Сондай-ақ қазақстандық кинематографтардың соңғы жылдары түсірілген танымал фильмдерінің таныстырылымы да фестивальдың мазмұнын тереңдете түсті. Литва көрермендеріне «Анаға апарар жол», «Шал», «Талан», «Алмас қылыш», «Жаужүрек мың бала» фильмдері және «Күлтегін» анимациялық фильмі ұсынылды.
Қазақстанның Литвадағы елшісі В.Темірбаев Ева Симонайтите атындағы кітапханада ұйымдастырылған іс-шараның ашылу рәсімінде қазақстандық өнердің көпшілікке таралуы және еліміздің мәдени әлеуетінің дамуындағы өркендеудің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты Елбасы мақаласы арқылы ойдағыдай іске асырылып жатқанын атап өтті.
Бұған қоса, қазақстандық дипломат Қазақстан мен Литва арасындағы мәдени диалогты тереңдету, әсіресе жас ұрпақтардың арасында қажет екенін баса айтты.
Қазақстан өнерінің таныстырылымына арнайы келген Клайпеда қаласының мэрі В.Грубляускас және Қазақстанның Клайпедадағы Құрметті консулы Б.Петраускас, сондай-ақ Литваның жетекші университеттерінің ректорлары – «Клайпеда университеті» мен «LCC University» ынтымақтастықты тереңдетудегі қызығушылықты растады.
Ашылу салтанатына қатысқан «Литваның теңіз астанасының» тұрғындары мен қонақтары қазақ өнерінің туындыларын қызыға тамашалап, көрменің жарқын түстері мен терең мағынасына айрықша көңіл аударды.
Суретші Рауза Ералиеваның көрмесі мен Қазақстан киносының күндері Клайпеда қаласында 5 маусымға дейін жалғасады.
АЛМАТЫ