• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Сайлау 05 Маусым, 2019

Соңғы аптаның жүгі салмақты

1035 рет
көрсетілді

Осы аптада сайлауалды науқан шарықтау шегіне шығады. Кандидаттар мен олардың сенім білдірілген адамдары үгіт-насихат жұмыстарына қарқын қосып, барлық өңірді барынша қамтуға тырысып бағуда. Қазірдің өзінде жергілікті тұрғындар президенттіктен үміткерлерді жете тани түсті.
«Ақ жол» демократиялық партиясынан президенттікке кандидат Дания Еспаеваның республикалық қоғамдық штабы Сыр өңірінде «Қазақстан хал­қы­ның рухани-мәдени саласын дамыту» тақырыбында дөңгелек үстел жиы­нын өткізді. Қызылорда қаласында Қор­қыт ата атындағы Студенттер сарайын­да пар­тия­ның облыстық филиалы ұйым­дас­тыр­ған іс-шарада кандидаттың сайлауалды тұғырнамасы егжей-тегжейлі түсіндірілді.

Ашық пікір алаңы ретінде өткен жиынға «Ақ жол» партиясы төрағасының орын­басары, ақын, «Қазақ үні» газетінің бас­шысы Қазыбек Иса мен партия төр­аға­сының орынбасары Дмитрий Ва­сильев қатысып, сөз сөйледі. Сондай-ақ Қызыл­орда облысының «Рухани жаң­ғыру орталығы» өкілдері, Қорқыт ата атын­дағы ҚМУ тарихшылары мен оқы­ту­шылары өз баяндамаларын жасап, ой-пікірлерін білдірді. Басқосуға Қазақ­стан­дағы президенттік сайлауды xалық­ара­лық байқаушылар тобы да қатысты.

Дөңгелек үстел барысында «Руxани жаңғыру» бағдарламасының ая­сын­дағы «Ақ жол» партиясының ат­қар­ған істері, ұлттық мүддеміздің қор­ғалуы, мемлекеттік тілдің дамуы, мә­де­ниетіміздің мәйекті мәселелері тал­қы­ланды. Білім саласындағы қордаланған мәсе­лелер де өткір айтылды. Әсіресе мұғалімдер қауымы бастауыш сыныптарда жаңартылған бағдарлама қазақ әдебиеті сабағының бір сағатын қиып кеткеніне қынжылыс білдірді. Қ.Иса бастауыш сыныптардағы жаңартылған бағдарлама кесірінен бұрын аптасына төрт рет өтіп келген «Әдебиеттік оқу» сабағының қазір үш ретке түсіп қалған мәселесі партия фракциясында қаралатынын мәлімдеді.

Сонымен қатар еліміздің басқа өңір­лерінде де үгіт-насихат жұмыстары жал­ғасын тауып, аймақтық қоғамдық штаб өкілдері түрлі іс-шаралар өткізуде. Нәти­жесінде жұрт кандидаттың ұста­ным­дарынан хабардар болып қалды.

* * *

«Ауыл» халықтық-демократиялық пат­риоттық партиясы атынан прези­денттік сайлауға түсіп жатқан Төлеутай Рақымбеков Алматы қаласында да бір­қатар кездесу өткізді. Жұмыс сапарын кандидат Ө.Оспанов атындағы Қазақ топы­рақтану және агрохимия ғылы­ми-зерт­теу институтын аралаудан бас­тады. Со­ны­мен қатар қоғамдық штаб өкіл­дері ар­найы көрмені, жатақхана­ларды, хи­мия­лық талдау зертханасын тамашалады.

Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты жердің беткі қабатын зерделеп, оның құнарлылығын арттыру технологиясын әзірлейді. Тіпті мұнда әлемде теңдесі жоқ бас­тама­лар да бар. Соның нәтижесінде қазір ауыл ша­руа­шылығында өнімділік артып, сала­ның бо­йына қан жүгіре бастаған. Ал Т.Ра­қым­­беков осындай ғылыми мекемелер­ге қолдауды аямау керектігі жайында үне­мі айтады. Мұнда ғылыми жұмыспен ай­налысуға барлық жағдай бар. Яғни, заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Алатын айлықтары әлдеқайда жоғары. Тіпті жас мамандарға уақытша баспана да беріледі. Президенттіктен үміт­кер ен­ді осындай жағдайды басқа да ғылы­ми-зерттеу мекемелерінде жасау керек дей­ді. Сонда ғана аграрлық ғылым мен өндіріс алға басарына сенімді.

