• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 31 Мамыр, 2019

Түске кіреді Ягуново

1237 рет
көрсетілді

Көзі қарақты оқырман Қаракемерді бүгінде Кемер деп біледі. Сол Кемердің – Ресейдегі Кемерово қаласының қызыл өкіметтен теперіш көрген баба­ла­ры­мыз­ға қорған болғанын біреу білсе, біреу біле қоймас.

Ягуново сол Кемерге кірігіп жат­қан түскейіндегі шағын бір селосы. Ірге­та­сы сонау он жетінші ғасырда қалан­ған дейді тарихшылар. Содан бері не өспеген, не өшпеген. Ягуново сөзін естіген есті қазақ бұл сөзді онша тосыр­қай қоймас деп ойлаймыз. Бұл сөзден анық көрініп тұрған архетип сөзі ғұн, әрине. Әр жағы түсінікті болса керек. Баба­ларымыз бұл өлкені атам заманнан жай­лап келген.

Осы мекен күні кешеге дейін қазақы ауыл болып келіпті. Қазақ аулалары бол­ған. Қазақ қорымдары болған. Бүгінде сол қазақ жұртының атауы қалған. Тұрғылықты қазақтар тари­хи жұртына көшкен, қалғандары жергілікті халыққа жұтылып кеткен.

Қазақ баласына қорған болды деп отырған осы село­ның бізге қатысы қандай?

Өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызын­шы жылдарындағы тарих оқу­лық­­тарына шаруалар көтерілісі деген атау­мен кірген халық толқуларында қызыл өкіметке басын имеген бабала­ры­мыз аты-жөндерін өзгертіп, осы мекенді пана­лаған. Солайынша соңдарынан шам алып түскен алғашқы төрт, кейінгі үш әріп жаналғыштарын көз жаздыртып кет­кен.

Ягуновоны әулетімен паналағандар да аз болмаған.

Со­лардың қатарында Көрпелдес әулетін атауға болады.

Көр­пелдес баласы Мұсатай Қарқара­лы ауда­нының №16 ауылында тұрған. Бұл он алтыншы ауыл аты шулы ауыл, бүлік­шіл ауыл. Ел егерлігінде бас­та­ры қызыл ноқтаға сыймаған. Сол оты­зын­­шы жылдары бала-шағасымен ат үстінде өмір сүрген ауыл.

Мұсатай бабамыз бақуатты өмір сү­ріп­ті. Сол бақуаттылығы өзіне пәле бо­­лып жабысады. Отызыншы жылы «құлақ» болып, баяғы «елу сегізінші» статьямен сотталып, бес жылға Бело­мор­ка­нал құрылысына жіберіледі. Сөй­тіп мал-мүкәмалынан, үш әйелінен, бала­ла­рынан айырылып, артына қарай-қа­рай кете барады.

Осы каторгалық жұмысқа саяси стать­­я­мен сотталғандар жегіледі. Со­лар­­­­дың көбісі туған топырағына жете­ ал­май­ды. Көбісінің сүйегі ақсөңке болып, Ақ теңіз бен Балтық теңізінің жаға­лауын­да қалады.

Мұсатай бабамыз да осы кепті бас­тан кешеді. Жете алмайтыны – туған топы­рағы мінез көрсеткен. Қолдарына қару алып, өкіметке қарсы ақырына дейін тұрған. «Боқты көтерілісі» деген атаумен тарихқа кірген бұл көте­рі­ліс­ке Мұсатайдың тұңғышы Төлеш те қатысады. Көтеріліс аяусыз басыл­ған­нан кейін Төлеш те бес жылды арқалап кете барады. Ол да каторгалық жұмысқа жегіледі...

Мұсатай бабамыз мұның бәрін сым­­сыз хабар арқылы біліп отырады. Сон­­дықтан ат басын киіз туырлықты буряттарға бұрып, бас сауғалай тұруды жөн көреді. Осында жүріп Нұрила әжемізге кездеседі. Елден жырақта кездескен мұңлықтар бастарын құрайды. Естерін жиған бетте Қаракемерді бет­­ке алады. Соңынан Ягуноводағы қа­зақ­тар­ға барып қосылады.

Қаракемерде, әрине, жұмыс бар. Жұмыс болғанда шахта жұмысы. Осын­дай жағдайда да жүріп өзде­рі­нің адам­гер­шілік бет-бейнесін жоғалт­пайды. Көшеге орыс болып шық­қаны­мен, үйге қазақ болып оралады. Сол ғұн топы­рағы бұл кісілерге үш ұл, бір қыз сыйлайды.

Әкесінің жайынан хабардар Төлеш те ат басын туған топыраққа бұрмай, Ягуно­воға бұрады. Солайынша Ягуново Көрпел­дес әулетінің кіші отанына айналады.

Жан кешкен өзін сақтауды білсе керек. Төлеш тек-есімін өзгертіп, әкесінің бауыры Омар есімін алады. Оның да нә­па­қа тапқан жері шахта. Осында жүріп Бижамал анамызбен басын құрайды.Бұл анамыз да мұнда тағдыр тәлке­гі­мен келеді. Ол да басқа тек-есіммен жүрген. Өйткені оның әкесі Дәмен Сван­ба­ев та «құлақ» болып, «елу сегізінші» статьяны арқалапты. Дәменнің Кәрім, Дәмен, Қанапия атты үш баласы Сванбаев әуле­тінің үш діңгегі іспеттес. Ягуново бұл кісілер үшін де екінші отанына айна­лады. Дәмен шикі бай болған, дәу­ле­тін елге шашып Бесқарағайдың жомарты атанған дейді.

