«Ақ жол» демократиялық партиясынан президентікке кандидат Дания Еспаева сенім білдірілген өкілдерімен бірге Солтүстік Қазақстан облысында кездесу өткізді. Кандидат өзінің сайлауалды бағдарламасын Петропавл ауыр машина жасау зауытының ұжымына таныстырды. Кәсіпорында 1000-ға жуық жұмысшы істейді. Президенттіктен үміткер еңбек шартымен танысып, еңбек ұжымына қазақстандық кәсіпорындарды, олардың мамандарын қолдау туралы ұсыныстарын айтып берді.
Бұл зауыт мұнай-газ, қорғаныс, энергетика салаларына арналған жабдықтарды даярлайды. Оның тарихы өткен ғасырдың 60-ыншы жылдарынан бастау алады. Сол кезде ол зымыран, зымыран кешені, суасты қайықтарының снарядтарын жинаған еді. Қазіргі таңда зауыт өз бағытын кеңейтіп, тек Қорғаныс министрлігінің ғана емес, мұнай және теміржол компанияларының тапсырмаларын орындап жүр. Жұмыстың жалпы ауқымы жүз түрден асады. Бүгінде өнеркәсіпті қайта жаңғыртуға 4,5 млрд теңгеден аса қаржы бөлініп отыр. Жоба 2020 жылға дейін, яғни үш жылға жоспарланған. Қайта жаңғырту процесі өнеркәсіп аумағын ұлғайтып, жаңа өнімдерді шығаруға серпін береді. Былтыр зауыт 3,5 млрд теңге сомасында жабдықтар шығарса, биыл оның қаражатын 5-6 млрд теңгеге ұлғайту жоспарланған. Отандық кәсіпорын шетел компанияларының тендерлеріне де қатысады.
Д.Еспаеваның отандық кәсіпорындарды салықтық жеңілдіктер мен басқа да шаралар арқылы қолдау туралы ұсынысы бизнесмендер тарапынан қолдау тапты. * * *«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы ұсынған президенттікке кандидат Төлеутай Рахымбеков Атырау облысындағы Махамбет ауданы Сарайшық ауылына барып, ондағы халықпен жүздесіп, алма бағын аралады. «Еңбектің наны тәтті», дегендей күнделікті шаруашылықтан нәпақасын тауып жүрген қарапайым жұрт үміткерге көкейде жүрген мәселелерін жеткізіп, оның шешіміне қатысты ұсыныстарын айтты.
«Атырау өңірінің қысы қытымыр болса, жазы қапырық, ыстық. Ауа райы құбылмалы, құрғақшылыққа бейім. Соған қарамастан Сарайшықта жайқалып өсіп тұрған 40 мың түп ағашы бар бақта алманың 34 сортынан жыл сайын 400 тоннаға дейінгі өнім жиналады. Алма бағы заманауи үлгідегі техникамен жабдықталған, су үнемдеу ресурсы бар, яғни мұнда тамшылата суару жүйесі жұмыс істейді. Тек Алматыда, оңтүстік өңірлерде ғана емес, еліміздің батысында, Атырауда да алма бағы өсіп тұр. Бұл ерен еңбектің арқасы, әрине. Сонымен қатар ауыл шаруашылығының мүмкіндіктері мол екенін көрсетеді. Қазіргі таңда дәл осы алма бағы ауылдың 15 адамын тұрақты жұмыспен қамтып отыр», деді Т.Рақымбеков.