Аграрлық ғылым саласының өкілдері­мен кездесу барысында салаға жас мамандарды тарту, жұмыссыздықпен күрес және жемқорлықты жою мәселелері де сөз болды.

Сонымен қатар Қазақ инженерлік инс­титутында Т.Рақымбеков сайлаушылармен кездесіп, сұрақтарына жауап берді. Ол сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттар туралы кеңінен баяндап, Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамытуды ұсынды. Бұған қоса жол, су, электр қуаты, байланыс, интернет мәсе­лесі өзекті екенін жеткізді. * * *

Кәсіподақтар федерациясынан пре­зи­денттікке кандидат Амангелді Тас­пиховтың Түркістан облысы және Шым­кент қаласы бойынша қоғамдық ай­мақ­тық штабының мүшелері сайлауалды кез­десулер өткізіп жатыр. Түрлі еңбек ұжым­дарын қамтыған жиындардың бірі Шымкентте орналасқан «Таған» ЖШС асфальт зауытында өтті. Кеңсе қыз­­мет­керлері және индустриялық-эко­но­микалық аймақта жұмыс істеп жатқан зауыт жұмысшыларынан құралған қауым 40 адамды құрады.

Кездесуді мекеме басшысы Әбді­манап Мамытбаев ашып, кәсіпорын жұмы­сымен қысқаша таныстырды. Ал прези­денттіктен үміткер А.Таспиховтың бағ­дар­ламасы туралы аумақтық кәсіп­одақтар бірлестігі төрағасының орынба­сары, сенім білдірілген өкіл Серік Әуес­ханов айтып берді. Ол кандидат тұғыр­на­масында көрсетілген қарапайым жұмыс­шы мәртебесін көтеруге бағытталған ұсыныстарды ортаға салды. Лайықты жалақы төлеу, еңбек миграциясы, еңбек құқы мәселелерін жан-жақты түсіндірді. Кеңсе қызметкерлерімен кездесуде ме­кеменің бас есепшісі Ілияс Мошқалов және индустриялық-экономикалық ай­мақ­тағы жұмыс істеп тұрған зауыттың учаске басшысы Дәрмен Әлімсақов ең­бек адамының мүддесін қорғауда қашан­да аянып қалмайтын кәсіподақтың ат­қар­ған жұмыстарын саралай келе, ал­дағы мүмкіндіктерін де таратып айтты.

Сонымен қатар «Мемлекеттік, банк және қоғамдық қызмет көрсету қыз­мет­керлерінің салалық кәсіподағы» қоғам­дық бірлестігінің Түркістан облыс­тық және Шымкент қалалық филиалы­ның төрайымы Күлдар Есебаева облыс­тық мемлекеттік мұрағат қызмет­кер­лері­мен кездесіп, насиxат жұмы­сын жүр­гізді. Ол кандидаттың бағдарлама­сына сү­йеніп, еңбек адамдарына лайық­ты еңбек­ақы төленумен бірге қауіпсіз ең­бек жағдайларын да жасау өте ма­ңызды шарт екенін мәлімдеді.

* * * Қазақстан Коммунистік халық партиясы атынан сайлауға түсіп жатқан Жамбыл Ахметбеков Өскемен қаласында Экономика және қаржы колледжінің профессорлық-оқытушылар құрамымен және студенттерімен кездесті. Кандидат бұл басқосуда партия Парламент Мәжі­лісінен орын алып отырған саяси ұйым екенін және мемлекеттік деңгейде ха­лық мүддесін қорғайтынын айтты. Сөй­тіп сайлауалды тұғырнамасының ба­сым бағыттарын таныстырып, оның ком­му­нис­тік идеология ұстанымдарынан бас­тау алатынын тілге тиек етті.

