• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
04 Маусым, 2019

Әлемнің қылқалам шеберлері – Алтайда

1151 рет
көрсетілді

Бұл пленэр былтыр өңірдің Ұлан ауданындағы Тайынты көлінің маңында республикалық деңгейде қолға алынса, биыл алғаш рет халықаралық дәрежеде ұйымдастырылып отыр.

Әлемнің 10 мемлекетінің (Германия, Франция, Түркия, Литва, Грузия, Татарстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Қазақстан) 20 суретшісі төр Алтайдың төріне – Катонқарағай ауданына келді. Дүние жүзінің түкпір-түкпірінен Алтайға асыға жеткен қылқылам шеберлері 4-11 маусым аралығында табиғаты көркем мекендегі «Рахман қайнары» шипажайының маңында жұмыс істемек.

«Ұлы дала палитрасы» деп аталған пленэр «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының аясында аймақ басшысы Даниал Ахметовтің бастамасымен, облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен Өнер музейінің ұйытқы болуымен өткізіліп жатыр. Бұл пленэр былтыр өңірдің Ұлан ауданындағы Тайынты көлінің маңында республикалық деңгейде қолға алынса, биыл алғаш рет халықаралық дәрежеде ұйымдастырылып отыр. «Өткен жылы пленэрді «Алтай  – Қазақстанның інжу-маржаны» тақырыбында өткізгенде еліміздің 20-ға жуық суретшісі қатысқан еді. Соның нәтижесінде Өскемендегі Өнер музейінің қоры 100-ден астам картинамен толықты. Биыл әлем суретшілері Катонқарағайдай тарихи мекеннің аурасын жан-тәнімен сезініп, керемет туындылар дүниеге әкеледі деген үмітіміз бар. Сурет өнеріне аударма қажет емес. Париж бен Берлиннен, Тбилиси мен Қазаннан, Вильнюс пен Анкарадан келген қылқалам шеберлерінің арқасында Ұлы даланың ұлы тарихы халықаралық көрмелерде сурет тілінде сөйлейтін болады. Шараны өткізудегі мақсатымыз – өңіріміздің ғажап табиғаты мен тамырын тереңнен алатын тарихын әлемге паш ету», – деді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова пленэрдің басталуына орай өткізілген баспасөз мәслихатында.

Шараның үйлестірушісі, белгілі суретші Есенғали Садырбаев Алтай табиғаты қылқалам шеберлеріне өзгеше шабыт сыйлайтынына сенімді. «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі. Әлемнің түкпір-түкпірінде Алтайға құштар, Алтайды бір көруді армандап жүрген жандар көп. Біздің шет елдік әріптестерімізге осындай үлкен мүмкіндік туып отыр. Алтайға баратын жиырма суретшінің қолтаңбасы 20 түрлі. Ендеше, жақсы туынды күтіңіздер», –  дейді ол.

Германия атынан келген суретші Болат Мекебаев Көкшетауда туған екен. 1997 жылы өзге елге қоныс аударған қылқалам шебері «Мен қазақпын. Мен қазақша сөйлеу керекпін. Бүгін ерекше қуанып тұрмын. Мен тағы да Отаныма келдім» дей келе өзінің әлем халықтары өнері халықаралық қауымдастығының президенті қызметін атқаратындығын айтып, қауымдастық аясында қазақ өнері мен мәдениетін де үнемі насихаттап жүретінін жеткізді. «Неміс халқын мені құшағын жая қарсы алғаны үшін құрметтеймін. Қытай халқын тамыры терең тарихы, Италияны өнері үшін қадірлеймін. Бірақ мен тек өз халқымды, қазақ елін сүйемін. Журналистерге сұхбат бергенде осыны үнемі айтып жүремін», – дейді Алманиядан келген алаштың баласы. Татарстан Республикасы жас суретшілер шығармашылық бірлестігінің жетекшісі Ильнур Сиразиев: «Қазақстанда осындай жобалардың қолға алынып жатқанына қуаныштымын. Бұл сапар қазақ елінің тарихы мен салт-дәстүрімен танысуға мол мүмкіндік береді деп ойлаймын. Ұйымдастырушылар әйгілі «Берел» музейіне, патшалар жазығына экскурсия жасатамыз деп отыр. Алтай табиғаты бізге шалқар шабыт сыйлайтынына күмәніміз жоқ» деп өз лебізін жеткізді.

Қорытынды көрме 13 маусымда Өскемендегі өнер музейінде болады. Вернисаж аяқталғаннан кейін пленэр қатысушылары «Жастар» саябағында жас суретшілерге шеберлік сабағын өткізеді.

ӨСКЕМЕН