Сонымен қатар президенттіктен үміткер облыстағы «Сарайшық» шаруа қожалығына барып, оның жай-жапсарымен танысып, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді қолданудың тетіктері туралы айтып берді. «Төлеутай Сатайұлымен кездесіп, сауалдарымызды қойып, бір марқайып қалдық», деді аталған шаруа қожалығының басшысы. * * * Кәсіподақтар федерациясынан президенттікке кандидат ретінде тіркелген Амангелді Таспиховтың республикалық қоғамдық штабының өкілдері Тараз облысындағы «Қазфосфат» ЖШС ұжымымен кездесті. Бұл – өңірдегі ең ірі химиялық өндірістік кәсіпорын. Қызметкерлер алдында республикалық қоғамдық штаб мүшелері Б.Нұрымбетов, Е.Каппель және аймақтық штаб жетекшісі М.Төлепберген сөз сөйлеп, өз кандидаттарының сайлауалды тұғырнамасының ерекшелігіне тоқталды. Президенттік сайлауға түсіп жатқан жеті кандидаттың ішінде А.Таспиховтың қарапайым еңбек адамының мәселелерін көтеріп жүргені айтылды. Жиналған қауым лайықты еңбекақы, қауіпсіз еңбек жағдайы, еңбек заңнамасының солқылдақ тұстары сияқты өзекті мәселелерді шешу жолдарын ықыласпен тыңдады. Сонымен қатар кандидаттың Батыс Қазақстан облысындағы қоғамдық штабы Жаңақала ауданында «Әлеуметтік әділеттілік – кәсіподақтың басты басымдылығы!» тақырыбында дөңгелек үстел жиынын ұйымдастырды. Бұған білім беру ұйымдарының кәсіподақ төрағалары мен белсенді жастар қатысты. Отырыста сөз тізгінін Жаңақала аудандық білім беру қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Жастілек Қайрекешов ұстады. Облыстық кәсіподақтан келген мамандар тақырып бойынша жеке-жеке сөз сөйлеп, қойылған сұрақтарға тұщымды жауаптарын берді. * * * Қазақстан Коммунистік халық партиясынан перзиденттікке кандидат Жамбыл Ахметбековтің Нұр-Сұлтан қаласындағы сайлауалды қоғамдық штабы үгіт-насихат жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр. Іс-шараларға ерікті жастар да араласып, өз кандидаттарының басты ұстанымдары көрсетілген материалдарын таратуда. Осы бағыттағы істер жалғасын тауып, кеше белсенділер елорда тұрғындары мен қонақтарына 6 мың дана үгіт парақшаларын үлестірді. Жұртшылықтың арасында уақыт бөліп, қосымша сұрақтарын қойып, қызығушылық танытқандар кездесті. Сонымен қатар Ж.Ахметбековтің Жамбыл облысындағы қоғамдық штабы Тараз қаласындағы «Дана-дель» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Насихатшылар тобы тігін кәсіпорнында өндіріліп жатқан өнімдердің сапасын жоғары бағалап, бұл тауарлар халық сұранысын қанағаттандыратынын атап өтті. Штаб жетекшісі Ж. Нұралиев аталған кәсіпорын ондаған отбасын жұмыспен, тұрақты жалақымен қамтып, мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларының үлкен қолдау көрсетіп отырғанын айтты. Бұдан кейін ол еңбек адамының мүддесі, кедейшілікпен күрес, батыстың ықпалы мен жалған құндылықтарынан бас тарту сияқты бағыттар кандидаттың сайлауалды тұғырнамасында көтерілгенін мәлімдеді. Жиында кандидаттың ұстанымдары тек белгілі бір бағыттармен шектелмей, осындай кездесулер барысында халық көтерген мәселелер де назарға алынатыны айтылды. * * * Nur Otan партиясынан президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабының мүшелері жұмыс сапарымен Тараз қаласына келіп, әуелі «Jastar» аллеясында өңір жастарымен кездесті. Кездесуді облыстық қоғамдық штаб басшысы Шәбден Тілеумұрат ашып, студенттерді сайлауға белсене қатысуға шақырды. Сонымен қатар Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов бастаған құрамында Еңбек Ері, Халық Қаһарманы, өнер адамдары, ғалымдар, халық қалаулылары мен кәсіпкерлер бар штаб мүшелері Nur Otan партиясы ұсынған кандидаттың сайлауалды бағдарламасының артықшылықтары туралы кеңінен әңгімеледі.Содан кейін штаб мүшелері «Қазфосфат» ЖШС-нің минералды тыңайтқыштар зауытында болып, жұмысшыларға кандидаттың сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Кандидаттың сайлауалды бағдарламасының басымдықтары туралы «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов сынды республикалық штаб мүшелері жан-жақты әңгімеледі.