Ж.Ахметбеков Коммунистік халық партиясы агроөнеркәсіп өнімдеріне тұтынушылық сұранысты ынталандыру бағдарламасымен бірге кедейлікпен күрес бағдарламасын қабылдауды бір­неше рет ұсынғанын және оның жүзеге асырылуы үшін жұмыс істейтінін ерекше атап өтті. Кездесу соңында спикер сай­лаушыларды 9 маусым күні өтетін кезек­тен тыс президент сайлауында бел­сенді болуға және лайықты үміткерге дауыс беруге шақырды.

Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласындағы насихатшылар тобы белсенді жұмыс істеп, өз кандидаттарының негізгі ұста­ным­­дарын халыққа барынша жеткізуде. Олар кезіккен жұртқа үгіт парақшаларын және партия журналдарын таратып, әңгімелесіп, сайлауалды бағдарламаның басым бағыттары туралы мәлімет берді. Қала тұрғындары да түсіністік танытып, коммунистердің бастамасын жылы қабылдап жатыр. Бұған қоса партияның жас мүшелері Бүкіләлемдік темекі шегуге қарсы күнді елеусіз қалдырмай, «Біз темекі шегуге қарсымыз» атты акция өткізді. Осы шараның аясында саламатты өмір салтын қалыптастыруға атсалысып жүрген Ж.Ахметбековтің кандидатурасын қолдауға үндеді. Елордалық қоғамдық штабтың өкілдері көпшілікке партия журналының соңғы нөмірінде жарық көрген материалдарды көрсетті. Онда сайлауалды науқанда атқарылған іс-шара­лар туралы толыққанды баяндалған.

* * *

Nur Otan партиясынан президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық штабы аймақтарға сапарын осы аптада аяқтайды. Өңірлердегі кез­десулер легі Шығыс Қазақстан облы­сында түйінделмек. Кеше олар Өске­мен қаласының жұртымен кездесу өт­кізді. Облыстық драма театрда 500-ден аса адам жиналып, онда Елба­сы ұсын­ған кандидаттың сайлауалды бағ­дар­ламасының басымдықтары түсіндірілді.

Күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі – экология. Бұл – Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары үшін өте өзекті проблема. Өскеменде атмосфераға шыға­рылатын зиянды қалдықтар өткір мә­селе екені жасырын емес. Оның үс­ті­не Семей – ядролық полигонда жүргі­зіл­ген сы­нақ­тардан ең көп зардап шеккен аймақ. Штаб жетекшісі Мәулен Әшімбаев, кандидаттың сайлауалды бағ­дарламасында экологияны жақсарту мәсе­лелеріне ерекше көңіл бөлініп отыр­ғанын айтты.

«Қазақстан халқының денсаулығы әрқашан да бірінші орында. Осыған қатыс­ты жұмыстар бірнеше бағыт бо­йын­ша жүргізіледі. Атап айтқанда, қор­шаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін экологиялық заңнамаларды жетіл­діріп, халықаралық стандарттарға сәй­кестендіру көзделген. Сонымен қатар осындай проблемасы бар әр өңір­де экологиялық ахуалды жақсарту бо­йын­ша жұртшылықпен бірлесіп, ке­шенді жоспар әзірленеді. Қ.Тоқаев өз бағ­дар­ламасында қоршаған ортаға зиян­ды қалдықтар шығаратын барлық ірі кәсіпорындар қалдықтарын азайтуы және тазартудың жаңа технологияларын енгізуі үшін нақты жоспар әзірлеуді міндеттейміз деп көрсетіп отыр», деді М.Әшімбаев.

Кездесу соңында қала тұрғын­дары Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағ­дар­лама­сында көрсетілген бастамаларға оң пікірлерін білдіріп, Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев бағытының сабақтас­ты­ғын жалғастыратын кандидатты қолдай­тындарын жеткізді. * * * «Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысы атынан президенттікке кандидат ретінде ұсынылған Әміржан Қо­сановтың өңірлердегі сайлауалды қо­ғамдық штабтары белсенділік таны­тып, сайлау күні учаскелерде дауыс беру процесін қадағалайтын байқау­шы­ларға семинарлар өткізіп жатыр. Соның бірі Нұр-Сұлтан қаласында ұйым­дас­тырылып, республикалық штаб өкілдері бірқатар байқаушыға арнайы куәліктерін тапсырды. Байқаушылардың көпшілігі семинарлардан өтіп, құқықтары мен міндеттері, сайлау кезінде орын алуы ықтимал түрлі жағдайлардағы әрекеттері жайлы біліктілігін арттырды. Сайлау күніне дейін семинарлар тағы да өтеді. Осы іспеттес куәліктер бүкіл ел бойынша кандидаттың облыстық штабтарында да, мүдделі қоғамдық бірлестіктерде де беріліп жатыр.

Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында сайлау байқаушыларына арналған кезекті семинар-тренинг өтті. Кан­дидаттың облыстық қоғамдық штабында өткен іс-шараның модераторы және тренері Дос Көшім болды. Ол бай­қау­шы­лардың құқықтары мен міндеттері туралы кеңінен түсіндірді. Бұған қоса Ә.Қосановтың сенім білдірілген адамы Семей қаласының жергілікті тұр­ғын­дарымен кездесті. Онда халыққа алда­ғы саяси науқанның маңыздылығына тоқ­талып, президенттіктен үміткердің бас­ты ұстанымдары жөнінде әңгімелеп берді.

Насихатшылар тобы өңір-өңірде қызу жұмыс істеп, түрлі акциялар ұйым­дас­тыруда. Белсенділер жергілікті тұр­ғын­­дарға кандидаттың сайлауалды тұғыр­­намасында көрсетілген бағыт­тар­ды жан-жақты жеткізіп, үгіт материалдарын да кеңінен таратып жатыр. Бұл рет­те қоғамдық штабтар әлеуметтік желі­лердің әлеуетін да тиімді пайдаланып, еліміздегі ең ірі саяси оқиғаның маңы­зын да арттыруда. Осындай шара­лар­дың нәтижесінде Ә.Қосановқа қолдау білдірген халықтың қатары да арта түсті.

* * *

«Ұлы дала қырандары» республи­калық қозғалысынан президенттікке кан­ди­дат Сәдібек Түгел Атырау қала­сында сайлаушылармен кездесу өткізді. Жайық жағасында орналасқан мұнайлы қаладағы кездесуде жазушы-журналист С.Түгел өзінің басты ұстанымдары көрі­ніс тапқан сайлауалды бағдарламасы туралы баяндап берді.

«Атырау өңірі мұнайы және газымен ғана емес, елімізге әйгілі тарихи тұл­ға­ларымен де танымал. Ұлттық құн­ды­лық­тарды құрметтей білетін сіздер­дің алдарыңызда өзімнің сайлауалды бағдарламамда атап көрсетілген басты міндеттерге тоқтала кетейін. «Ұлы дала қырандары» қоғамдық бірлестігінің атынан сайлау додасына түсіп отырмын. Ешқандай партияда жоқпын, ана тілімнің мәртебесін көтеру мақсатында барлық жерде мемлекеттік тілде сөйлеймін. Біздің қозғалыстың негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды ұлықтау, Ұлы дала мәдениетін жаңғырту, халықты бірлікке, ынтымаққа шақыру. Негізгі ұс­таным­дарым: ұлағатты ұрпақ – ұлттық ұс­таным, ауыл – алтын бесігіміз, жем­қор­лыққа тосқауыл қою, жер – жанымыз, тіл – тұғырымыз. Біздің жеріміздің асты мен үстіндегі барлық қазба байлық – халқымыздың төл меншігі. Сол бай­лықтан түскен пайда әрбір азаматқа тие­сілі болуы қажет. Ұрпағымызға таза су мен ауаны, таза экологияны қалдыруға тиіспіз», деді президенттіктен үміткер.

Кандидаттың сенім білдірілген адам­дары Ынтымақ Құлтасов, Клим Губашев және Асан Қарамоншақов сөз алып, оның бағдарламасындағы ел бола­шағын айқындауға қажетті басым бағыттарға тоқталды. Сонымен қатар «Ұлттық құндылықтарды ұлық­таймыз!» атты қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылды. Жиналғандар алдында домбырашы Тұрлан Бисембаев, сурет­шілер Лаура Тілекбай, Мұрат Ерғалиев шеберлік сабақтарын өткізді.