Салпаңқұлақтар да қарап жатпайды. Олар тағы да із алғанда Төлеш әке­міз жан ұшырады. Ұрпағыма қалай кө­лең­кем­ді түсірмесем екенмін деп.

Сол кезде... соғыс басталады. Төлеш қы­зыл өкімет алдында ақталудың мүм­кіндігі туғандығын жан-тәнімен тү­сінеді. Қырық бірдің жазында өз еркі­мен майданға аттанады. Сол жылдың күзін­де «хабар-ошарсыз кетті» деген хабар келеді. Қайран ер, орда бұзар отыз бес жасында еді...

Сөйтіп Көрпелдес әулетінің екі буы­ны осылайша банды аталды. Сон­дық­тан да олар басқасын қойғанда өзде­рінен қашты. Өздері жөнінде жақ ашпа­ды. Кейінгі балаларға залалымыз тиіп кет­песін деп. Ал кейінгі балалар кешегі қызыл өкі­мет­­тің күндесінде отыра алмады. Кешегі бандылардың ұрпақтары екендігін де жасырмады. Өздерінің түптерін іздеді. Қашақ бабаларын қолдарынан жетелеп, ту­ған топырағымен табыстырды. Сөйтіп Мұсатай бабамыз тек 1947 жылы ғана елге орала алды. 1976 жылы 92 жасында бақилыққа озды.

Мұсатай баласы Мұқан Омаров қу­ғын-сүргінге қарамастан алдымен тау-кен техникумын, кейінде политті де бітірді. Қарағанды шахталарында басшы қызметтерде болып, учаске бас­шы­лығына дейін көтерілді. Одан әрі де өсуіне мүмкіндігі болғанымен алдынан үш әріптіктер шықты да отырды. Енді бекі­ді-ау дегенде әлгілер сыбырлай қоя­тын. Соған қарамастан «Құрметті шах­тер» атағын алды. Спорт саласын­да үл­кен жетістіктерге жетті. Бокс бо­­йын­ша ел чемпионы атанды. 2005 жы­лы алпыс жеті жасында бақилыққа озды. 

Мұсатайұлы Рымтай 1938 жылы дү­ние­ге келген. Бұл кісінің де ғұмыры шах­тамен қатысты. «Шахта құрылысы» басқармасында озат жұмысшылар санатын­да болды. Қазірде бала-шаға­сы­ның ортасында аман-сау жүріп жатыр.

Мұсатай әкеміздің «арпа ішіндегі бір бидайы» – Рымбике есімді қызы Шах­тинск қаласында жүріп жатыр. Қазақ­станның еңбек сіңірген мұғалімі. Ал кенжелері Амантай 1946 жылы туған. Алматы халық шаруашылығы институтын 1975 жылы бітірген. Қудалау салқынына қарамастан біраз басшы қыз­меттерде болған. Оның ішінде облыс­тық қаржы басқармасында. 2004 жылы бақилық болды.

Төлеш әкеміздің қызы Тілеужан апайы­мыз жоғарыда айтқан Ягуновода 1941 жылы дүниеге келген. Медицина сала­сының ардагері. Астанада тұрып жатыр. Бұл кісі де басшы қызметтер атқар­ған. Бізге осы әулет тарихын ше­жі­­ре­леген апайымыз осы кісі.

2008 жылы Тілеужан апайдың балалары интернет арқылы баяғы қырық бірде хабар-ошарсыз кеткен Төлеш әкеміздің ізін шығарды. Ол кісі неміс қолына тұтқын болып түсіп, 1943 жылы концлагерьде қайтыс болып­ты. Минск облысындағы «Шталаг 342» концлагерінде жерленген екен. Тілеу­жан апайымыз бастап барып, туған же­рінің топырағын бұйыртты. Сол кешенді мемориалға есімі жазылыпты. Солайынша Төлеш әкеміздің екінші өмі­рі басталды. Мәңгілік өмірі.

Боқты көтерілісімен қатысты бір­қа­тар бабаларымызға бертінге дейін белгі қойыл­мағаны белгілі.

Мұсатай мен Смағұл бірге туа­ды. Смағұлдың баласы Кәкімбай соғыс арда­гері, көшелі адам еді. Сол кісі Мұсатай бабамызды Ягуноводан Қара­ған­­дыға көшіріп әкеледі. Сол Кәкімбай әке­міз бастап, Серғазы інілері қоштап оның да ретін келтіріпті. Келістіріп тұ­рып бабалары қорымын қоршаулап, белгі­тас қойыпты.

Бір ғана Көрпелдес әулетінің тарихы осындай. Әрине таратып жазар болса кітап та жазуға болар. Тіпті оның қа­лың­ырақ болуы да мүмкін. Өйткені ке­йінгі балалар бабатану жұмыстарын жалғастырып жатыр.

 

Төрехан МАЙБАС,

этнограф-жазушы

 ҚАРАҒАНДЫ