің ортасында жүрмесе, көңілі ортайып, жарқылдаған жайдары мінезімен жан-жағын күлкіге көміп жүретін ұлы режиссер ұрпағының келемежіне ұшырап, мазағына айналамын деп әсте ойламағаны анық. 

Германияда 4000-нан астам кеңес әскерінің құрметіне қойылған ескерткіш бар, ара-тұра «намысы» қайнап тұратын нацистердің тарапынан  шабуылға ұшырап тұратыны болмаса, қарапайым немістер жат жерде шейіт болып кеткендердің шекесінен де шертпейді. Бұл – мәдениет. Ескерткішті қызықтаудың да мәдениеті бар. Мүсін өнері ойнау үшін емес, ой салу үшін бой көтереді. Аймановқа осы ескерткіштің түкке де керегі жоқ еді, ескерткіш бізге керек болатын. Ұрпақ біліп өссін дедік. Осыны ұрпағына ұғындырмақ түгілі, балаларын Аймановтың төбесіне шығарып, ойнақтатып қойып, суретке түсіріп жүрген ата-аналардың мәдениеті үшін қонақүйдің балконынан қарап, күліп тұрған шетелдіктерден біз ұялдық.

Ит-құстан қорығандай, мүсін орнатылған «Алматы» қонақүйінің қожайыны Нұрлан Смағұловқа арнайы штат ашып, күзетші жалдап, Шәкенді көшеде кетіп бара жатқан әрбір тентектің шалдуарлығынан, көргенсіздігінен қорғау міндеті қалып тұрса, мәдениетіміз еденнің ернеуінен де төмен түсіп кетті деген сөз. Ілгеріректе «ескерткіштерді бәрі неге еңселі», «батырлар астындағы атынан, хандар мен билер тағынан түсіп, жерге жайғасса болмас па еді» деп біркелкі бой көтеретін іргетесы биік, алып мүсіндерге кінәлай көз тастаушы едік. Мәдениетіміздің сиқы мынау болып тұрғанда тұлғалардың тұғырынан түспегені  дұрыс болар деген ой енді еріксіз туып отыр.  АЛМАТЫ