Республикалық қоғамдық штаб мүшелері Тараз қаласындағы «Астана» шағын ауданындағы сайлаушылардың үйлерінде де болды.
* * *«Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысы атынан президенттік сайлауға түсіп жатқан Әміржан Қосановтың Шығыс Қазақстан облысындағы сайлауалды қоғамдық штабы Зайсан, Аягөз, Қалбатау және тағы басқа кенттерді аралады. Сенім білдірілген адамдар жергілікті тұрғындармен кездесіп, кандидаттың сайлауалды бағдарламасын егжей-тегжейлі таныстырды. Халықпен кездесуде насихатшылар тобы президенттіктен үміткердің негізгі ұстанымдарын атап өтіп, тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап берді.
Ел өңірлерінде өтіп жатқан осындай кездесулерде кандидаттың сайлауалды тұғырнамасында көрсетілген басты ұстанымдар жан-жақты түсіндіріліп жатыр. Оның бағдарламасындағы «Ұлттық болмыс» атты тарауында қазақ тілінің конституциялық мәртебесін қоғам өмірінің барлық саласында орнықтырып, оның Қазақстан халқын біріктіруші факторы ретіндегі рөлін күшейту, «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа заң қабылдап, онда заңдық тұрғыдан мемлекеттік тілді білу, міндетті мамандықтар тізімін бекіту, азаматтарды, әсіресе жас ұрпақты киелі Алашорда идеяларына баулу, шетелдердегі қандастардың Қазақстанға оралуына кепілдік беру туралы айтылған.
Сондай-ақ Көкшетау қаласында кандидат Ә.Қосановтың облыстық сайлауалды штабында сайлау күні учаскелерде дауыс беру процесін қадағалайтын байқаушылар үшін семинар өтті. Онда саясаттанушы Дос Көшім бүкіл ел бойынша байқаушылар дайындауды жалғастыру туралы сөз қозғады. Ол жиналған қауымға сайлау кезінде орын алуы ықтимал түрлі жағдайлардағы әрекеттерді түсіндірді. * * * «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысынан президенттікке кандидат Сәдібек Түгелдің сенім білдірілген адамы Ғалия Балтабай бастаған насихатшылар тобы Павлодар жұртшылығымен кездесті. Павлодар қаласындағы Бұқар жырау атындағы мұражайда өткен жиында үміткер С.Түгелдің сайлауалды тұғырнамасы талқыланды.Ғ.Балтабай кездесуге жиналған көпшілікті кандидаттың өмір жолы мен қайраткерлік келбеті туралы кеңінен баяндап, жан-жақты таныстырды. Сөйтіп қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, алдағы сайлауды белсенді қолдау көрсетуге шақырды.
Сонымен қатар С.Түгелдің Алматы облысындағы сайлауалды қоғамдық штабының өкілдері Талдықорған қаласында ұлттық жəне ат спорты түрлерінен спорт мектебінің ұжымымен және қала тұрғындарымен кездесті. Сенім білдірілген адамдар көпшіліктің алдында осы күнге дейінгі өткізген іс-шараларға тоқталып, өз кандидаттарының қырларын жақсылап ашып көрсететіндей сұхбат құрды. Өңірлік штаб жетекшісі Бақытгүл Қожабергенова өз кезегінде С.Түгелдің сайлауалды тұғырнамасын кеңінен таныстырды. Бағдарламада көрініс тапқан мәселелер қызу талқыланды. Əсіресе демографияға зор көңіл бөліп, мемлекет тарапынан көмек көрсету және мемлекеттік тілдің мəртебесін көтеру мəселесі кеңінен айтылды. Жиынға Ұлттық жəне ат спорты түрлерінен спорт мектебінің ұжымы қатысқандықтан, ұлттық ат спортын дамытуға қатысты бағыттар әңгіме арқауына айналды.
Хамит ЕСАМАН,
Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
«Egemen Qazaqstan»